Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 80 жыл толады. Сұрапыл соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылды. Қанды қырғын бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмады. Ал, қазақ жерінен майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы қайта оралмады. Осылайша, соғыс әр отбасының тағдырына кері әсер етіп, тұтас ұрпақтың өмірін өзгертті. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Досалы Салқынбекпен ашық әңгімелескен едік.
«РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ТАРАПЫНАН БҰЛ СОҒЫСҚА ТЕК РЕСЕЙЛІК СИПАТ БЕРУ ӘРЕКЕТТЕРІ КЕҢ СИПАТ АЛЫП БАРАДЫ»
– Досалы Исаханұлы, әңгімемізді ХХ ғасырдың ең ауқымды қаралы оқиғасы – Екінші дүниежүзілік соғыс төңірегінде өрбітсек. Өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы 2024 жылы наурыз айында Атырауда өткен құрылтайда 2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтілетінін еске салып, оны лайықты атап өту жөніндегі жұмыстарға тоқталған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыс, оның құрамдас бөлігі Кеңес елінің Ұлы Отан соғысының біздің халқымыздың тарихындағы, тағдырындағы орны мен маңызы қандай?
– Сол кезеңде Кеңес Одағы деп аталған үлкен мемлекеттің құрамдас бір бөлшегі болғанымыз белгілі. Сол сұрапыл майданда қазіргі Ресей Федерациясының жерлерін, астанасы Мәскеу қаласынан бастап, Украина мен Беларусь, Балтық жағалауы елдерін, Молдова жерлерін неміс басқыншыларынан тазартып, одан әрі Шығыс Еуропа елдерін де азат ете отырып, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен аталарымыз бен тыл жұмысында аянбай еңбек еткен апаларымыз Отанымызды қорғап жатырмыз деп соғысты, сол жеңіс жолында қанын да, терін де төкті. Жалпы соғыс басталғанда 1 млн 350 мың қазақстандық қолына қару алып майданға аттанған. Бұған қоса, соғысқа дейін әскер қатарында 150 мың қазақстандық болғанын ескерсек, онда 1 млн 500 мың қазақстандық тікелей майдан даласындағы соғысқа қатысқан болып шығады. Тек қазақтардан тұратын 100, 101-ші ұлттық атқыштар бригадалары мен 105, 106, 96-шы атты әскер дивизиялары құрылды. Біздің республикамызда 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 2 артиллериялық, 4 минометтік, 3 авиациялық полктер, 14 жеке батальондар құрылып майданға аттандырылды. Осы соғыста қаза тапқан 600 мыңнан астам қазақстандықтың 370 мыңы қазақтар еді. Қаншама шаңырақ күйреді, ана жесір, бала жетім қалды, санына жету мүмкін емес. Соғыс әрбір қазақ шаңырағына қайғы-қасірет әкелді десек болады. Сондықтан аталарымыз бен әжелеріміз өз үлесін қосқан жеңіс тарихы біздің тарихымызда ерекше орын алады дейміз.
– Кейінгі кезде тарих ғылымын саяси құралға айналдыру, сол арқылы тарихи оқиғаларды бұрмалау, өздеріне қарай бұра тарту, осы соғыстағы өздерінің рөлін баса көрсету әрекеттері белең алып барады. Бұл бұрмалаушылықтарға байланысты не айтасыз?
– Иә, ондай бұрмалаушылықтардың қатты өріс алып бара жатқаны рас. Мәселен, Ресей Федерациясы тарапынан бұл соғысқа орыстық, тек ресейлік сипат беру әрекеттері кең сипат алып барады. Соғыстың үлкен ауыртпалығы Кеңес еліне түсіп, Кеңес елінің бейбіт адамдарды қоса есептегендегі адам шығыны 27 миллион адам болғанын ешкімде жоққа шығармайды. Десек те, Гитлерлік Германия біздің елімізге соғыс ашқан күннен бастап, әскери, экономикалық және саяси тұрғыдан үлкен қолдау көрсеткен Англия, АҚШ секілді басты елдердің орасан зор көмегін айтпау және жоққа шығару адамдық қасиеттен жұрдай адамның тірлігі дер едім. 1941 жылы 22 маусымда Гитлерлік Германия Кеңес еліне соғыс ашқанда Англияның премьер-министрі Уинстон Черчилль радио арқылы өз халқына жолдаған үндеуінде: «…Нацистік режимге коммунизмнің ең жаман қасиеттері тән. Оның ашкөздік пен нәсілдік үстемдікке ұмтылудан басқа ешқандай ұстанымы да, қағидалары да жоқ. Өзінің қатыгездігі мен жойқын агрессиясы жағынан ол адамзат тарихындағы барлық бұрмаланған формалардан асып түседі. Соңғы 25 жылда коммунизмге менен артық табанды қарсылас болған жоқ. Мен бұған дейін айтқан ешбір сөзімді қайтып алмаймын. Бірақ, бұл соғыс сұмдық әрі таңғаларлық көрініске айналды. Бірнеше жылдар бойғы қылмыстар, ессіздіктер мен қасиеттер жойылып барады. Біздің жалғыз ғана өзгермейтін мақсатымыз бар. Біз Гитлерді және нацистік режимнің барлық іздерін жоюға толықтай бел будық. Осыған байланысты біз Ресей мен орыс халқына қолдан келген барлық көмекті көрсетеміз. Біз барлық достарымыз бен одақтастарымызға үндеу жасап, оларды біздің бағытымызды табанды түрде қолдауға және соңына дейін ұстануға шақырамыз…» деп, Англия мемлекеті тарапынан барынша қолдау болатындығын ашып айтты және Кеңестер еліне үлкен көмегін көрсетті. Ал, АҚШ елі тарапынан берілген көмек өте ауқымды болды. Сол кезеңнің соңғы үлгісіндегі әскери қару-жарақтардан бастап, әскери кемелерге шейін көмек ретінде берілді. Кеңестік әуе күштері қолданған жанармайдың үштен екісі АҚШ-тан жеткізілген еді. Соғыстың соңғы екі жылында кеңес әскерлері АҚШ-тан келген азық-түлікпен тамақтанды десек болады. Қиын-қыстау кезеңде берілген осындай орасан зор көмекті қалай ұмытуға болады?!
– Бүгінгі тәуелсіз еліміздің 1941-1945 жылдар аралығында жүргізілген Отан қорғау соғысына қатысуы тарихи тұрғыдан жаңа көзқараспен жазылуы тиіс деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Рухы азат, тәуелсіз еліміздің жас ұрпағы бұл тақырыпты жаңаша көзқараспен бағамдағаны дұрыс. Біз кеңестік идеологияның санамызға сіңірген бұрмалаушылықтарынан арылуымыз керек. Соғыстың шынайы шындығы толық ашылса деймін. Яғни, Отан қорғау соғысына байланысты кеңестік идеологияның тар құрсауынан шығып, ақты ақ, қараны қара деп тануымыз қажет. Бұл дегеніміз, кешегі соғыстың тарихын басқаша жазу деген сөз емес. Оның «ақтаңдақ» тұстарын түзе, бұрмаланған жерлерін қайта жаз, бұрын айтылмаған, әділ бағасын алмаған батырларымызды елге таныт деген сөз. Қай мәселені көтерсек те, тәуелсіз елдің көзқарасымен, өзіндік бағасы және байлам пайымымен бағала деген сөз. Кезінде «Айқын» газетінде «Ключковтың сөзін қашанғы үлгі етеміз?» деген мақалам жарияланған еді. Мақалада Панфиловшы В.Ключковтың Мәскеу үшін болған шайқаста айтқан: «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінер жер жоқ – артымызда Москва» деген сөзін тілге тиек ете отырып: «Біздің тәуелсіз елімізде, барлық мәселеге Ресейдің жерінде отырғандай баға беретіндер, Мәскеуге қарап ұлитындар, еліміздің тәуелсіздігіне жатырқап қарайтын жат пиғылдағылар жетерлік… Отанымыз ортақ болды деген күннің өзінде В.Ключковтың сөзін баршамызға үлгі ету қаншалықты заңды? Сол кездегі ортақ Отанымыздың аты «Кеңес Одағы» деп аталған жоқ па? В.Ключковтың Ресейді ғана атап айтқан сөзінің бізге қаншалықты қатысы бар? Соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың құрметіне қойылған ескерткіштегі кеңестік кезеңдегі дүрмекпен жазылып кеткен бұл сөзге неге осы уақытқа дейін жармасып отырмыз? Ресейді ғана атап, соны қорғауға шақырып отырған В.Ключковтың сөзінің тәуелсіз еліміздегі Отан қорғаушылар монументінің төрінде тұруы кімді де болса ойлантпай ма? Бұл бүкіл тәлім-тәрбие болмысымыздың түбір қазығы қазақстандық патриотизм, отансүйгіштік ұғымдарына қаншалықты жауап береді?» – дей отырып, «Алматы қаласындағы Панфиловшылар саябағында орнатылған монументтің астындағы сөзді өзгертіп: «1941-1945 жылдары ортақ Отанымызды қорғауда қаза тапқан қазақстандақтардың ерлігіне тағзым» деп жазатын мезгіл келді» деген едім. Бірақ, «баяғы жартас – сол жартас» дегендей сол монумент сол күйінше тұр. Біздің еліміз бүгінгі күні Ресейдің ақпараттық, саяси, әлеуметтік-экономикалық қыспағында отыр. Бұл қыспақ санасы азат, тәуелсіз еліміздің шынайы патриоттарын тәрбиелеуде мойынға оралған қылбұраудай тынысымызды тарылтып келеді. Кез келген ұлтымыз үшін үлкен әлеуметтік мәні бар мәселелерге шынайы тәуелсіз елдің азаматындай баға беруге дәрменсіздік танытып келеміз. Менің жаныма бататыны да осы. Оның үстіне В.Ключковтың ауызына әлгі сөйлемді салған «Красная звезда» газетінің тілшісі А. Кривицкий екендігі де дәлелденді ғой.
«МҰСЫЛМАН ҮШІН ДҮНИЕДЕН ӨТКЕН АТА-БАБАСЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАУДАН АСҚАН ҚҰРМЕТ ЖОҚ»
– Досалы Исаханұлы, коғамымызда «георгиев лентасы» дегеннің түпкі мәнін, қайдан шыққанын, не мағына беретінін білмейтіндер де бар сияқты. Бұған не айтасыз?
– Бұл таза бұрмалаушылық. Бұл лентаның Отан соғысындағы жеңіске ешқандай да қатысы жоқ. Бұны кейінгі кезде Ресейдегі шовинистік күштер қолдан қоздырып, Отан соғысындағы жеңіспен байланыстырғысы келіп әрекеттеніп жүр. Олардың есіне сала кету артықтық етпес, бұл лентаны соғыс кезінде жау жағына өтіп кеткен «Власовшылар» таққан. Өйткені, оның шығу тарихы Ресей империясына барып тіреледі. ХІХ ғасырда Қазақ жерлерін, Орта Азияны, Кавказды жаулап алған басқыншылардың генералдары және тағы басқалары георгиев лентасы және медалімен марапатталды. Сондықтан бұндай әрекеттерді империяны көксеушілердің жымысқы әрекеттері деп бағалау керек. Осы лентаны таратушыларды ұлт араздығын қоздырушылар, ұлт тұтастығына қауіп келтірушілер ретінде еліміздің заңымен жауапқа тарту керек. Бірақ, алдымен кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, кейбіреулер шынында білмеуі де мүмкін.
– Келесі сұрақ, осы Сіздің білмеуі де мүмкін деген пікіріңізден келіп шығады. Жыл сайын 9 мамыр күні – Жеңіс күнін тойлаймыз, соғыста мерт болған ата-бабаларымызға құрмет көрсетеміз және тағы да басқа себеппен «құрмет» көрсетушілер, өздерінің ата-бабаларының суреттерін «өлмес полк» (бессмертный полк) деген шеруге алып шығады. Бұл қаншалықты майдангерлерге көрсетілген құрмет деп ойлайсыз?
– Бұның түпкі шығу аймағын зерделеп қарасаңыз, тағы да Ресейге барып тіреледі. Жалпы, тарихтан белгілі сонау ерте дәуірлерде қолдарына икондарын, крестерін алып шеру жасау хрестиан дініндегілерде болған. Соған ұқсатып, атын, мән-мағынасын өзгертіп, «өлмес полк» қылып жүргендердің пиғылы басқада. Бірақ, сол дүрмекке ілесіп жүрген өзіміздің жастарымызды көргенде қынжыласың. Мүмкін кейбіреулері ата-бабамызға құрмет көрсетіп жатырмыз деп ойлайтын да шығар. Бұл түбірімен қате пікір. Мұсылмандарға жат қылық. Мұсылман үшін дүниеден өткен ата-бабасына, әкесіне және тағы да басқа жақын адамдарына құран бағыштаудан асқан құрмет жоқ. Яғни, туған-туысқандарды жинап, арнайы құран бағыштасақ үлкен сауапты іс болады.
– Ресей Федерациясы кеңесінің төрағасы В.Матвиенко: «ТМД елдерінің бірлескен оқу құралдарын дайындау Жеңістің 80 жылдығына орай аяқталуы тиіс. Тарихқа ортақ көзқарасты сақтау маңызды», – деп сөйледі. Сіздің пікіріңізше «ортақ тарих» жазу дегеніміз не?
– Ресейлік билік басында отырғандардың қиылыспайтын дүниені қиылыстыруға тырысып, ортақ тарих жазамыз деп ұсыныс тастап әрі оны жүзеге асыруға тырысып «арамтер» болып жүргеніне біраз жылдың жүзі болып қалды. Кейінгі кезде Жеңістің 80 жылдығын алға тартып, шындап кіріскен сияқты. Кезіндегі КСРО деп аталған үлкен мемлекеттің «КСРО тарихы» деп аталған «ортақ тарихы» болды. Соны орта мектепте, жоғары оқу орнында оқыдық. Бұл оқулық аты барда, заты жоқ бір дүние болатын. Оқулықтың 80 пайызы ойдан құрастырылған орыс тарихы болса, КСРО-ның құрамына кірген халықтардың тарихына 20 пайыз ғана бөлінді. Оның ішінде біздің халқымыздың тарихына орын да жоқ еді. Және кеңестік кезеңде нағыз бұрмаланған тарих – біздің халқымыздың тарихы болды. Халқымыздың маңдай алды тұлғаларын теріс мағынада сипаттаса, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалар «Халық жауы» болса, басқа не айтуға болады? Өзіңіз ойлаңызшы, Ресей тарихы басқыншы елдің тарихы, Ресейдің империя болғанын ешкімде жоққа шығарып жатқан жоқ. Біздің тарихымыз ұлт-азаттық көтерілістер тарихы. Бір-біріне мүлде қарама-қайшы. Бұл «ортақ тарихта» халқымыздың азаттығы жолында арпалысқан тұлғаларға орын берілмесі анық. Ресейлік биліктің пиғылы белгілі. Біздің халқымыздың тарихи санасын барынша өшіру. Ұлттық рухты сындыру. Бұған біз жол берсек: «Ұйықтап жатқан ұлт не жойылып кетеді, не құл болып оянады» деген қанатты сөз шынайы шындыққа айналады. Ал енді, жекеленген бір ортақ оқиғаларды, мәселен Жеңістің 80 жылдығы деген секілді бірлесіп атап өтуге болады.
– Соғыс тарихы «тағзым және тағылым» атты екі қасиетті ұғымнан тұрады десек, осы соғыстағы ата-бабаларымыздың өшпес ерліктері лайықты бағаланды ма? Соғыстың ақиқаты қаншалықты ашылды деп ойлайсыз?
– Кезінде өмір сүрген кеңестік идеология соғыстың көптеген шындығын бұрмалады. Одан қазіргі ресейлік идеологияда қалыс қалар емес. Соғыстың алғашқы кезеңінен бастап, миллиондаған адамдардың қырылуына, жаудың Кеңес елінің үлкен аумағын басып алуына себеп болған кеңестік басшылықтың жіберген стратегиялық қателіктерін еш уақытта кешіруге де, ұмытуға да болмайды. Әсіресе, жанымызға бататыны Отан үшін деп мерт болған аталарымыз бен әжелеріміздің ерліктерінің лайықты бағаланбауы. Қазақстанда жасақталған дивизиялар, оның ішінде ұлттық дивизиялармен ұлттық бригадалар майданның ең ауыр аумақтарына жіберіліп, құрбандыққа шалынғаны жанға батады. Сондықтан адам шығыны өте көп болған. Бұл ұлттық дивизиялар мен ұлттық бригадаларды қайтадан жасақтауға тура келді. Қазақстанда жасақталған ондаған дивизиялар мен бригадалар, жекелеген бөлімдер барлық майдандарда жаумен шайқасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – соғыс тарихын жан-жақты зерттей отырып, ата-бабаларымыздың ерліктерін, соғыс шындығын лайықты бағалау. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы құрылтайда: «Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасуда деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді», – деп атап көрсеткен еді. Яғни, зерттеу жұмыстарына басымдық бере отырып, олардың ұрпаққа үлгі боларлық ерлік істерін ұлықтау шараларын одан әрі жалғастыру ләзім. Ұлы Отан соғысында ерен ерлігі үшін кезінде Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған, бірақ солақай саясаттың, тарихи әділетсіздіктің салдарынан бұл атаққа ие бола алмаған ата-әжелеріміз қаншама! Солардың бірнешеуін мысал ретінде атап өтейін.
Ғали Әділбеков – соғыс жылдарында гвардиялық танк полкінің командирі болды. Соғысқа дейін әскери академияны бітірген санаулы қазақтардың бірі. Ол басқарған полк жаудың 29 танкісі мен бронемашинасын, 20 танкіге қарсы ататын зеңбірегін, 3 батальон жаяу әскерін жойған еді. Подполковник Ғали Әділбеков 1943 жылы қараша айында Днепр үшін шайқаста ерлікпен қаза табады. 1942 жылы «Қызыл Ту» орденімен марапатталған еді.
Алтыншаш Нұрғожинова – 1941 жылы Орал әскери округінен алты айлық командирлер курсын бітірген, қазақтың қыздары арасынан шыққан тұңғыш офицер. Гвардия лейтенанты. 237, 70 атқыштар дивизияларында батальон комсоргы болған. 1944 жылы қазан айында қаза тапқан. «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Балтабек Жетпісбаев – Панфилов дивизиясының артиллерия командирі. Ол басқарған батарея жаудың 6 танкісін, 13 машинасын, 120 солдат мен офицерін жойған. Бұл тізімді ұзақ жалғастыруға болады. Мен үш батырды ғана тілге тиек еттім. Жалпы кеңес әскерлерінің құрамында 143 ұлттың өкілдері жауға қарсы соғысқан болса, соның ішінде Кеңес Одағының батыры атағын алған ұлттардың қатарында қазақтар алтыншы орында тұр. Ата-бабаларымыздың осындай ерлігін көргенде, кеудеңе үлкен мақтаныш сезімі келеді.
– Досалы Исаханұлы, ресми мәлімет бойынша Үкіметіміз Жеңістің 80 жылдығын тойлауға арналған әскери парадқа 2,5 млрд теңге жұмсағалы отыр екен. Осыншама шығын қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
– Соғысты Кеңес елі одақтастарымен бірлесе отырып жеңіспен аяқтады. Бірақ, қандай шығынмен десеңізші! Кеңес елінің адам шығыны, бейбіт тұрғындарды қоса есептегенде 27 миллион адам. Қазір республикамызда 20 миллион адам бар деп есептесек, соғыс шығынының қаншалықты ауқымды болғанын көз алдыңызға елестете беріңіз! Екі бірдей дүниежүзілік соғысқа қатысқан, АҚШ-тың 34-ші президенті Дуайт Эйзенхауэрдің: «Қанша әділетті болса да, ешқандай соғыс баланың бір тамшы ащы жасы мен ананың бір тал ағарған шашына татымайды. Соғысу өнер емес, ол соғыста жеңу ерлік емес. Нағыз ерлік пен даңқ, қарапайым халықтың маңдай тері – еңбегінде. Тарихтың шынайы қошеметіне де сол елді еңбекке баулып, табысқа жетелеген тұлға ғана лайық!» деген пікірі көп ойға жетелейді. Өз басым тойлау, мерекелеу дегенге қарсымын. 9 мамырды Жеңіс күні деп емес, соғыс құрбандарына тағзым күні деп атап өту керек. Бұл майдан даласында қаза болған жауынгерлерімізге көрсетілген лайықты құрмет болар еді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ