Әділбек Қозыбеков: «Полиция формасын кию – үлкен жауапкершілік пен абырой»

0
4362

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің рөлі ерекше. Олар күнделікті өмірде түрлі қауіп-қатерге төтеп беріп, халықтың тыныштығы үшін аянбай еңбек етеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз полиция капитаны Әділбек Қозыбеков 17-қабаттың балконында ілініп тұрған ер адамды батылдықпен құтқарып, үздік учаскелік инспекторы атанған еді. Отбасылық жанжал шығарған қарулы адамды сабырға түсіру, өртеніп жатқан көлікті сөндіру, әккі қылмыскердің ізіне түсу – бұл Әділбек Тоқтабаянұлы қызметтік міндеттерінің бір бөлігі ғана. Ол 11 жылда қарапайым полиция қызметкерінен басқарма басшысының бірінші орынбасары дейінгі жолды еңсерді. Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әділбек Қозыбековпен ашық әңгімелескен едік.

УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦЕЙ ОН ЖЕТІНШІ ҚАБАТТАН СЕКІРМЕК БОЛҒАН АДАМНЫҢ ӨМІРІН ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ?

Әділбек Тоқтабаянұлы, бұл мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

– Полицей болуды бала күнімнен армандадым. Бірде мектептен үйге қайтып келе жатып, форма киген айбынды сақшыны көріп, қолын алып, сәлемдестім. Ол мен үшін нағыз батырдай көрінді. Мен де есейгенде дәл солай полиция қызметкері боламын деп серт бердім. 9-сыныптан кейін заң колледжіне оқуға түстім, 2008 жылы әскерге барып, 18/404 әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет еттім. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында Армения, Ресей, Беларусь, Тәжікстан елдерінде тәжірибеден өттім. Алты жылдық келісімшарт аяқталған соң полиция қызметіне орналастым. Әуелі учаскелік инспектор болып бастадым, кейін аға учаскелік инспектор атандым. Одан кейін Медеу аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалып, кәмелетке толмағандармен жұмыс істедім. Қазіргі таңда Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарымын.

Қызметтік өмірбаяныңызда ерлікке толы сәттер бар екен. 2019 жылы көпқабатты үйдің балконынан құлаудың аз-ақ алдында тұрған ер адамды құтқарып, оның өмірін сақтап қалдыңыз. Сол ерлігіңіз үшін сізге «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Сол оқиға қалай болды?

– Ол кезде мен аға учаскелік полицей болып жұмыс істеп жүрдім. Әлеуметтік желі арқылы ер адамның өзіне қол жұмсамақ болып жатқаны туралы дабыл келіп түсті. Бұл оқиға Алматыдағы «Mega Tower» тұрғын-үй кешенінде орын алған еді, оқиға орнына санаулы минуттарда жетіп 17-қабатқа көтерілдім. Жедел әрекет етуге тура келді. Балконнан секіргелі тұрған ер адамға әңгімеге айналдырып, темекі ұсындым. Ыңғайлы сәтті пайдаланып, оны шап беріп ұстап, қауіпсіз жерге тартып шығардым. Өзімді қандай да бір ерлік жасадым деп ойламаймын. Әлеуметтік желілердің арқасында халыққа танылып кеттік.

Қазіргі таңда Алматыда қандай құқық бұзушылықтар жиі кездеседі?

– Қазір Алматыдағы қылмыстық ахуал айтарлықтай жақсарды. Бұл, ең алдымен патрульдік қызметтердің белсенді жұмыс нәтижесі. Түнгі уақытта әр ауданнан 2 мыңға жуық полиция қызметкері жолға шығады. Бұл ұрлық пен құқық бұзушылықтарды ізін суытпай ашуға көп көмектеседі. Әрбір қылмыс полицияның қатаң бақылауында. Қылмыстарды ашуға қалада және кіреберістерде орнатылған бейнебақылау камералары да үлкен септігін тигізуде. Айта кету керек, қалада құқық бұзушылықтардың көпшілігі мопед жүргізушілері мен самокатшылардың кесірінен орын алады. Мопед жүргізушілеріне қатысты күн сайын рейдтер өткізіледі. Себебі, олар жиі жол-көлік оқиғаларына себеп болуда. Заң бойынша мопед жүргізушілері жүргізуші куәлігін алып, шлем киіп жүруі керек. Бірақ, іс жүзінде бұл талаптар орындалмайды. Ережені бұзғандар айыппұл төлеп, мопедтері айып тұрағына қойылады. Түнде олар жолда қатты жылдамдықпен жүріп, тыныштықты бұзады, кейде көліктің астына түсіп жатады. Ал, тротуарда самокатшылар жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер төндіреді, себебі жылдамдық режимін сақтамай, мінгесіп жүреді. Мұндай өрескел құқық бұзушыларға да айыппұл салынады.

ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІ ҚАНДАЙ?

2024 жылдың қаңтарынан бастап сіз жаңа қызметке тағайындалдыңыз. Жаңа жұмысыңыздың міндеттері қандай?

– Мен ювеналды полиция, жергілікті және патрульдік полиция қызметтерін қадағалаймын. Сонымен қатар, учаскелік инспекторлармен де тығыз жұмыс істеймін. Барлығымыз бірге қоғамдық тәртіпті қадағалап, халыққа қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Күн сайын қызметкерлерге олардың міндеттерін түсіндіріп, қауіпсіздік шаралары туралы айтып отырамын, азаматтармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін ескертемін. Әрдайым сыпайылық пен үлкендерге құрмет көрсету керектігін еске саламын. Полиция – жазалау органы емес. Ең алдымен біздің міндетіміз – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтарға қиын жағдайда көмек көрсету. Қазақстан полициясы сервистік бағытта жұмыс істеуі тиіс, яғни азаматтарға барынша қолжетімді болуымыз керек.

Айтпақшы, Алматыда алғашқы сервистік полиция бөлімшесі Наурызбай ауданының Шұғыла ықшам ауданында ашылды. Онда біздің учаскелік инспекторлар мен ювеналды, әкімшілік полиция қызметкерлері күн сайын таңғы 8-ден кешкі 19:00-ге дейін азаматтарды қабылдайды. Мұнда барлық сұрақтар бойынша есіктер ашық. Біздің міндетіміз – қоғамға барынша ашық болу. Бүгінде біздің барлық жұмысымыз әлеуметтік желілерде ашық көрсетіледі. Халық өзін қорғауға дайын адамдардың бар екенін білуі керек.

Ювеналды полицияның жұмысында қандай өзгерістер болды?

– Бұрын ювеналды полиция инспекторы таңнан кешке дейін мектепте отыратын. Бірақ, қызметкерлердің жетіспеушілігі мен жұмыс жүктемесінің көптігіне байланысты бір инспекторға екі-үш мектеп бекітілген. Қазір мектепте үнемі отыру мүмкін емес. Инспектордың міндетіне рейдтерге шығу, мектеп, колледж оқушыларымен әртүрлі тақырыптарда профилактикалық әңгімелер өткізу кіреді. Демалыс уақытында балалардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтар жиілеп кетеді. Алматыға жиі балалар ересектердің ертуінсіз келеді. Сондықтан біздің қызметкерлер кальянханаларға, түнгі клубтарға және аулаларға түнгі рейдтерге тұрақты түрде шығады.

Сіздің ойыңызша, қазіргі жастар полицияда жұмыс істеуге құлшыныспен келе ме?

– Полиция қызметкері болғысы келетіндер қашанда бар және бола береді деп сенемін. Сақшы боламын деген жастар спортпен айналысып, кітап оқып, білімді болуы керек. Біздің қызметіміз қиын болғанымен, өте қызықты, өзіндік романтикасы бар. Көп жағдайда полицейдің әрекеті адамның тағдыры мен өміріне байланысты болады. Мен өз жұмысымды сүйемін және Отаныма қызмет етуді ары қарай да жалғастыруға дайынмын. Мемлекетіміз де полицейлердің адал еңбегін бағалайды. Мен және әріптестерім бірнеше рет Президент атынан марапаттарға ие болдық, абыройлы қызметіміз үшін алғыс хаттар мен медальдар алдық.

Ортақ әңгімемізді қалай қорытындылар едіңіз?

– Мен үшін ең маңыздысы – үш ұлыма үлгі әрі мақтаныш болуым. Ұлдарым менің жолымды қуады деп үміттенемін. Жұмысбасты болғаныма қарамастан, хоббиіме де уақыт табамын. Бос уақытымда домбыра тартып, еркін күреспен шұғылданамын, сондай-ақ кітап оқуды жақсы көремін. Полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, бұл – халыққа адал қызмет етудің, әділдік пен тәртіптің сақшысы болудың жолы. Мен үшін ең үлкен марапат – халықтың сенімі мен алғысы. Жалпы, полиция формасын кию – үлкен жауапкершілік пен абырой.

– Әділбек Тоқтабаянұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here