Түркістан декларациясы – түркі әлемін жаңғыртудың негізі

0
2227

Бүгінгі таңда халықаралық саясатта Ұлы дала құндылықтарын бойына сіңірген түркі әлемін тануға деген қызығушылық артып келеді. Түркі халықтарының тарихы мен тағдыры – ортақ әрі тұтас әлем. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі – әлеуметтік ынтымақтастық құрылым ретінде өз беделін арттырып келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл ұйымды түркі әлемі кеңістігін жаңғыртуға үлкен жол ашатын әлеуметтік институт деп пайымдауға болады.

Әр жыл сайын өтетін саммиттерде жаһандану жағдайындағы түркі әлемінің әлеуметтік-экономикалық дамуының толғақты мәселелері қарастырылып, оны шешудің негізгі тетіктері көрсетіледі. Әсіресе, мәдени-рухани дамуға ерекше мән беріліп, жаңа жобалардың іргетасы қаланып, түркі  әлемінің әлемдік өркениеттегі орны мен рөлі туралы құнды зерттеулерге  даңғыл жол ашылуда. Мұның өзі түркі халықтарының бай мұрасын, ортақ рухани құндылықтар қазынасын толықтыра түседі. Түбі бір түркі халықтарының қарым-қатынасын жаңғыртып, мәдени мұраларына ерекше мән беру, оның мән-маңыздылығын түсіндіру зиялы қауымға үлкен міндеттер  жүктейді. Қаншама ғасырды басынан өткізсе де, көненің көмбесінде жатқан асыл қазынаны ғалымдар зерттеп-зерделеуі тиіс. Осындай өзекті мәселелерді қарастырған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті биылғы жылдың наурыз айының соңында өткен болатын. Бұл басқосуға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанның Мемлекет басшылары және Венгрия Премьер-министрі қатысты.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті әлемдік пандемия өріс алып, қоғамдық өмірге өз ықпалын тигізіп отырған тұста  өткізілді. Төрткүл дүние өзгеріп, халықаралық геосаясатта теңдесіз сын-қатерлермен күресіп жатқан қиын кезеңде бауырлас түркітілдес елдері ынтымақтастығының бәсеңдемегендігін көрсетті. Бұл іргелі жиын мәні зор, мағынасы мол тарихи  күн түркі өркениетін жаңғыртуға үлкен серпін берген басқосу болды деп айтуға болады. Саммит шешімімен қасиетті Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасы болып ресми түрде жарияланып, Түркістан декларациясы қабылданды. Бұл декларация тарихи әлеуметтік маңызы зор құжат ретінде тәуелсіз Қазақстанның тарихи жылнамасына жазылды. Түркі әлемінің рухани астанасы болған қасиетті Түркістан – барлық түркі халықтары үшін аңсарлы атамекен, қастерлі қоныс.

Бүгінде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының басты мақсаты – түркі әлемін жаңа ғасырдағы маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістікке айналдыру. Осы мақсатта көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қазақстанның түркі әлемін жаңғыртуға бағытталған бастамаларының саяси, тарихи, стратегиялық маңыздылығы жоғары.

Қазір Түркістан қаласының келбеті өзгеріп, жаңа сипатта дамып келеді. Болашақта бұл қаланың да үлкен тарихи-мәдени мегаполис болу мүмкіндігі жоқ емес. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті жыл сайын өткізіліп, онда түркі әлемін жаңғыртудың жолдары көрсетіліп, келісті шешімдер қабылданады. Қандай қиын кезең болмасын бауырлас елдер ынтымақтастығының іргесі шайқалмауы тиіс. Рухани-экономикалық қарым-қатынастарды бекемдейтін осы салаға тың серпін беретін жаңа тетіктерді іске қосу да кеңеске мүше мемлекеттердің басты міндеттеріне кіреді.

Осы саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғыртудың әлеуметтік-экономикалық және рухани маңыздылығы туралы айтты. Түркістан қаласының қомақты табиғи ресурстарын, адами капиталын және туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің арнайы экономикалық аймағын құру туралы өз ұсынысын білдірді. Осы басқосудағы өзекті мәселелер тізіміне арқау болған су-энергетика саласы болды. Өйткені, су – тіршіліктің нәрі ғана емес, бүгінгі таңда әлеуметтік қарым-қатынастардың ажырамас құрамдас бөлігі екені рас. Шекаралас жатқан елдердегі су ресурстарын тиімді пайдалану сол елдердің өсіп-өркендеуі үшін керек. Осыған орай, түркі әлемі елдерінің атсалысуымен болашақта инновациялық су құбырлар жүйесінің жобаларын жасап, іске қосу стратегиялық даму бағыттарының маңыздысы.

Түркі халықтарының тарихы мен тағдыры ортақ әлем. Түркі мәдениеті мен ғылымын дамытудың басты бағыттарының бірі – осы елдерге ортақ мәдени-ағартушылық ғылыми кеңістік қалыптастыру. Осы саладағы ынтымақтастық болашақтағы табысты серіктестіктердің бірі болар еді. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде «Ұлы түркілер» деп аталатын білім беру қорын құру керектігі туралы Қазақстан тарапынан айтылған ұсыныстың қабылдануы оңтайлы шешім болды. Шын мәнінде, бұл білім, ғылым саласында түркі әлемі елдерінің рухани дамуына мықты бағдаршам болар еді. Жоғарғы және орта оқу орындары арасындағы байланыстың одан әрі жандануына ықпал етіп, университеттер арасындағы академиялық ұтқырлық, біліктілікті арттыру, тағылымдамадан өту сияқты академиялық мәселелерді шешуге өз септігін тигізер еді.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің болашағы зор. Оның алдағы уақытта институттық құрылымы кеңейіп, ғаламдық саяси институт болары анық. Сондай-ақ, түркітілдес мемлекеттер арасындағы байланыстың экономика мен өзара сауда инвестиция көлемін ұлғайтудағы да  әлеуеті зор. Бүгінгі таңда Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімдер Ұлы  Жібек жолын қайта түлетті, Каспий теңізінің рөлін арттырды. Қазіргі кезеңде  Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Еуропа мен Азияны жалғайтын ең қауіпсіз әрі қысқа сауда жолы болып отыр.

Саммит аясында мемлекеттер арасындағы экономика, көлік, коммуникация және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, нығайтудың да жолдары қарастырылды. Осы елдерге ортақ   Түркі кеңесі елдерінің даму банкін құрудың қажеттілігі, оның барлық қатысушы мемлекеттер үшін тиімді екендігі де дәйектелді.

Осы саммитте қабылданған Түркістан декларациясында күллі түркі әлемі халықтарының  бірігуіндегі Түркістан қаласының рухани маңыздылығы ресми түрде мойындалды. Қожа Ахмет Яссауидің ислам құндылықтарын насихаттайтын түркі мектебінің негізін қалаған және бүкіл түркі әлемінде философияның дамуына зор ықпал еткен көрнекті тұлға ретінде қалдырған мұрасын жоғары бағалады. Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылым мен білімі ағартушылық салаларында үлес қосқан түркі әлемінің аса көрнекті ақындарын, ойшылдары мен мемлекет қайраткерлерін мәңгі есте қалдыру мақсатында кешенді мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланды.

Осы саммитте Түркі әлемінің келешектегі 2040 стратегиясы қабылданып, түркі өркениетін жаңғыртудың жаңа жоспары мен болашақ стратегиялық даму бағыттары нақтыланды. Келешекте түркі әлемінің әлемдік өркениеттегі орны мен рөлі туралы небір құнды зерттеулер жазылып, рухани қазынамызға жаңа ой-толғамдар, жаңаша көзқарастағы туындылар жазылары сөзсіз.

Бибігүл ИМАНБЕКОВА,
саяси ғылымдарының докторы,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қоғамдық-
гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here