Гүлнара ТӨЛЕПОВА: «Эпидемиолог мамандары – қоғам денсаулығының айнасы»

0
740

Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының тарихы 1977 жылдан бастау алады. Осы 48 жылға жуық уақытта елдің барлық аймағынан келетін күрделі кардиологиялық, эндокринологиялық, ревматологиялық, аллергиялық, гастроэнтерологиялық сырқаттары бар науқастарға стационарлық көмек көрсететін республикадағы жетекші мекемеге айналды. Қазір бұл беделді мекемеде елімізге танымал, алыс және жақын шет елдерде тәжірибеден өткен, үлкен практикалық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді.

Дәрігер – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Медицина саласы адамның тамыры іспетті сан-саладан тұрады.

Еске сала кетейік, 2020 жылы әлемді алқымнан алған коронавирус салдарынан еліміз де қиын жағдайды бастан өткерді. Қаншама тағдыр жұқпалы дерттің құрбаны болды. Сол жылдан бері қарапайым халық эпидемиолог мамандардың қызметі мен маңыздылығын түсінді. Қоғам денсаулығын қорғау мен инфекциялық аурулардың алдын алуда эпидемиолог маманының рөлі ерекше. Бұл мамандық медицина мен қоғамдық денсаулық сақтау саласының маңызды бөлігі болып табылады. Эпидемиологтардың жұмысы тек ауру ошақтарын анықтаумен шектелмейді, олар инфекциялардың таралу жолдарын зерттеп, қауіп-қатер факторларын анықтап, алдын алу шараларын әзірлейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жоғары санатты эпидемиолог дәрігер, еліміздің денсаулық сақтау ісінің үздігі және медицинада 43 жыл бойы тер төгіп жүрген еңбек ардагері Гүлнара Төлепова. Білікті дәрігер қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды саланың маманы Гүлнара Аппазқызын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

«ДӘРІГЕР БОЛУ ҮШІН АЛДЫМЕН ҮЛКЕН ЖҮРЕК КЕРЕК»

Гүлнара Аппазқызы, дәрігер болу үшін бойыңда қандай қасиеттер болу керек?

– Менің ойымша, адамзат атаулы құрмет тұтатын мамандық иелері бар. Дәрігер болу екінің бірінің қолынан келмейді. Дәрігер болу үшін ең алдымен үлкен жүрек керек. Содан кейін адамдарға жан-тәніммен қызмет етем деген игі тілек керек. Соның бәрін жүзеге асыратын он саусағы шипасына толы құрыш білек қажет. Адамдардың денсаулығы үшін күн демей, түн демей еңбек ететін, жанқиярлықпен жұмыс істейтін дәрігерлердің орны бөлек. Адам жанының арашасы саналатын дәрігердің жұмысын, көтеріп жүрген ауыртпалығын, арқалап жүрген жүгін екінің бірі атқара алмайды. Міне, осының бәрі дәрігерлердің бойларынан табылады.

Еңбек жолыңыз жайлы айтып өтсеңіз

– Менің еңбек жолым Шымкент медициналық училищесінде санитарлық-гигиеналық пәндер оқытушысынан басталған. Кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің санитарлық дәрігері, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында госпитальды эпидемиолог-дәрігері, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының госпитальды эпидемиолог-дәрігері болып өз тәжірибемді шыңдадым. Қарап отырсам, оңтүстік өңірдегі түрлі медициналық ұйымдарда 40 жылдан аса осы қызметті абыроймен атқардым. Арасында 2023 жылға дейін Түркістан облыстық тері-венерологиялық диспансерінің эпидемиолог-дәрігері болдым. Осы саланың болашағы үшін өз үлесімді қосып келемін.

Міне, соңғы екі жылдан бері Алматы қаласына шақырту алып, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының эпидемиолог-дәрігері лауазымындамын.

Жалпы эпидемиологиялық бақылау қызметі туралы айтып берсеңіз. Бұл қызметке не кіреді?

– Біз арнайы пациенттер мен қызметкерлерімізге, сондай-ақ біздің мекемеге келушілер үшін қауіпсіз сау ортаны қамтамасыз етуге тырысамыз. Біздің қызметіміз жұқпалы аурулардың алдын алуда, анықтауда және бақылауда маңызды рөл атқарады, әртүрлі инфекцияларға бейім болуы мүмкін сырқат адамдар үшін де өте маңызды. Пациенттер мен қызметкерлерге инфекциялық агенттердің әсер ету қаупін бағалау, эпидемиологиялық қадағалау, инфекцияның себептерін, таратушы факторлары мен берілу механизмдерін анықтау мен бақылауды қамтамасыз етеміз. Асептикалық ережелер мен сақтық шараларын сақтау бойынша медициналық көмек стандарттарының орындалуына, персонал мен пациенттер арасында инфекцияның таралу мүмкіндігін шектеу үшін қызметкерлердің денсаулығына, ауыз судың сапасына, ауаның ластануына, медициналық мақсаттағы бұйымдардың зарарсыздығына, тамақ өнімдерінің сапасына, институттағы бөлімшелерде ағымды жөндеу жұмыстарының  процестеріне  мониторинг жүргізіп отырамыз.

– Күнделікті жұмысыңыз қандай тапсырма немесе тексеруден басталады?

– Біздің бір күндік жұмысымыз Кардиология және ішкі аурулар институтына келушілердің барлығына дерлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Аурулардың алдын алуға, жұқпалы аурулармен байланысты «қатерлі факторларды» анықтап, бақылауға және инфекциялардың алдын алу бойынша жұмыс жүргіземіз. Күнделікті жұмысымыз институттың клиникалық, параклиникалық бөлімшелерді, операциялық блоктарды, келушілер және тамақтандыру аймағын, орталық медициналық қызмет көрсету орталығын, басқа да бөлімдерді аралаудан басталады. Емдейтін дәрігерлер өз бөлімшелерінде емделіп жатқан науқастарын палаталарда «обход» жасаса, біз бүкіл институтта аралау жүргіземіз.

«АДАМ ҮНЕМІ ІЗДЕНІСТЕ ЖҮРГЕНДЕ ҒАНА БІРНӘРСЕНІ ТОЛЫҚ МЕҢГЕРУГЕ ҰМТЫЛЫС ЖАСАЙДЫ»

Гүлнара Аппазқызы, жалпы қоғамдағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауда, тұрақты ұстап отыруда халықтың рөлі қандай? Қарапайым халық эпидемиологиялық бақылауға азаматтық қоғам ретінде қалай әрекет етуі керек?

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – дейді. Сондықтан, біз медициналық қызметкерлер мен пациенттер арасында инфекциялық қауіпсіздік мәселелері, халықаралық, ұлттық стандарттарды қолдану бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп тұрамыз, бұл қызмет сапасының жоғары стандарттарын сақтауға мүмкіндік береді. Қызметкерлер арасында ұдайы тақырыптық оқыту, пациенттер мен келушілерге инфекциялардың алдын алу мәселелері бойынша білім беріп, олардың білімін бақылаймыз. Осының бәрі қоғамдағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауға, тұрақты ұстап тұруға өз септігін тигізеді.

– Эпидемиология саласы көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін дүниені бақылауға арналған. Осы орайда жас эпидемиологтарға қандай кеңес бересіз?

– Біздің жұмысымыз денсаулығы мен өмірін бізге сеніп тапсырған пациенттерге көмек көрсету үшін қауіпсіз орта құруға бағытталған. Эпидемиолог дәрігер медициналық білімді, денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды жетік меңгеруі арқылы профилактикалық және қадағалау саласында өз ісінің шебері болуы шарт. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының өсіп-өркендеуіне, уақытқа қарай дамуына өз үлестерін қосу маңызды. Осы арқылы жүрек қалаған ісіне деген сүйіспеншілігін, Гиппократ антына адалдығының шынайы көрінісін көрсете алады.

Бұл саланы таңдау үшін қандай қасиеттер мен тәжірибе керек?

– Адам үнемі ізденісте, жан-жақты даму үстінде жүргенде ғана бірнәрсені толық меңгеруге ұмтылыс жасайды. «Болдым, толдым» деу жарты жолда қалып қоюмен тең. Өзі таңдаған мамандықты ұнатып, барлық білімін осы салаға жұмсап, дағдыларын қалыптастырып, тәжірибе жинақтап, адал еңбек етуі шарт. Осы салада жұмыс істеу үшін алдына мақсат қойып, өз ұстанымын дәлелдей білуі керек, бойында көшбасшылық қасиеттері мен ұқыптылық қажет, анықтамаларды және тағы басқа да құжаттарды сауатты жазып, талдау және логикалық байланыстарды құру қабілетін дамытып отыруы керек.

Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз

– Шүкір, үш ұлым бар, үшеуі де отбасылы. Бүгінде он бір немерем бар. Ұлдарымның анасы ретінде құрметтеп, сыйлайтын, алтындай тәп-тәтті немерелерімнің аналары – үш келінімді мен де сыйлаймын, себебі ұлдарымның таңдауын құрметтеймін және өмірлік жары ғой. Мынадай аят бар: «Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деген. Осы ұстанымды ұлдарым әрқашан есте ұстаса екен деп тілеймін.

– Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма? Бар болса кімдер және қайда қызмет етеді?

– Ұлдарым үш түрлі салада еңбек етеді, бірақ ортаншы келінім менің жолымды қуған, бала күтімі бойынша демалыста. Үлкен немере қызым медицина университетінің жалпы медициналық факультетінің үшінші курс студенті, екінші немерем биыл мектеп бітіреді, оның да таңдауы медицина саласы.

Гүлнара Аппазқызы, бүгінгі сұхбатымызды немен түйіндер едіңіз?

– Эпидемиолог маман – қоғам денсаулығының айнасы. Олар жұқпалы аурулардың алдын алу, таралу жолдарын зерттеу және тиімді күрес шараларын ұйымдастыру арқылы халықтың амандығын қамтамасыз етеді. Әсіресе, соңғы жылдары әлемді алаңдатқан індеттер бұл мамандықтың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Денсаулық – адамзат үшін ең қымбат құндылық. Оны сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген эпидемиологтардың жұмысы әрдайым жоғары бағалануы тиіс. Қауіпті індеттерге тосқауыл қойып, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұл мамандардың қосқан үлесі өлшеусіз. Сондықтан олардың кәсібилігі мен еңбегі әрқашан құрметке лайық.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here