Мамыражай мамырдың соңында әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік қонақтар Сарыарқа төсінде бас қосты. 2025 жылдың 29-30 мамыр күндері Қазақстанның бас қаласы – Астанада әлемдік саясаткерлер, сарапшылар мен бизнес көшбасшыларының қатысуымен Астана халықаралық форумы өтті. Маңызды іс-шара «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» (Connecting Minds, Shaping the Future) тақырыбына арналды.
Форум жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалық етуімен басталды. Мемлекет басшысы жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті.
«Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс. Біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек. Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын. Бұл форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын. Баршаңызды мазмұнды диалог орнатуға шақырамын», – деді өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сыртқы саясат пен халықарлық қауіпсіздік, энергетика және климаттың өзгеруі, экономика мен қаржы бағытын қамтыған форумда Руанда Республикасының Президенті Пол Кагаме, Солтүстік Македония Республикасының Президенті Гордана Сильяновска Давкова, Жаһандық жасыл өсу институтының (GGGI) Президенті және төрағасы, Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) 8-бас хатшысы Пан Ги Мун, Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе, Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) бас директоры Цюй Дунъюй, Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) бас директоры Эми Э. Поуп, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) бас директоры Каха Имнадзе, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі және Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Дарен Танг сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Руанда Республикасының Президенті Пол Кагаме сыртқы одақтастармен бірігу ішкі серіктестікпен бірге жүруі керектігін атап өтті.
«Бейбітшілік пен қауіпсіздік біз үшін аса маңызды. Экономикалық бейімделгіштікті нығайту және өңірлік интеграцияны дамыту біз үшін аса маңызды. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты жүргізу өзара құрметті нығайта түседі. Бұл қағидаттар жаһандық экономикаға өз үлесін қосады», – деп ой бөлісті Пол Кагаме.
Ал Солтүстік Македония Республикасының Президенті Гордана Сильяновска Давкова бірлесе отырып осы дәуірдің проблемаларын шешуге болатындығын тілге тиек етті.
«Адам ойы – жарықтан да жылдам. Біз тек ұжымдаса әрекет ету арқылы заманауи күрделі мәселелерді шеше аламыз. Қазір біз Ахмет Давотаоглу «жүйелі жер сілкінісі» деп сипаттаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Геосаяси тұрақсыздық пен соғыстан кейінгі тәртіп үнемі шайқалып тұр. Бұл әлемдік басқару жүйесінің іргесін сілкінтіп жатыр, – деді Гордана Силяновска Давкова.
Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумы – әлемдік деңгейдегі маңызды пікірталас алаңы. Биылғы іс-шараға 7 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Екі күнге созылған форумда Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер қатысты. Форум бағдарламасы аясында 40-тан аса панельдік сессия өтіп, онда мемлектаралық ынтымақтастық, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегі талқыланды. Ауқымды іс-шарада 100-ден астам шетелдік БАҚ өкілдері ақпарат таратып, 120-дан астам волонтер қызмет көрсетті.
Тобықтай түйін
Астана халықаралық форумы еліміздің халықаралық аренадағы рөлін нығайтып, жаһандық мәселелерді шешуде көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті. Бұл алаңда талқыланған мәселелер мен қабылданған шешімдер алдағы уақытта әлемдік саясат пен экономикаға ықпал ететіні сөзсіз. Қазақстанның осы бағыттағы белсенділігі мен көшбасшылығы халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланбақ.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН