Республика күні – ұлттық мереке

0
3041

«Отан отбасынан басталады» дегендей, біздің ұлан-байтақ елімізге деген құрмет пен сүйіспеншілік баланың өн бойына отбасында қалыптасады. Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан осынау кең-байтақ жерімізге деген патриоттық сезіміміздің болуы еліміздің болашағына өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Себебі, елін, жерін, халқын, ұлтын сүйетін, сыйлайтын, қадір тұтатын адам сол елінің болашағына алаңдап, жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етеді.

Менің ойымша, патриот деген елінің тарихын жетік білетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұстанатын және насихаттайтын, ата-бабаның ерен еңбегін бағалап, қадір тұтатын және елінің болашағы үшін аянбай тер төгуге дайын азамат. Еліміздің әрбір азаматы осындай сипатқа тән болса, Қазақстанымыздың болашағына деген сеніміміз зор болатыны айдан анық. Бүгінгі таңда аспанымыз ашық, күніміз бен түніміздің уайымсыз болуы – тәуелсіздігіміздің арқасында екені белгілі.

Осы орайда, 1989 жыл 25-қазан еліміздің тарихында ойып тұрып орын алатын атаулы күн екенін білеміз. Қазақстан Республикасының «Республика күні» дәл осы күні аталып өтеді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында Республика күніне орай Алматы қаласы Медеу ауданы Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінде «Менің Отаным – Қазақстан» атты іс-шара өткізілді. Іс-шарада мектебіміздің дарынды және өнерлі оқушылары өз өнерлерін паш етті. Осынау іс-шаралар оқушылардың көкейіне патриоттық сезімді ұялатады. Сонымен қоса, «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітап көрмесі өтті. Көрменің мақсаты – еліміздің егемендігін алғаннан кейінгі тарихымен таныстыру, еліміздің болашағы өскелең жас ұрпақ екенін ұғындыру. Мектебіміздің 8-11 сынып оқушылары арасында «Менің Отаным – Қазақстан» атты эссе жазу байқауы өтті. Оқушыларымыздың елжандылығы мен егемендіктің қадір-қасиетін қаншалықты бағалайтынын осы эсселерінен байқауға болады. Бастауыш сыныптары арасында осы тақырып аясында мәнерлеп оқу сайысы өтті. Барша ат салысып қатысқан оқушыларға мектеп тарапынан алғыс хаттар үлестіріп берілді.

Қорыта келе, кез келген адам «Отаным маған не береді?» деп емес, «Мен Отаныма не бере аламын?» дегендей оймен жүруі тиіс деп ойлаймын. Нағыз патриоттары бар елдің болашағы жарқын, қадамы нық, шығар асуы биік болатыны сөзсіз. Ал сол патриоттардың көбеюіне үлес қосатын мына біз бен сіз екенімізді ұмытпайық, қадірменді ұстаздар. Сондықтан да, әрқайсымыз еліміздің гүлденіп, өркендеуіне теңізге құйған тамшыдай болса-дағы өз үлесімізді қосқанымыз абзал.

Роза ДОСТАНОВА,
Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицей директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here