Алматыда көшелерді жаңғыртудың жаңа қағидаты – «қасбеттен қасбетке дейін» енгізілуде. Сонымен қатар, мегаполисте «Таза Қазақстан» жалпы республикалық тұжырымдамасы аясында 2025 жылдың соңына қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау инфрақұрылымын толығымен модернизациялау жоспарлануда. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025-2027 жылдарға арналған қалалық бюджет талқыланып жатқан мәслихат сессиясында мәлімдеді.
«Бүгінде әлемнің дамыған мегаполистерінде барлық инфрақұрылымдық қабатты жаңғырту арқылы көшелерді кешенді көріктендіру жұмыстары «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізілуде. Біз Алматыда алғаш рет осы халықаралық тәжірибені қолдана бастадық», – деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша қазіргі уақытта Достық даңғылының әл-Фараби даңғылынан Құрманғазы көшесіне дейінгі және Пушкин көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі бөлігін жаңғырту жобалары аяқталды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталады. Бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге қарастырылған.
2025 жылы Радостовец, Мақатаев, Әуезов, Гоголь, Жандосов, Розыбакиев және Сәтбаев сынды тағы 7 көшені жобалау аяқталады.
«Алматыбасжоспар» ҒЗИ ЖШС-нің мәліметінше, жобалық жұмыстар аясында қалалық инфрақұрылымды кешенді қайта құру көзделген: көшелер заманауи жаяу жүргіншілер жолдарымен жабдықталып, тұрғындардың қауіпсіздігін әрі жайлылығын қамтамасыз етеді. Тротуарларда жайлы орындықтар, күркелер, қоқыс жәшіктері және жаңа жарықтандыру бағаналары орнатылады.
Барлық жұмыс Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, экологиялық және тартымды орта құруға бағытталған заманауи көріктендіру стандарттарын ескере отырып жүргізіледі.
Айта кетейік, Алматыда 2025 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау инфрақұрылымын модернизациялау аяқталады.
Ауқымды жоба 2012 жылы құрылған ҚТҚ жинау инфрақұрылымының әбден тозуына байланысты 2023 жылдан бастап іске асырылуда. Басты мақсат – экологиялық жағдайды жақсарту, қала тұрғындарының жайлылығын арттыру және санитарлық тазалаудың заманауи стандарттарына сәйкестендіру.
Қала әкімі кешенді шаралар көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәселен, бүгінде қоқыс таситын көліктердің күнделікті желіге шығу көрсеткіші 2023 жылғы 70%-дан 2024 жылы 85%-ға дейін өсті, 2025 жылы 95%-ға дейін жеткізілетін болады.
Бүгінгі таңда Алматыда 1 454 контейнер алаңында орналасқан 8 003 контейнер қолданылады. Модернизация аясында 3 текше метр тереңдіктегі контейнерлер көбейтілді, бұл жағымсыз иістердің таралуына және құстардың немесе қаңғыбас жануарлардың қол жетімділігіне жол бермейді. 2023 жылы 42 алаңда 214 контейнер орнатылды, оған 600 млн теңге бөлінді. 2024 жылы мұндай контейнерлер саны 142 алаңда 786 бірлікке ұлғайтылды, оған 1,3 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы 581 алаңда тағы 1683 контейнер орнатылады, бұл 4,3 млрд теңге көлемінде салымдарды талап етеді.
Сонымен қатар, 2024 жылы көлемі 1,1 текше метр болатын 1800 пластикалық еуроконтейнерлер сатып алынды, 2025 жылы тағы 1 000 осындай контейнер сатып алу жоспарлануда. Осылайша, 2025 жылы модернизацияланған контейнерлік алаңдардың үлесі 100%-ға жетеді.
Бұл шаралар қалдықтарды жинау тиімділігін арттырып қана қоймай, қоқысты бөлек жинау және қайта өңдеу қағидаттарын одан әрі енгізу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қала тұрақты даму бастамаларына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бейілділігін көрсетуді жалғастыруда.