Қаратаудан Қызылжарға ағылған көш

2
12830

Күні кеше ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова көші-қон процестерін іске асырудағы мемлекеттік шаралар мен тетіктерге қарамастан өңірлердегі көші-қон мәселелері толық шешілмей отырғанына алаңдаушылық білдірді. Айгүл Жарылқасынқызының мәліметінше, соңғы бес жылда елден 189,7 мың адам көшіп кетсе, 70,9 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралған, яғни айырмашылық 118,8 мың адамды құрады. Осыған байланысты сенатор ел аумағының біртұтастығы үшін оңтүстіктен солтүстік аймақтарға бағытталған көші-қон үрдісін жалғастыру керектігін баса айтты. Өйткені, еліміздің солтүстігі мен шығысында демография мәселесі өткір күйінде тұр. Мысалы, отыз жылда Шығыс Қазақстан облысының халқы 393 мың адамға бір-ақ кеміген.

АЯҚТАЛМАҒАН КӨШ

Негізгі әлқисса тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның орталық, шығыс және солтүстік облыстарында халық санының күрт төмендеуінен басталды. Себебі, орыс, неміс, украин сияқты өзге ұлттар тарихи елдеріне жаппай көше бастады. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында 1990-2020 жылдары халық саны 393 мың адамға азайғанын жоғарыда жаздық. Шығыстан 30 жылда 420 мыңдай орыс көшіп кеткен. Оған атамекендеріне қоныс аударған неміс, татар, украиндарды және қосыңыз. Яғни, тәуелсіздік алған жылдары бұл өңірде қазақтың саны 140 мыңға артпағанда, онда жер көлемі 100 млн халық тұратын Филиппинге жетеқабыл облыста демография мәселесі одан бетер күрделене түсер еді.

Енді шығыстан орталыққа ойысайық. Жер көлемі Иракқа жететін Қарағанды облысының халқы 1989 жылы 1,7 млн адамнан асса, қазір бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға жетпейді. Еліміздегі жер көлемі ең үлкен облыста тура Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай. Отыз жылда орыстардың саны 330 мыңға, немістердің саны 130 мыңға, украиндардың саны 90 мыңға азайған, ал қазақтар 260 мыңға көбейген.

Солтүстік Қазақстанның төрт облысында да демографиялық жағдай мәз емес. Айталық, отыз жылда халық саны Солтүстік Қазақстан облысында 360 мыңға, Қостанай облысында 350 мыңға, Ақмола облысында 320 мыңға, Павлодар облысында 190 мыңға кеміген. Бір қуаныштысы, отыз жылда осы төрт облыста қазақтың саны еселеп артқан.

Осылайша, еліміз азаттық алған тоқсаныншы жылдары орыс, неміс, украин ұлттары тарихи отандарына жаппай қоныс аударды. Мысалы, 1989-1999 жылдардағы статистикаға қарасаңыз, бар болғаны он жылда Қазақстанда орыстардың саны 1,8 млн-ға, немістердің саны 600 мыңға, украиндардың саны 380 мыңға азайғанын көресіз. Екі мыңыншы жылдары бұл көштің саябырсығаны рас. Бірақ, көш аяқталмады. Отыз жыл бұрын елімізде млн-ға дейін жеткен немістердің қазір 176 мыңы, украиндардың 263 мыңы ғана қалды. Орыстар да жылдан-жылға азайып келеді.

Биыл қаңтардан наурызға дейін 7,3 мың адам Ресейге қоныс аударған. Ал, былтыр бір жылдың ішінде осы сан 45,2 мың адамға жеткен. Бұл 3,5 млн этникалық орыс тұратын Қазақстаннан жыл сайын олардың 1%-дан астамы тарихи отанына ат басын бұрады деген сөз. Оған бір себеп, Ресей Федерациясында этникалық орыстарды тарихи отанына көшіру бағдарламасы бар. Былтырдың өзінде Ресей үкіметі 161 мың қандасына азаматтық берген.

Елімізден 2015-2020 жылдар аралығында көшіп кеткен 189,7 мың адамның 60%-ын солтүстік-шығыс өңірлердегі азаматтар құрайды. Оның үстіне бұл өңірлерде бала туу көрсеткішінің төмендігі және бар.

ТҮСТІКТЕН ТЕРІСКЕЙГЕ

Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс өңірінде халық саны кемісе, ал оңтүстік пен батыста керісінше халық саны артты. Мәселен, еліміздің батыс пен оңтүстік өңірлерінде халық саны отыз жылда 3,5 млн адамға көбейген. Демек, еліміздің батысы мен оңтүстігінде (салыстырмалы түрде) халық тығыз орналасқан, ал орталық, шығыс, солтүстік аймақтарда халықтың жаппай көшуінің салдарынан аудан, ауылдар қаңырап бос қалды. Соның бәрін қайтадан қалпына келтіру әрі демография мәселесін шешу мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған оңтүстіктен солтүстікке ерікті қоныс аудару бағдарламасы қабылданды.

Қазақстан Үкіметі 2013 жылы қабылдаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасында жұмыс күшіне тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру туралы егжей-тегжейлі айтылған. Әр облыс аталған бағдарлама негізінде жоспар құрып, оған атсалысқандықтан күн санап оңтүстіктен солтүстікке көш түзегендердің саны артып келеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізген. Соның нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру қажеттігін анықтаған. Солтүстікке қоныс аударуға ниетті адамдардың басым бөлігі – 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар.

Сонымен қатар, Қазақстанға оралған қандастарымыз да азаматтық ала салысымен аталған бағдарламаға ерікті түрде қатыса алады.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

Оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды ынталандырудың жаңа бағыттары енгізілген. Бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланады. Республикалық бюджеттен бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 35 айлық есептік көрсеткіш, бұл 97,2 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аударғандарға 48,1 мың теңге төленсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 60,1 мың теңге, ал бес немесе одан да көп болса 72,1 мың теңге төлеу қарастырылған. Ауылдық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойында ай сайын 36 мың теңге беріліп отырады. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 43,2 мың теңге, бес не одан да көп болса 50,5 мың теңге материалдық көмек көрсетіледі. Ал, бара сала баспана сатып алғысы келетіндер осы қаражаттың бір жылдық ақысын бірден алып, үй сатып ала алады. Басты талап – отбасындағы кем дегенде бір адам жұмыспен қамтылуы керек. Бұл үшін жұмысты жергілікті билік, яғни елдімекендердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазу қажет.

Жергілікті атқарушы билік еңбек жасындағы бір азаматты жұмыспен қамтуға міндеттелген. Мамандығы жоқ отбасы мүшелеріне тегін орта кәсіби білім беріледі. Қоныс аударушылардың балалары болса, балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Сондай-ақ, мал және егін шаруашылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетін жандарға қалаған мөлшерде жер телімі Үкімет тарапынан тегін беріледі. Ал, бизнес жоспар ұсынған азаматтарға 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие беріліп, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жолдама алады.

Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарында грантпен оқу мүмкіндігі қарастырылған.

ҚҰТТЫ ҚОНЫС

Қазақстан Үкіметі қоныс аударушылардың шығу өңірлерінің Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары екенін анықтаса, қоныс аударушыларды қабылдау өңірлерінің Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан басым екенін айқындады. Бертінгі 10 жылда оңтүстік аймақтардағы халықтың саны жыл сайын 2%-ға көбейіп, халқының тығыздығы бойынша 6,4 шаршы шақырымға 1 адамнан келіп отырған.

2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша солтүстік-шығыс өңірлерге 1 402 отбасы қоныс аударған. Әр отбасында 3-4 кісіден. Нақтыласақ – 4 826 адам.

Үкімет 2018-2022 жылдары аралығында 59 мың отбасын солтүстікке көшіруді жоспарлап отыр. Соған орай 2018 жылы – 7 100, 2019 жылы – 6 962 адам көшірілді.

Айта кетейік, бағдарламаға соңғы бір жылда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тіркеуде тұрмаған азаматтар және шет ел азаматтары қатыса алмайды. Сондай-ақ, жалғыз өзі баруға бел буған адамның белгілі бір мамандық бойынша дипломы болмаса, оған қатысуға рұқсат жоқ. Егер отбасымен баратын болса, онда отбасындағы бір азаматта міндетті түрде диплом болуы  керек. Солтүстіктің суық ауа райына үйрене алмаған оңтүстіктен қоныс аударған жандар кері қайтамын деген шешімге келсе, келісімшарттарының мерзімі аяқталған жағдайда ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Ал, бағдарлама бойынша құжаттарын рәсімдегендер келісімшарттың мерзімі (6 ай немесе 1 жыл) бітпейінше, кері қайта алмайды. Келісімшартты бұзған азаматтар жолға жұмсалған және мемлекеттен алған барлық қаражатты соңғы тиынына дейін қайтаруы тиіс.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда жазғанымыздай, Алатау мен Арқаның, күнгей мен теріскейдің арасын жалғаған бір уыс қана қазақтың қозғалған көшінің көлікті әрі көрікті болуы үшін сенатор Айгүл Қапбарова қоныс аударушыларға тұрғын үй берудің нақты тетігін пысықтау және «бір терезе» қағидаты бойынша деректердің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу қажеттігін айтып, бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін беруге тоқталып, баспана салуға жеңілдетілген несие беру керектігін де атап өтті. Өйткені, қазіргі таңда халықты көшіру процесі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының бір бөлігі ғана. Бұл бағдарлама қоныстандыру барысында туындайтын міндеттер мен мәселелердің барлық спектрін қамтымайды, «Бастау Бизнес» бағдарламасының бағыты кәсіпкерлікті, әсіресе, қоныс аударушылар өнімді жұмыс істей алатын ауыл шаруашылығы және АӨК саласындағы даму мәселелерін қажетті шамада шешпейді. «Өңіраралық көші-қон процесінде жас отбасыларға елеулі көңіл бөлініп, мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері жүзеге асырылса, Қазақстан жастарының шетелге көшіп кетуінің қазіргідей өсуі жағдайында бұл пәрменді шара болып табылады», – дейді Айгүл Жарылқасынқызы.

Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ, саяси шолушы

2 Пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here