Мемлекеттік қызмет: сенім мен жауапкершілік

0
811

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің негізін құрайтын маңызды салалардың бірі. Ол – қоғам мен билік арасындағы байланыс көпірі, халықтың сенімі мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтың көрінісі. Мемлекеттік қызметші – жай ғана лауазым иесі емес, ол – ел тағдырына, халықтың әл-ауқатына ықпал ете алатын жауапты тұлға. Сондықтан бұл салада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікпен қатар, биік сенімге ие болуды да талап етеді.

Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл салада жұмыс істейтін әрбір қызметкер өз әрекеттерімен халықтың сенімін нығайтуға, мемлекеттің абыройын арттыруға ұмтылуы тиіс. Халық мемлекеттік қызметшіден адалдық, әділеттілік, ашықтық пен кәсібилік күтеді. Себебі, олар қабылдайтын шешімдер мен атқаратын істер елдің дамуына, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

Сенім – мемлекеттік қызметтің тірегі. Ал сенімді қалыптастыру оңай шаруа емес. Оған тек уақыт пен адал еңбек арқылы қол жеткізуге болады. Мемлекеттік қызметкердің бір ғана қателігі немесе жауапсыз әрекеті бүкіл мемлекеттік органдарға деген халық сенімін әлсіретуі мүмкін. Сондықтан бұл салада жүрген әрбір адам өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, заң мен ар-ожданды басшылыққа алуы қажет.

Жауапкершілік – мемлекеттік қызметтің тағы бір маңызды қағидаты. Қызметкер қабылдаған әрбір шешім, жасаған іс-әрекет белгілі бір деңгейде азаматтардың өміріне, қоғамның дамуына әсер етуі мүмкін. Мысалы, бір құжаттың уақытында дайындалмауы немесе дұрыс шешім қабылданбауы кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына әкелуі ықтимал. Сондықтан мемлекеттік қызметкер тек заңдарды біліп қана қоймай, өз саласында кәсіби тұрғыда үнемі дамып, халықпен тиімді қарым-қатынас орната білуі керек.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында көптеген реформалар жүзеге асырылуда. Меритократия қағидаты, ашық конкурс арқылы жұмысқа қабылдау, мемлекеттік қызметті цифрландыру – мұның барлығы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, қоғам тарапынан сенімді күшейтуге бағытталған. Бұл өзгерістердің барлығы – азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, мемлекеттік аппараттың сапалы қызмет көрсетуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар, жастарды мемлекеттік қызметке тарту – болашақтың берік негізін қалау деген сөз. Жас мамандардың жаңа идеялары, белсенділігі мен жаңашылдығы мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға серпін береді. Алайда, мемлекеттік қызметке тек дипломы бар болу жеткіліксіз. Нағыз мемлекеттік қызметші – ол адал, білімді, еңбекқор, отансүйгіш және жауапкершілігі жоғары адам болуы керек.

Қорытындылай келе, мемлекеттік қызмет – сенім мен жауапкершілікке негізделген маңызды сала. Мемлекет пен халық арасындағы сенімді қарым-қатынас осы қызмет арқылы қалыптасады. Сондықтан мемлекеттік қызметкердің әрбір сөзі мен ісі қоғамда үлкен маңызға ие. Ел мүддесі үшін адал еңбек ету – бұл нағыз азаматтық парыз. Мұндай жоғары міндетті атқаруға тек өз ісіне шын берілген, моральдық тұрғыдан берік тұлғалар ғана лайық.

Ахетов Абай Ханиұлы,
Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық
Департаментінің электрондық
депозитарий бөлімінің басшысы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here