Ресей Федерациясының астанасы Мәскеудегі саудагер және меценат Алексей Бахрушин атындағы және соның өзі негізін қалаған театр музейінде үш қарапайым әшекей сақтаулы тұр. Олар – білезік, сырға және шашбаудың бір бөлігі, шашбау бөлігі тиындардан жасалған және музейде де атауы «5 тиын» деп жазылған. Бұл туралы Еxclusive.kz порталында Гүлнар Танкаева жазды.
Кез келген келуші бұларды көріп иығын көтеріп: «бұл не?» дейтіні анық. Бұл әшекейлер әнші Надежда Обухованың сәнді әшекейлері, балетмейстер Мариус Петипаның құмырасы, актриса Вера Комиссаржевскаяның гүлдестесі және басқа да танымал ресейлік артистердің (Петипаға қатысты – ресейлік және француз артисі) көптеген жеке заттары қойылған экспозициялар арасына қайдан және қалай пайда болды?
Мұны тек білетіндер әшекей бұйымдардың астындағы жазуды оқып барып бас изеп түсінеді. Қазақтың бұлбұлын білетіндер. Себебі, бұл жәдігерлердің астында «К.Ж.Байсейітоваға тиесілі болған» деп жазылған.
Музейдің сайтында қазақтың бұлбұл үнді әншісі атанған Күләш Байсейітованың бұл әшекейлері А.Бахрушин атындағы Мемлекеттік орталық театр музейіне қандай жолмен келгені туралы дерек жоқ. Онда бар болғаны бірнеше ресми жазу жолдары бар, мәселен шашбау бұйымына қатысты былай жазылған: «5 копеек монетасы». Шашқа арналған әшекей бұйымның бір бөлігі Ресей империясының 10 тиынынан жасалған. К.Ж. Байсейітоваға тиесілі болған. Жасалған уақыты: ХХ ғ. Жасалған жері: Ресей. Материал, техника: Күміс. Өлшемі: 20х20 мм. Есімнама: Байсейітова Күләш Жасымқызы (актриса)».
Бұл әшекейлерді Күләш Байсейітова біз көріп үйреніп қалған, өзі сомдаған Сара, Жібек, Ақжүніс және тағы басқа сахналық образдары толық көрінетін, сақталып қалған фото-бейнематериалдармен салыстыруға келмейді. Алайда, неге екені белгісіз дәл осы қарапайым сөлкебай Күләш Байсейітованы танытады деу өте оңай, десе де ол мұны тұрмысқа шықпай тұрып Бейісова болып жүргенде таққан болуы мүмкін.
Қазақ бұлбұлының өмірбаяны туралы көп айтылды: қарапайым отбасынан шыққан қызға ән салу өнері әкесінен дарыған, дегенмен ол анасының сөзін тыңдап салмақты мамандық алып шығу үшін педагогикалық техникумға оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде өз бетінше көркемөнермен белсенді айналысқан, Қазақ драма театры (бүгінде – М.О. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры) Қызылордадан Алматыға көшіп келгенде оның жанынан ашылған студияға түсуге шешім қабылдайды. Актерлік шеберлік пен музыкалық сауаттылыққа оқи жүріп сол кездің өзінде ол театрда рөлдер сомдап, өнер көрсете бастайды. Ал, 1933 жылы Алматыда Музыкалық театр құрылғанда (қазір бұл Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры) Күләш күйеуі Қанабек Байсейітовпен және басқа да артистер – Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақов, Сералы Қожамқұлов, Манарбек Ержановтармен бірге сол театрға жұмысқа ауысады.
Бір жылдан кейін 1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы – «Қыз Жібектің» премьерасы қойылды. Либретто авторы – Ғабит Мүсірепов, композиторы – Евгений Брусиловский, қоюшы режиссері – Жұмат Шанин және Құрманбек Жандарбеков. Жандарбеков басты рөлдердің бірі Бекежанды сомдады. Төлегенді – Қанабек Байсейітов, Жібекті – Күләш Байсейітова ойнады. Қойылым ғаламат табыс әкелді. Дегенмен, туған жердегі өз көрермендеріне қойылым көріністері таныс және олар ұлттық әуен ырғақтарын түсіне алғанымен, екі жылдан кейін Мәскеуге қазақ өнері мен әдебиетінің бірінші онкүндігіне барғанда артистер ресейлік көрермендердің оларды қалай қабылдайтынын білмеді. Алайда, мұнда да көрермендер оларды тамаша қабылдады. Газеттерде (соның ішінде басты басылым «Правда») қойылымды «күтпеген қуаныш» деп атап, ұжымға «музыкалық қабілеті жоғары» деген атақ берілді. Сонымен қатар, басты рөлді сомдаған орындаушы туралы: «Артис әйел Байсейітова орасан зор талант иесі, тыңдаушысын жаулап алатын күшке ие. Байсейітованың сахнадағы ойыны және оның әні ерекше мәнерлі болғаны сонша көрермендер қазақ тілін білмейтінін ұмытып, әншінің әр сөзін түсініп отырды» деп басылымдар жарыса жазды.
Сол 1936 жылдың күзінде Күләш Байсейітова алғашқылардың бірі болып КСРО халық артисі атағын алды. Сол кезде оның жасы не бары 24-те еді.
Кеңес уақытында мұндай атақпен қоғамдық қызметпен айналысуға болмайтын еді, алайда Күләш Байсейітова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің нағыз халық депутаты атанды. Және ол тек атақ үшін емес болатын. Ол шынында адамдарға көп көмектесті. Актрисаның қызы Қарлығаш Байсейітова былай деп еске алады (ол 2023 жылы 83 жасына қараған шағында өмірден озды): «…Оған еліміздің әр бұрышынан өзінің жағдайын айтып адамдар ағылып келетін, оларға көмектесу керек болды. Анам солардың бәріне көмектесті, ол өте мейірімді, қайырымды жан болатын. Оның өтініш хатының арқасында көптеген адам баспаналы болды, ол 16 адамды түрмеге түсуден құтқарып қалған, мұны мен мұрағат құжаттарынан оқыдым».
Әрі қарай не болғаны туралы да өте көп жазылды. Мойнына түскен жүктеменің тым көптігі мен шегі жоқ шаршаудан болар, ол 1957 жылдың жазында Мәскеудегі концерттен соң, сол жақтағы қонақүйде көз жұмды. Дәрігерлер «миға қан құйылған» деп қорытынды шығарды.
…Әншінің артында үш қызы қалады. Оларды әжесі – Күләш Байсейітованың анасы бағып өсіреді. Кейін сол сұхбатында әншінің қызы танымал анасының өлімінен кейін оның әшекейлері салынған қобдиша жоғалып кеткенін анықтағанын айтады. Оны тура жерлеу рәсімі кезінде біреу алып кеткен, соның ішінде Күләш өз қыздарына арнап дайындаған, аттары жазылған жүзіктер де кеткен.
Сол кезде әжесі өзінің атақты қызының жеке заттарын сақтап қалуға тырысып, оның суреттері мен аяқ киімдерін, көйлектерін және қалған әшекей бұйымдарын Орталық музейге апарып өткізеді.
Кейбір заттары 2022 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде өткен «Көненің көзі» атты көрмеде қойылды, атап айтқанда, музей қорынан ежелгі, сарматтар дәуіріне, кеңес кезеңіне жататын 100 зергерлік бұйым бар, соның ішінде аты аңызға айналған әншінің бірнеше әшекейлері де болды. Олар ұлттық нақышта еді.
Қапсырма, алқа және екі шашқа тағатын бұйымдар – шолпы мен шашбау. Олардың бірі қазақ зергерлерінің ғажайып туындысы болса, екіншісі – Мәскеудегі Бахрушин музейіндегі қарапайым сөлкебайға ұқсайды. Бәлкім Күләш Байсейітова дәл сондай бұйымдарды ұнатқан болар.
Ол туралы жазбаларды оқып, оны көргендердің сөзіне қарағанда ұлы әнші аса талантты болғанына қарамастан өте салмақты, қайырымды жан болған, сахнадан тыс уақытта мүмкіндігінше көп көзге көрінбей жүргенді ұнатқан. Айтпақшы, бір аңызда (олар Күләш Байсейітова туралы әлі күнге көп айтылады) оның мінезіндегі дәл осы қасиеті туған күнін 12 қаңтардан 19 сәуірге ауыстыруға себеп болған (2 мамыр). Себебі, 12 қаңтарда Қазақ Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев туған күнін атап өтетін болған.
Алайда, бұл тура солай болды ма, олай емес пе, бүгінде ешкім де тап басып айта алмайтын шығар. Сол сияқты Күләш Байсейітованың жалпы және Мәскеу музейінде сақтаулы тұрған, сонымен қатар туған қаласында жоғалып кеткен әшекейлерінің де тарихы туралы енді ешкім де айтып бере алмасы анық…
Жансая ШЫҢҒЫСХАН