2025 жылы утиль алымы, көлікті тіркеу құны және айыппұлдар қаншалықты қымбаттайды?

0
48

Елімізде жол ережесін бұзғандарға айыппұл салынады, тіпті әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылады. 2025 жылы айлық есептік көрсеткіш 240 теңгеге өсіп, 3 932 теңгені құрайды. Сәйкесінше, жол жүру ережесіне байланысты салынатын айыппұл сомасы да артады. Осы орайда Информбюро порталы утиль алымы, көлікті тіркеу, жиі бұзылатын жол ережесіне қатысты айыппұл сомасы қаншалық өсетінін есептеді. 

№1. Жылдамдықты асыру

Жылдамдықты белгілі бір нормадан арттыру:

  • сағатына 10-нан 20 км дейiн арттыру – 5 АЕК (19 660 теңге);
  • сағатына 20-дан 40 км дейiн – 10 АЕК (39 320 теңге), бір жыл ішінде қайталанса – 30 АЕК (117 690 теңге);
  • сағатына 40 шақырымнан 60 шақырымға дейін – 20 АЕК (78 640 теңге), бір жыл ішінде қайталанса – 30 АЕК (117 690 теңге);
  • сағатына 60 шақырымнан асып кетсе – 40 АЕК (157 280 теңге), бір жыл ішінде екінші рет дәл осылай заң бұзса 235 920 теңге (60 АЕК) айыппұл төлеуі керек.

№2. Рөлде отырып телефон пайдалану

Жүргiзушi рөлде отырып телефонды не радиостанцияны пайдаланса 19 660 теңге (5 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса айыппұл сомасы – 39 320 теңге (10 АЕК). Көлік айдағанда телефонды құлаққап не динамик арқылы пайдалануға рұқсат етіледі.

№3. Жүргізуші куәлігінсіз көлік айдау

Жүргiзушi куәлiгi не көлік айдауға қатысты басқа да құжаттары жоқ жүргiзушi көлiк айдаса ескерту жасалады не 19 660 (5 АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Жүргізуші куәлігін алмаған (жүргiзіп-үйренуден басқа), сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушi көлiк айдаса оған 78 640 теңге (20 АЕК) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 117 690 теңге (30 АЕК).

Жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік айдаса 196 мың теңге (50 АЕК) айыппұл салынады не 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Ал, бір жыл ішінде қайталанса 70 АЕК (275 240 теңге) айыппұл салуға не 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Басқару құқығы жоқ адамға не көлiк құралын басқару құқығынан айырылған адамға көлiкті айдауға беру – 50 АЕК (196 мың теңге), бір жылда екінші рет қайталанса 70 АЕК (275 240 теңге) айыппұл салынады.

№4. Көлік нөміріне қатысты заңбұзушылықтар

Көлікті мемлекеттік нөмірсіз айдауға болмайды. Нөмір оқылмаса не ұлттық стандартқа сай келмесе не белгіленген орында орнатылмаса 19 660 теңге (5 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Нөмірі жоқ не әлі тіркелмеген не пайдалануға тыйым салынған нөмірі бар көлікті айдаса 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.  Ал, бір жыл ішінде тағы да дәл осылай заң бұзса 78 640 теңге (20 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады не бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.

Жалған немесе қолдан жасалған нөмір таққан жеке тұлғаларға 58 980 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің түрін өзгерту, оларды жасырып тұратын құрылғылар қолдану, яғни жалған нөмірмен көлік жүргізгендер бес тәулікке қамалады және бір жыл мерзiмге жүргізуші куәлігінен айырылады. 

№5. Қауіпсіздік белдігін тақпау

Қауіпсіздік белдігін тақпағандарға, жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, сондай-ақ мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамағандарға 19 660 теңге (5 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бiр жыл iшiнде қайталанса 39 320 теңге (10 АЕК) мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.

№6. Жол белгiлерi мен таңбаларға қатысты талаптарды сақтамау

Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау 11 796 теңге (3 АЕК) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Мысалы, STOP белгісін елемей өтіп кетсеңіз, айыппұл салынады. Бiр жыл iшiнде қайталанса айыппұл мөлшері – 10 АЕК (39 320 теңге).

№7. Жаяу жүргіншіге жол бермеу

Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол бермесе – 10 АЕК (39 320 теңге), ал заң бұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

№8. Тәртіп сақшысының бұйрығын орындамау

Жол патруль полициясының көлікті тоқтату туралы талабын орындамаса 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады не үш тәулікке қамалады. Осы заң бұзушылықты екінші рет қайталаса бір жыл бойы жүргізуші куәлігінен айырылып, бес тәулікке қамалады. Жүргізуші куәлігі жоқ адам тәртіп сақшысына бағынбаса оған 60 АЕК (235 920 теңге) көлемінде айыппұл салынады не 15 тәулікке қамалады.

Жүргізушіні қызметкер тоқтатқанда оның рұқсатынсыз көліктен шығып кетсе не шығу туралы талаптарды орындамаса – 19 660 теңге (5 АЕК), ал, бір жыл ішінде қайталанса жүргізушіге 39 320 теңге (10 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

№9. Бағдаршам қызыл жанғанына қарамай өтіп кету

Бағдаршам қызыл жанғанда немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өтсе – 10 АЕК (39 320 теңге), ал, заң бұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

№10. Көлікті дұрыс қоймау

Тұрақ немесе тоқтау ережелерін бұзғаны үшін – 5 АЕК (19 660 теңге), ал, тротуарда немесе гүлзарларға көлік қойғаны үшін – 10 АЕК (39 320 теңге, тұрақ ақысынан жалтару 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге әкеп соғады.

№11. Көлiкті жолға қойып кету, қарсы бағытқа шығу, басып озу қағидаларын бұзу

Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүргені үшін 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 117 690 теңге (30 АЕК).

Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлiк колоннасын немесе жаяу колоннаны кесiп өту не оның арасынан орын алу – 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 117 690 теңге (30 АЕК).

Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу – 6 ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайталанса – 50 АЕК (196 мың теңге).

№12. Жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлiгiн кесiп өту

Көлденең бағыттағы жол жүрісіне кедергі келтіріп, бұл кептеліске әкеп соқтырғанда жол қиылысына шығу немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өту – ескерту жасауға немесе 11 796 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайталанса 7 АЕК (27 524 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Жол қиылыстарынан өтуге басымдыққа ие көлік құралына жол бермегені үшін 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.

№13. Маневр жасау қағидаларын бұзу

Жол жүру қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау – 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Мұндай маневрлер жасауға тыйым салынған жерлерде артқа жүргені үшін салынатын айыппұл сомасы – 10 АЕК (39 320 теңге). Бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.

№14. Утиль алымы

Утиль алымының базалық мөлшерлемесі – 50 АЕК. 2025 жылы 184 600 теңгеден 196 600 теңгеге өседі. Қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ден аспайтын жеңіл автомобиль үшін 294 900 теңге беру қажет. Ал, мотор көлемі 2000 текше см-ден жоғары көлік үшін – 688 100 теңге, 3000 текше см-ге жетпесе – 983 мың теңге. Мотор көлемі үш литрден асатын көлік алғандар ел қазынасына 2 260 900 теңге құяды. Бұл алым елге электромобиль кіргізгенде ғана сұралмайды.

№15. Автокөлікті есепке қою

Автокөліктерді есепке қою құны да айлық есептік көрсеткіш сомасына қарай өседі. Автокөлікті бірінші рет тіркегені үшін ең төменгі алым мөлшерлемесі 923 теңгеден 983 теңгеге көтерілді. Шыққанына 3 жылдан аспаған көлік алғандар 196 600 теңге (50 АЕК) төлейді.  Ал, 3 жыл бұрын және одан ерте шыққан көлікті бірінші рет тіркеу үшін 1 966 000 теңге төлеу қажет. Бұл төлемге қозғалтқыштың көлемі, электромобиль немесе гибридтің болуы әсер етпейді. Өндірушінің шығарылған күні бойынша бір жылға ғана төленеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here