Жағымпаздық күрделі лабиринтке айналып барады

0
3924

Қазір жан дегендегі жалғыз досыңа бірдеңе деп айту үрейлі болып барады. Бастық не айтса, құлдық ұрушылар да көбейді. Қорқынышты. Әсіресе, жағымпаздық қоғам өмірінің барлық саласын жайлады…

Жағымпаздық қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналған елде адамдардың жеке драмасы мен трагедиясы кең өріс алатыны сөзсіз. Оның орын алуы мен дәлелдері түрлі кейіптерде көрініс тауып жүр. Әсіресе, қоғамдық ортада ол айрықша анық байқалуда. Осының салдарынан өткен ғасырда көп жапа шеккен бір халық болса, ол – қазақ халқы.
Бүгінгі халық тұрмысының тұралануы да сол жандайшаптылықтың «арқасы». Мүлтіксіз бас изеудің «жемісі». Басшы не айтса да, бас шұлғудың ықпалы. Мұндай құлдығы жоқ елдер баяғыда аспандап кеткен. Бұл «басшыға қарсы шық» деген белгі емес, ол «өз пікіріңді білдір» деген емеурін. Бір мысал: Гоминдан Үкіметінің басшысы Шан Кай Ши (1887-1975) бірде Үкімет мүшелерін жинап алып, қатты ашуланыпты. Әңгіме ауаны мынаған саяды: «Мен не айтсам да бастарыңды шұлғи бересіңдер. Мен сендерге сонда ақшаны не үшін төлеймін? Мен де адам баласымын, жаңылысуым мүмкін. Ал сендер мені түзетудің орнына бастарыңды шұлғисыңдар да отырасыңдар. Маған сын айтатын, түзетіп отыратын адамдар керек». Осыдан кейін өзара сын артып, Үкіметтің жұмысында ілгері басушылық өрістепті.
Бұл жөнінде данышпандарымыз да айтып кетіпті. Бірақ, ол өзімізге таяқ болып тиді. «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», – деп ұлы Абай (1845-1904) айтқандай, осының зардабы кешегі асылдарымызға көп зиянын тигізіпті-ақ. Содан қаймығып қалған бас әлі қаймығатын сыңайлы. Бірақ, бәрін бір сызыққа салып, дүрелемесек болды. Әйтсе де, мәселені қайсар ұлыларымыздан бастасақ.
Ұлтының кеудесін бастырмау жолында жауына да дес бермеген Мұстафа Шоқайдың (1890-1941) мына бір ерлігін айта кеткенді жөн көрдік. Ұлы қайраткер Еуропа елдерінде Қазақ ұлтының бостандығы туралы саясат жүргізіп жүрген бір сәтінде оны Ұлыбританияның ықпалды саясаткері, ағылшын лорды жеке қонағы ретінде үйіне қонаққа шақырыпты. Келісілген уақытта Мұстафа Шоқай лордтың үйіне келсе, оны есік алдындағы көмекшілері: «Бұл үйге үндістандықтардың кіруге қақысы жоқ», –деп кіргізбепті. Сонда Мұстафа Шоқай: «Мен үндістандық емеспін. Мен түркістандықпын!» – деп жауап беріпті. Осы сөзді есіткен көмекші кешірім сұрап, оған ішке кіруін өтінгенде Мұстафа Шоқай: «Үндістандықтар кіруге болмайтын үйге түркістандықтар да кірмейді. Ұлтты алалап бөлетін, шығыс халқын кем санайтын үй – мен жүретін жер емес», – деп есікті қайыра жауып кетіп қалыпты. Ертесіне ағылшын лорды Мұстафа Шоқайға келіп, орын алған жағдай үшін кешірім сұраған көрінеді.
Міне, қайсарлық! Бұл қанға сіңісті мінез болса керек-ті.
Тағы бір мысал. «Кезінде «Димекеңе пенделік бір қыжылы болды ма екен, кім білсін, әйтеуір елде біреулер қызынып, Желтоқсан оқиғасын Қонаев есімімен байланыстырып, қатты қаралап сөйлеп жатты. Ол кезде Көкшетау обкомының бірінші хатшысы едім, жеті-сегіз адамнан кейін мен де мінберге шығып сөйлеп: «Бір мәселені қайта-қайта көңірсіте берудің қажеті не?! Одан да өз жұмыстарыңыздың нәтижесін баяндауға ша-қырамын» дедім. Бұл сөз жаңа басшылық пен оның сойылын соғатындарға жақпайтынын біле тұра солай айттым. Осы сөзім әсер етіп, менен кейін шығып сөйлегендер Желтоқсан оқиғасын ауызға алған жоқ. Есесіне, сол 1987 жылғы жазда болған пленумда Г.Колбин Димекеңнің есімін біржолата құртпақ болып, оның жеке басының мәселесін қарау туралы ұсыныс көтереді. Бұл – Димекеңді партиядан шығару үшін бастауыш ұйымға тапсырма беру, ондағыларға иттей талатып, барлық атақтарын алып, абыройдан жұрдай қылу деген сөз еді. Осы жерде де сөйлемей қалуға менің арым жібермеді. «Күн тәртібі бойынша қандай ұсыныс бар?» дегенде, бірінші болып сөз алып: «Қонаевты бұлай қудалау оның елге сіңірген барлық еңбегін жоққа шығару болып табылады, мұнымыз әділетсіздік. Мен мұндай күн тәртібімен келіспеймін. Қонаевтың ісін осымен үшінші рет қарағалы отырмыз, бұл қиянат болады, күн тәртібінен осы мәселені алып тастауды ұсынамын» дедім. Барынша майдалап, жұмсартып айтқанымның өзі осы болды. Өлі тыныштық орнады. Ешкім тырс етпеді. Біраздан соң есін жиған Колбиннің: «Отырыңыз», – деген сөзге ғана әлі жетті. «Шешінген судан тайынбас» деген мен «Ұсынысымды дауысқа салыңыз» дедім. «Салынады! Отырыңыз!» деді ол жекіріңкіреп. «Сосын тағы кім сөйлейді?» дегенде, Шығыс Қазақстан обкомының бірінші хатшысы В. Милкин шықты. Ер мінезді жігіт екен, ештеңеден тайсалмай «Мен Сағдиевті жүз процент қолдаймын» деді. Одан басқа ешкім сөйлеген жоқ. Сөйтіп, ұсыныс дауысқа түскенде төрт-ақ адам қарсы болып, «Қонаевтың ісі» қаралмайтын болды», – депті Мақтай Сағдиев (1929-2012) ағамыз бір сұхбатында.
Міне, азаматтық!
Дінмұхамед Қонаев (1912-1993) орнынан түсіп, Геннадий Колбин (1927-1998) келгенде «Мен осы өзгерісті қанша жыл күттім» деп оның алдына барып бас ұрған қазақ қаламгерлерін де білеміз. Ал, сол тұстары ұйғыр жазушысы Хизмет Абдуллиннің (1925-1986): «Ұят болды. Ертең қазақ халқының бетіне қалай қараймыз? Кеше біздің бір топ ұйғыр Колбиннің алдына барып: «Біз қазақ ұлтшылдарының табанында тапталған ұлтпыз. Қонаев тұсында көрмеген қорлығымыз жоқ. Бізге оң көзіңізбен қарасаңыз екен» деп арыз айтыпты!» – деп қатты ренжігенін де білеміз.
Сол жылдары Колбиннің алдын босатпай, онымен ауыз жаласып, достасып алғандар қаншама болды? Колбин сол жылдары Жазушылар одағына екі рет келді. Қанша дегенмен, арты қуыс адам ғой, жазушылардан қатты қаймығатын. Сол кездесулерде оған екі жазушы мықтап тойтарыс берді. Олар Жұбан Молдағалиев (1920-1988) пен Сафуан Шаймерденов (1922-2007) еді.
Жұбан ағамыз әлі суып үлгермеген Желтоқсан қозғалысы жайында айта келіп: «Мен – кешегі майдангермін. Октябрь төңкерісіне 70 жыл толайын деп тұрғанда Алматы көшелерінде қазақтың ұл-қыздарының қарулы әскер тарапынан соққыға жығылып, итке таланғанын көргенше, осыдан 45 жыл бұрын майданда оққа ұшқаным әлдеқайда артық еді. Өз басым соған өкінемін!» – дегені халықтың әлі есінде.
Ал, Сафуан аға жаңа басшыға қаратып: «Сіз Қазақстанға келгелі жұртшылықпен жиі кездесіп жүрсіз. Оны теледидардан бізде қарап отырамыз. Сонда байқағаным, Сіз осы жұртшылықтың алдында неге ыржыңдап күле бересіз? Көпшілік Сізге мазақ па? Әлде халықты балаша алдағыңыз келе ме? Осыған жауап берінізші?» – депті.
Күтпеген сұрақтан Колбин қатты қысылған көрінеді. Бұл да батырлық!
Қонаевқа қатысты әңгіме мұнымен бітпейді, ол әлі де жалғаса түседі.
Кезінде Целиноград облаткомының төрағасы, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған асыл азамат Қасым Тәукенов (1934) ағамыз да бізге беймәлім бір сырды ашыпты: «…бірде жұмыс орнымда отырсам, облыстың аң-балық аулау қоғамының төрағасы Ф.Ф.Кунцевич «Қасым Аппасұлы, Орталық Комитеттен «Д.А.Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов соңғы жылдары қанша қаз, үйрек атып әкетті?» деп хат жазып, сұрау салған екен. Мен мынадай жауап жаздым, қарап шығыңызшы. Ондай лауазымы жоғары жерге хат жазып көрген адам емес едім», – деді. Оқып қарасам, сұрау салғандардың ойынан шығып тұр. «Үлкен кісілердің үстінен былай жазу әдепсіздік, ұят болады!» деп, мәтінін өзгертіп: «Дүйсетай Бекежановтың құс атуға келгені рас. Былтыр Жоғарғы Кеңестің депутаты бола тұрып, өз қаражатын төлеп, Мәскеу рейсінің ұшағымен ұшып келді. Бірақ, күн ашық болып, қаз-үйректер биік ұшқандықтан ол кісі тиісті күнделік нормасын да атып ала алмай кетті. Ф.Кунцевич» деп қолын қойып жіберткіздім.
Тағы бірде орталықтан телефон арқылы: «Сіз Атбасарда көп жыл қызмет атқардыңыз ғой. Д.А.Қонаев қайын атасының басына гранит-мрамордан ескерткіш орнатқаны рас па?» – деді.
Мен: «Осы ескерткіш жөнінде түрлі алып-қашпа қауесеттің жүргеніне көп болды. Ұят емес пе! Өлген ата-аналарымыздың басына ескерткіш белгі қоймасақ, біздің кім болғандығымыз? Басқалардікінен айырмашылығы жоқ ескерткіш тұрғанын көзім көрді. Онда тұрған не бар?!» – дедім. Сөз сонымен тынды.
«Құдай-ау, жоғары жерде отырған Колбиннің айналасындағылар үш ұйықтасаң ойлап таба алмайтын осындай да сорақылыққа барады екен-ау» деп таңқалдым».
Міне, шыншылдықтың үлгісі!
Біз бұларды неге қайталап отырмыз? Жақсы, үлгі ететін нәрсені қайталап отыру керек. Себебі, ұрпақ алмасуда, екіншіден, адам жады ұмытшақ болып барады, ол сондықтан қымбат бізге.
Жағымпаздық – әлеуметтік құбылыс қана емес, саяси ойын ережесіне ұласып, биліктің кей эшелондарын жайлаған жағымпаздықтың жықпылдары күрделі лабиринтке айналып барады. Қазір басшы алдында «Аяғыңызға басымызды иеміз. Сіз қызметке келгелі көзіміз ашылып, көсегеміз көгерді. Айлықты мезгілінде алатын болдық», – деушілер тобы көбейді.
Жағымпаздық атты қоғамдағы дерт барлық елдерде бар. Бірақ, ол біздің елде кең таралып бара жатыр. Қазір жағымпаздықпен марапаттарға, лауазымды қызметтерге ие болып отырғандар көбейіп келеді.
Арамызда «Дүниежүзілік мәдениетке ана тілі арқылы барамыз» деушілерге дау айтушылар да көбейіп тұр. Тіл демекші, Ахмет Жұбанов та (1906-1968), Евгений Брусиловский де (1905—1981) өз естеліктерінде Темірбек Жүргеновтің (1898-1938) ана тілінде сөйлеуге байланысты принципті бағыт ұстанғаны, ұлт намысы дегенде жанып кететін мінезі барын айтады. Бірде Темірбек Жүргенов өз кабинетінде өнер адамдарын жинап, кеңес өткізіпті. Дені қазақ, орыс тілінде сөйлейтін екі адам (бірі – Брусиловский, екіншісі – Орлов) болыпты. Жүргенов бірден қазақша сөйлей бастапты. Бір кезде Орлов орнынан кетеріліп, өзінің қазақша білмейтіндігін ескертіп, мәжілісті орысша өткізуді ұсынса керек. Оған шыдамаған Темірбек Жүргенов: «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас? Қайда жүрген адамсыз? Сіз Қазақстанға келген екенсіз, жұмыс істегіңіз келсе, республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әнін орыс тілінде зерттейсіз бе?» – депті. Орлов үндей алмай қалыпты. Ал, Жүргенов мәжілісті қазақ тілінде жалғастыра беріпті. Біздің көбімізде осы өткірлік мінез жетіспейді-ау! Қазақ тілінің намысын көтеретін Жүргеновтер керек-ау әлі!
2007 жыл Путиннің Жарлығымен Ресейдегі орыс тілінің жылы болып жарияланды. Көршіміздің мұндағы бір мақсаты – орыс тілі жылын тек Ресейге қатыстырып емес, посткеңестік елдерге де таңып, гегемониялық амбицияларын тағы бір сілкіп алу еді. Әйтсе де, сонау 90-жылдардың басында ұлттық қайта өрлеу процесінің жолына түскен посткеңестік мемлекеттер алған бағыттарынан қайтпады. 2007 жылы эстондар «орыс тарихынан қалай болса да арыламыз» деп кеңестік заманнан қалған «азат етуші» әскердің ескерткішін өзге жерге көшірді. Украинада елді жаппай украиндандыру саясаты ерекше қарқынмен жүзеге асып келеді. Орыстар көп шоғырланған Қырым, Севастополь сияқты аймақтарда украин тілін дамыту үшін 9 миллион гривен жұмсалып, орыс тіліне «өңірлік статус» берілді. Ал, Грузияда орыс тілінің иісі де қалмай барады. Тіпті, Ресейдің Грузиядағы жаңа елшісі Вячеслав Коваленко: «Грузияға келіп, қатты налыдым. Мұндағы грузин жастарының басым бөлігі орысша білмек түгілі мүлдем түсінбейді», – деп дабыл қақты. Шынымен-ақ, ғасырлар бойы ұлттық салт-дәстүрлерге бекем грузиндер Кеңес Одағы құлағаннан кейін гегемониялық пиғылды орыс тілін дәлізден итеріп, есіктен шығарып салды.
Орыс тілі Латвияда оккупанттар тілі болып танылғаннан бері орыстілді мектептер жабылып, тіпті орыс азаматтарының аты-жөнін латыш транскрипциясында жазу дәстүрі қалыптасып қалды.
1991 жылы Баку қаласында Ресейге қарсы жаппай наразылық акциясынан кейін қалаға орыс әскерлері кіргізіліп, қарулы қақтығыстар орын алды. Нәтижесінде жүздеген жергілікті бейбіт тұрғындар қаза тапты. Осыған наразылық танытқан ел билігі Республикадағы барлық орыс мектептерін жауып тастады. Қазір бүкіл қалада ақылы түрде оқытатын бір ғана орыс мектебі бар көрінеді. Оның өзі дипломаттардың балаларына арналған мектеп. Одан Бакудің бір тасы да қирап қалған жоқ.
Кезінде батыс өңірдегі ата-бабаларымыз жоңғарлардың шенгелінде қалып бара жатқан Жетісуды жайдан-жай келіп қорғаған жоқ. Олар бүкіл қазақтың жерін біртұтас дене ретінде қарастырып, қызғыштай корғады. Бізде сондай идеология жоқ. Алматыдағылар Қостанайды, Тараздағылар Петропавлды мүлде білмейді, арада еш байланыс жоқ.
«Қазақтың жері менің жерім!» деген ұғым әрбір қазақстандықтың санасында бала кезінен қалыптасуы керек.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here