Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Мемлекет басшысы үнемі өзінің сөйлеген сөздерінде, өңірлердегі сапарлардағы жүздесулерінде айтып келеді. «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Төлептің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік – инфрақұрылымды дамыту мен ел экономикасының тұрақты өсуінің негізгі құралы. Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы мемлекет пен жеке сектордың күшін біріктіре отырып, маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді. Айталық, 2025 жылдың 1 наурызында Қазақстан бойынша жалпы сомасы 1,3 трлн теңге көлемінде 1 110 мемлекеттік-жекешілік әріптестік шарты жасалды. Сондай маңызы зор әлеуметтік жобалардың қатарында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де бар.
Әсіресе, жоғары оқу орындары ең көп шоғырланған (39 ЖОО) Алматы қаласында жатақханалар салу мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Мұнда өзге өңірлермен салыстырғанда ең көп студенттер (177,6 мың адам) оқиды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жақын арада министрлік Алматы қаласы бойынша жатақхана мәселесін шеше алмайды. Бірақ, Мемлекет басшысының жыл сайын 10 мың төсектік орын тапсыру туралы тапсырмасы бар. Сол себепті Үкіметпен бірлесіп бұл мегаполисте аталған мәселені шешуге тырысып жатқандықтарын айтты. Содан қазір 300 мыңдай студент оқитын Алматыда инвесторларды тарту үшін бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Қаржы орталығы» АҚ жобалық офисі жұмыс істейді.
Алматы қаласында жатақханалардың жетіспеушілігі мәселесін шешуде жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттігі туралы Үкімет тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері үшін жаңа жатақхана ашылды. Студенттер үйі 6 қабаттан тұрады және 420 орынға есептелген. Университет әзірлеген концепцияға сәйкес өмір сүру жағдайлары барлық халықаралық стандарттарға сәйкес жасақталған екен. Яғни, 2-5 адамға арналған бөлмелер, әрбір секцияға дәретхана мен душ, әрбір студенттің жеке оқу үстелі және төсек-орыны, кабинеттегі жұмыс үстелдері мен шкафтар, әр қабатта қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған асханалар, коворкингтер мен қосалқы бөлмелер бар. Сондай-ақ, ыңғайлы оқу бөлмелері болады. Бірінші қабатта кір жуатын бөлме, кітапхана, техникалық кабинет және азық-түлік дүкені тағы бар. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін арнайы бөлмелер жабдықталған көрінеді.
Жатақхана жеке инвестор Дархан Сапаровтың қаржысымен салынып, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ басшылығымен студенттерге жатақхана етіп беруге шарт жасалған. Жаңа жатақханаға қоныстану мүмкіндігіне ҚазҰМУ барлық курс студенттері ие болды.
Айта кетейік, ҚазҰМУ «BI Group» құрылыс компаниясымен бірлесіп студенттік қалашық аумағында 530 орындық тағы бір жатақхана салып жатыр. Оның құрылысы 2025 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады.
Кампустардағы орын тапшылығы бойынша екінші орынды Астана алады. Саясат Нұрбектің сөзінше, биыл астанада 4,5 мың орындық жатақхана қолданысқа беріліп, Астана қаласы бойынша жатақхана мәселесі толығымен шешілетінін сүйіншіледі.
Былтыр Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 382 орындық жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Студенттер үйін инвестор-құрылыс салушы – «Bastau Damu kz» компаниялар тобы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде тұрғызды. Жатақхананың ауданы – 4,3 мың шаршы метр, 6 қабат және 158 бөлмеден тұрады. Әр бөлмеде 2 адамнан орналасады.
«Бүгінгі таңда халықтың өмір сүру жағдайы айтарлықтай жақсарды. Біз студенттерге олардың оқуы мен жеке дамуына ықпал ететін заманауи, жайлы да еркін орта ұсына алатынымызды мақтан тұтамыз. Студенттер үйі – бұл жай тұратын орын ғана емес, даму, өзін-өзі жүзеге асыру және қарым-қатынас жасау кеңістігі. Біз әрбір студент өзінің оқу және жеке жетістіктеріне назар аудара алатын жайлылық пен қауіпсіздік атмосферасын жасап отырмыз», – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында елімізде жатақхана мәселесі шешіліп жатыр. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік – ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өрістерге шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі.
Қали ҚАМБАРОВ