Қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі Қоғабай Сәрсекеевтің есімі мен шығармашылығы оқырмандар қауымына көптен мәлім. Оның «Қызыл жалау», «Ақырзаман», «Үш арыс» романдары мен «Кілт», «Қараша қаздар», «Құс қанаты» атты кітаптарына кірген әңгіме-хикаялары, «Портреттер», «Төрт таған», «Үш таным» жинақтарында басылған эссе-мақалалары мен ой толғамдары бізде ең көп оқылатын әдебиеттің қатарын құрайды. Оның басты бір себебі – жазушының қазақ халқы өмірінің ең бір кезеңді дәуірлеріне арнап, заманның өзекті мәселелерін зерттеп жазуында ғана емес, сонымен бірге, ұлт тағдыры мен халықтың ой-санасын қозғарлық жайларды толғап айта білуінде, сол арқылы оқырманының ішкі сезім күйіне әсер ете алуында, бір сөзбен айтқанда, жазушының ұлтжандылығында. Қаламгер шығармашылығын сипаттайтын осы ерекшелікті тануда «Қазақия» туындысының орны үлкен.
Бұл кітап – Қоғабай Сәрсекеевтің ел тарихы, қазақ ұлтының тағдыры, оның өзіндік тыныс-тіршілігі жайлы ойларының, шығармаларының идеялық өрісі мен көркемдік қалпы туралы әңгімелерінің және оның соңғы жылдары жазған публицистикалық туындыларының басын біріктірген үлкен еңбек.
Кітап атын автор «Қазақия» қойыпты. Бұл – қазақ елі деген сөз. Кітап мазмұны елдің кешегісі, бүгінгісі, болашағы туралы ойға құрылған.
Алаш қозғалысының тарихын зерттеуі, «Үш арысты» жазуы Қоғабай Сәрсекеевтің өмірі мен ой-өрісінің бағытын өзгертіп жіберді. Алаш идеясы оның бойына да, ойына да сіңді. Ол сол арқылы қазақ өмірі мен тарихының проблемаларын қозғауға көтерілді. Ұлт-азаттық көтерілісі туралы ой-пікірдің алдын да, соңын да қадағалап қарады. Сөйтіп, біздің бүгінгі ұлттық мемлекетіміздің тууы сол бір тұста көтеріліп, қолымыз жетпей қалған халық арман-тілегінің жаңаша көрінісі екенін дәлелдеді. Мұны эсселері мен ой толғамдарында толықтырды. Осының бәрі жазушының тәуелсіздікті алумен шектелмей, оның негізін түгендеу, тәуелсіз халықтың сана-сезімін жетілдіру туралы ойларына жалғасады. «Мұны ұлттық негіз деп алған жөн. Оянсақ, осы тұста оянайық» дейді ол. Бұл сөзде ендігі істелуге тиісті істердің көптігіне меңзеу бар. Жазушы ойлары оның елшілдік табиғатынан туындайды. Ол жазушылық концепциясын Алаш жолына бағыттайды. Пірім деп Қожа Ахмет Ясауиді, ұстанымым деп Абайды, танымым деп Ыбырайды, арым деп Ахметті, намысым деп Міржақыпты, рухым деп Әлиханды таңдайды. «Өмірбақи қаузап келе жатқаным – қазақ тақырыбы. Жасырмайын – қазақ десе ішкен асымды жерге қоямын… Байлығым – қазақтығым!.. Қазақтың байлығы – беттегі ары! Ұят – қазақтың екінші аты! Қазақ – иманым жолдасым дейтін халық. Қазақтың төзімі намысына тигенде таусылады. Әр қазақ текті, қаны таза ұлт. Қазақ түйілмейді, түйілсе – шешілмейді. Қазақтың қайраты қайрақтай қатты, қайсарлығы болаттай берік. Қазақтың кеңдігі даласымен, пейілі аспанымен өлшенеді. Қазақтың сырты момын, іші жалын. Қазақ тұтанса, сөнбейтін от. Қазақ аз, аз болса да саз. Қазақ – қазаққа тірек. Қазақ айтпайды, айтса қайтпайды. Қазақ қонағын құдайындай күтеді, үлкенін сыйлап, кішісін қадыр тұтады, бесігін құрметтейді, отты аттамайды, сүтті төкпейді, нанды баспайды. Қазақ – бауырмал жұрт. Ендеше, осының бәрі байлық емес пе?» – деп жазады ол («Қазақия», 17-18-б.). Осында жазушы түсінігіндегі қазақтың мінез-құлқы, ұстанымы толық көрсетілген.
Осыдан бастап Қоғабай Сәрсекеев ұлт ұстаздарымен үндес суреткерге айналды. Кеше еліміз тәуелсіздік алған тұста қолға ұстаған қаруымыз – сол арыстардың жүректі жарып шыққан жалынды, елдік сөздері болса, Қоғабай Сәрсекеев сол тұста елімен бірге болып, бүгін сол істі ағалар үлгісімен жалғастырған еді.
«Қазақияның» бір тарауы қайта шыға бастаған «Қазақ» газетіне арналыпты. Кезінде Ахмет пен Міржақып Орынборда шығарған «Қазақ» газеті (1913-1918) қазақтың азаттық жолындағы күресі мен елдік тіршілігіне жол сілтеген алғашқы қазақ баспасөзінің бірі әрі бірегейі болғаны көпке мәлім. Газеттің шығуына арнап мақала жазған Ахаң баспасөзі жоқ халық көзі жоқ соқыр, құлағы жоқ саңырау, тілі жоқ мылқау деп атап еді. «Қазақ» халқына тіл де, көз де, құлақ та бола білді. Дамудың мешеу күйінде ұйқыда жатқан қазақты оятып, азаттық жолындағы күреске, тәуелсіздікке үндеді.
«Алаш идеясын уағыздады, ұлтшылдыққа үгіттеді» деген сылтаумен Кеңес өкіметі «Қазақты» 1918 жылы жауып тастады. Бірақ, қазақтың ұлттың оянуының, Тәуелсіздік жолындағы күресін білетін аға ұрпақ пен сол дәуірдің шындығын зерттеген ғалымдар газетті ұмыта қойған жоқ-ты. Шын халықтық ойға ешуақытта өлім жоқ. Алаш идеясы еліміз тәуелсіздік алған тұста, ХХ ғасырдың 90-жылдарында қайта жаңғырды. Сол кезде кеңестік идеология жау санаған ой-пікірлер тәуелсіз қазақтардың аңсаған, күткен үміті екенін көрдік.
Алаш идеясымен сусындап, ел тәуелсіздігін аңсаған Қоғабай Сәрсекеевтің осы тұста «Қазақ» газетін жарыққа шығарып, кезінде Ахаңдар көтерген елшілдіктің сөзін жалғауы – шын мәніндегі ерлік еді. Өйткені, ол мұны жалғыз, ешкімнің көмегінсіз іске асырды. Оны қаржыландыруға мемлекет те, жекешіл бизнес адамдары да құлшына қойған жоқ. Қаражатсыз белгіленген штат та болмайтыны түсінікті. Осындай жағдайда Қоғабай Сәрсекеев өз күшіне өзі сеніп, өзінің шағын шаруасын осыған ыңғайлап, редактордың да, қатардағы журналистің де қызметін өз мойнына алып, газет шығаруға бел буды.
«Қазақ» жабылғанда оның 265 саны шығып тоқтаған екен. Содан 88 жыл өткенде Қоғабай Сәрсекеев оның 266-санын шығарды (2006 жылы 22 наурызда). Жаңа басылымға арналған сөзінде ол: «Қазақ» газеті қаққан тәуелсіздік қоңырауының үні ұрпақтан ұрпаққа жетіп, енді дербес ел болған қазақ мемлекетінің рухы бүгіндері әлемдік беделге ие болды. «Қазақтың» басты жетекшісі болған Әлихан Бөкейханов, газеттің төл ұйымдастырушы-редакторы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов және басқа да арыстарымыздың арманы қалған жерде қайта жаңғырып, жұртымен тұтас жасаса, мақсаттың орындалғаны, тарихи терең, халқымен шынайы, мың өліп, мың тірілген «Қазақ» газеті қалған тағдырын елімен бірге жүріп жасамаққа ниет етті. «Қазақ» былайғы тұста ұлтының қоғамдық-саяси ой дамуы мен әдеби, мәдени өмірінің шежіресі болуды басты мұратым дейді. Бұл – ұлы ұстанымы. Бағыт-бағдары да осы жол», деп жазған еді.
Содан бері «Қазақ» 20 жыл бойы шығып келе жатыр. Қоғабайдың ісі көзі кеткен соң да жалғасқаны ғанибет. Оның бетінде Тәуелсіз елдің өзекті проблемалары, ұлт тағдыры және оның дәстүрі, тілі, діні, ел тіршілігіне тәуелсіздік рухын енгізіп, оны көтерудің жолдары, тағы басқа заман мен қоғамның өзекті мәселелері талқыға түсті. Ойлы ұсыныстар, сын пікірлер айтылды. Бәрі де елдің қамы үшін! Қазақтың зиялы қауымы, жалпы оқырман жұрт газеттің шығуын да қуана қарсы алып, ол көтерген мәселелерге үн қосты.
Қазақ елі мен «Қазақ» газетінің ең жақын тілекшісі, қазақ көркемсөзінің жанашыры, қазақтар «Гераға» деп атап кеткен қазақстандық неміс жазушысы, марқұм Г.Бельгер қазақтың абыройы мен болашағы жолындағы ең игі тілегін осы тұста да төгіле, ағынан ақтарыла айтыпты. «Бірнеше күн бойы бас көтермей, «Қазақтың» 31 санын бастан-аяқ зерделеп, негізгі жарияланымдардың астын сыза оқып шыққан соң, оған қоса Қоғабайдың бес-алты кітабын парақтағаннан кейін рухани көкжиегім кеңейіп, біраз нәрсенің байыбына барғандаймын. …«Қазақ» – Қазақ еліне, қазақ жұртшылығына, қазаққа жаны ашитын, бүйрегін бұрып тұратын, өзге «бұратана» халықтарға өте-мөте қажет, сыбағалы, салмағы ауыр, мазмұны мен түрі үндес келген газет болып шықты… Қазақтың рухани өміріне, өткеніне ерекше назар аударып, мән беруі, қазақ тамырына барынша терең үңілуі, қазақтың рухын әспеттеуі, қазақтың өркениет кеңістігіндегі орнын зерделеуі, қасиетті көне аруақты тірілтуі, қазіргі қазақтың шулатып намысын оятуы, қазақтың тілін, ділін, дінін мейлінше қастерлеуі, «тілде, пікірде, істе бірлік» қағидасын ту қылып ұстауы – міне, газетті газет қылып тұрған осындай абыройлы, темірқазық ұстанымдар», деп жазады Г.Бельгер. Ол газетті қолдау қажеттігіне көңіл аударып, оған жазылушылардың көбеюін тілейді. Қазақтың намысын қайрап, оларды газетке жаппай жазылуға үндейді. «Қазақ» газетін қалың қазақ жұрты іздеп жүріп оқуы керек емес пе? Намыс қайда? Рух қайда?», – дейді ол.
Мұның бәрі газеттің жаңа істерге, жаңа ойларға бастама болып, қазақ ұлтының тағдыры мен болашағы жайлы әңгімені өрбітуге себеп болып отырғанын көрсетеді.
Қоғабай Сәрсекеевтің соңғы жылдары жазған публицистикалық мақалаларының ауқымы кең-тін. «Қазақияда» осылар жинақталған еді. Ол кітап атын ел аты ретінде ұсынып, оны жан-жақты дәлелдеуге тырысады, оның тіршілігінің сан-саласы жайлы ойларын халқымен бөліседі. Сөйтіп, кітапта қазіргі заманның өткір проблемалары кең қозғалады. Шетел кәсіпкерлерінің Қазақстан өндірісін игеруінен туған қайшылықтар, оларда істейтін ұлт өкілдеріне қағажу көрсетуінің фактілері, жат жұрттың ішке енуінің әр қилы жолы, қазақ әліпбиінің мәселелері, тәуелсіздік және оны орнықтырудағы қазақ елінің тұтастығы, бүгінгі күндегі жастар тәрбиесі туралы ойлар, т.б. жайлар Қоғаш Сәрсекеевтің өткір қаламынан проблемалық сипат алып шығады. Олар жазушының ой-талқысынан өтіп газет арқылы елге ұсынылады. Ол «Қазақстандық ұлт» атауы ата-баба рухымен бірте-бірте сан ғасырлық байланысымызды жойып, жаңа космополиттік болашақ қалыптастыратыны ешкімге құпия емес. Космополит – әлем азаматтары болуға ұмтылу. Тамырсыз ағаш, өсімдік болмайды. Адамның да тамыры бар», деп жазады.
«Үш тұғырлы тіл» туралы таласта жазушы ұстаған позиция да көңілге қонымды. Шет тілдерді үйренуге ешкім қарсы емес. Қазіргі қоғамдық дамуда шет тілдерін білу аса қажет. Бірақ, үш тілді қатар үйретуді баланың ұлттық тілі қалыптаспай тұрғанда бастау тым ерте. Бала ана тілін толық меңгеруі, таза сөйлеуі, жазуы үшін ол бастауыш сыныптарда тек қана ана тілі оқытылуы керек, шет тілдерін (соның ішінде орыс тілін де) үйретуді содан кейін бастау керек дегенді кезінде ұлы ұстаз, педагог Ахмет Байтұрсынұлы да айтқан.
Қоғабай Сәрсекеев те, оның газеті де алаш арыстарының мұрасын, олардың ұлт тәуелсіздігі идеясынан туындайтын құнды ой-пікірлерін насихаттаудан жалықпағанын білеміз. Бұл тұрғыда автордың «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы», «Мемлекеттік тіл – базына, қазақ тілі – қазына», «Қыста қаржы шығарып мұз қала салу дұрыс па?», «НұрОтан» сөйледі», «Өзіңнен тумай ұл, құлағын кеспей құл болмайды», «Сөзді сөз, ойды ой түртеді», «Бес бұрау», «Дана халықтың ұрпағы бола алып жүрміз бе?», «Қазаққа казино керек пе?», «Қауіп еткеннен айтамыз», т.б. мақалалары оқырманға ой салар сипатымен ерекшеленді.
Қазақ руханиятының мәселелері, қала құрылысы мәдениеті де Қоғабай Сәрсекеевтің сыншыл қаламынан тыс қалған емес. Ол сынау үшін сынамайтын. Әр істелген істің тәуелсіздік рухына сай келуін, халықтың мәдени дамуының факторы есебінде танылуын қалайтын. Сол тұрғыдан қарап, көңілге қонымсыздары болса, соны ескертуді ұмытпайтын. Жазушының қазақ тарихының көрнекті тұлғалары Әл-Фараби, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Шақшақ Жәнібек, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Әлихан, т.б. туралы жазған эсселері де қазақ тарихының рухани байлығымен бірге, солардан қалған өсиет, ұлттық іс пен ой жөніндегі мәселелерді қозғайды. Олар өз замандастары туралы әңгімелерге жалғасады.
Кітапта Қоғабай Сәрсекеевтің өмірі мен шығармашылығы жайындағы деректер де берілген. Олар жазушы еңбегінің ұлтжандылығын аша түседі. Қашан да тосын мінезімен, батыл ойларымен көзге түсетін Қоғаш Сәрсекеевтің өзі 70 жасқа толғанда, ешкімге салмақ салмай, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп мақала жазғаны бар еді. «Қазақия» осы мақаласымен ашылған. Бұл да жарасып тұр.
Қоғабай Сәрсекеев – тілге бай жазушы. Онда тапқырлықпен түйіп айтылған ойлар көп ұшырайды. Оның көбі мақал-мәтелдегі, нақыл, шешендік сөздер сияқты елестейді. Кітапқа осындай тапқыр сөздер үлгісінің біразы ұсынылған. «Ұлт азат болса ғана мағыналы тіршілік болады», «Кісіні Алла демесе – оңады, адам сүйесе – солады», «Тіл буынсыз, ауыз тығынсыз», «Бесігін ұмытқан кісінің көкірегіне жел сөз кірді дей беріңіз», «Ертеңін ойлаған жұрт жалқауланбайды», «Сөз өтірік, іс жансыз болмасын», «Ұлылық халықтың аз-көбіне қарамайды», «Бүгінгі қазаққа хан емес, қан керек», «Қазақтың үлесі қазақпен араласқан жұрттың бәрінде де бар», «Ел есеймесе, етек жиылмайды», «Рухсыз халық – шоғы жоқ от», «Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды», «Қазаққа қазақша қызмет қылмаған қазақ – қазақтың қасы», «Қазақ қазақ ісіне қазақ боп кіріскенде ғана қазақ ісі оңға басады», т.б. Бұл сөздердің әрқайсысында үлкен мағына, терең ой жатқаны бірден байқалады.
Осының бәрі Қоғабай Сәрсекеевтің «Қазақия» кітабы оның көркем туындыларындағы ойшылдық, сыршылдық сипаттарды дамытқан, жазушының ұлтжандылығын айқын танытқан, тәуелсіздік алған қазаққа ең керек кітап екенін мойындатады. Қоғаш өзінің жазушылық қызметін қазақтық, азаматтық тұрғыдан осылай бекіте түсіп еді. Әттең, дүние… Қоғабай Сәрсекеев бізге көп көріпті. Мен қазаққа жаны ашитын, қазақ болғысы келген қазаққа «Қазақияны» тауып оқуға кеңес берер едім.
«Қазақ» газеті мен «АйҚАП» журналын жаңартып шығару, бұрын солардың бетінде көтерілген қазақ өмірі мен тарихының келелі мәселелеріне жаңа көзбен қарау, жаңаша тағылым Қоғабай Сәрсекеев шығармашылығына өзгеше өң беріп, биікке көтерді. Кейін бұл «Дешті Қыпшақ», «Қазақ шаруасы» кітаптарында жаңа өріс тапты. Оларда қазақтың тарихы мен ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары көтерген қазақ шаруасының күйі жаңа жағдайдағы ел өмірімен жалғаса талданған. Жазушының тың ойлары жаңа көзқарасы бар оларды кеңірек талдау – алдағы күннің, сынның міндеті. Қазақ мүддесін жырлаған осы кітаптар тұрғанда Қоғабай Сәрсекеев халқымен бірге жасайды.
Дархан МҰҚАНТЕГІ