Иә, кереге таулы Кеген ауданы десек, көрікті Көлсай көз алдымызға мөлдіреп қана келе қалады. Әйгілі Шарын шатқалы осы өңірден көз тарта бастайды. Қарқара көтерілісінің оты тұтанған тарихи құндылығына толы Қарқараның жері, Ереуілтөбе, Мыңжылқы жайлауы сырттан келіп көрушілерінен босаған емес. «Ғасыр құрылысы» атанған Мойнақ су электр стансасы осы өлкенің ғаламат дүниесі іспетті. Қапездің әніне арқау болған Үш Меркіні көргенде арманда, көрмегенде арманда. Ғажайып өлкенің тыныс-тіршілігімен танысу үшін Кеген ауданының әкімі, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, грек-рим күресінің палуаны, «Құрмет» орденінің иегері Нұрбақыт Теңізбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.
«ҮЙДЕГІ ОН БІР БАЛАНЫҢ ОНЫНШЫСЫМЫН»
– Нұрбақыт Молдахметұлы, әңгімемізді туған жеріңіз туралы жүрекжарды толғанысыңыздан бастасақ…
– Жер жәннаты – Жетісу облысына қарасты Панфилов ауданының Үшарал ауылында дүниеге келдім. Әкем Молдахмет, анам Ырысжанның 11 баласының оныншысымын. Әке-шешем ата кәсіп мал бағумен айналысқан. Жазын жайлауда, қысын қыстауда өткізіп, сол он бір баланың бірі болып ер жеттім. Біздің Панфилов ауданы сондай тарихи өлкенің бірі. Мөп-мөлдір өзен-көлдері, көркем табиғаты бар Жоңғар Алатауының бөктерінде орналасқан. Бала кезімнен туған жердің табиғатына ғашық болып өскен ұлдардың бірімін. Қазіргі уақытта спортта үлкен белестерге жетуіме сол қарапайым отбасында атқа мініп, көкпар тартып өскенімнің үлкен септігі бар деп айтуға болады.
– Жас кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
– Бала кезде әкем көкпар тартқанда әкем сияқты көкпаршы боламын дедім. Өсе келе ауылда күреске қатысып, үлкен қалаларға барғанда Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіров, Бақтияр Байсейітовтей ағаларды көріп солар сияқты Олимпиада чемпионы болсам, спортта биік шыңдарға жетсем, қазақтың туын биікке көтерсем деп армандадым. Мектеп қабырғасында жүргенде Азамат деген ағам заң саласында жұмыс істеді. Сол кезде ағам сияқты прокурор боламын деп те ойладым.
– Еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Менің еңбек жолым Үшарал ауылындағы мектеп қабырғасында жүргенде күрес залына барғаннан басталды. Алғашқы бапкерім Жұмахан Тұрғанбеков деген кісі күрестің әліппесін үйретті. Одан кейін Жаркент қаласында Құдайберген Ағымов ағамыз бапкерім болды. Ары қарай «Дәулет Жаркент» деген кәсіпқой спорт клубында күрес үйірмесін жалғастырдым. Одан кейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт колледжінде оқыдым. Алматы қаласында үлкен спортқа қадам бастым. Еңбек жолым осы спорттан басталды десем де болады. Жастар арасында Әлем чемпионы болып, дүбірлі додаларда орын алғанымда маған стипендиялар тағайындалып, үлкен жетістіктерге жетуіме қолдау болды. Кейіннен осы салада жүріп биік шыңнан спорт арқылы көрінуді көздедім. Өздеріңізге белгілі, спорт саласында көптеген жетістікке жеттім, бүгінгі таңда өзіме жүктелген аудан әкімі лауазымында өзімді шыңдап келемін.
«КЕГЕНДЕ ӘЛІ ЕШКІМ КӨРМЕГЕН КӨРІКТІ ЖЕРЛЕР КӨП»
– Ауылдың әлеуетін көтеру мақсатында қандай жобалар қолға алынды? Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы айтып өтсеңіз…
– Біздің аудан ата тарихымыздан бастап көшпенді елдің ұрпағы үлкен таулы аймақта орналасқандықтан ата кәсіп мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бұл кәсіп біздің ауданда Кеңес одағынан бері жалғасып, қолдау тауып келеді. Қазіргі таңда үлкен шаруа қожалықтары қарқынды жұмыс жасауда. Экономикалық жағдайының дамуының бірі – ірі орталықтардың ашылуы. Соның ішінде ауданымыздағы су электр қуатын өндіруші «Мойнақ» су электр станциясы бар.
Тағы айта өтетін үлкен жобалардың бірі – ет комбинаты іске қосылуда. Балық өндірісі де жақсы дамып келеді. Туризм саласы бойынша да қарқынды дамып келе жатырмыз. Одан бөлек, Қырғызстан шекарасынан бекет ашылып, оған біздің елімізден және шет елдерден келген туристердің көптеп келуі біздің экономикаға оң әсерін беруде.
– Табиғаты таңғажайып Кеген ауданы болашақта туризмнің бір Отанына айналатынына күмәніміз жоқ. Бұған не айтар едіңіз?
– Біздің сұлу табиғатымыз Хантәңірінен бастап, көрікті Көлсай, Қайыңды, Жасыбай көлдері және Шарқұдық альпинистер лагері, Тұйық сарқырамасы туризмге сұранып тұрған керемет өлке. Ауданымызда туризм жылдан-жылға дамып келеді. Туризмге қазір қызығушылық танытып жатқан орталықтар ашылуда. Биылғы жылдың өзінде Көлсай ұлтық паркіне және Қайыңды көліне 400 мыңға жуық туристер келіп кетті. Көлсай мен Қайыңды көлдері қазақстандықтардың сүйіп баратын әрі ең танымал көрікті орындарының біріне айналған. Бұл әдемі орындар жыл он екі ай әсемдігімен көз тартып, көңіл қуантады.
2023 жылы Саты ауылы БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының ең үздік туристік ауылдар тізіміне енді. Былтыр 300 мыңға жуық турист Көлсай мен Қайыңдыға ғана келді. 100 мыңға жуық турист біз арқылы Қырғызстанға өтті.
Туризм саласын дамыту үшін Қара каньонға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлының қолдауымен электр желілері тартылды. Шарқұдық альпинистер лагерінің жолы жасалып жатыр.
Сонымен қатар, туризм орталықтары көптеп ашылуда. Айталық, Көлсай көлдерінде «Тары» мейрамханасы, үлкен қонақ үйлер ашылды. Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен Көлсай және Қайыңды көлдерінің айналасына жаяу жүргіншілердің жолдары жасалды. Ауданымызда туризмді дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Инвесторлардың туризм орталықтарын ашуға деген қызығушылығы зор. Орта Меркі, Шет Меркі секілді өзендердің бойында саумал терапиясы, қазақ үйде қонақ күту сияқты туристерді қабылдайтын орталықтарымыз бар. Оған да сұраныс жоғары.
Бір сөзбен айтқанда, туризмді жақсылап дамытсақ, сонымен көтерілеміз. Кегенді туристік аймаққа айналдыру керек. Бұл жақта да әлі ешкім көрмеген табиғаты тамаша жерлер өте көп.
– Кеген ауданы – ежелден төрт түлік малымен өрісін толтырып, ырысы мен берекесін кіргізіп келе жатқан аудан. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының жұмысына тоқталып өтсеңіз…
– Ауданымыз ата кәсіппен айналысып келе жатқан мал шаруашылығына бейім және төрт түлікті өсіргенге ыңғайлы аудан. Қысы өте суық. Қазіргі уақытта мал шаруашылығы жақсы дамыған. Әлі де даму үстінде. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетілуде.
Сөз орайында айта кетейін, несие, субсидия қарастырылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облыс әкімінің қолдауымен 272 несие алуға тапсырыс берілсе, 156 жоба қолдау тапты. 1,3 млрд теңге аталған бағдарлама аясында ауданымызға қаражат құйылып жатыр. Одан басқа да жобалар бойынша құжат өткізіліп, қолдау табады деп ойлаймын.
Ауыл шаруашылығының даму сатысы бойынша 47 мыңның үстінде ірі қара, 202 мыңның үстінде қой-ешкі, 27 мыңның үстінде жылқы малы тіркелген. Ауданымыз ауыл шаруашылығы дамыған ең алдыңғы қатарлы аудан санатына жатады.
Тасашы ауылында «Кеген МясоПром» ет өңдеу зауытын салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге. Зауыт ірі және ұсақ малдың, сондай-ақ жылқы етін өңдейді, Алматы облысының тұрғындарын жоғары сапалы ет, шұжық және консервіленген өнімдермен қамтамасыз етеді. Жоба 2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі. Зауыттың өндірістік қуаты бір ауысымда 40 бас ірі қара, 150 бас ұсақ мал және 10 жылқыны союға есептелген.
«ЕЛІМІЗДІҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА»
– Қазіргі заман жастары туралы ойыңыз қандай?
– Жастар – білімді, байсалды және озат болуы тиіс. Олар – елдің тірегі, мемлекеттің белсендісі. Құдайға шүкір, қазір мемлекет тарапынан жастарға барлық жағдайлар жасалған. Оқимын, жұмыс жасаймын, шетелге барамын, қандай кәсіппен айналысамын десе де түрлі бағдарламалар бар, ол бағытта мемлекеттен үлкен қолдау көрсетілген. Тек ерінбей еңбек етіп, ізденісте болса, мемлекет тарапынан қолдаулар көп. Біздің жастар қазір шетелде оқып доктор болып, үлкен кәсіптер бастап, шетелдік компанияларда жұмыс жасап жатыр.
Ауылдағы жастарымыз әртүрлі бағдарламалар арқылы өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Ауыл жастарының барлығы дерлік озық ойлы, алғыр, жан-жақты. Жастар аға буынның, айтулы тұлғалардың адал жолын лайықты жалғастыруы қажет. Себебі, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Ең әуелі жастардың бойында адамгершілік, тәрбие және Отанға деген сүйіспеншілік басым болуы қажет. Ұлы ақын, ұлағатты ұстаз Мағжан Жұмабаев айтпақшы, мына қоғам «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға үміт артады.
Бүгінде аудан халқының үштен бірін жастар құрайды. Бұл дегеніміз, үлкен күш әрі зор потенциал деуге болады. Таулы өңірде 14-35 жас аралығындағы 9 821 жас бар. Олардың дені ауыл шаруашылығында, білім мен денсаулық саласында еңбек етуде. Мемлекеттік қызметтің жүгін көтеріп жүрген жастарымыз үшін де қуанамыз.
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Сондықтан осы күшті ел игілігіне жарату үшін де жастар әрдайым алға жылжып, замана көшінен қалмай, үнемі ізденісте жүріп, жан-жақты болуға күш жұмсауы қажет.
Аудан орталығынан жастарымызға арналған Жастар ресурстық орталығы бой көтерді. Аталған орталықта жастарымыздың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда түрлі іс-шаралар өткізіліп, жастарымыз шығармашылықпен айналысуда.
– Жалпы білім саласының жайы қалай?
– Биылғы жылы 280 түлек мектеп бітіріп, оның 26-сы Алтын белгі, 22-сі ерекше аттестат иегері атанды. Білім сапасы 67,9%-ды құрады. Барлығы 32 мектепте 4 996 оқушы білім алуда.
Қазіргі күні күрделі жөндеуден өткен бірнеше мектебіміз бар. Атап айтсақ, К.Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейі, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектебі, З.Нұрқаділов атындағы Кеген өнер мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді. Қазір Тасашы ауылындағы Тасашы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуде. Екі балабақшаға және Тұйық, Қарқара ауылындағы мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге сұраныстар қарастырылуда.
– Аудандағы мәдениет саласы туралы әңгімелей кетсеңіз…
– Мәдениет саласында ауыз толтырып мақтанышпен айтуға болады. Бүгінгі күні ауданымызда мәдениет саласында 4 мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2 мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бір мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан басқа екі ауылға жобалық сметалық құжаттамалары жасалуда. Алдағы уақытта жаңадан 2 ауылға мәдениет үйі салынатын болады. Мәдениет саласында ауданымыздан шыққан Рамазан Стамғазиев бастаған қаншама өнер, мәдениет саласының майталмандары елімізде ауданымыздың абыройын көтеріп жүр.
Биылғы жылдың өзінде біздің ауданымыздың ауыз біршілігімен ақсақалдар, аналар және ауылдардағы мәдениет үйінде қызмет жасап жатқан мәдениет саласының қызметкерлерімен бірлесе бірнеше байқаулардың жеңімпаздары атанды. Оның бірі – Наурыз мейрамында Қонаев қаласында Тайқазан көшін бастап, Кеген ауданы үздік қазақ үйдің айырықша үлгісін көрсеткені үшін жүлделі І-орынды иеленді. Мәдениет қызметкерлері көптеген республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Мәдениет саласында биылғы жылы жылжымалы сахна және барлық мәдениет үйлеріне микрофоннан бастап колонкаларын сатып алып беріп, киім-кешектеріне қолдау көрсеттік. Мәдениет саласына өте тәжірибелі, білімді азамат Ернат Сембекұлы басшы болып келіп, мәдениет саласында ауқымды шаралар өткізуде.
– Нұрбақыт Молдахметұлы, бүгінгі әңгімемізді немен түйіндер едіңіз?
– Жұмысымыз көп, алға қойып отырған жоспарлы дүниелеріміз де аз емес. Ауыл шаруашылығы саласын кезең келбетіне сай дамыту міндеті тұр. Алдағы уақытта өңірдегі білім, денсаулық салаларының да жағдайы жақсара түсетін болады. Ауыл – алтын бесігіміз! Жүрегімізге нәр берген, қиялымызға қанат бітірген алтын бесіктеріміз уақытқа сай гүлденіп, түрлене берсе, ойымыздың орындалғаны. Біз сол жолда сан-салалы жұмыстарымызды жүргізе беретін боламыз.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан:
Индира БІРЖАНСАЛ