Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық

0
873

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеп, әлем картасында егеменді ел ретінде өзіндік орнын қалыптастырды. Бұл тарихи оқиға қазақ халқының ғасырлар бойғы арманының орындалуы ғана емес, сонымен қатар жаңа даму кезеңінің басталуы еді. Бұл кезең – тәуелсіздіктің берік іргетасы қаланған, экономикалық, саяси және мәдени тұрғыдан ауқымды жетістіктерге жеткен жылдар.

Қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолы қиыншылықтар мен сынақтарға толы болды. Ежелгі сақтар мен ғұндардан бастап, Түркі қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлеріне дейін ұлы дала халқы әрдайым азаттықты басты құндылық ретінде ұстанды. XX ғасырда қазақ даласында болған тарихи оқиғалар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер, 1930 жылдардағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, Желтоқсан оқиғасы – барлығы да тәуелсіздік үшін күрестің маңызды кезеңдері болды.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі егемендікке деген ұмтылыстың жарқын көрінісі болды. Бұл оқиға қазақ жастарының ұлттық намысы мен азаттыққа деген ерік-жігерін көрсетіп, Кеңес Одағының ыдырауына ықпал еткен шешуші сәттердің бірі ретінде тарихта қалды.

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Қазақстанның алдында күрделі міндеттер тұрды. Ел экономикасы құлдырау жағдайында болатын, әлеуметтік мәселелер өзекті еді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бірқатар маңызды реформаларды жүзеге асырды.

Ең алдымен нарықтық экономикаға көшу, жеке меншік институтын енгізу және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы Қазақстан тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізді.

Егеменді еліміздің Ата заңы, құқықтық нормаларын реттейтін Конституциясы қабылданып, демократиялық институттар құрылды. Қазақстанның көпұлтты халқы татулық пен келісімде өмір сүріп, бір шаңырақ астында бейбіт күн кешуде.

Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды шешімдердің бірі ядролық қарудан бас тартып, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосты. Елордасы Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтіп, еліміз бейбітшілік пен келісімнің орталығына айналды.

Бүгінгі таңда Қазақстан – дамыған инфрақұрылымы, қуатты экономикасы және жаһандық аренада беделі бар мемлекет. Елімізде ғылым, білім, мәдениет салалары қарқынды дамып келеді. «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары елдің болашағына бағытталған маңызды қадамдар болды.

Елорданың Астана қаласына көшуі мен оның қарқынды дамуы да тәуелсіз Қазақстанның жетістігінің символы ретінде танылды. Сондай-ақ халықаралық EXPO-2017 көрмесінің өткізілуі еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін әлемге танытты.

Тәуелсіздіктің 33 жылдығы – өткенді еске алып есеп берумен шектелетін емес, болашаққа серпін беріп, әлемдік аренада қуатты мемлекеттердің біріне айналатын кезең. Қазақстан жастарға үлкен үміт артады. Еліміздің даму жолында білімді, парасатты, ұшқыр ойлы, белсенді және отансүйгіш ұрпақтың орны ерекше.

Қазақ халқының сан ғасырлық арманы болған тәуелсіздік – баға жетпес құндылық. Бабамыздың қанымен, анамыздың жасымен келген қастерлі құндылығымызды сақтау және нығайту – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Тәуелсіздік бүгінгі ұрпаққа берілген тәңірдің тәтті сыйы. Қазақстанның болашағы жарқын, келешегі кемел болатынына сеніміміз мол! Тәуелсіздікке 33 жыл толуымен барша Қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймыз!

Ақмарал ҚҰРБАНЖАН,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті журналистика мамандығының 2-курс студенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here