8-желтоқсан – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атылған күн. Осыдан 87 жыл бұрын желтоқсан айында Алаш көшбасшысы шейіт болған. Бүгін (6-желтоқсан, жұма) Ахмет Байтұрсынұлы музей-үй ұжымы ұлы тұлғаны еске алып, мазмұнды іс-шара өткізді. Алматы кітап баспа ұжымы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті Түркітану кафедрасының докторанттары тағылымды басқосуда бірге болды. Айталық, Алматыкітап баспасының вице-президенті Әсима Рысқұлбекова, көркем әдебиет бөлімінің редакторлары Бұлан Жамбыл, Адина Жүсіп, белгілі аудармашы Шынар Әбілда, ҚазҰУ түркітанушы докторанты Гүлзат Қаспақбаева, Дәмелі Біләлова қатарлы қонақтар Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне келіп, тағзым жасау шарасына қатысты. Ұстазды ұлықтау шарасы Әбіш Кекілбайұлын еске алумен ұласты.
Басқосу аясында «Заңғар қаламгер Әбіш Кекілбайұлының «Ұстаз ұлағаты» атты баяндамасының маңызы мен мәні» атты танымдық дәріс те қатар жүргізілді. Тағылымы мол жиынға аталған қонақтармен бірге музей-үй ұжымы түгелдей қатысты. Музей-үй жетекшісі ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет танымдық дәрісті жүргізді. Дәрісте ұлт ұстазы мен әйдік жазушы арасындағы рухани байланыс турасында әңгіме-кеңес, сыр-сұхбат жасалды. Дәрістен кейін музей-үйдің ғылыми қызметкері, түркітанушы докторант (PhD) Әділет Ахметұлы тақырыптық экскурсия жүргізді. Игі жақсылар жиналған ізгі шараның соңында Ұлт ұстазының рухына арнайы құран бағышталып, дұға оқылды.
Жансая СМАН,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі
А. Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері