Тәуелсіз Отанымыздың тірегі, кемелді болашағы – жастар еліміздің ертеңі. Осы ұстаным көп жылдан бері жастарға деген сенімді арттырып, олардың саяси қоғамдағы орнын нақтылап, патриоттарды бір тудың астына жинап келеді. Әр өңірдегі жастар саясаты басқармасы, жастардың қоғамдық ұйымдары ауыз толтырып айтарлық жұмыстарды атқарып жүр. Ел мен жерге тигізіп жүрген шапағаттары жетерлік. Осы мақсатта Алматы қаласының жастары қандай жұмыстар істеді, қандай жоспарлары бар екенін білу үшін қалалық Жастар саясатының басшысы Азиз Оралбекұлымен сұхбат құрған едік.
«АЛМАТЫЛЫҚ ЖАСТАР ЖЕКЕ БЮДЖЕТ ЖҮРГІЗУДІҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫН МЕҢГЕРЕДІ»
– Азиз Оралбекұлы, Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы 2024 жылы қандай жұмыстар атқарды?
– Бүгінде Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 695 мыңнан астам жас тұрады. Айта кетейін, 2024 жылы Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасы бірқатар жұмыс атқарды. Жастар арасындағы жұмыссыздық 2024 жылдың төртінші тоқсаны бойынша деңгейі 4,2%-ға дейін төмендеді. Ал, NEET жастарының үлесі 2024 жылдың төртінші тоқсаны бойынша 42 мың адамды құрап отыр. Осы факторға Алматы қаласының 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары әсер етті. Сондай-ақ, 12 мың жас маман білім алса, оның 69,3% жұмыспен қамтылды. Қаладағы комьюнити-орталықтардың саны 2024 жылы 11-ге жетті. Аталған орталықтардың санын 16-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 100 демалыс орнының 33-і жаңартылды. «Наркостоп» жобасы аясында өткен жылы «Киберволонтерлік» атты жаңа бағыты енгізілді. Жалпы, киберволонтерлер 197 веб-сайт пен әлеуметтік желіні бұғаттады. Әлеуметтік-мәдени бағдарламалар және жастарды тарту мақсатында 2024 жылдың басынан бері 1,7 мыңнан астам іс-шара өткіздік. Біз үшін ауқымды жұмыстар атқарылған жыл болды.
– 2025 жылға қандай мақсат, жобаларыңыз бар?
– Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларға сәйкес негізгі мақсаттарымыз айқын. Сөз арасында айта кетсем, NEET жастарының үлесін 5,2%-ға дейін төмендету, 10 мың жасты оқыту және жұмысқа орналастыру, 5 комьюнити-орталығын іске қосу, жаңа формат бойынша 20 демалыс орталығын жаңғырту, студенттерге 6 мың төсек-орындық жатақханаларды пайдалануға беру. Сонымен қатар, мыңнан астам мәдени-шығармашылық және спорттық іс-шаралар өткізу басты жоспарда.
– Алматы жастарын қандай игі істерге, белсенді бастамаларға тартып жатырсыздар?
– Ағымдағы жылы жүзеге асырылып жатқан жобалардың саны 56-ға дейін ұлғайтылып, табысты жобаларды кеңейтуге және жаңа бастамаларға назар аударылады. Жастар саясаты басқармасы қазірдің өзінде ALMA CUP спорттық турнирі, Jas Gala-2025 шығармашылық фестивалі және IQ-ALA jastary зияткерлік жобасы сияқты маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруда. Тағы бір маңызды бастама – саналы ата-ана мектебі ата-аналар мен балалардың өзара әрекеттесуіне, әлеуметтік байланыстарды дамытуға және отбасылық демалыстың сапасын арттыруға арналған. Яғни, жастардың әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» және «Саналы тәрбие мектебі» жобаларын қоса алғанда, жаңа бастамалар да жоспарлануда. Алматыда жаңа білім беру жобасы – Жасанды интеллект мектебі жұмысын бастады, ол Алмалы ауданының Мәдениет үйі базасында жұмыс істейді.
«БҮГІНГІ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ҚАРУЛАНҒАН ЖІГЕРЛІ ЖАСТАРДАН КҮТЕР ҮМІТ МОЛ»
– Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес «ONE DAY life» жобасы арқылы жұмысшы мамандықтарын танымал ету жоспарлануда. Алматы жастарының едәуір бөлігі жұмысшы мамандықтары бойынша сұранысқа ие бос орындар бар екенін білмейді. Сондықтан, біз жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылықты арттыруға және жастардың атап айтқанда осы мамандықта оқитын студенттер арасында 10 қысқаметражды бейнеролик дайындадық. Алматы комьюнити-орталықтары Отбасы банкпен бірлесіп, жастарға арналған Қаржылық кеңес беру бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында қатысушылар қаржы саласындағы өзекті ақпараттарды алып, жеке бюджет жүргізудің негізгі қағидаларын меңгереді.
– Атап айтарлық қандай бастама, идеяларды жүзеге асырдыңыздар?
– Жастарды табысқа жетуге және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысын қолдау мен ынталандырудың маңызды екенін мойындаймыз. Осы тұрғыда біз жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға, олардың таланттарын қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз. Жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға аса көңіл бөлінуде. 2025 жылғы 11 наурызында Венадағы БҰҰ штаб-пәтерінде өткен халықаралық шара аясында «Наркостоп» жобасының үйлестірушісі – Алматы қаласының есірткінің алдын алу саласындағы табысты тәжірибесімен таныстырды. Ұсынылған тәжірибе іс-шараға қатысушылардың, соның ішінде БҰҰ сарапшыларының, құқық қорғау органдарының және халықаралық ұйымдардың өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырды.
– Комьюнити-орталықтар туралы айтып өтсеңіз…
– Комьюнити-орталықтары – даму, оқу шығармашылық және әлеуметтік өзара байланыс кеңістігін қамтамасыз ете отырып, жастардың көптеген мәселелерінің шешіміне айналды. Қаладағы комьюнити-орталықтардың саны 2024 жылы 11-ге жетті. 2024 жылы біздің орталықтар әртүрлі форматтағы 1,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды, оған 375 мың адам қатысты. 500-ден астам экологиялық акция жүзеге асырылды, жұмыспен қамту бойынша 8 мыңнан астам консультация жүргізілді. Осылайша, комьюнити-орталықтарына деген сұраныс артып келе жатқанын көріп отырмыз. Jasalmaty.kz порталының трафикті талдауы өткен жылы аудиторияның 30%-ға артқанын және пайдаланушылар саны 26 мың адамға жеткенін көрсетті. Цифрлық курстарда 19 мың келуші оқытылды, оның 12 мыңы сертификат алды, 3,6 мыңы жұмысқа орналастырылды. Қалған 7 мың адам тесттен өтпегендер. Қалалық Мансап орталығының жұмысы мен бірлескен іс-шаралардың арқасында комьюнити-орталықтарының серіктестік желісі өсуде. 2024 жылы серіктестер саны 300-ге дейін өсті, ал 2025 жылы біз 500-ге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
– Азиз Оралбекұлы, бүгінгі сұхбатымызды немен түйіндер едіңіз?
– Білімді жастар мемлекетіміздің тірегі мен тілеуі болып саналады. Бүгінгі озық технологиямен қаруланған жігерлі жастардан күтер үміт мол. Артатын сенім де бөлек. Өйткені, мемлекетіміздің жастар саясатын жүзеге асыруда, жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды орындауда жастар ресурстық орталықтарының орны бөлек. Өнегелі істерімен көзге түсуге тырысып келеміз.
– Әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ