Қосшыда комьюнити-орталық базасында креативті хаб ашылды

0
517

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Креативті индустрияларды дамыту туралы» Заңға қол қойған болатын. Экономиканың бұл стратегиялық маңызды секторы 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына енгізілді. Соған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы шаралар пакетін әзірледі. Оны газетіміздің өткен санында жаздық (Қараңыз: «Креативті хабтар, қор және «e-Creative» платформасы: Қазақстанда креативті экономика қалай дамуда?», №10 (1270), 11.03.2025 ж.).

20 наурызда Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен көпфункциялы комьюнити-орталық ашылды. Орталықта креативті хаб жұмыс істейтін болады. Орталықтың ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Марат Ахметжанов және Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жоба Болат Өтемұратов қорының қолдауымен іске асты. Орталықтың жалпы ауданы – 8,5 мың шаршы метр, нысан бір уақытта мың адамды қабылдай алады. Орталық – халықаралық стандарттарға сай салынған ірі мәдени-спорттық кешен. Мұнда спорттық, білім беру және бос уақыт өткізуге арналған алаңдар бар. Қонақтар үшін 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған дәріс залы, көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг және оқу залы бар кітапхана қызмет етеді. Балалар үшін робототехника мен шахматтан бастап, хореография, қолданбалы өнерге дейінгі түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Қосшыдағы креативті хаб – Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған еліміздегі 13-ші орталық.

Креативті хабтар, қор және «e-Creative» платформасы: Қазақстанда креативті экономика қалай дамуда?

Айта кетейік, биыл Үкімет жанынан Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылмақ. Қордың негізгі міндеті – дарынды азаматтарды табу және қолдау, жобалар мен инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ отандық креативті өнімдер мен қызметтердің экспортын алға жылжыту. Зияткерлік және шығармашылық ресурстарды қолдау мен оларды коммерцияландыру ұлттық стратегияның ажырамас бөлігіне айналды. Болашақта креативті индустрия экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Отандық креаторлардың жетістігі ел имиджіне оң әсерін тигізеді. Бұл саладағы танымал есімдер мемлекеттің жаһандық деңгейде танылуына ықпал етеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here