Мүбарак Жинақбаева: «Әрбір атқарған ісім – бүгінгі қызметімнің кірпіші болды»

0
8339

Жамбыл өңірінде Мүбарак Жинақбаеваның есімі мәдениет және білім саласындағы игі істер мен жасампаз бастамалармен қатар аталады. Оның көп жылдық тәжірибесі өңірде аталған салалардың жандануына жол ашып келеді. Бүгінде ол Жамбыл облысы әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесін басқарады. Жуырда ғана алпысты алқымдаған тәжірибелі маманмен сүбелі әңгіме өрбітіп, алдағы жоспарларын білген едік.

«БІРЕГЕЙ ИНСТИТУТ ӘРІ ҚАРАЙ ДА ӨЗ МАҚСАТ-МІНДЕТТЕРІН АТҚАРА БЕРЕДІ»

– Мүбарак Қасымқызы, мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Баршаға белгілі, 2022 жылдан бері өңірдегі «Қоғамдық келісім» мекемесін басқарып келесіз. Осы үш жылдық межеде аталған мекеме қоғамға қандай қозғау салды? Қандай өзгерістер орын алды?

– Сауалыңызға рақмет. Бұл мекеме – бұрыннан этносаралық қатынастар саласында тыңғылықты жұмыс атқарып, келісім мен бірліктің тайқазаны болып отырған қара шаңырақ. Иә, дұрыс, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күні бүгінге дейін аталған мекемеде басшылық қызмет атқарып отырмын. Алғашқы күннен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Президент аппараты, «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі, Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасынан берілген тапсырмаларды ұжыммен дер кезінде, тиянақты және абыроймен орындап келеміз.

Қысқаша айтсам, біріншіден, ҚХА құрылымдарының ең керекті саласы «Этномедиация» орталығы ашылып, оның атқаратын қызметі кеңейді. Этнос өкілдері өздерін толғандырған түрлі мәселелерді қоғамдық және жеке қабылдауларда шеше алады. Сондай-ақ, «Жомарт жан» орталығы, ұлттық бас киімдер экспозициясы, «Алтын шаңырақ» ақпараттық-танымдық алаңшасы және биыл ҚХА-ның 30 жылдығына орай арнайы тақта ашылды. Екіншіден, жамбылдық этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныстары өсіп, қазақ тілін меңгерушілер саны көбейіп, ондаған аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанып жатыр. Әлеуметтік желілердегі өздерінің аккаунттарында жұмыс жасауы, яғни, медиа сауаттылықтары артты. Үшіншіден, «Достық» деп аталатын этностардың өнерлі балаларынан құралған жастар театры ашылды. «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі активтері мен волонтёрлары да Ассамблеямен егіз қайырымдылық жұмыстарының басы-қасынан табылады. Қоғамдық-мәдени жұмыстарға да белсене араласуда. 2019 жылдан бері өңірлер ішінде ең алғаш пилоттық жоба болып қолға алынған «Ассамблея бөбектері» жобасы тұрақты, меншікті облыстық жобаға айналып, 2022 жылдың қаңтарынан бастап жұмысы жаңаша бағыт алып, жандана түсті. Нәтижесінде, Тараз қаласындағы бірнеше бөбекжай-балабақшалармен бірлесе жұмыс істеу мақсатында меморандумға отырдық. Бұған қоса, Достық үйіне, яғни, мекеме ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, жылу жүйесі, арнайы конференция залдарын көркемдеу, алаңшаларды жаңалау, ардагерлер тақтасын жаңарту дегендей. Айта берсек, атқарылған жұмыстар көп, жүзге жуық жобалармен жұмыс істеп отырған бірегей институт әрі қарай да өз мақсат-міндеттерін атқара береді.

– Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы. Осы отыз жыл ішінде өңірде ұйымның биік белесі деп қандай ерекшеліктерді, жетістіктерді атап өтер едіңіз?

– Иә, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – ел бірлігі мен татулығын нығайту жолындағы маңызды белес. Осы уақыт аралығында өңірде Ассамблея аясында атқарылған ауқымды жұмыстардың ішінде бірнеше ерекшеліктерді атап өтуге болады. Ең алдымен, этномәдени бірлестіктердің өзара ынтымақтастығы артып, түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ алаңдар құрылды. Аймақтарда біршама Достық үйлерінің ашылуы – осының жарқын мысалы. Сонымен қатар, өңірде тілдерді дамыту, мәдени мұраны сақтау бағытында жүйелі жобалар жүзеге асты. Этностардың салт-дәстүрін, өнерін ұлықтайтын фестивальдер мен көрмелер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ассамблея жанындағы медиация орталықтары арқылы қоғамдық келісімді сақтау ісі де кемел жолға қойылды. Жастар бірлестіктерінің белсенділігі артты. Олар түрлі әлеуметтік, патриоттық жобаларға бастамашы болып, ел болашағына өз үлестерін қосуда. Осы жетістіктердің барлығы Ассамблея жұмысының өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызды рөлін дәлелдейді.

«ӨҢІРЛІК АССАМБЛЕЯНЫҢ БЕТАЛЫСЫ ДҰРЫС, САЯСАТЫ СЫНДАРЛЫ»

– Жалпы, Ассамблея өңірде өз миссиясын қай деңгейде атқарып жатыр деп ойлайсыз? Этнобірлестіктердің ұйысып, татулықта өмір сүруі қоғамдағы мамыражай күйге қалай әсер етуде? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірде өз миссиясын жоғары деңгейде атқарып келеді деп сеніммен айтуға болады. Ассамблеяның басты мақсаты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту. Осы бағытта өңірлік құрылымдар аясында көптеген іс-шаралар, форумдар, дөңгелек үстелдер және мәдени шаралар ұйымдастырылып, түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген құрметі мен сенімін арттыруға ықпал етуде. Ассамблея өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, олардың бастамаларына қолдау көрсетіп, ортақ құндылықтарды қалыптастыруда үлкен рөл атқарып отыр.

Этнобірлестіктердің ұйысып, татулықта өмір сүруі қоғамдағы бейбіт өмірдің, тұрақтылықтың және дамудың кепілі саналады. Бұл – ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен келісімнің нақты көрінісі. Әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысуы ел ішіндегі рухани байлықты арттырып, жас ұрпақтың бойында толеранттылық, өзара сыйластық сынды маңызды қасиеттердің қалыптасуына сеп болуда. Мұндай үйлесімділік ел ішінде қоғамдық келісімнің берік негізін қалыптастырады.

Алдағы жоспарларға келер болсақ, Ассамблея қызметін одан әрі жандандыру, жастармен жұмысты күшейту, этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, этномедиация институтын кеңінен насихаттау және қоғамдық келісім кеңестері арқылы шалғай ауыл-аймақтарда да татулық идеясын ілгерілету көзделіп отыр. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің әлеуетін арттыру, мемлекеттік тілді меңгеру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жобаларға басымдық берілмек. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің тұтастығын, тыныштығын сақтау жолында маңызды қадам болмақ.

Ал, өңірлік Ассамблеяның миссиясы мен міндетін тарқатып айтар болсам, беталысы дұрыс, саясаты сындарлы. Этнобірлестіктердің ұйысып, татулықта өмір сүруі бойынша осы мекеме құрылғаннан бастап өңірлік Ассамблеяда ешқандай тілдік, нәсілдік келеңсіздік орын алған жоқ. Біздің басты миссиямыз да осы – жалпықазақстандық бірегейлік пен келісімді, татулықты сақтау.

Кенеттен, дүрдараздық орын алған жағдайда мекемедегі «Ғылыми-сараптамалық», «Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс», «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімдері және өңірлік ҚХА Этномедиация орталығы мамандары, сарапшылары өз міндеттерін жақсы біледі, алдын алып отырады. Тараз қаласындағы және этностар жиі шоғырланған аудандар, ауылдық округтерде этносаралық алауыздық, «араздық тілін» болдырмау, тілдік-нәсілдік кемсітуге жол бермеу, яғни, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу мен өңір азаматтары құқықтарының теңдігін қамтамасыз етуде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Оған басты қолдаушы екі ірі жоба – «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені» жобалары себепші.

Мәселен, жанжалды қатынастарды шешу стратегиясы, оның алдын алу әдістері, себептерін анықтау, жастармен жұмыс жасау қимылдарына жоғарыда аталған бөлімдермен қоса, өңірлік ҚХА аналар мен ақсақалдар кеңестері де атсалысады. Мысалға, олар мектеп әкімшіліктеріне көмек ретінде ата-аналармен кездесуде құқық қорғау органдары прокуратура, полиция департаменті мамандарының және әр аудандағы медиаторлар пулы көмегін басшылыққа алады.

Сондай-ақ, ұлты, нәсілі, дініне қарамастан ҚР Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу, әсіресе туды заңсыз қолдану тәрізді этносаралық қатынастарға нұқсан келтіретін қолайсыз жағдайлардың алдын алу мақсатында әлеуметтік-зерттеулер, сауалнама жүргізу, жеке жиналыстар, басқосулар, дебаттар ұйымдастыру арқылы тереңдетілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілмек.

«ӨКІНІШТЕР МАҒАН ҚАЗІРГІНІҢ ҚАДІРІН БІЛУДІ ҮЙРЕТТІ»

– Көпшілік сізді әрі ұстаз, әрі мәдениет саласының білікті маманы ретінде жақсы таниды. Түрлі салаларда жүре отырып жинаған өмірлік тәжірибеңіз бүгінгі басқарып отырған салаңызға септігін қалай тигізіп жатыр?

– Иә, менің өмір жолым тек бір саламен шектеліп қалмады. Ұстаздық – менің жүрегіме ең жақын, өмірлік миссиям – жастарға үлгі болу, әр адамға жеке жол табуды, олардың мүмкіндіктерін ашуды үйрету болса, мәдениет саласы жанымды байытып, шығармашылыққа жол ашқан маңызды кеңістік болды. Мұндағы қызметім маған ұйымдастырушылық, креативтілік пен халықпен етене араласу қабілетін дарытты. Осы екі саланың тоғысқан тұсы менің дүниетанымымды кеңейтіп, адаммен жұмыс істеу қабілетімді арттырды.

Бүгінде басқарып отырған саясат саласында дәл осы жинаған өмірлік тәжірибелерім өзіме де, өзгеге де мол пайдасын тигізіп жатыр. Әрбір басқан қадамым, атқарған ісім – бүгінгі қызметімнің кірпіші болды десем артық айтпаймын. Тәжірибем мен алған сабақтарым бүгінде дұрыс шешім қабылдап, сапалы жұмыс істеуге үлкен септігін тигізіп келеді.

– Баршаға белгілі, Шу өңірінің тумасысыз. Тұлға болып қалыптасуыңызға туған жеріңіздің, отбасыңыздың, ата-анаңыздың әсері қалай болды?

– Иә, мен – Шу өңірінің тумасымын. Бұл мен үшін тек географиялық мекен емес, рухани өзегім, тұлға ретінде қалыптасуыма негіз болған қасиетті жер. Шу даласының кеңдігі, адамдардың дархан көңілі мен еңбекқорлығы менің бойымда да игі қасиеттерді қалыптастырды.

Білім жолымда өзім мақсаттаған, көздеген оқудың екі-үшеуін еңсердім. Жамбыл педагогикалық институтын, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі екі жоғары – «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті», «Қызмет көрсету саласының маманы» мамандықтары бойынша алған білімдерімнің пайдасы өзіме зор болды. Сондықтан, адам алдына мақсат қоя білу керек те, соған жетуге тырысу керек. Ата-ананың тәрбие нәрімен келген өрелік кез келген жанның қарапайымдылығын, моральдық жағынан ұстамдылығын, ұлағаты мен біліктілігін, адалдығы мен жауапкершілігін қалыптастырады.

Ата-анам маған еңбекте озат болуды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін жақсы үйретті. Әкем – таза еңбекпен шыңдалған адам еді, анам – мейірім мен төзімділіктің, сабыр мен сыпайылықтың үлгісі болды. Олардың әрбір сөзі, әрекеті – менің өмірлік бағдарыма айналды. Сондықтан да болар, туған жерім мен отбасым – менің рухани тірегім. Қайда жүрсем де, Шу өңірінің иісі мені өзіне тартып тұрады. Сол жерден алған тәрбие мен құндылықтар менің бүгінгі болмысымды қалыптастырды. Әрі қарай да өмірлік шамшырағым болып қала бермек.

– Жуырда 60 жасты алқымдадыңыз. Өткенге бойлап, жүріп өткен жолыңызға үңілсеңіз, түрлі соқпақтар мен сүрлеуден өткеніңізді байқайтын боларсыз?  Осы саналы ғұмырыңыздың қалтарыс-бұлтарыстарында сізді не өсірді? Неге қатты қуанасыз? Неге қатты өкінесіз?

– Адам ғұмырындағы екі 30 жас – аз уақыт емес. Артыма қарасам, әрбір кезеңнің өзіндік сынағы, қуанышы, өкініші мен жеңісі бар екен. Әрбір сәтсіздік маған жаңа нәрсе үйретті. Әрбір жетістік алдыға нық сеніммен жылжуға көмектесті. Жақындарымның қолдауы маған деген сенімі мені әрдайым алға жетеледі. Неге қатты қуанамын? Қуанышым – жанашыр жақындарымның амандығы, отбасым – қызым-қызғалдағым Малика. Өмірде адал еңбектің дәмін татқаным үшін қуанамын. Неге қатты өкінемін? Өкініш те жоқ емес, өмір болған соң. Кейбір сәттерде батылдық жетпей, мол мүмкіндіктерді жіберіп алғаным бар. Бірақ, сол өкініштер маған қазіргінің қадірін білуді үйретті.

– Өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғамға осы уақытқа дейін не бердіңіз? Келешекте не бергіңіз келеді?

– Мен өзімнің игі істеріммен қоғамға пайда тигізуге тырыстым. Жүрген жерімде айналамдағы адамдарға жылылық сыйлап, шама келгенше көмектесіп, еңбектерін бағалап, жүректеріне қуаныш сыйлай білгенім, жақын-алысқа деген жанашырлық пен әріптестер, достарыма деген адалдық мол ризық боп қайтты өзіме. Әлі де болса, өзімді күннен күнге дамыту арқылы қоғамға көбірек пайда әкелемін деп сенемін. Алда не бергім келеді? Алда мен қоғамға нақты осы бір саясат саласында ғана емес, білім-ғылым, мәдениет саласында да әсіресе, мына жастарға пайдам тисе екен деймін. Қоғамдық келісім мен Ассамблея деген уникум институттың аясында мамандарға, әсіресе жалындаған жас мамандарға шабыт беріп, оларды өз мүмкіндіктерін іске асыруға итермелейтін дәнекер, өмірлік білікті ұстаз боп, тәжірибе, біліміммен бөліссем деймін, бар-жоғы – осы ғана. Мақсатым – қоғамда бір жақсы өзгерістердің бастамашысы, не қостаушысы болып жақсы ізімді қалдыру.

– Ашық әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here