Мәди Нұрмұхамбет: «Негізі қаланған кезде өнер ордасында 29 адам ғана жұмыс істеді»

0
1441

Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы өзіне тән жоғары кәсіби деңгейін үнемі шыңдап келе жатқан әртістері мен ұжымдары тек Қазақ елі ғана емес, әлемге танымал ұйымшыл өнер ордасы.

Жуырда аталған әрі мәртебесін берік сақтаған мәдениет мекемесіне сексен жыл толды. Соған орай «Сексен жыл сазымен тербеткен» деген атаумен мерейтойлық концерт бағдарламасын талғампаз жұртшылық назарына ұсынды. Өз саласының саңлақтары үлкен сахнада асқақтата ән салып, мың бұрала би биледі. Домбырашылар күмбірлете күй шертті. Көрермендер ұмытылмас рухани ләззат алды.

Біз осынау талай шыңдарды бағындырған ұжымның білікті басшысы, жас та болса өнерде өзінің орнын ойып алған талантты азамат Мәди Мейрамханұлы Нұрмұхамбетпен арнайы жолығып, көкейде жүрген сауалдарымызға нақты жауап алған едік.

«ӨНЕР ҰЖЫМЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ШТАТЫ БАРЛЫҚ ОБЛЫС БОЙЫНША ІРІКТЕЛГЕН ӨНЕРПАЗДАРДАН ЖАСАҚТАЛДЫ»

– Мәди Мейрамханұлы, өткен жыл Сіздер үшін және жергілікті қауым үшін есте қаларлықтай болды. Өйткені, жарқын ізденістерімен дүние жүзіне танылған филармонияның мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Сіз осының басы-қасында болып, Өзіңіздің ұйымдастырушылық және іскерлік қырларыңызбен талғампаз жұртшылықтың алғысына бөлендіңіз. Әңгімемізді өнер ордасының өткен тарихы, яғни алғаш құрылған кезінен бастаған орынды секілді.

– Ең алдымен беделді басылымның мен жетекшілік ететін ұжымға ерекше көңіл бөліп, сұхбат алып отырғанына шексіз алғысымды білдіремін. Өйткені, журналистер қауымы әрқашан да осындай игі жаңалық пен жақсылықтың нағыз жаршысы емес пе.

Әрине, өзім жетекшілік етіп отырған ұжым туралы көп айтуға болады. Себебі, мұнда қазақтың музыка, ән-күй, би өнерін дамытуға бүкіл саналы ғұмырын арнаған ардақты ағаларымыз бен апаларымыз, мәдениетіміздің нағыз майталмандары мен саңлақтары қызмет атқарды. Үлкен сахнаның сәніне айналып, өздерінің табиғи дарындарымен жерлестерімізді жасампаздық істерге жігерлендіріп, рух берді. Олардың сіңірген еңбектері кейінгі жастарға қай жағынан алсақ та үлгі-өнеге. Өздеріңіз білесіздер, өткенді білмей болашақ бұлыңғыр. Сондықтан сөзім жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенгенім жөн.

Бұл күндері барша қауымның жүрегіне жол тапқан облыстық филармония 1944 жылы Қостанай қаласында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының тұрақты филиалы ретінде құрылды. Оған бұрынғы пионерлер үйінің ғимараты берілді.

Қай істі болмасын бастау оңай емес. Өнер ұжымының алғашқы штаты барлық облыс бойынша іріктелген көркемөнерпаздардан жасақталды. Сол жылдың 18 наурызында Қостанай драма театрының ғимаратында композитор Николай Римский-Корсаковтың 100 жылдығына арналған алғашқы концерті қойылды. Оны дайындауға ел мақтанышы Елубай Өмірзақов бастаған өнер қайраткерлері өздерінің үлестерін қосып, есімдері тарихта алтын әріпппен жазылып қалды. Сөздің реті келгенде, үлкен сахнада аты аталған көрнекті тұлға «Ағаш аяқ», «Нақ-нақ», «Жаяу Мұса» әндерін шеберлікпен шырқап, дүйім жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, осы кеште композитор Бақытжан Байқадамов, әртістер Ғафура Жаманқұлова, Ғайнеш Бекмұхамедова, Хайдола Тілемісов және басқалар жұртшылық назарын аударды. Олардың есімдерін жергілікті ағайын әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып жүреді.

Қостанай облыстық филармониясының тұңғыш директоры Арман Исмұхамедов болғаны да көпшілікке аян. Сол алғаш сахна шымылдығы түріліп, негізі қаланған кезде өнер ордасында 29 адам ғана болғанын оқырмандардың есіне салғым келеді.

Өз алдына шығармашылық шаңырақ болып дүниеге келгенімен, оның құрамындағы әншілер, аспапшылар, балет, цирк, сөйлеу жанрының әртістері жанын сала тың ізденіспен жұмыс істеді.

Міне, содан бері қаншама кезең артта қалды. Филармония құрамы жаңарып, жарқын дарын иелері жарқырап көрінді. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстесек, бірнеше кітаптарға өзек болары айдан анық. Дегенмен де, ерекше табиғи дарындарымен дараланған домбырашы Рахымжан Қасымов, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі айырықша дауысымен көрермендерді бірден баурап алатын Балжан Жүсіпбековтердің шеберлігі кейінгі жастарға қай жағынан болса да ғибрат боларлықтай.

Өткен жылдарда филармонияны ғұмырын музыка мен мәдениетімізді өркендетуге бағыштаған тұлғалар басқарды. Олардың да аты-жөндерін тілге тиек етпесек, бұл сұхбатымыз толыққанды шықпас еді. Мәселен, қазіргі таңда бір мақсат жолында аянбай тер төгіп жатқан әріптестерім Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Владимир Рыдченко, Александр Евсюков, Назымбек Молдахметовтердің ешкімге ұқсамайтын қасиеттерін тілге тиек етеді.

– Сіз қазіргі филармонияның абыройын асқақтатып, беделін көтеріп жүрген әртістердің қатарында кімдердің есімдерін атаған болар едіңіз?

– Қайсы ұжым болмасын оның бетке ұстар тұлғалары болады. Өз басым оларға әрқашан да құрметпен қараймын. Өйткені, мұндай саңлақтар уақытпен санасу дегенді білмейді. Басты мақсаттары – тынымсыз ізденіс үстінде жүріп, қазақ өнерін әлемге паш ету.

Әрине, осы арада ең алдымен ардагерлер жайлы бірер сөз айтып кеткенім орынды. Бұл күндері құрметті демалыстағы ерлі-зайыпты Төрехан және Әлия Ерғалиевтер, бүкіл жастық ғұмырын мәдениетке арнаған Қадыр мен Майра Қаржауовтар, өзіндік ерекше орындаушылық мәнері бар Гүлнәр Үсенова, дара тұлға Анатолий Заруба және басқаларды кейінгілерге үлгі етіп отырамыз. Ал, қазіргі сахна жұлдыздарына келсек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдуллина, Игорь Коропецкий, Талғат Молдағалиев, Манапбек Қадыров, Геннадий Стаканов, Серік Әбілов, Зарина Құлмұхамбетова, Наталья Степанова, Анастасия Пикулевалар жыл өткен сайын шеберлігін шыңдап, өңіріміздің атақ-даңқын асқақтатып келеді.

Өнер ордасы әрдайым жас әншілермен толығып, олар таңдаған кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Бұл орайда алдыңғы толқын ағалар мен апалардың көрсетіп жатқан ғибраты мол. Ең бастысы, талант иелерінің жүздерінен шығармашылыққа деген ынта-ықылас, жанарларынан жастыққа тән от пен жалын айқын байқалады.

«ҚАШАНДА ӘРТІСТЕРГЕ БАҒАНЫ БЕРЕТІН ӨНЕРСҮЙЕР ҚАУЫМ»

– Мәди Мейрамханұлы, бұл күндері мерейтойын атап өткен ұжымда қанша адам қызмет атқарады? Олардың арасында таза шығармашылықпен айналысатын әнші, күйші, биші және басқа да өнерпаздарды алған болар едіңіз

– Иә, біз осы айтулы мерекеге үлкен шығармашылық шабытпен, жоғары көңіл-күймен келдік десем артық айтпаған болармын. Бұл күндері жалпы алғанда 300-ге тарта адам жұмыс істейді. Ал, оның ішінде таза өнер саласындағы мамандардың тындырып жатқан істері көпке белгілі.

Қашанда әртістерге бағаны беретін өнерсүйер қауым. Филармонияның құрамына кіретін қазақ және орыс халық аспаптары оркестрлері, «Ақжелең», «Костанайские зори», «Славянские песня» секілді өнер ұжымдары көпшілікке жақсы таныс.

Жалпы алғанда, әрбір әнші немесе күйші өзінше жеке тұлға. Олардың бәрі де шама-шарықтары келгенше ортақ мүддеге өздерінің лайықты үлесін қосып жатыр. Мен оларды бөліп жармаймын. Алайда, қазір «Достар» тобы да халыққа танылып қалды. Соңғы кездері қолтаңбаларын айқын танытуға құлшыныс танытып жатқан «Самал тюнс» тобының жаңа бағыттағы ізденістері де жерлестеріміздің талғамынан шығады.

– «Ақжелең» демекші, бұл ансамбльдің Өзіңіз жетекшілік ететін ұжымда алар орны айырықша дер едік. Оның бастауында тұрған майталмандардың есімдерін қостанайлық бауырларымыз әлі ұмыта қойған жоқ. Осыған тоқталып өтсеңіз?

– Дұрыс айтасыз, аталмыш ансамбльдегі өнер тарландарының өзіндік ешкімге ұқсамайтын рухани әлемі, шығармашылық бет-бейнесі бар. Осындағы қазақ жігіттері мен қыздары сонау 1994 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны тәмәмдаған соң келді. Сол уақыттағы басшымыз Владимир Рыдченко аталмыш оқу орнына барып, жастарды астықты өңір Қостанайға жұмысқа шақырды.

Сол кезеңдегі облыс әкімі Кенжебек Үкіұлы және Мәдениет басқармасының басшысы Римма Ғайсенова құшақ жая қарсы алып, оларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Пәтер беріп, сахналық киімдермен қамтамасыз етті.

Кіл кәсіби мамандар өздеріне сенім артқан кісілердің үмітін ақтады. Қысқа мерзім ішінде республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Шетелдерге кеңінен танылды. Олар Ресей, Корея, Франция, Түркия, Мысырға сапар шегіп, ұлттық өнерімізді танытты. Ансамбльдің алғашқы жетекшісі, дәулеткер күйші Әлімжан Әбсадық. Қазір ол Қызылорда қаласындағы музыкалық колледжде жауапты қызметте. 80 жылдық мерейтойлық концертке «Ақжелең» ансамблінің бұрынғы қызметкерлер Ержан Рысметов және Нұрбек Тапалов секілді азаматтар қатысты.

Жылдар өте ұжымды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Торғай өңірінің тумасы Назымбек Молдахметов қолға алды. Нәкең көп қырлы азамат еді. Бертін ол қазақ ұлттық аспаптар оркестрін, филармонияны басқарды. Өкініштісі, ол біздің арамызда жоқ. Марқұмның есімін мәңгілік қалдыру үшін оркестрге аты берілді. Жыл сайын оны еске алуға арналған фестивальдар өткізіліп тұрады.

–    Өзіңіз жас та болсаңыз үлкен ұжымға жетекшілік етіп отырсыз. Байқауымша, домбыраның құлағында ойнайсыз. Осы ұлтымыздың бой тұмары болып табылатын аспапқа қай кезден бастап қызығушылық таныттыңыз?

–    Қасиетті Торғай қазақ халқының өнері мен мәдениетіне, жалпы руханиятына өшпес тұлғалар берген топырақ екендігі баршаға белгілі. Өзім Жангелдин ауданының орталығында дүниеге келдім. Біздің Нұрмұхамбеттер әулетін күллі Қазақстан жақсы біледі. Әкемнің туған ағасы Дінәш атамыз белгілі қаламгер. Олар жеті ағайынды.

Ес білгеннен өнерді пір тұтатын отбасында өстім. Шаңырақтағы төрт баланың кенжесі болғаныма қарамастан кішкентайымнан ширақ әрі елгезек бала атандым. Әкем Мейрамхан мен анам Зылиха екеуі де ән-күй десе ішкен астарын жерге қоятын ақ жарқын кісілер. Олар белгілі сазгерлер Қалибек Деріпсалдин және Бақытжан Сәуекеновтермен сыйласып, жақсы қарым-қатынаста болды.

Ата-анамды достары мен аралас-құралас замандастары қолқалап, өздері бас қосқан жерде ән салдыратын. Бұлар әуелете қазақтың туындыларын шырқағанда, бәрі де сілтідей ұйып тыңдап қалатын. Осындай жанұяда тәрбиеленген мен де өнерден қалай құралақан қаламын. Соның бәрін көзбен көріп, көңіліме тоқыдым.

Мен үшін облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыған жылдардың жөні бөлек. Мұнда аты айтып тұрғандай талапты балалардың бойларындағы қабілет қарымды ұштауға барлық жағдай туғызылды.

Бәлкім менің бақытым мен бағым шығар, оқу орнында ұстаз Қайырғали Әбішке кезіктім. Ол бойында дарыны бар балаларды бірден тани білетін. Одан домбыраны жалықпай үйреніп, болашағынан үміт күткен шәкірттерінің бірі атандым. Әрбір дәрісіне ерекше жауапкершілікпен қарап, күй өнерінің құдіретін айқын сезіндім.

«ӨЗ БАСЫМ ҮНЕМІ АЛҒА ҚАРАЙ ТАЛПЫНЫС ҮСТІНДЕ ЖҮРГЕНДІ ЖАНЫМ СҮЙЕДІ»

– Мәди Мейрамханұлы, мектептен кейін кәсіби білімді қай оқу орындарынан алдыңыз? Шығармашылық өсу кезеңдерін рет-ретімен сатылап айтып берсеңіз…

– Бозбала кезімде мен секілді әрбір жігіт арманшыл, қиялшыл келеді ғой. Алдымда домбыраны бір кісідей игерген соң оны ары қарай білікті мамандардан тәлім алып, қазақ өнерін өзге елге танытсам деген мақсат тұрды.

Баршаға мәлім, Рудный қаласында өзіндік бай тарихы бар музыкалық колледж жұмыс істейді. Бұл өнердің қара шаңырағынан қаншама белгілі тұлғалар шықты. Осында оқуға қабылданып, домбырашы әрі оркестр дирижері кәсібін меңгеріп шықтым. Хор мен вокалға қатыстым. Ондағы ұстаздарым менің қалыптасуыма көп еңбек сіңірді.

Содан кейін де қол жеткенге тоқмейілсіп қалған жоқпын. Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін тәмәмдап, жоғары білім алдым. Онда да сол таңдаған мамандығымды одан әрі тереңдетіп, шеберлігімді шыңдадым.

Сонымен еңбек жолымды бастап, өзімді жан-жақты көрсетуге, өнерімді өрістетуге толық мүмкіндік туды. Алдымен, облыс орталығынан шалғай жерде жатқан Қарасу ауданына жол тарттым. Осындағы өнер мектебінде шәкірттерге дәріс бердім. Жұмыстан бос кездерімде жергілікті мәдениет үйінде әншілік қырымды барынша ұштадым. Халықтың ыстық ықыласына бөлендім. Ал, 2009 жылы Меңдіқара ауданындағы «Меңдіқара достарын шақырады» деген облыстық байқау менің өнерге деген бағымды ашты деуге әбден болады. Өйткені, осында Бас жүлдені жеңіп алдым. Көзге түсіп, сол ауданға қызметке шақырылдым.

Мұнда көшіп келген соң бастапқыда өнер мектебінде жұмыс істеп, талапты балаларды шығармашылыққа баулыдым. Уақыт өте үлкен сенім артылып, басшылық қызметке тағайындалдым. Кейін аудандағы «Юбилейный» мәдениет үйіне директорлыққа бекітілдім. Осы жылдарда аудандық мәслихатқа депутат болып сайландым. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халықтың мүддесін әрқашан да жоғары қойдым.

– Сіздің облыс орталығындағы бірқатар мәдени ошақтарына басшылық қызметке тағайындалып, іскерлік қабілетіңізді көрсеткеніңізге де біраз жылдың жүзі болды. Осыған дейін «Мирас» мәдениет сарайын, бертін өңірдегі жалғыз қуыршақ театрына жетекшілік еттіңіз.

– Оныңыз рас. 2019 жылы Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет сарайына басшылыққа шақырды. Осындағы төрт жылым ізденіспен өтті. Зиялы қауыммен қоян-қолтық араласып, өнер мен мәдениетті өркендетуге барымды салдым. Ғимараттың қабырғасына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, атақты домбырашы, рухани ағамыз Абай Әмірхановқа ескерткіш тақта орнаттық.

Уақыт өте қуыршақ театрының тізгінін қолға алған соң сенім биігінен көрінуге тырыстым. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Бүркітбайұлының бастамасымен тұңғыш рет қазақ труппасы ашылды. Бұл театр өміріндегі үлкен жаңалық еді. Ал, өткен жылдың сәуір айында қазіргі директорлық қызметке тағайындалдым. Бұрыннан мәдениет саласында жүргендіктен филармонияның тыныс-тіршілігін өзіме жақсы таныс еді. Әрине, Елубай Өмірзақов атындағы филармонияға басшылық ету жоғары жауапкершілікті жүктейді.

Ерекше атап өтер жай, мұндағы тағдырын шығармашылықпен байланыстырған әншілер мен күйшілерді, өшпес ізін қалдырған тұлғаларды жетік білетінмін. Сондықтан олармен тонның ішкі бауындай араласып кеттім. Облыстық мәдениет басқармасы тарапынан да үнемі қолдау көріп келеміз.

– Өзіңіздің Сочиде өткен халықаралық жастар фестивалінде жеңімпаз, Қостанай меценаттар клубының «Шабыт» сыйлығының лауреаты атанғаныңызды білеміз. Бос уақытыңызда немен айналысасыз. Басшы ретінде алдағы мақсат-мұратыңыз жөнінде де білгіміз келеді.

– Өз басым үнемі алға қарай талпыныс үстінде жүргенді жаным сүйеді. Бос уақыт деген өте аз. Соған қарамастан жансарайымды рухани байытуға, шығармашылығымды дамытуға, салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Фитнес клубқа жиі барамын. Үстел теннисімен, гір көтерумен шұғылданамын. Балаларыммен бірге табиғат аясында серуендегенді ұнатамын.

Өздеріңіз куә болдыңыздар, мерейтойлық концертімізге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, атақты дирижер Жалғасбек Бегендік, бірқатар облыстардағы әріптестерім келіп, қуанышымызға ортақтасты. Біз де келешекте олармен тығыз байланыста болып, өзге аймақтардағы филармонияларда гастрольдік сапарда болмақпыз. Өйткені, кешегі пандемия кезінде мұндай берері мол тәжірибе алмасу секілді дәстүрлер үзіліп қалды.

Филармония ұжымының басты мақсаты – кәсіби шеберліктің шыңына көтеріліп, қазақ өнері мен мәдениетін әлем жұртшылығына барынша таныта түсу.

– Мәди Мейрамханұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Оразалы Жақсанов,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here