Ұлтаралық достық пен этносаралық татулық мәселесін қозғағанда, тілді айналып өту әсте мүмкін емес. Себебі, тіл – қарым-қатынас құралы ретінде бір-бірімізді түсінуімізге, тереңірек ұғынуымызға жол ашатыны мәлім. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі еліміздің барша азаматтары үшін ұлты мен нәсіліне қарамастан барша ұлтты ұйыстыратын негізгі тілге айналуы керек. Себебі, дамыған, өркениетті елдердің қай-қайсысында да мемлекеттік тілдің үстем екенін көруге болады. Сол елдердің барлық азаматтары бір тілде сөйлеп, бір тілде тіршілік жасайды. Демек, мемлекет құрушы ұлт тілінің қоғамды топтастырып, елді біріктірудегі тигізер үлес-салмағы өте зор. Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік тілді ардақтап, құрмет тұтуды әрбір азамат саналы түрде үйренсе дейсің.
Қазақ тілі – ұлттың айнасы, елдің рухани тірегі. Тіл – әр халықтың мәдениеті мен тарихының алтын қазығы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетін асыл мұрасы. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тек заң талаптары емес, ел болашағын нығайтудың басты шарты. Қазақ тілі – ел бірлігінің, татулық пен тұрақтылықтың негізі. Оның өркендеуі мен дамуы – әр азаматтың парызы.
5 қыркүйек – Қазақ халқы тілдері күні мерекесі. Қазақстан халқының тілдер күні – еліміздің ерекше болмысымен, түрлі этностардың достығы мен ынтымақтастығын дәріптейтін мереке. Жыл сайын 22 қыркүйекте атап өтілетін бұл күн елдегі әрбір ұлт пен ұлыстың өз тілін, мәдениетін және дәстүрін құрметтеуге мүмкіндік береді.
Тілдер күні – Қазақстанның мәдени байлығы мен ұлттық келісімін бейнелейтін ерекше мереке. Қазақстан әлемде көпэтносты мемлекет ретінде танымал, мұнда 100-ден астам этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп, өзара сыйластық пен түсіністік негізінде өмір сүруде. Бұл мерекенің басты мақсаты – елде тұратын этностардың өз тілдерін дамытуына жағдай жасап, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін нығайту. 1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке, ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілгені баршамызға белгілі.
Атаулы күннің өзгеру себебінің өзіндік сыры бар еді – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» екендігін айтып, ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының азат тағдыры мен тілі үшін күрескен халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Алаш арысы, ағартушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, публицист, педагог, аудармашы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.
Бүгінгі таңда бүкіл қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлауда. Тілдер күні аясында ел бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады:
- Ұлттық-мәдени орталықтардың фестивальдері, мұнда әрбір этнос өзінің өнерін, салт-дәстүрін және тілін таныстырады.
- Дөңгелек үстелдер мен конференциялар, оларда тіл саясатының мәселелері мен даму жолдары талқыланады.
- Көрмелер мен шығармашылық байқаулар, тіл мен мәдениетке арналған жұмыстар ұсынылады.
- Концерттік бағдарламалар, онда әртүрлі ұлттардың әндері мен билері орындалады.
Білім беру мекемелерінде балалар мен жастар арасында арнайы сабақтар, тақырыптық сынып сағаттары мен әдеби кештер өткізіледі. Бұл шаралар жастардың өз мәдениетіне деген құрметін оятып, өзге этностардың мәдениетіне қызығушылығын арттырады.
Осы мақсатта 2024 жылдың 30 қыркүйегі мен 5 қазан аралығында К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің Тілдер орталығының қазақ тілі секциясы ұйымдастырған «Тіл – татулық тірегі» атты тілдер апталығы өтті. Бұл апталықтың басты мақсаты – мемлекеттік тілді дәріптеу, студенттер арасында қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау болды.
Апталық аясында студенттерге арналған түрлі шаралар өткізілді. Атап айтқанда, апталық аясында студенттердің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырып, оны меңгеруін жандандыруға бағытталған бірнеше шығармашылық және танымдық іс-шаралар өтті.
Апталықтың маңызды шаралары:
- «Тәтті party» шарасы. Апталықтың алғашқы күні студенттер үшін көңілді бастама болды. Шара барысында қазақ тілі мен Қазақстан туралы сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген студенттерге тәтті сыйлықтар таратылды. Бұл шара қатысушылардың білімін қызықты түрде тексеріп, олардың көңілін көтерді.
- «Қазақ тілі әлемі» квиз ойыны. Квиз ойынына орта және жоғары топ студенттерінен үш команда қатысып, бірнеше кезеңнен тұратын сайысқа түсті. Командалар қазақ тілі мен грамматикасы бойынша тапсырмалар орындап, аудио және бейне сұрақтарға жауап берді. «Тұлпар» тобы командалық сайыста бас жүлдеге ие болды.
- «Кім тапқыр?» интеллектуалды сайысы. Бұл сайысқа бастауыш деңгей бойынша төрт команда қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ әлем туралы сұрақтарға жауап берді. Интеллектуалды жарыс студенттердің танымдық деңгейін арттыруға бағытталды.
- «Құлақтан кіріп бойды алар» поэзия кеші. Кеш барысында студенттер қазақ, орыс, корей, қытай және түрік тілдерінде өлеңдер оқып, тілдердің әсемдігі мен маңызын паш етті. Кеш барысында А.Құнанбайұлының, М.Мақатаевтың, Қ.Мырзалиевтің де өлеңдері оқылып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Үздік студенттер арнайы марапаттарға ие болды.
- «Үздік постер» сайысы. Студенттер қазақ тілінің маңызын көркем түрде бейнелеп, өз қолдарымен постерлер жасады. Бұл шара қатысушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етті.
- «Үздік аудармашы» сайысы. Студенттер қазақ тілінен аудару қабілеттерін көрсетіп, өздерінің тіл байлығын дәлелдеді.
- Қорытынды концерт. Апталық «Тіл – татулық тірегі» атты қорытынды кешімен аяқталды. Шара барысында Тілдер орталығының директоры Шолпан Әбділдәқызы мерекеге арналған құттықтау сөз сөйлеп, апталықта белсенділік танытқан студенттерге дипломдар, сертификаттар және бағалы сыйлықтар табыстады. Қорытынды кеште студенттер өнерлерін ортаға салып, викториналық ойындар ұйымдастырылды.
Мұндай шаралар студенттердің тілге деген ынтасын арттырып, олардың келешекте тіл саласында биік белестерді бағындыруға деген қызығушылығын арттырды.
Шара аясында ұйымдастырылған викториналар мен сайыстар қазақ тілінің байлығын тағы бір мәрте дәлелдеп, студенттердің ұлттық рухани мұраға деген құрметін нығайтуға ықпал етті.
Қазақстан халқының тілдер күні – бұл елдің барлық азаматтарына ортақ мереке. Ол ұлттар арасындағы достықты, бейбітшілік пен өзара құрметті дәріптейді. Бұл күн әрбір адамның өзінің ана тіліне деген мақтаныш сезімін арттырып қана қоймай, көпэтносты Қазақстанның жарқын болашағын құрудағы ынтымақтастығын нығайтады. Тілдер күні – ел бірлігінің және мәдени әртүрліліктің мерекесі, оны сақтау және дамыту – әрбір қазақстандықтың ортақ міндеті. Осы орайда, «Тіл – татулық тірегі» апталығы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп қана қоймай, студенттер арасында достық пен ынтымақты нығайтуға зор үлес қосты. Мұндай іс-шаралар тек тілдің ғана емес, жалпы ұлттық құндылықтардың жаңғырып, жас ұрпақ санасында сақталуына ықпал ететіні сөзсіз.