Орман шаруашылығының жанашыр академигі

0
1725

Жер көлемі жағынан Қазақстан үлкен ел болғанымен, оның тұрақты егістікке арналған бөлігі 10 пайыздан аспайды. Орманды алқаптар да көп емес, олар жалпы ел аумағының сексеуіл тараған жерлерін де орманға жатқызып есептегеннің өзінде 5 пайыздан аспайды. Негізінен Қазақстан мәдени дақылдарды тұрақты түрде өсіруге қолайсыз табиғи жайылымдық жерлерге өте бай, оның көлемі 180 млн. гектарға жетеді. Сондықтан да, ормандарды көбейту – келешекте мәні зор экологиялық шаралардың бірі.

Орман шаруашылығының көрнекті өкілі, осы саланы қалыптастыруға және дамытуға зор еңбегі сіңген, бүгінде 85 жасқа толып отырған Сәбит Байзақұлы ағамыз жөнінде біраз ой түйіндеу, жастарға үлгі ретінде еңбек жолын, ғылымдағы орнын, адамгершілік қасиеттерін айқындау маңызды, қоғамға керек іс-шара болуы тиіс.

Киелі Торғай даласында туып өскен ғұлама, ұлы кемеңгер ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері аз емес. Осы қатарда Сәкеңнің де өз орны бар. Торғай мәдениетінен нәр алған Сәкең де ғылым төріне шығып, елімізге танымал, қазақ үшін сирек мамандық орманшы-ғалым болып қалыптасты. Еңбек жолы, ғылымдағы және мамандар даярлаудағы елеулі еңбегі Сәкеңнің бойына біткен адамгершілікті, дене сұлулығын, тұрақты көркем мінезін жандандыра түскендей. Бір сәтте Сәкен Сейфуллинге ұқсас па деген де ойға қаласың.

Сәкеңнің әкесі Ұлы Отан соғысында қайтыс болған. Отбасындағы үш баланы асырау, тәрбиелеу анасының мойнына жүктелген. Әрине, ол бір қиын жылдар еді. Ешкімге де оңай болған жоқ. Ол онжылдықты мектеп жанындағы интернатта жатып бітірген соң Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтында оқып, орман шаруашылығының инженері мамандығын алды. Өзі оқыған институтта еңбек жолын жалғастырып, ассистент, доцент, профессор, декан қызметтерін атқарды.

Жастарға білім бере отырып, өзін де, ғылымның қия жолын да, мамандығын, ғылыми ізденістерін де жүйелі түрде дамыта берді. Алғашқы ғылыми еңбегін қарағайлы орман ағаштарының биомассаларының жекелеген түрлерінің қалыптасу заңдылығы бойынша зерттеулерге арнады. Математикалық тәсілдерді кең түрде пайдалану арқылы қарағай ағашының белгілерінің олармен өзара байланысы бойынша теңдеулер құрып, соның негізінде кандидаттық диссертация қорғады. Сол үшін 87 сынама алаңдары мен 1088 үлгілік ағаштардың көрсеткіштерін қолданып, оларды жан-жақты талдады. Сәкең осы бағытта 1969 жылы ғылым кандидаты атағын алды.

С. Байзақұлының осы алғашқы ормандарды сандық бағалау бойынша алған білімі мен тәжірибесі КСРО-ның орман шаруашылығы үшін аса маңызды, күрделі және аз зерттелген проблема – орман ресурстарын кадастрлық-экономикалық бағалау міндеттерін шешуді қолға алуына берік платформа болды. Бұл жолда ол орман құрамдарының сандық, сапалық және құндық сипаттамалары негізінде ормандардың жалпы құндылығын анықтаудың бірыңғай методологиясы мен әдістемесін әзірледі. Оларды Қазақстанның орманды аймақтарының үлгісінде тәжірибеде пайдалануға болатынын дәлелдеді. Ол осы ғылыми нәтижелерін 1987 жылы С.М. Киров атындағы Ленинград Орман-техникалық академиясында сәтті қорғалған «Орман ресурстарын кадастрлық-экономикалық бағалауды жетілдіру және оны ормандарды молықтыру процестерін басқаруда пайдалану жолдары» тақырыбына арналған докторлық диссертациясында қорытындылады.

Кейінірек осы тәсіл негізінде ол орманда өсіп тұрған сүректер үшін бекітілетін төлемақылардың нақты мөлшерлерін тауып (теңгемен, доллармен және айлық есептік көрсеткіштермен), әр орман мекемелерінің орман кірісі ретінде бюджетке аударуға жататын және өздеріне қалдыратын бөліктерін анықтап берді.

Асқан еңбекқорлығы мен жүйелі жұмысының арқасында С. Байзақұлы республиканың орман шаруашылығы мен жоғары орман білімі мен ғылымының көрнекті өкіліне айналды. Ол бүкіл Орталық Азия аймағындағы орман шаруашылығы экономикасы ғылымдарының алғашқы және әзірге жалғыз докторы. Оның ғылыми еңбектері орман ресурстарын зерттеуді, орман таксациясын, орман орналастыруды, басқаруды, орман өсіруді, оның экономикасы мен саясатын едәуір байытты. П.В. Васильев, Т.С. Лобовиков, Н.А. Моисеев, И.В. Туркевич, Н.И. Кожухов, Л.И. Ильев, Ю.Ю. Туница сияқты Кеңес одағының орман шаруашылығы ғылымының ірі өкілдерінің негізгі идеялары мен болжамдарын іс жүзінде дамытуға, әрі іске асыруға ықпал етті.

С. Байзақұлының сөзсіз жетістіктері мен табысын республиканың аграрлық саласының ғылыми жұртшылығы лайықты деңгейде бағалады. Ол жаңадан құрылған Қазақстан ауылшаруашылық ғылым академиясына корреспондент-мүше (1991 ж.), кейіннен академик болып сайланды және 1991-1994 жылдары осы академияның бас ғылыми хатшысы, 1994-1996 жылдары ҚР Ұлттық ғылым академиясында бас ғылыми хатшылық қызметтерін атқарды. Осы жылдарда Ұлттық академияның корреспондент-мүшесі (1995 ж.) және академигі (1996 ж.) болып сайланды.

Нарықтық қатынастарға көшу кезінде С. Байзақұлы академия басшыларымен бірге өтпелі кезең талаптарын ескере отырып, олардың барлық нормативтік құжаттарын, құрылымдарын, жұмыстарының басым бағыттарын жаңаша әзірлеп немесе қайта қарап, қызметкерлерді іріктеп, орналастырып шықты. «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 1993-1995 жылдарға арналған және 2020 жылға дейінгі тұжырымдамалық бағдарламасын», «Дәрілік агрошикізат», «Агроэкология» жаңа ғылыми бағдарламаларын, ҚР ҰҒА желісі бойынша «Дәрілік заттар» және «Ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат туралы» заң (1992) жобаларын, 1993 және 2003 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасының Орман Кодексін» әзірлеуге белсенді қатынасты.

Оның жеке бастамасы бойынша осы мекемелердің әрқайсысында жыл сайынғы қызметтік қорытындыларды жеке кітаптар түрінде шығару жолға қойылды, ал олар өткен жылдар бойынша қажетті мәліметтер мен материалдарды іздеуді едәуір жеңілдетті.

Академик С. Байзақұлы бірқатар елдердің (Бельгия, Германия, Израиль, Франция, Қытай, Польша, Түркия, Чехия, Ресей, Беларусь және Украина) орман шаруашылығының тәжірибелерін және соңғы жылдардағы бүкіл әлем бойынша орман салаларының дамуының жиынтық сипаттамаларын егжей-тегжейлі зерттеді. Халықаралық тәжірибенің және өз ізденулерінің негізінде ол егемен еліміз үшін Бірыңғай мемлекеттік орман саясатын әзірлеу қажеттілігін алға тартып, оның тұжырымдамасының жобасын дайындап шықты.

ҚР Үкіметі бекіткен (2009) және бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қорында орман кесу ережелерін» әзірледі.

Орманда өсіп тұрған ағаш діңдерін сатуға тағайындалған төлемақылардың өте төмен (орта көрсеткіші 980 т/м3) екенін дәлелдеді. Олардың салааралық баға теңдігін қамтамасыз ете алмайтынын, орман шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбегін еш қылып, құнсыздандыратынын, бұл саланың Жалпы ішкі өнімге қосатын шын үлесін көрсете алмайтынын анықтады.

Осыларды ескере отырып, С. Байзақұлы ҚР Парламенті Мәжілісіне оның мөлшерін орман шаруашылығына жұмсалатын шығындардың кем дегенде бір бөлігін өтейтін қажетті минимумға дейін арттыру жөнінде ұсыныстар жолдады.

ҚР Орман кодексінде көзделген орман шаруашылығының барлық қызметтері мен өнімдерінің ақылылығына сүйене отырып, 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне осы уақытқа дейін орман мекемелері тегін пайдаланған орманнан күтімдік кесу бойынша алынатын ағаш көлемдеріне төлемақы енгізуге қол жеткізді. Осы төлемдер есебінен қазір облыстық бюджеттерге жыл сайын жалпы сомасы шамасы 1 млрд. теңге кіріс түседі.

 ҚР АШМ тапсырмасымен 2009 жылы республиканың барлық облыстарында орман пайдаланудың ағаш емес орман өнімдері мен қызметтерінің 42 түрінің төлемдерін айқындаудың ғылыми негіздері мен әдістемесін әзірлеп, іске қосты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне «Қазақстан Республикасының Орман кодексін жетілдіру туралы» (2016) жазбаны ұсынды.

Қарағайлы ормандар өсірудің жаңа тәсілдерін ғылыми тұрғыда негіздеп, әзірледі. Олар көшеттердің шығынын, машиналар мен механизмдердің орманға бей-берекет кіруін, ағаш кесудің санын, олардың сәйкесті түрде орман өрттеріне шалдығуының қаупін бірнеше есе азайтады.

С. Байзақұлы орман саласы үшін мамандар даярлауды түбегейлі жақсарту мақсатында елімізде шағын Орман университетін ашу қажет екенін көптен айтып, ұсынып келеді.

Ол жасаған ұсыныстар мен әзірлемелердің көпшілігі жоғары органдар тарапынан қолдау тапты. Мұны Сәбит Байзақұлының жеке еңбегі екенін атап айту қажет.

Аталған мәселелердің шешілмеген бөлігіне де Сәбит Байзақұлы үлкен үмітпен қарап, оларды шешу үшін өзекті және шұғыл шаралар қабылдау керек деп санайды.

Академик С. Байзақұлы жоғары білімді мамандар мен орман саласы үшін ғылыми қызметкерлер даярлауға баға жетпес үлес қосты. Олардың көпшілігі іргелі ғылымдар мен орманға байланысты жобалау мекемелерінің, өндірістік кәсіпорындардың басшылары болды. ҚР және ТМД елдерінің орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жұмыс істейді. Көптеген жоғары білімді мамандармен қатар, Сәкеңнің тікелей жетекшілігімен 5 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы дайындалды. Ол тәрбиелеген ғалымдардың бір бөлігі қазір Алматы және Астана аграрлық университеттерінде орман шаруашылығының жас мамандарын даярлау ісін табысты жалғастыруда.

Жалпы алғанда, академик Сәбит Байзақұлы 267 ғылыми еңбек жазды, оның ішінде 7 монография, 7 орман шаруашылығының анықтамалары, 2 оқулық, 16 әдістемелік құралдар, 24 өндіріске ұсыныстар, 3 патент бар. Оның барлық еңбектері орман шаруашылығын дамытуға арналған. Екі рет басылып (2007, 2010 жж.), жарық көрген «Лесные культуры в Казахстане» деген жоғары оқу орнындарында орманшы мамандығына арналған алғашқы оқулықтың авторлары – Сәкең бастаған топ А.И. Бараев атындағы бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. Мемлекеттік екі академиядағы лауазымды қызметтерінің нәтижесі ретінде ол тарих үшін өте қажет көлемді «Қазақстанда ауылшаруашылық ғылымдарын ұйымдастырудың академиялық жүйелері» (2020) атты монографиясын жариялады.

Сәбит Байзақұлы ұзақ уақыт бойы бүкіл Орталық Азия үшін үш орман мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі жалғыз мамандандырылған кеңесті басқарды. Бірқатар ғылыми журналдардың редакциялық кеңестері мен алқаларының мүшесі болды. CIZ (жеке орман шаруашылығы), ELD және JCARDA (жер деградациясы), БҰҰДБ (экожүйелік қызметтерді бағалау) желісі бойынша халықаралық ғылыми бағдарламаларды орындауға қатынасты. Ретіне келгенде республиканың белгілі тұлғалары мен жедел шешімді талап ететін ормандар мен орман шаруашылығының өткір проблемалары туралы мақалаларын баспасөзде жариялап отырды.

Академик С. Байзақұлы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Тыңға 50 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және «Құрмет» орденімен марапатталған. Жаһандық климаттың өзгеруіне және әлемдік дамудың «Жасыл экономикаға» көшуіне алғашқы негіз болып саналатын орман ресурстарын ұлғайту, елді мекендерді көгалдандыру мәселелеріне орай Сәкеңнің ғылыми еңбектерінің маңыздылығы арта түсетіні анық.

Міне, осы жоғарыда келтірілген аз ғана материалдардың өзі ел ардақтаған академиктің өмір жолының көпке үлгі екенінің айғағы. Балалық шақтағы барлық қиындықтарға төзе отырып, табандылықтарының арқасында қарапайым бір отбасынан шыққан Байзақовтар ғылымға осылайша елеулі үлес қосты. Сәкеңнің үлкен ағасы Сайлау да танымал, көп шәкірт даярлаған атақты экономист-ғалым.

Сәбит Байзақұлы өзінің, ағасы мен қарындасының, өз ауылының аға буын адамдарының, мұғалімдерінің, оқытушыларының, ғылыми жетекшілерінің және аграрлық университет пен екі академиядағы әріптестерінің мейірімділігі мен қамқорлылығын ризашылықпен еске алады. Сондай мейірімге қанып өскен ол – бүгінде әулетіне қамқор әке, жанашыр аға, ізетті іні, ақылгөй ата бола білген адам. Марқұм жұбайлары Балқия Сәдуақасова мен Светлана Жаңабайқызымен бірге 4 бала тәрбиелеп, олардан 10 немере мен 4 шөбере сүйді. Қарапайымдылығы, үлкен еңбекқорлығы, адалдығы мен жауапкершілігі, қайырымдылығы, жоғары мәдениеті мен ізгі ниеті, ерекше тұлғаның өнегелі өмірі көпшілікке қашан да үлгі болмақ.

Ғ.Т. МЕЙІРМАН,
ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here