Су тасқынына бейім негізгі учаскелерді сегіз дрон бақылайды

0
490

Былтырғы жылдың көктемі – елімізде «су апаты мезгілі» боп тарихқа енді. Әсіресе, мына ғаламның сырына тұншыққан адам қиялы мен миында ақпаратқа орын қалмай бара жатқан қазіргі сын-сағаттарда, қазақ атам айтпақшы, «Ел аман, жұрт тыныш» жатқанда су тасқыны орын алды. Қазақстанның 10 облысын су басты. Бұрынғының адамы табиғаттың тілін түсіну арқылы түрлі қауіп-қатерден сақтанып баққан. Сақтансаң, сақтайды. Биыл да құзырлы орындар ерте қимылдады. Өткеннен сабақ алмаса болмайды.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов 600 мыңдай халқы бар Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімдігі жанындағы жаңа ахуалдық орталыққа барды. Мұнда дрондарды пайдалана отырып, су тасқыны жағдайын бақылау инновациялық жобасы жұмысын бастады. Заманауи технологиялар нақты уақыт режимінде жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Мониторинг жүргізуге су тасқынына бейім негізгі учаскелерді бақылайтын сегіз дрон тартылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Шыңғыс Сайранұлы Петропавл қаласының Подгора шағын ауданындағы нығайтылып жатқан Ущева бөгенін де тексерді. Ғимарат тұрғын аудандар мен қалалық инфрақұрылымды ықтимал су тасқынынан қорғауға арналған.

Бұдан басқа осы күзде 42 жасқа толатын министр су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту үшін Қарағанды және Алматы облыстарынан келген ТЖМ 52 859 және 28 237 әскери бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті. Әскери қызметшілер Қызылжар ауданында полипропилен шатырларын төсеп, қапшықтарды дайындау және орнату жұмыстарымен айналысты.

«Ел аман, жұрт тыныш» жатқанда… еліміздің 10 облысын су басты

ТЖМ басшысы су тасқыны қаупі бар кезеңде ТЖ-ны жоюға күштер мен құралдардың дайындығын бағалап, халықты және аумақтарды қорғау бойынша жүргізілген жұмыстармен танысты.

Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы іс-шаралардың едәуір көлемі іске асырылды. 47 км қорғаныш бөгендері мен үйінділері тұрғызылып, 41 км нығайтылды, автожолдарда 108 су өткізгіш құбырлар мен тюбингтер орнатылды, 10 км астам су бұру каналдары тереңдетілді, 4 км кіші өзен арналары тазартылды, 214 км нөсер кәрізі тазартылды және жөнделді. Мұз кептелісінің алдын алу үшін жарылыс жұмыстары да жүргізілуде.

Өңірде жедел ден қою үшін 1904 адам, 1347 бірлік техника, 462 мотопомпа және 122 жүзу құралын қамтитын күштер мен құралдар топтамасы құрылды. Облыста су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Шаралар кешені су басу қаупін азайтуға және елді мекендерді қорғауға бағытталған.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here