ХХ ғасырда Ресей империясында ұлттық-либералдық демократиялық қозғалыс өрістеді, монархиялық Ресей конституциялық жолға, экономикасын жаңғыртып, еуропалық ізге сала бастады. Қазақ зиялылары ресейлік жаңа реформаторлық буынының бір тармағы есебінде бой көтерді. Сол кезде ұлт-азаттық қозғалысының бірден-бір көсемі болып Әлихан Бөкейхан шықты. Ол еуропалық тәрбие алған, еуразиялық деңгейдегі энциклопедист-ғалым, қоғам қайраткері еді. Әлихан қазақ сахарасындағы ұлт-азаттық қозғалысын еуропалық демократиялық, конституциялық, парламенттік күрес жолына салды. Ахмет болса, ұлт-азаттық қозғалысына гуманистік, ұлттық сипат берді.
Ахаң отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Ол күрескен кесапаттар – надандық, қараңғылық, отаршылдық, ұлттың азуы мен тозуы, таланған жері, қансыраған тілі, жансыздана бастаған діні, орыстандырыла бастаған ділі болды.
Қазақ зиялыларының Әлихан, Ахмет бастаған тобына тән басты бағыт отаршылдыққа қарсылық еді. Ал, бұл бағыт барша халықтың мүддесіне сай болатын. С.Сейфуллин 1923 жылы 30 қаңтарда «Ахмет Байтұрсынов елуге толды» деген мақаласында: «Байлардан бөліп жарлы тобының ғана намысын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірге жыртты, арын бірге жоқтады», – деп әділ көрсетті (М.Қозыбаев. Тұлғалар тұғыры. А., 2009.190-б.). Бұл бүкіл ұлттың азаттық майданы еді…
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ зиялыларының рухани көсемі санатында 1913 жылы ұлттық бейресмилік «Қазақ» газетін шығарды. «Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақалада Ахаң газетті «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтай келіп, оның «жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады», – деген тұжырымы арқылы газеттің қоғамда алатын орнын, оның саяси маңызын барынша айқындап берді («Қазақ» газеті. А., 1998. 10-б.).
Басылымның «Қазақ» аталуында екі түрлі мағына барлығы аңғарылады. Біріншіден, газет жалпыұлттық газет болғандықтан, мақсаты – жері бөлшектеніп, елі бытырап жүрген қазақ халқын топтастырып, бір ортаға біріктіру болғандықтан да ұлт атын иемденіп «Қазақ» аталды. Екіншіден, кітаби, ғылыми, әдеби айналымда қазақ атының өзі аталмай, қырғыз аталып келгендігі белгілі, сондықтан туған халқының төл атын қайта оралту мақсатында қазақ зиялылары өз баспасөзін осылай атауды мақұл көрген. Ахаңның өзі атау жөнінде: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық», – дейді («Қазақ» газеті. 11-б.).
Ахмет Байтұрсынұлы шығарып тұрған «Қазақ» газетінде 1913 жылдан 1918 жылға дейін қазақ қауымының алдында тұрған бірде-бір саяси-әлеуметтік, мәдени-әдеби мәселе көтерілмей қалған жоқ десе де болады. Газет бетіне ұлттың мәні бар зәру мәселелердің дер кезінде көтеріліп, қоғамдық пікір туғызу арқылы әлеуметтік күшке айналып отыруы А.Байтұрсынұлын жалпықазақтық деңгейдегі қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерді. Ахаңның осы газет бетінде айтқан кейбір пікірлеріне ой жіберейік: «Әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу… Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқуы керек… Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйрететін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа – кәсіп, жаратылыс жайы»; «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы…», «Әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек…», «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жүрт ісі түзелмейді…» (Д.Ысқақұлы). Бұлар күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, халықтың келешегін ойлаған әрбір азаматтың есінде жүрер өміршең пікірлер. Газет 1917 жылы шілде айында дүниеге келген ұлттық-демократиялық партияны дайындауда салиқалы жұмыстар атқарды. Партия Ресейде 1917 жылы ақпан революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі елде орын алған саяси хал-ахуал берген мүмкіндіктер жайында 1917 жылы 12-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақтық съезде құрылды. Бұл партияға «Алаш» деген ат береді. Ә.Бөкейхан «Қазақ» газетінің 2-7 сандарында «Түрік баласы» деген лақап атымен, «Қазақтың тарихы» атты тізбекті мақала жазды. Сонда «Алаш» – Отан кісісі, өз елінің патриоты деген мағынаны білдіреді» деп түсініктеме береді. Ең маңыздысы, автор «бұл қазақты бір ұлт ретінде ұйытатын идея» деп атады (С.Аққұлы).
«Алаш» идеясы – қазақ халқының дербес мемлекеттік, тәуелсіз ел болуға деген ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеясы. Бұл жерде осыған дейін қазақ халқының тәуелсіз ел болуға ниеті болмады ма деп қате түсінбеу қажет. Өйткені, бұл ғасыр қарумен емес – білім мен ғылым арқылы ұмтылған ағартушылық бағыттағы идея болды. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Өзіндік мемлекеттік шекарасын заңды тұрғыда бекітуге ұмтылған Алаш азаматтарының идеясы. Алаш – қазақ халқының Еуразия материгінде өзіндік орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау идеясы. Съезд өткеннен кейінгі екі-үш ай бойы оның шешімдеріне сәйкес, Ахаң «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын жасау ісіне белсене қатысты. Ахмет, Әлихан бастаған топ Қазақстан тағдыры Ресей елімен тамырлас екенін пайымдады, демократиялық Ресей құрамында конституциялық жолмен республика болуды көздеді. Өз парламенті бар, өз президенті бар, өзін-өзі билеу құқығы бар. Бұл республика суверенді (егеменді) территориялық автономия болатын. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің 1917 жылы 26 қарашадағы санында жарияланды. Онда «Алаш» партиясының мемлекеттік құрылыс, жергілікті бостандық, жер, дін, сот, оқу-білім мәселелері жөніндегі мақсат-міндеттері тұжырымдалды. Олардың басым көпшілігі жаңадан орнап жатқан Кеңес өкіметінің аталмыш мәселелеріндегі үрдістеріне қайшы келетін еді.
Алаш кезеңінде, әсіресе 1917-1918 жылдарда жарық көрген баспасөз материалдарында қалың қазақ елін жұрт болуға, алауыздықты ұмытуға, бірлесуге үндеген тілек көп жазылған. Мысалы, «Қазақ» газетіндегі мақалалар былай аяқталған: «Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар жұрттым қазақ!», «Жұрттық қылыңдар, тиындамаңдар!», «Жастар, жұртшылдар, өз бетіңмен іске кіріс!», «Алаштың ар-намысын жібермейік десек, жұрт, жұрттық қыл!», «Алаш туын көтеретін, жұрттығымызды көрсететін, теңдігімізді алатын, ұранымызды шақыратын күн туды. Алаш! Алаш!», «Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» (ХХІ ғ. Алаштың Ақ жолы. А., 2021. 211-б.). Ұлт азаттығын тағдыр таңдауы деп түсінген Алаш қайраткерлері аса ауыр саяси-әлеуметтік жағдайда қалың қазақ қауымының ар-намысын оятып, санасына азаттық жайлы ой ұрығын бекітіп, оны ел бола аласың деп сендіріп кеткен.
«Қазақ» газетінің жарық көруі – қазақ ұлтының көрнекті қайраткерлері Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхандардың тынымсыз еңбек, риясыз күресінің нәтижесі. «Қазақ» газетінің тікелей дайындығының ауыртпалығын көтергендер – Мұстафа Оразаев пен Ахмет Байтұрсынұлы. М.Дулатұлы: «Публицист ретінде А.Байтұрсынов ешқандай қаражат қоры болмаса да, 1913 жылдың басында Орынборда шын мәніндегі тұңғыш қазақ газеті – «Қазақтың негізін қалап, оның бетінде қазақ халқының мұң-мұқтажын батыл сөз етіп отырды», – деп мақтанышпен жазды (Ө.Әбдиманұлы). Оянған сана үніне айналған газет өз тұсында ең көп таралған басылым болды. Оның 265 номері жарық көрді. Кейбір номерлерінің тиражы 8 мың дана болып шыққан екен (Қ.Өскенбаев).
Мұхтар Әуезов 1913-1918 жылдары шыққан «Қазақ» газетінің кезеңін «Қазақ» газетінің дәуірі деп атады. Ұлт ұстазы 50 жасқа келген күні Мұхаң: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін… Ахаңның екпіні еді. «Қазақ» газетінің сол заманынан бері қарай талай өмір өткен сияқты. Бұл уақыттың жылдап, саусақпен санағандай аз жыл болса да, болып өткен оқиғаларына қарағанда көп заманға жауап ұратын толқынды заманның бірі», – деп көрсетті. (А.Байтұрсынұлы. Ақ жол, 17-18-б.).
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы