Қазақстан халқы тілдері күні – елдегі барлық этностардың тілдері мен мәдениеттерін сақтау, дамыту және құрметтеу мақсатында елімізде 20 жылдан астам уақыттан бері аталып өтіп келеді. Тілдер күніне орай 2024 жылдың 11-15 қараша аралығында Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің Тіл орталығына қарасты орыс тілі секциясының оқытушылары «Орыс тілі – мәдениеттер арасындағы түсіністіктің кілті» («Русский язык – ключ к взаимопониманию культур») атты тіл апталығын өткізді. Бұл апталық тілдік дағдыларды және шығармашылық ойлауды дамыту, көпмәдениетті ортада өзара түсіністік пен құрметті нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Орыс тілі апталығының негізгі міндеттері – студенттерді орыс тілінің байлығына, әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру, тілді меңгеру деңгейін жетілдіру, сондай-ақ әлем әдебиеті мен мәдениетін тереңірек танытып, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету.
Апталықтың ашылу рәсімі 2024 жылдың 11-қарашаcында өтті. Ашылу салтанатында қазақ бөлімінің 1-курс студенттері орыс тілінің Қазақстандағы мәртебесі мен рөлі туралы ғылыми баяндама жасады. Студенттер өз зерттеулерінде көпұлтты еліміздегі орыс тілінің мәдени және тілдік дамуындағы маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, апталық барысында студенттердің білімін шыңдау үшін түрлі зияткерлік ойындар ұйымдастырылды.
Апталықтың екінші және үшінші күндері оқытушылар оқу жоспарына сәйкес ашық сабақтар өткізді. Бұл сабақтар студенттер мен оқытушылардың тіл мен әдебиет саласындағы білімі мен тәжірибесін бөлісу үшін үлкен мүмкіндік болды. Сабақтарда орыс тілінің құрылымы, оның қазақ қоғамындағы орны талқыланды. Сондай-ақ, студенттердің тіл байлығын білу негізінде «Русский язык в современном мире» тақырыбында эссе жазу сайысы өтіп, ішінде үздік шығармашылық жұмыстар ерекше бағаланды.
13 қарашада қазақ бөлімінің 1-курс студенттері мен оқытушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына экскурсия жасады. Студенттер кітапханадағы оқу залдары мен жазушылардың мемориалдық кабинеттерін аралап, Қытай мәдениеті кабинетін де тамашалады. Олардың арасында әйгілі жазушылар Г. Бельгер, Абай және әл-Фараби мұражайлары бар. Сонымен қатар, студенттер тақырыптық, алфавиттік және электрондық каталогтармен танысып, кітапхананың ғылыми жұмыстарын зерттеді. Экскурсияның нәтижесінде студенттер кітапхана тарихы мен оның жұмысын сипаттайтын бейнебаян жасап, ол қорытынды кеште көпшілікке көрсетіліп, басқа да білім алушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
15 қараша күні орыс тілі апталығының «Волшебная сила слова» атты басты іс-шарасы өткізілді. Екі күнге созылған шығармашылық кешке қазақ бөлімінің барлық топтары белсене қатысты. Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар арасында Базалық және жоғары білім факультеті деканының орынбасары Н. Рысбай және Тіл орталығының директоры Ш. Әбділда болды.
Аталған шарада студенттер топтарға бөлініп, ақыл-ой карталарын қорғап, әлем әдебиетінің ұлы ақындары Шекспирдің шығармаларынан бастап, Абай, Пушкин, Лермонтов, Чехов сияқты ұлы ақындардың туындыларын сахналап, өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың әдебиетінен, С. Есенин, М. Мақатаев, О. Сүлейменовтің өлеңдеріне ерекше көңіл бөлінді. Қорытынды бөлімде студенттер В. Цойдың әндерін орындап, музыкалық қойылымдар көрсетті. Әрбір топ өздерінің таңдап алған ақындарына арнап шағын қойылымдар әзірлеп, өлеңдері мен шығармаларының мәнін терең түсіндіріп, шығармашылық жұмыстарын ортаға салды. Бұл кешке қатысқан студенттер өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдады.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде ұйымдастыру комитеті студенттерге белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, оларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Ақындардың өмірі мен шығармашылығы туралы терең мәліметтермен толықтырылған ментальды карталарын тамаша қорғап шыққаны үшін «Лучшая ментальная карта» номинациясы бойынша Асылбек Аружан, Меирбекқызы Аяулым, Кадырова Сати, Минтай Аңсаған, Аширбекова Маржан және Темирали Сания жеңімпаз атанды. Ал мәнерлеп оқу сайысы бойынша Ажихан Жұлдыз, Тұрғанбек Әсемғазы марапатталса, «Үздік театрлық қойылым» сайысында Зейнуллаев Б., Сайлау А., Әбдікерім К., Мұсахан Ф., Ерланқызы Е. үздік атанды. Сонымен қатар, жетекшілеріне алғыс хаттар табыс етілді.
Орыс тілі апталығы қазақ бөлімінің студенттері мен оқытушылары үшін үлкен мәдени шараға айналды. Бұл апталықтың нәтижесінде студенттер орыс тілін тереңірек меңгеріп қана қоймай, әдебиетке деген қызығушылықтары артты. Орыс тілі мен әдебиетінің әсемдігін, оның тарихтағы орнын және мәдениеттер арасындағы көпір ретіндегі рөлі қайта бағаланды. Бұл студенттер үшін аса маңызды әрі құнды тәжірибе болды.