Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы тиіс – Шерубай Құрманбайұлы

0
1376

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да белгілі тілші-ғалым, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы «Қазіргі түркі терминологиясы: даму бағыттары, тіларалық байланыстар» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.

Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ғалымды 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Сіз – тіл білімі ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан тәжірибелі тілші-ғалымсыз. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың филология факультетін үздік бітіріп, үлкен ғылым жолына түстіңіз. Әртүрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, тіл білімі саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге зор үлес қостыңыз. Ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз», – деді ректор.

Өз кезегінде профессор Шерубай Құрманбайұлы жиналғандарға тағылымды дәріс оқыды.

«Қазіргі түркітанудағы негізгі мәселенің бірі – бүгінгі түріктекті халықтардың терминологиясы. Ғылым мен технология ғасырында білім беру, ғылым, мәдениет, өнер, саясат пен экономиканың сан саласында қарым-қатынасты күшейтіп, ынтымақтастықты нығайтуда кәсіби тілдің рөлі барынша артты. Еларалық қатынастарда оның қажеттілігі бірінші орынға шықты. Себебі, заманның өзі ғылым мен технологияның ғасыры. Ұлттың тілі технология мен ғылымның тілі болмайынша, ол тілдің сұранысқа ие болуы өте қиын. Мәселен, ағылшын тілін әлем халықтары жарыса оқитын себебі – ол ғылым мен білімнің тіліне айналды. Ғылыми ақпараттың 70-80 пайызы осы тілде сақталған. Осы ретте қазақ тілін осы деңгейге қалай көтереміз деген сұрақ туындайды. Бұл бүгінгі күнде ғана көтерілген мәселе емес, тура бір ғасыр бұрын, 1924 жылы Орынборда А.Байтұрсынов бастаған қазақ оқығандары жиналып, қазақтың терминологиясын, ғылым тілін дамытудың ғылыми бағыт-бағдарын белгілеген болатын», – деді Шерубай Құрманбайұлы. Сондай-ақ, ол өз дәрісінде жиналғандарға тіларалық байланыс пен тілдің стильдік тармақтары және бүгінгі түркі терминологиясының даму бағыттары жайлы мол мағлұмат берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here