20 наурыздан бастап «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық фильмі Қазақстанның барлық кинотеатрлар желісінде көрсетіледі. Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай түсірілген туындыны «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының «Balapan» телеарнасы ұсынады.
«Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай жоба туралы айтып берді.
– «Шоқан. Қашқария сапары» жобасы – корпорацияның толықметражды анимациялық фильм жасаудағы алғашқы тәжірибесі. Аталмыш жобаны толыққанды биографиялық туынды деп қарастыруға болмайды. Фильмде ғалымның тек Қашқарияға сапары негізге алынған. 10 сериядан тұратын анимациялық жобаны толықметражды фильм форматында қайта әзірлеу – өндірістік тұрғыдан күрделі процесс және жоба аз қаражатпен жүзеге асырылды. Яғни, бюджет тек эфир үшін дайындалған анимациялық сериалға бөлінді. Дегенмен, корпорация өз бастамасымен балалар арасында тарихи тұлғаларымызды тануға деген қызығушылықты арттыру, қазақ тіліндегі балалар контентінің кеңірек таралуын қамту мақсатында жобаны үлкен экранға шығарып отыр. Бұдан бөлек, биыл жыл соңына дейін «Balapan» телеарнасының эфирінде жоғары рейтингке ие болған «Желаяқ», «Тоқты мен Серке» мультфильмдерінің толықметражды нұсқаларын прокатқа шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді Ләззат Мұратқызы.
Оқиға 8 жасар Азаттың кенеттен 1858 жылға тап болуынан басталады. Азат генерал-губернатордың бұйрығымен жұмбақ Қашқарияға сапар шеккелі жатқан экспедитор Шоқан Уалихановты кездестіреді. Ол көзден таса жерде Шоқан Уәлиханов пен оның досы Якуб Янкуловтың Қашқарияға жасырын кіру жолын ақылдасып жатқанын естиді. Бір кезде Якуб Құлжа қаласындағы атақты Қашқар көпесін есіне түсіреді. Ол 20 жыл бұрын Әлім деген баласымен Семейге келген болатын. Шоқанға сол баланың есімін жамылып, Әлім болуды ұсынады. Оның жасы да Шоқанмен шамалас еді. Бұл әңгіменің бәрін естіп тұрған Азат өз дәуіріне тек Қашқария сапары арқылы ғана қайта алатынын түсінеді. Ол астыртын түрде керуенмен Батыс Түркістанға (Қашқария) баруға бел буады. Шоқан көпестерден ерекшеленбес үшін шашын алып, сырт келбетін өзгертеді. Сол сәттен бастап олардың қызыққа толы Қашқария сапары басталады. Жолда түрлі шытырман оқиғаларды бастан кешіп, Орталық Азияның тылсым да ғажайып өмірімен танысады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Шоқан. Қашқария сапары» мультфильміне қатысты пікір білдіріп, анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек екенін айтты.
– Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан, анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек, – деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Жалпы, анимация терминін қазақша түсінікте жеткізсек, суретке жан бітіріп, экран арқылы қозғалмалы бейнелерді көрсету. Елімізде анимация өткен ғасырдың алпысыншы жылдары күллі одақтас республикаларда ұлттық кино өнерінің қарқынды даму кезінде қатар келген өнер түрі болатын. Ал, анимацияның жеке өнер саласы ретінде арнайы қолға алынып, қарыштап даму кезеңі тәуелсіздіктен соң басталды. Қиялмен астасып жатқан өнер түрі бүгінде «Шоқан. Қашқария сапары» сияқты дүниелермен толығып, кішкентай көрермендердің көзайымына айналып жүргені қуантады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Міне, жоғарыда сөз болған «Шоқан. Қашқария сапары», «Желаяқ», «Тоқты мен Серке» сынды мультфильмдердің үлкен сұранысқа ие болғанын ескерсек, ұлттық анимация тәп-тәуір дамып келеді деуге болады. Демек, анимация ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін өнер болып тұр.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ