Көк туымызды әлемдік аренада желбіретіп, барша қазақ халқына мақтаныш сыйлаған Есболат Шерхан Русланұлы – белбеу күресінен жасөспірімдер арасында тұңғыш Әлем чемпионы атанды. Ол Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан астанасы – Қазан қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 60 кг салмақ дәрежесінде алтын жүлде алып, еліміздің мәртебесін асқақтатты. Чемпиондыққа жету жолында ол алдымен Қырғызстаннан келген қарсыласын, екінші кезеңде Ресей палуанын, ақтық сында Өзбекстан палуанын жеңіп, еліміздің спорт тарихында есімін алтын әріптермен жазды.
Аталған жарысқа әлемнің 36 елінен келген спортшылар қатысып, Шерханның жеңісі осы үлкен деңгейдегі бәсекеде қазақ спортының биік шыңын көрсетіп отыр. Жас спортшының жеңісі оның табандылығы, күш-жігері мен ерік-қайратының жемісі екені анық. Әлем чемпиондығы жолындағы жеңістер оның еңбекқорлығы мен қайсарлығын дәлелдеді.
Шерхан Русланұлы бала кезінен қазақ күресімен айналысып, ұлттық спорттың қасиетін бойына сіңіріп өскен. Оның спорттық мансабы Торғай жерінде басталып, қазіргі таңда Қостанай облысының Заречный ауылында жалғасуда. Жаттықтырушысы Талғат Сабыржанұлы Кенесовтің жетекшілігімен шыңдалып келе жатқан Шерхан қазақ күресінің, дзюдоның және белбеу күресінің бірнеше дүркін республикалық жарыстарының жеңімпазы атанып, өзінің мықты спортшы екенін көрсетті. Ол сонымен қатар қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері атанған.
Шерханның бұл жеңісі – жас спортшының талмай еңбектенгенінің, ерік-жігерінің және ұлттық рухының көрінісі. Оның әлемдік аренадағы жеңісі қазақ халқының дәстүрлі күресі мен намысының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Жас чемпионның жеңісті жолы жасөспірімдер арасында да спорттық рухты нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жастардың үлгісі болары сөзсіз.
Біз Шерхан Есболаттың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, қазақ күресі мен ұлттық спорттың абыройын арттыра беретініне сенеміз. Еліміздің жас спортшыларына үлгі болған оның жеңіс жолы көпшілікке жігер беріп, қазақ спортының әлемдік деңгейде асқақтай беруіне өз үлесін қосары анық.