Жанар Сағатқызы: Миллиард ішіндегі бриллиант

0
8131

Бір ғасырдан астам бай тарихы бар «Qazaq» газеті әлемде тарыдай шашыраған 5 миллион қазақтың арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандарын тұрақты жазып келеді. Газетіміздің бүгінгі кейіпкері – Қытай Халық Республикасының киносүйер қауымын мойындатқан актриса әрі режиссер, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Жанар Сағатқызы.

Халықаралық дәрежеде танылған талант иесі, актриса, режиссер, тележүргізуші Жанар Сағатқызы Үрімшіде (Қытай Халық Республикасы) дүниеге келіпті. Ол бір жасқа толғанда ата-анасы қызмет бабымен ел астанасы – Бейжіңге қоныс аударады. Ата-анасының екеуі де – әдебиетші, педагог.
1960 жылы Бейжіңде мемлекеттік Қазақ радиосы өзінің жұмысын бастаған-ды. Осылайша, Қытайда тұратын аз ұлттар ішінен бес ұлттың тілінде (қазақ, ұйғыр, тибет, моңғол және корей) радио бағдарламалар ашылды. Сол кезде Жанардың ата-анасы Қазақ радиосының қызметкерлері болады. Әкесі Сағат Жайпақұлы Қазақ радиосының тұңғыш директоры атанады.
«Бір қызығы менің тілім қазақша емес, моңғол тілінде шығыпты. Күтушім – моңғол болды да, моңғолша тіл сындырыппын. Ол кісіден кейінгі күтушім ұйғыр болып, Бейжіңге келгенде ұйғырша ғана біліппін. Бейжіңде қытай балабақшаға бардым. Сөйтіп, моңғол тілім де, ұйғыр тілім де ұмыт болып, қытайша сөйлеп кетіппін. Алайда, ана тілімді сақтауға даланың дара қасиетінен басқа ең маңыздысы анамның мені отбасында қазақша сөйлетіп өсіргендігінде. 1-сыныпқа барған кезімнен бастап, анам үйде қазақша сөйлеуге талап қоятын. Оны үйретудің де талай амалдарын қолданды. Соның бірі – көне дастандарды әуендетіп оқу еді. Халық мақалдарын үйретіп, Абай өлеңдерін жаттататын. Анамның үйреткен «Жақсыны жақсы десе сақтанады, жаманды жақсы десе мақтанады» дейтін мақалы да әлі күнге менің сөздік қорымнан түскен емес», – деп балалық шаққа саяхат жасаған Жанардың қазақ тілін жақсы меңгеріп, ойын ешқандай іркіліссіз жеткізе алатынын ыстық ықыласпен айтуға міндеттіміз. Өйткені, топты жарып шыққан шетелдегі қандастарымыздың басым бөлігінің қазақ тіліне шорқақ, тіпті кейбірінің ана тілін білмейтінін көз көріп, құлақ естіп жүр.
Бұрнағы жылдары «Егемен Қазақстан» газеті Жанар Сағатқызын «Миллиард ішіндегі бриллиант» атапты. Расында да, аспан асты еліндегі 110 миллионнан астам 55 аз ұлттың (қазақ, манжур, дүнген, ұйғыр, таңғұт, моңғол, т.б.) ішінде Қытай киносында өзіндік қолтаңбасы бар Жанар ғана екенін зор мақтанышпен айтамыз.
Жанардың осы бір қиын да күрделі өнер жолын таңдауына «Тянь Шань» киностудиясы түсірген Үш аймақ төңкерісіне байланысты «Жетім қыздың махаббаты» атты тарихи кино себеп болыпты. Өйткені, аталған фильмде қандасымыз басты рөл Ғайнидың бейнесін сомдайды. Ал, ол кезде Жанар Бейжің мектебінде 10-сыныптың оқушысы еді.
«Ол да Ғайни сияқты қазақ қызы. Оның есіңнен кетпейтін әдемі аты бар, ол – Жанар. Бірақ, осы әсем есімнен де артық, көкейіңде мәңгі өшпей қалатыны оның қап-қара қос жанары. Осы қара көзді табу үшін әйгілі режиссер Гуаң Чунлан қаншама тентіреді десеңізші», – деп естелігінде қытай тілшісі Дай Жұңкай жазғандай, Ғайниға лайық қара көз қызды табу үшін режиссер Қанас көлінен мұзтауға дейінгі біраз өңірді шарлап шықса керек.
«Менің актерлік қызметім осымен тәмамдалды. Сол жылы оқуды бітірген менің алдымда екі таңдау тұрған. Бірі – Мемлекеттік Театр институтына оқуға түсу, екіншісі – ата-ана жолыменен әдебиет саласын таңдау. Бірақ, фильмге түсуім менің Театр институтына оқуға баруыма септігін тигізді», – деген қандасымыз 1987 жылы Бейжің театр институтының актерлік факультетіне оқуға түседі. Сол тұста Қытай үкіметі оқу озаттарын Кеңес Одағына білім алуға жіберетін еді. Бейжің театр институтында оқып жүргенде озаттар қатарынан көрінген қазақ қызы Ресейге жолдама алады. Осылайша, бағы жанған Жанар 1988 жылы Мәскеуге барып, орыс тілі курсын оқиды. 1989 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) бірінші курсына режиссер мамандығы бойынша қабылданады. Аталған институтты бітіріп, қолына дипломын алған қандасымыз Бейжіңге қайта оралады. Бір жылдан кейін Бейжің оны қайтадан аспирантураға аттандырады. Жанардың «Аптаның сегізінші күні» атты дипломдық жұмысы Мәскеуде өткен қысқаметражды фильмдердің «Әулие Анна» халықаралық кинофестивалінде жүлделі орынға ие болады.
Қытайға қайта оралған Жанар Сағатқызы бүгінде тәуелсіз режиссер қызметін атқарады. Жанардың режиссуралығымен ондаған фильм көрерменге жол тартты. Қытайда жылына 30-40 телесериал түсірілсе, соның ішінде Жанардың қолынан шыққан ерен туындылар ретінде 20 сериялы «Құрыш қалай шынықты?» мен 23 сериялы «Мао – қытай билеушісі» атты екі телесериал ерекше аталады. Бұның алғашқысы туралы Қытайдың көрнекті қаламгері Чүн Хуа ерекше ықылас білдірсе, екінші фильмі арқылы Қытай мем-лекеттік сыйлығына қол жеткізді.
Халық арасында үлкен сұранысқа ие болған ондаған туындыларды жарыққа шығарған Жанар Сағатқызы әдебиеттен де құралақан емес.
«Мен Мұқағалиды жақсы көремін. Ол менің бойтұмарым секілді үнемі жанымда жүреді. Содан шабыттанып, қуат аламын. Бір фильмді түсіру барысында маған ол кісінің тау туралы өлеңдері қатты әсер етті. Шығарманың шешіміне жақсы орайластыра алдым», – деп ағынан жарылған қандасымыз қазақ ақын-жазушыларын жақсы білмесе де, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларымен түгелдей таныс екенін жеткізді.
Жанар қазақ киносымен етене таныс еместігін айтады. Дегенмен, атағы жер жарған «Көшпенділер» фильмін көріпті. Бірақ, ел мақтаған «Көшпенділер» оның көңілінен шықпаған екен.
«Жанар түсірген қазақ киносын қашан көреміз?» дейтін Қазақстандағы ағайынның арман тілегі туралы Жанардың өзі былай дейді: «Қазақ киносын түсіру талайдан бері ойымда жүр. Бұл, әрине, оңай жұмыс емес. Оған ең алдымен жақсы сценарий, ұлт мүддесіне күйінетін, тәрбие көрген, шыңдалған әртіс болуы тиіс. Қыруар қаржы да қажет. Бұл шарттар толық әзірленбесе бәрі бос сөз болады. Ұлттық кино түсіру халық қалаулыларының, ұлт зиялыларының, елдік санасы жоғары азаматтардың атсалысуымен орындалатын шаруа».
Расында да, Жанар болашақта қазақ киногерлерімен бірлесіп фильм түсіруді де мақсат етіп жүр. Әзірге, қазақ киногерлерінен мұндай ұсыныс түсе қойған жоқ. Егер, ондай ұсыныс болып жатса Жанардың қуана қабыл алары даусыз. Ендеше, отандық режиссерлердің құлағына «алтын сырға»…

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here