Асық ойыны дәлдікке тәрбиелейді

0
483

Дене тәрбиесі бала тәрбиелеуде ақылдылық, өнегелік және жарасымдылықтың негізгі құралы болып табылады. Оның бұл ерекшелігі – әдейі жинақталған және белгілі жағдайда ұйымдастырылған адам денесінің қимылы.

«Білім мен тәрбие егіз» демекші, қазақ халқы қай кезеңде болмасын бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі, елдің болашағы бала тәрбиесімен тікелей байланысты әрі өте маңызды екенін түсіне отыра, балаға жан-жақты, рухани, ұлттық тәрбие беруге тырысқан. Сондықтан да, жас кезден бастап бала бойына ұлттық тәрбиені сіңіру өте маңызды деп ойлаймын. Осы орайда жас буынды ойнатып қана қоймай, бойына адамгершілік, татулық, намысшылдық, ұқыптылық, ептілік, дәлдік, шапшаңдық секілді адами қасиеттерді сіңіретін негізгі құрал ол – ұлттық ойындар деуге толық негіз бар.

Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп алған, себебі балалардың нағыз азамат болып өсуіне аса зор мән берген. Қазақ халқы негізінен дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған. Қазіргі буын, қазіргі жас жеткіншектер көбінесе теледидар алдында отырады немесе ұялы телефонды қолданады, олар қазақтың ұлттық ойындарынан бейхабар екені бәрімізге мәлім. Айта берсек қазақтың ұлттық ойындарының түрлері өте көп, өкінішке орай солардың барлығын жас ұрпақ біле бермейді. Сондықтан, мектеп қабырғасынан бастап оларға адами қасиеттерді үйрететін ұлттық ойындарымызды санасына сіңіріп, үйрету керек. Сондай-ақ, балалар ұлттық ойындар арқылы ата-бабаларымыздың тұрмыс-салтынан, болмыс-бітімінен де хабардар болып, сәби кезінен санасына сіңіріп өседі.

Қуанатынымыз елімізде ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұйықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш ретінде танылып, осы ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде Ұлттық киім күнін атап өткеніміз. Міне, ұлттық киімдер сияқты енді ұлттық ойындарда ұлтымыздың тыныс-тіршілігі, мінез-құлқы, тәлім тәрбиесі тұнып тұрғандығын ескере отырып, әрбір пән сабақтарында ойын элементтерін ұтымды қолдансақ, ұрпақ бойына елжандылықты сақтап қалуға болады. Негізінен ұлттық ойындарға қарап отырсақ, онда әдептілік пен мейірімнің, достық пен тапқырлықтың, әділдік пен ақылдылықтың, имандылық пен батылдықтың, сабыр мен ізденімпаздықтың іздері жатыр. Себебі, ұлттық ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, ең бастысы ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар, халқымыздың салт-дәстүрлерін қадірлей білуді санасына түйіп үйренеді.

Енді мен өз сөзімде қазақтың ұлттық ойындарының бір түріне тоқталсам деймін. Ол асық ату ойыны. Асық ату ойыны – қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрінің бірі. Ойынның басты құралы – асық. Балалар арасында кең тараған ойын баланы ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа және сергектікке тәрбиелейді деп ойлаймын. Ертеде ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған, себебі оның тәрбиелік мәні өте зор.

Асық дегеніміз – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса зор, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндер боп келеді, тек жылқы асығы басқа пішінде болады. Сонымен қатар, асықтың мынадай түрлерін айтуға болады, мысалға айтатын болсам, олар сақа, кеней, құлжа, көктабан, топай, жабай т.б. Асықтың өз атаулары болады, олар алшы, тәйке, бүге, шіге, омпы және шоңқай. Асық ойынын ойнау үшін ең кемі екі адам одан да көп болуға болады. Негізінен асық ойынының тақталық және алаңдық деген екі түрі болады.

Енді мен асықты тігіп ойнау туралы қысқаша мәлімет берсем деймін. Бір топ бала тегіс жерді таңдап, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Мұны «көн» деп атайды. Сонда ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4-5 метр не одан да көп мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден көндегі асықты ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегіне ие болады. Алшы дегеніміз ол асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп тұрып түсуі болып табылады. Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көн сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерден қайта атады. Осылайша, көннен шығарғандарын ала береді. Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады. Ал, тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалпында атып, көннен шығарып алуға тиіс. Ойын көндегі асықтар біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатысушылар бір-бірден көннен қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, осылайша жалғаса береді.

Сөз соңында айтарым, асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойнала береді. Күндізгісі – дәлдікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке-жүйесін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Сондықтан да, мектеп қабырғасынан бастап дене тәрбиесі пән мұғалімдері өз сабақтарында қазақтың ұлттық ойындарының элементтерін тиімді пайдаланса, онда асық ойыны қазақ балаларының ең сүйікті ойыны болатынына сенемін.

Құдаш СЕРІК,
Талдықорған Сервис және технология колледжінің
Дене тәрбиесі пәні мұғалімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here