XII Халықаралық Бірімжанов съезінде химия ғылымының мүмкіндіктері талқыланды

0
546

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да химия және химиялық технология бойынша XII Халықаралық Бірімжанов съезі басталды.

Дәстүрлі халықаралық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен химия саласының білікті ғалымдары, сарапшылар мен жас зерттеушілер, бизнес және өнеркәсіп өкілдері жиналды. Съезде барлығы 250-ден астам қатысушы тіркелді.

Ғылыми басқосуды ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов ашып, химия ғылымының елдің дамуында маңызды орын алатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық өркендеуінің іргетасы болып қаланған химия ғылымын дамыту қажеттілігіне баса назар аударып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да озық зерттеулер жүргізу үшін, оның ішінде химия саласында барлық жағдайлар жасалған. 2024 жылдың маусым айында химия және химиялық технология факультетінде алдыңғы қатарлы жабдықтармен жабдықталған 9 заманауи зертхананы қамтитын Farabi Chem Science заманауи кластері ашылды. Қолданбалы химия тұрақты даму үшін жаңа материалдар, технологиялар мен шешімдер жасауға жол ашады», – деді Еркін Ерманұлы.

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі химия өнеркәсібі басқармасының басшысы Азамат Қален өз сөзінде «Сіздердің түлектеріңіз ретінде бүгінгі шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазіргі таңда өндіріс және химия саласын білікті кадрларсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, өнеркәсіп министрлігі ҚазҰУ-ға қолдау көрсетіп, білікті, сауатты маман даярлауға жәрдемдесуге дайын», – деді Азамат Қален.

Қазақстан-Америка Еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев құттықтау хатында съезді ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін жақсы дәстүр деп атады. «Бүгінде Қазақстан іскерлік, өркениетті әлемге сенімді түрде енуде. Бұл тәуелсіз Республиканың білімі мен ғылымына елеулі үлес қосқан ҚазҰУ түлектерінің елеулі еңбегі. Болашақта Қазақстан-Америка Еркін университетінің базасында химиктердің келесі форумын ұйымдастыруға дайынмын», – делінген хатта.

Б.А. Бірімжанов атындағы қазақстандық химия қоғамының төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, форумның бастамашыларының бірі Мұхамбетқали Бүркітбаев пленарлық отырыстың ашылуында «Бүгінгі форум – бұл біздің химия ғылымы, білім беру және өнеркәсіп саласында бүгінгі күнге дейін қол жеткізген деңгейдің көрсеткіші. Біз таусылмайтын шикізат ресурстарының мүмкіндіктерін, елдің әлеуетін толық пайдалану үшін белгілі бір шешімдер әзірлеп, ғылым, білім және өнеркәсіп алдында тұрған міндеттерді анықтауымыз керек», – деді төраға.

Сондай-ақ пленарлық жиын аясында «Жану мәселелері институты» РМК ғылыми жетекшісі, Бірімжанов съезінің бастамашысы Зулхаир Мансұров, Назарбаев Университетінің өнеркәсіппен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-провост Жұмабай Бәкенов және қазіргі кездегі жоғары ұлттық химия мектебінің (ENSCR) өкілі Сильвен Жиров баяндама жасады.

Биылғы шара бағдарламасында «Химия өнеркәсібі үшін кадрларды даярлау» атты панельдік жиын мен «Индустрия және университет», «Зерттеулерді коммерцияландыру: ғылымды бизнеске айналдыру», «Химия және химиялық технологиядағы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар», «Химияны оқытудың сын-қатерлері: жаңа стратегиялар», «Фармацевтика саласындағы жаңа трендтер» сынды семинарлар бар. Іс-шара аясында бос орындар жәрмеңкесі мен өндірістік компаниялардың көрмесі өтеді.

Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С. Өтебаев атындағы Мұнай және газ университеті, KAZХИМИЯ химия өнеркәсібінің қауымдастығы, Мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы (Мұнай-газ-химия қауымдастығы) бірлесе ұйымдастырды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here