Тарихи ескерткіштер және топонимикалық атаулар да ел тарихы

0
5958
Ақтау тауының баурайы, Маңақа өзенінің бойындағы кезінде Кенесары хан жойып жіберген Ақтау бекінісін қоршай орналасқан сақ қорғандарының бірі.

Осыдан біраз жыл бұрын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Тарихи-әдеби өлкетану» жобасы да қолға алынған болатын. Кейінгі жылдары серпінді түрде жүргізіле бастаған «Рухани жаңғыру», «Туған елге тағзым», «Қасиетті Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарламаларды негізге алған зерттеуші-өлкетанушылар ел-елге шығып, жер-жерлерді кешенді түрде зерттей бастауы бұқаралық сипат алды. Бұлардың біразы мемлекет қолдауына да ие болды. Биылғы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында халықтың көкейінде жүрген шетін мәселелерді қозғап, әлі де болса қазақ тарихының тереңіне бойлай алмай жүргенімізді ескерткені де тектен тек болмаса керек.

Жарты ғасырлық тарихы бар фотосуреттен сол заманның тыныс лебі сезіледі. Солдан оңға қарай белгілі өлкетанушы, жазушы Сүтемген Бүкіров, жаңаарқалық азамат, Ескене ауылының басқарушысы Асқар Мұхамедин және археолог ғалым, академик Әлкей Марғұлан.

Осы орайда мақала өзегіне айналып отырған Орталық Қазақстанның тарихи мәдени мұраларына жататын тарихи ескерткіштерді ел тарихының  қайнар көзі ретінде қарап, халқымыздың көнеден қалған мұрасы тарихи мәдени ескерткіштердің алатын орны мен оларды қорғау мәселелері сияқты кейбір аспектілерді әлі де болса тереңдей зерттеп, қарастыру талабынан туындап отыр. Тарихи-мәдени орындар бұрыннан зерттелініп келе жатса да, бір ізділікке түспеген, басты бағыт-бағдары айқын емес. «Туған жер» бағдарламасының пәрменін пайдалана отырып, еліміздегі киелі орындардың географиясын анықтап, картасын жасауды кейінгіге қалдырып, игі істерді баяулатпау нағыз маңызды да жауапты іс екені анық. Бұл жерде баса назар аударатын мәселе – өлке тарихын білу рухани жаңғырудың, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың да бір жолы екендігіне мән бере білу маңызды болмақ. «Ауыл тарихы – ел тарихы» жобасымен ауылдық мектептерде «Өлкетану» сабақтары дербес пән ретінде оқытыла қоймаса да, сабақтан тыс үйірмелер мен  семинарлар ұйымдастырылып жатса, ол тек шәкірттер үшін ғана емес, ұстаздар қауымының да құштарлығын туғызып, біліктілігін арттыра түсуді талап етері сөзсіз.

Қазақ даласында топонимдік елдімекен атаулары – ойконимдер; ауылдық жер атаулары – комонимдер; өзен, су, көл, батпақты жер атаулары – гидронимдер; тау, төбе, яғни табиғи жер бедері нысандары атаулары – оронимдер; жол атаулары – дромонимдер; кесене, күмбез, сағана атаулары – экклезионим; бейіт, мола атаулары – некронимдер сияқты әлі де болса қолға алынып зерттелінбей жатқан жатаған таулар, бұлақ атаулары қаншама.  Ауылдық жерлердегі жер-cу атауларына әлі күнге дейін лайықты көңіл бөлінбей келеді. Қазақ халқының жер атауларында кездесетін топонимдік атаулар жүйесі аса бай, әрбір атаудың астарында ғасырларға жалғасатын терең тарихи деректер жатыр. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің: «Қазақтың жер-су атаулары тұнып тұрған тарих. Біз оның сыртқы жағын ғана білгенімізбен, тереңіне бойлай бермейтініміз рас. Қай атау қайдан шықты, неден бастау алды, неліктен ұмытылды деген мәселелердің тарихи себептерін зерделей отырып ой тарқату оңай дүние емес», – деп ой тастауы тегін емес. Ол үшін ғылыми тұрғыда жүйелі зерттеулер керек.

Қазақстан жері ұлан-байтақ. Ауа райының айналмалы құбылысына үнемі әсер ететін әлемдегі төрт ұлы мұхиттан шалғай жатқан Қазақстан жерінің сырт бедері де әр алуан. Шығысы мен батысы – 3 000 шақырымға, солтүстігі мен оңтүстігі – 1 700 шақырымға созылатын осыншама кең даланың табиғат жағдайы түрліше боп келмеуі мүмкін де емес.

«Шығыстағы Алтай, Тарбағатай, Сәуір, Сайқан сілемдерінен басталып, жолда көлденең сұлаған Шыңғыстың жотасын басып, қосқанатымен Көкшені, Балқашты қомдай, Батыстағы Торғай ойпатына дейін көлбей созылған ұлан-асыр даланы қазақ бағзы заманнан бермен қарай «Сарыарқа» деп атайды. Өзінің өң-түсіне сәйкес солай аталған бұл байтақ, кең өлке үнемі түлеп, киіктің жонындай сарғыштанып жатады. Ал, оған халықтың «Арқа» деген сөзді қосуы, шынында да, ол нағыз жон немесе бел, суайырық саналады. Сөйтіп, ұзынынан көсіле, көтеріңкі біткен Сарыарқаның өн бойындағы биік тау, төбе, жон-жоталардан тарам-тарам арнамен көз алып, біртіндеп тоғысқан өзендер қос тарапқа – солтүстік пен оңтүстікке тарамдана ағады», – деп жазады жазушы Әмен Әзиев «Қазыналы Сарыарқа» атты зерттеу еңбегінде.

Ескене ауылынан небары ондаған шақырымдай жердегі Құдайменде өзені бойында Ата заңымыздың алғашқы үлгісі «Жеті жарғыны» шығарушы кемеңгер Тәуке ханның кіші ұлы Сәмеке ханның баласы Есім ханнан тараған Құдайменде сұлтанның кесенесі әлі сақтаулы тұр. Кесенесінің алдыңғы қас беті, шығыс жағынан қарағандағы көрінісі. Артқы батыс жағы тура түскен күннің әсерінен болуы керек мүжіліп құлай бастаған.

Қазақстанның географиялық картасына зер салсаңыз, жуан ортасында ат жалданып жатқан ұсақ шоқылар, адырлы аймақтар көзге түседі. Қыран құстардың қанатын талдырардай осынау сары жон мыңдаған шақырым жерге созылып жатыр. Солтүстігі Батыс Сібір ойпатынан басталып, Орталық  Қазақстанды толық қамти созылған алып жонды ертеден-ақ халқымыз «Сарыарқа» деп ерекшелеп атаған екен. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі оқиға желісі Сарыарқаның шығыстағы  ең соңғы нүктесі – Арқалық тауы бауырында болғандығы туралы зерттеу әдебиеттерде біраз мәліметтер бар. Әуезов бұл тауды: «С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында көлденең созылып жатқан тұрқы он шақырымдай болғанмен, енсіз кереге сықылды жалғыз тау. Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жағадай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да, паналығы жоқ, азынап тұрады. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз», –деп Сарыарқадағы таулар көрінісін біршама суреттейді. 

Әңгімеміздің негізгі өзегі, желісіне айналып отырған осы бір алып Сарыарқаның бір бөлшегіндей ғана «Ескене» ауылы (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Ескене тауының баурайында орналасқан шағын ғана ауылда жүз отыздай үй, бір мыңдай тұрғын халқы бар) шағын болса да, тарихы терең, айналасы ұсақ шоқылы адырлар және аласа таулармен қоршалған, қыста бауыры бораннан босамаса да, елге құтты қоныс болған бекзат өлке. Әр төбенің етегінен буырқанып шығып жатқан бұлақтардың өзінің мыңдаған жылдық тарихы бар. Десек те, Ескене тауы немесе тау етегіндегі Талдыбұлақ ауылы (іргесінен жылап ағып жатқан бұлақ атауына байланысты қойылған) туралы Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген бірде-бір ғылыми зерттеулерде немесе энциклопедиялық еңбектерде көрсетілмеген. Бүкіл Қарағанды облысын толықтай қамтыған өлке тарихына арналған фотоальбомдық сипаттағы  бірнеше энциклопедиялар мен фундаментальды ғылыми зерттеу еңбектерді қанша қарастыра отырып байқағанымыз, «мұнда осы өңірдің көне заманнан бүгінге дейінгі тарихы толық қамтылған» деп атап көрсетілсе де, сол еңбектердің алфавиттік тізіміне де еңбеген екен. Ал, «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі» деген аты дардай ғылыми зерттеу еңбегінде «Ескене тауы – Шет ауданына қарасты кісі есімімен қойылған тау аты, биіктігі 475 метр» деген өрескел қателікпен ешбір дәлелсіз деректер келтіреді. Дегенмен, жұтан болса да «Сарысу» өзені және «Ескене» таулары туралы деректер бұдан екі ғасыр бұрынғы саяхатшылар мен зерттеушілердің назарын аударып, олардың жолжазбаларында кездесетіндігін алға тарта отырып, бұл өңір тарихының тым тереңде екендігін болжай аламыз. Сондай-ақ, Қазақстанның бүкіл географиялық бедері мен табиғатын суреттеген «Атамекен» жинағына, Жаңаарқа ауданының құрылғанына 80-90 жыл толуына арналып шығарылған мерейтойлық жинақтарға да, яғни осы өңірдің табиғаты мен табиғи қорлары, тарихы түгелдей қамтылған энциклопедиялық басылымдарға да енбеген.

Географиялық сөздікте  «Ескене – ауыл, Жаңаарқа ауданы Байдалы би селолық округіне қарасты елді мекен. Атауы ХVIII ғасырдың екінші жартысында осы өңірге көшіп келіп, қоныстанған Алтай Сайдалы руының Қабай бұтағының Ескене атасының есімімен байланысты» деген қысқаша ғана шолақ қайырылған шолу хабарлама берілген. Әйтсе де, кейінгі басылымдарда бұл олқылықтардың орны еселеп толар деген ниеттеміз.

Ескене тауы баурайын атқа мініп бөктерлей бір айналып шықсаңыз, қойнауы тарихқа толы, тарихы бірнеше ғасырларға созылатын, бірнеше томдық ғылыми-танымдық зерттеу кітаптарға жүк болатын өлке тарихына кез болар едіңіз. Ауылды айнала қоршай орналасқан, бұйрат-төбелер мен бауырынан тарам-тарам болып жылап аққан жылға-бұлақтарға толы құтты мекен.

«Бүркітті» тауы мен «Жұман» бұлағы ортасындағы жазықта орналасқан қола дәуірі ескерткіші. Қасымдағы жол нұсқаушы болған жергілікті фермер Асылхан Абайділдин.

«Жер – төбесіз, ел – төресіз болмас» деген ел арасындағы әңгіменің де терең тарихы, астары бар. Көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев күнделікті байқаған ой түйіндерін: «Мыңшұқыр. Демек, бұл жерлерде байырғы кен қазба орындары болған. Анықтау керек», «Қара тас. Халық ұғымында бұлай деп темірді емеурін етеді», «Көк тас. Бұлай аталған жерде мыс бар деп топшылауға болады», «Алтын тапқан атауы – алтынның бар екенін аңғартады. Әрине, тегін емес», «Жыланды. Түсті металл рудасы бар болуы керек», – деп қойын дәптеріне түртіп алған пікірлерін Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жаһан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – деген ойларымен ғалымның бұл тұжырымдарын одан әрі тереңдете түсіп, ауылдық жер-су топонимикалық атауларын ғылыми көзқарас тұрғысынан  зерттеулер қажеттігін еске салады.

Расында да, Қойтас деген алапқа барсаң, жайылып жүрген Шопан ата түлігінің отары көзге елестейді. Бұлтсыз күндері кешке қарай Айғыржалға қараған адым расында да жалын төгілтіп, құйғытып бара жатқан жылқыны көзге елестетері анық. Көжегі көп жер – Қоянды, жыртқыш құстар ұя салған  жақпартас – Бүркітті, аң-құсы көп жатаған таулар – Түлкілі немесе Киікті деп кете береді.

Іргелі ғалымдардың зерттеулері бойынша, Орта жүз ру-тайпаларының атажұрты, алтын тамыры саналатын Сарыарқа өлкесінің тарихының тамыры тереңде екендігіне ешкім дау тудыра қоймас. Ғылыми зерттеу деректер мен ел аузындағы көне мағлұмат-мәліметтерге иек артып қаузай берсек түптің түбінде сонау қола дәуірінен бастау алған үлкен тарихқа барып тірелер едік. Мәселен, Қабантау бітіміне қарай қабанға ұқсайды, әрі жабайы қабаны көп болғандықтан осылай аталған. Үлкен Айдаһарлы, Кіші Айдаһарлы деген қатар жатқан екі тау бар. Арасынан Атасу өзені өтеді. Қызылтау, Қалмаққырған, Айғырқұшқан деген таулардың тылсым сыры тереңде екендігін өз атауларынан да байқауға болады. Жаңаарқа жерінде ғұн дәуірінде тасқа қашалған бірнеше тас жазулар бар. Бәрінің де жазу әдісі, үлгісі Орхон жазуымен бірдей. Олардың бір тобы Қызылтау тауына іргелес  «Қалмақ қырған» тауының оңтүстік бүйірінде жалпақ қара тастың бетін бүтіндей алып жатыр. Сонымен қатар, тасқа ойып түсірілген тағы аңдар, үй жануарларымен қоса керуеннің суреттері де бар.

Қазақстанның бел ортасын басып жатқан киелі өңірлердің бірі, Сарыарқаның кіндік тұсы Жаңаарқа өңірі – Ұлы Дала көшпелілері өркениетінің бастау алған қайнар көздерін айғақтар археологиялық жәдігерлерге өте бай өлке. Өткен ғасырдың 50-70 жылдарында Орталық Қазақстан, Атасу мен Нұра бойындағы қола дәуірі қоныстары мен қорымдары мәдениетін талмай зерттеген академик Әлкей Марғұланның ғылыми еңбектерін қарап шықсаңыз, бұған көз жеткізіп, туып-өскен өлкеңіздің тарихына сусындап қана қоймай, оған деген құрметіңіз де арта түсері сөзсіз. Әлекең өзінің Сарыарқа мен Атасу өңірінің көне мәдениетін зерттеген мақалаларының бірі «Древние караванные пути через пустыню Бетпак-Дала» деген еңбегінде «Пройдя через  р. Сары-су в районе Жана-арка, Уванасский караванный путь сразу раздваивался: одна веть шла прямо на север и северо-восток и, пересекая волнистые холмы и равнины гор. Эскене и богатую долину р. Нура, подходила к броду Ишима Кара-откель, расположенному  в 5 км выше нынешней Акмолы», – деп жаза келе «другая ветвь Уванасской караванной дороги вела от реки Сары-су  на север,  к устью р. Нура, проходила через рощей Кара-агач, затем берегом реки Кулан-отпес» (мақаланың деректілік мәнін жоғалтпас үшін аудармасыз беріп отырмыз) деген мәліметтер келтіре отырып, оңтүстіктен Бетпақдала шөлі арқылы солтүстікке бет алған сауда керуендерінің негізгі бөлігі Мойынты, Ақтау таулары  арқылы Сарысу, Атасу, Маңақа өзендеріне тоқтап, бел босатып, одан әрі Ескене, Қасқабұлақ, Үлкенбұлақ, Қарағаш орманды алқабы арқылы сапарларын жалғастырғаны туралы дәйекті деректермен дәлелдейді.

Құрманақа ауылындағы әзірге құламай тұрған, кезінде еңселі болған жалғыз ғимараттың бүгінгі көрінісі. Кезінде лагерь басшыларының тұрағы болғанға ұқсайды. Жергілікті фермер мұны да жылқыларына тұрақ етіп алыпты. Алпысыншы жылдар басында орта тұстағы екі есіктің бірі дүкен, екіншісі мектеп, ал екі жағындағы бөлмелерде қойшылар отбасы (ағайынды Болат пен Жолат Бозмағанбетовтар мен КарЛАГ тұтқыны болған ұлты қалмақ Гриша (Гоша) Санжиевтер тұрды) болған еді. Суретте солдан оңға қарай: Орынбай ауылының мәдениет қызметкері Ертай Молдабеков және осы жолдардың авторы, Жаңаарқа аудандық мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты, Ескене ауылының фермері Файзырахман Мұқажанов және Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Жәнібек Рыспеков.

Жаңаарқалық жазушы Асан Жұмаділдин өзінің «Жаңаарқа» атты  дерекнамалық зерттеуінде: «Жаңаарқа жерінен өтетін көне керуен жолдарының бірі атақты «Хан жолы». Ресей мен Қытайдың жазба деректері Абылай хан өзінің билігі дәуірлеп тұрған заманда, 1760-1770 жылдары Көкшетаудан бастап Шуға дейін осы жолмен жүрген екен дейді. Көкшетаудан шығып, Есілді өрлеп, одан Атасуға түсіп, оны бойлай Бетпаққа өтетін, Мойынқұм арқылы ескі Таразға соғып, Жетісуға шығады екен. Сонымен қатар, Жаңарқа жерінен Сарысу жолының екі тармағы өтеді екен. Бірі «Уанас», екіншісі «Кендірлі» көш, керуен жолдары. Бетпақ даладан өткен көшпелі ел Сорбұлақтан кейін-ақ Арқаның шетіне жетіп, Маңақа, Сарысудан өтіп, Балабақсыдан асқаннан кейін алыстан мен мұндалап Ескененің қырлары көріне бастайды. Ескенеден асқан соң Құланөтпестен өтіп, Нұраны бойлап, Қараөткелге тұмсық тіреп тыныс алып, одан әрі Сілеті жолымен Сібір асатын еді дейді», – деген тарихи зерттеулерін одан әрі сабақтай келе: «Ескене мен Ақтасты тауының арасында Үлкенбұлақ, Қасқабұлақ деген бұлақтар бар. Осы бұлақтарды басып ертеде Қызылжардан (Петропавл) Ташкентке апаратын хан жолы өткен. Бұл жол бойы әрбір 25 шақырым аралығында бекеттер салынып отырған», – деген мағлұматтармен жоғарыдағы деректерді толықтыра түскен.

Осы өңірдің тумасы Жаңаарқалық ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің:

«Адам – керуен, өмірі – жол,
Ешкімге жат із емес.
Жолмен көшкен керуеннің,
Алды-арты да – біз емес», – деп жырға қосуы да өлке тарихының бір тарауынан хабар беріп тұрғандай.

Осы жерде ойымызды бір түйіндей кетсек, Қазақстандағы қола дәуірі қоныс-тұрақтары мен тұрмыс-болмысы ғылымға «Андронов мәдениеті» деген атпен еніп кетті. Қола дәуірі мәдениетінің орталығы мен түп-тамыры Орталық Қазақстанда екенін дәлелдеп берген академик Әлкей Марғұлан десек ғылымнан хабары бар пенде дау айтпасы белгілі. Ал, әлемге танымал ғалымның археологиялық зерттеулері бойынша, Қазақстандағы қола дәуірі мәдениетінің топтасқан жері һәм көшпенділер мәдениетінің қалыптасып орныққан жері де осы – Орталық Қазақстан өңірі, атап айтқанда, ол дәуірлер археологиялық классификациялауда «Нұра» (ең алғашқы ежелгі дәуір кезеңі, б.д.д. XVIII-XVI ғасырлар аралығы), «Атасу» (орта кезең, б.д.д. XV-XII ғасырлар аралығы)  және «Беғазы – Дәндібай» (кейінгі немесе соңғы кезең, б.д.д. XII-VIII ғасырлар аралығы) кезеңдері деп аталынуы да бұл өңірлерде біздің  ата-бабаларымыз тамыр жайып (ғылым тілінде мұны протоқазақтар дейді), ежелгі дәуірлерден-ақ ата жұртқа айналғанына куә боламыз.

Тастан қаланған түрме үйлерінің бұдан жеті жыл бұрынғы көрінісі осындай болыпты.

Елімізге белгілі ғалымдардың пайымдауынша (Б.Кәрібаев), тарих ғылымында қазақ этногенезінің басталуы кем дегенде қола дәуірінен басталады деген ғылыми тұжырым берік орныққан. Демек, қола дәуірінен қазақ этносының тарих төріне көтерілген қазақ мемлекеттілігінің үш мың жылдық тарихы бар.

Қазақ халқында этникалық процестердің қозғаушы күшіне бірнеше ру-тайпалардың бір типті шаруашылық түрімен айналысуы жатады десек, ол сөз жоқ, қазақы болмысымыздың негізін құраған да осы көшпелі мал шаруашылығы болмақ. Оған археологиялық тарихи деректер куә. М.Н.Калапчук бастаған археологтар 1967 жылы Сарысу өзенінің оң жағасындағы Құдайменде өзенінің құйылысынан Құдайменде неолит тұрағын тапқаны белгілі. Бұл тұрақтан 20 солтүстік шығысқа қарай 1905 жылы орыс ориенталисі,  инженер А.А.Козырев зерттеген Қарағаш обасының белгілері бар (Бұл табылған археологиялық артефактілердің біразы Қарағандыдағы мұражай қорында сақтаулы деген дерек бар).  

Жергілікті ақын Берік Серікбайұлы өлке тарихын:

«Сарысу, Атасу, Талды, Маңақалар,
Қобыланды жырында болған дейді.
Қоңырқұлжа билік құрған сол заманнан,
Құдайменде өзені қалған дейді», – деп ел аузындағы әңгімелерді жырға қосуы да бұл тарихи атаулардың терең тарихынан хабар берсе керек.  

Шынында да, дәл қазірдің өзінде бір кездері Құдайменде сұлтанға құтты қоныс болған көңнің орны бүгінгі күндері «Өркендеу» деп аталынып жүрген жерден басталатын неолит және қола дәуірлері тұрағына жататын  «мұртты қорғандар» тізбегі бүгінгі күнге дейін «мұрты бұзылмай» сақталынып, Құдайменде өзенінің бойын жағалай батыстан шығысқа қарай меридиан бойынша Құланөтпес және Есен өзендері түйіскен бағытқа қарай (шартты түрде «көмірлі» Қарағанды қаласы бағыты) созылып жатыр. Бұл көне тұрақтардың бір шоғыры Ескене ауылының теріскейінде бір-бірімен жалғасып, шығыстан батысқа қарай қатар түзеген «Оқкөмген», «Аққұнан»,  «Бүркітті», «Қияш қашқан» және «Түлкілі» деген ұсақ шоқылы, аласа таулар баурайын бойлай орналасқан. Осы аталынған «таулардан» бастау алып күні бүгінге дейін тіршілік көзіне айналып ағып жатқан «Омар бұлағы», «Қайрақбай бұлағы», «Аққұнан бұлағы», «Қошқарбай бұлағы» сияқты қайнар бұлақтар (қола дәуірі мәдениетінің үш-бес мың жылдық тарихы бар екендігін еске алсақ) бұл өлкеде бағзы замандардан-ақ қайнаған өмір болғандығына жетелейді.

Өткен ғасырлардан сақталынған тарихи ескерткіш. «Қызылоба» қорымындағы ел аузында «Қоржекең тамы» аталынып кеткен күмбезді кесененің реставрациядан кейінгі көрінісі.

Негізгі эпицентрі киіз үйдің орнындай, ал күншығысқа бағытталып екі қолын екі жаққа айқара ашқан адам құшағына ұқсаған «мұрттарының» ұзындығы 100-110 метрдей болып келетін көне дәуір ескерткіші терістігінде «Жұман» бұлағынан бір шақырымдай жерде ғана орналасқан. Одан әрі солтүстік бағытқа қарай бет түзесеңіз, «Қосқұдық» бұлағы, «Қарағанды өзек» деп аталынатын қалың қараған арқылы тарихтан белгілі Құланөтпес өзеніне барып тірелесіз. Осы тұстан Құланөтпеске терістік жағынан Қасқаның өзені келіп қосылады.

Иә, жер-су атауларының өзі тұңған тарих. Қазақтың қай өңіріне барсаңыз да, «тартып қалсаң түгі шығатын, теуіп қалсаң суы шығатын» өз Жиделі-Байсындары жетерлік.

Қай заманда болмасын жер иесіз болмаған. Ел аузындағы әңгімелер де, тарихи деректер де (А. Жұмаділдин) бұл өлкені осыдан екі-үш ғасыр бұрын ғана Сарыарқа өңіріне белгілі Тоқа руының әйгілі белді байлары 17-18 мыңнан жылқы айдаған атақты «Бес береннің» кенжесі Сапақ бай (би, болыс болған, кейбір деректерде 22 мың жылқы біткен деседі) мен Омар байлар,  Алтай руынан тараған Алдан-Жұман атанған атақты Жұман байға 18 мың жылқы біткен, Сапақпен құрбы-құрдас, қатар жүрген бір заман адамдары болған. Ғабит Мүсіреповтың «Оянған өлке» романындағы Жұман бай образы да осы кісі дейді зерттеушілер.

Міне, осы бір қысқаша тарихи деректердің өзі де көп мағлұматтарды аңғартса керек, себебі тарихқа куә өңірдегі жер атауларының өзі де осыған меңзейді.

Қазақ топырағында көнеден келе жатқан тарихи, табиғи, мәдени атаулар әлі де болса баршылық. Қазақ даласында «Қарасу» деген жер атаулары көп кездеседі. Қазақтар ақпайтын, тұйықталып қалған суды «Қарасу» деп, ал ағынды суларды «Ақсу» деп атаған. Қазақ даласының қай ауылын алып қарасаң да, айналасын өзіңше бір белдеу, шеңбер құрап жатқан  тарихы тылсым ономастикалық атауларға көңіл бөлсек тек қана топонимикалық тақырыптарға ғана құралған атаулардың өзінен ғана бірнеше ғылыми диссертациялық еңбектер жазып шығаруға болар еді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін тек бір ғана Ескене ауылын айнала қоршаған 15-20  шақырымдық радиуста орналасқан топонимикалық атауларды ғана атап өтсек болады.

Жер атауларына қарап отырып-ақ осы бір дархан даланың тарихына көз жүгіртіп болжауға мүмкіндік бар. Мәселен, «Құдайменде мазары», «Қоржынбай тамы», «Шәлекең тамы», «Шапаң тамы»  (некронимдер немесе экклезионимдер), «Мыңшұқыр», «Берлібай қожа жазығы», «Қызылоба», «Қожа аңызы», «Аюбек», «Жайылма», «Қызыл ауыз», «Барсакелмес», «Оспан көңі», «Беласар көңі», «Майқұдық», «Шилі аша», «Сорбұлақ» деген сияқты жер бедерінің сын-сипатын білдіретін (комонимдер) халықтық жер атаулары табиғатпен үйлесім тауып лайықты қойылған. «Ақтасты», «Айқынбай», «Баянбай», «Заңғар», «Құралы», «Қызылшоқы», «Қарашоқы», «Бала Қарашоқы», «Бүркітті», «Түлкілі», «Айғыржал» тауы, «Құдайменде» шоқысы және өзені, «Қайрақбай», «Қошқарбай», «Баянбай», «Қияш қашқан», «Байтуған адыры», «Байтуған асуы», «Тастықара тауы», «Оқкөмген» сияқты таулар атауы да (оронимдер) ерекше, ішіне небір құпияны бүгіп жатқандай.

Мына көріністе жартылай құлап жатқан кесене түсірілген, патшалық империя дәуірінде отыз жеті жыл болыс болып, елге қадірі артып «Телғозының Шоңы, жақсылардың соңы» атанған Шоңкең мазарының бүгінгі күйі осындай.

Сарыарқа жерінде қаншалықты жатаған таулар мен адыр, төбелер болса, соншалықты табиғи қарасулар мен бұлақтарға (гидронимдер) бай өлке. Мәселен, Ақсу өзені, Аққыз өзені, Бесқауға бұлағы, Қарасу немесе Шилі Қарасу өзені, Бұзау бұлағы, Былқылдақ бұлағы, Белқараған бұлағы, Бекет бұлағы, Қабай бұлағы, Бақа басы шабындығы, Байғон бұлағы, Аққұнан бұлағы, Қошқарбай бұлағы, Қайрақбай бұлағы, Ноғай бұлағы, Сәду бұлағы, Жұман бұлағы, Талдыбұлақ бұлағы, Тоғамбай бұлағы, Әлі бұлағы, Жуғы бұлағы, Омар бұлағы, Төсбұлақ, Қосбұлақ, Күйгенбұлақ, Көк өгіз, Таңқы, Саңқай, Талшат бұлақтары (қазақ жерінің әр өңірлерінде осы тәріздес терең сай, аңғарлар мен шатқалдарды «Аю шат», «Түлкілі шат», «Үкілі шат», «Бөрілі сай» деп атау үрдісі жиі кездеседі) сияқты топонимдер бір кездері қысы-жазы үзілмей ағып жататын, арналары малға жайлы құтты мекен болғандығы күмәнсіз.

Жалпы, қазақ даласы Ресей империясының отарлық қамытын кигеннен бастап ономастикалық атаулары алашұбарланған өлкеге айналғаны белгілі. Оларды жіліктеп талдасақ бірнеше бөлікке бөлуге болар еді. Жаңаарқа жері территориялық жағынан 1824 жылы ашылған Қарқаралы округіне жататын және 1839 жылғы архив құжаттары бойынша о баста этнотопонимдік сипаттағы жер атауларына бөлініп, кейіннен бұрынғы макроэтнонимдік атаулар енді микроэтнонимдік атауларға айналып шыға келді. Мәселен, Қарпық рулар бірлестігі «Тінәлі-Қарпық» (болыс билеушісі – сұлтан майор Арыслан Құдаймендин), «Тоқа-Қарпық» (сұлтан Бек Құдаймендин), «Айтқожа-Қарпық» (би Сапақ Тәңірбергенов) сияқты болыстықтардан тұратын. Бұл құжаттан алатын ең құнды мәліметті елдімекендердегі патшалық әкімшілік құрылымның төменгі буыны – болыстар атауындағы өзгерістерден көруге болады. 1865-68 жылдарға дейінгі болыстар ел-рулар атымен аталып келсе, 1875-78 жылғы құжатта елдердің атауы жер-су атауларымен алмастырыла бастаған. Мысалы, бұрын  Айтқожа-Қарпық, Сайдалы-Алтай, Тінәлі-Қарпық, Қареке-Алтай деп аталса, енді Жаңаарқа, Қараағаш, Ақмола, Спасск деп жер атауларымен ауыстырылған. Ал, 1887-1889 жылдар аралығындағы мәліметтер бойынша, Ақмола облысына қарасты қазақ болыстары бұрынғы рулары бойынша аталынып келсе, кейіннен олар жер атауларына ауысып, мәселен, Қарпық руының «Айтқожа-Қарпық» болысы – «Қарағаш» болысы, Алтай руының «Мойын-Алтай» болысы – «Ортау» болысы, Алтай руының «Сайдалы-Алтай» болысы – Ақтау болысы, Алтай руының «Алсай-Алтай» болысы – Атасу болысы, Тұңғатар руының «Енең-Тұңғатар» болысы – Нілді болысы болып өзгертілген.

Міне, Ресей тарапынан басталған осы сияқты қазақ жерін ономастикалық атауларды өзгерту арқылы билеп-төстеу империялық отарлау саясаты кейіннен қызыл империялық басқару кезеңінде де толастамай, тек сыртқы формасы өзгергенімен де ішкі мазмүны өзгерген жоқ. Отаршылдық бағыттағы топонимикалық атаулар жалғасып жатты. Топонимика саласындағы атаулардың ішінде саяси тарихтың ықпалына көбірек түсіп, өзгеріске жиі ұшырап жататын түрі – елді мекендер атауы. Оны мына төмендегі бір ғана аудан көлеміндегі мысалдардан-ақ байқауға болады:

  1. Қазақ жеріне алғаш қоныстанған орыс казактарының бекіністері мен станицаларының атаулары. Бір жақсысы, Кенесары ханның қаһарынан қорыққан казактар Қазақстанның басқа өңірлер сияқты Жаңаарқа жерінде орын теуіп, түпкілікті тұрақтап қала алмаған.
  2. Столыпин реформасының нәтижесінде көшіп келген орыс және украин шаруаларының кезеңіндегі атаулар. Мұндай атаулар Жаңаарқа өңірінде жоққа тән. Мәселен, солтүстік облыстарда (тек қана бұрынғы Көкшетау облысын мысалға алсақ та жеткілікті) Александровка, Новоалександровка, Алексеевка, Новоалексеевка, Николаевка, Новониколаевка, Петровка, Новопетровка, Романовка, Андреевка, Еленовка, Антоновка, Коморовка, Володаровка, Лавровка, Лабоновка сияқты патшалық отаршылдық иісі шығып тұрған елдімекен атаулары кездеспейді. Бұл да болса Жаңаарқа өңірінде Кенесары ханның мысы басым болғанының бір көрінісі сияқты. Салыстыра қарасақ, жаңаарқалық белгілі жазушы А. Смайыл «Қырық екі Калинин, он төрт Ворошилов және жалғыз Бөгенбай» деген Ақмола облысының географиялық картасын негізге алып жазған танымдық мақаласында осы атаулардың қазақ жеріне сіңісті болып кеткендігін ашына жазады.

Әйгілі отыздың ойраны 1933 жылдың көктемінде Жаңаарқа жерінде аштықтан аман қалған ауылдар бас құрап, мойынсерік ТОЗ-дарға ұйымдастырылып, олар бірден тоғызға дейін нөмірленген ауылдық кеңестерге бөлінген екен. Бұл жылдары Кеңес үкіметінің қайраткерлері мен әскери қолбасшыларының құрметіне қойылған. Мәселен, «Маркс», «Ленин», «Крупская», «Киров», «Калинин», «Голощекин», «Елтай», «Мирзоян» сияқты «көсемдер» аттарымен аталынған елді мекендер тізімі 60-70 жылдары одан әрі жаңаша «түрленіп», кеңестік үгіт-насихат көріністерін білдіретін «Целинный», «Дружба», «Рассвет», «XXV-партсъезд» атындағы сияқты коммунистік идеология әсері нәтижесінде қалыптасқан атаулар көп болмаса да біршама кездеседі.

Жергілікті атауларды өздерінің тілдеріне ыңғайлап калькалануы нәтижесінде қалыптасқан кейіннен пайда болған атаулар да бар. Мәселен, көне тарихы бар жергілікті «Орынбай» атауы кеңестік дәуірде өзгертіліп, тың игеруге байланысты «Целинный» совхозы аталынса, кейіннен тәуелсіздік жылдары қайта қалпына келтірілді. Ал, XIX  ғасырда «Құдайменде» көңі (дәл осы көңде қола дәуіріне тән «мұртты қорғандардың» көп кездесетіндігін археолог ғалымдардың есіне саламыз) аталынған жер атауы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жаңа совхоз құрылғанда «Өркендеу» аталынып, кейіннен «заманға сай» орысша атаумен «Рассвет» совхозы болып өзгертілді. 1939 жылы Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің №13 президиум қаулысымен аудандық, ауылдық, поселкелік советтердің қазіргі шекараларын қайта өзгерту, жаңадан ауылдық, поселкелік советтер ұйымдастыру жұмыстары туралы президиум қаулысын желеу етіп, «цифрланған» ауылдар қайтадан өзгерістерге ұшырап, енді кеңестік «үлгіге» сай қойыла бастады. Мәселен, Сталин атындағы ауылдық кеңеске қарасты Еңбек, Қоғамшыл, Еркіндік;  Жеткіншек  ауылдық кеңесі Жеткіншек, Ұйымшыл, Еңбекшіл колхоздары; Қызылшоқы ауылдық кеңесі Өркендеу, Өндіріс; Қараағаш ауылдық кеңесі Ынталы колхозы; Талдыбұлақ ауылдық кеңесі Талапкер, Үлгілі колхоздары; Бірлік ауылдық кеңесі Бірлік, Ынтымақ, Алғабас колхоздары.

Сонымен қатар, осы жылдары «заманға сай» қойылып, дәстүрлі қазақ қоғамына үйлеспейтін, сіңісіп кете қоймаған аттар қатарына «Алғабас», «Ілгерібас», «Басалға»,  «Жаңаалғабас», «Жаңажол», «Коммунар»,  «Жаңатілек», «Жеңіс», «Жеткіншек», «Жарық», «Өрнек», «Игілік», «Жаңақұрылыс», «Кәсіпшіл», «Жаңаталап», «Еркіндік» сияқты ауылдар атауларын қоссақ, кеңестік «коммунизм жолындағы жаңаша» патшалық империялық отарлау саясатынан алшақ кете қоймағанын байқауға болады.

Осындай тарихи тұғыры жоқ атаулар туралы белгілі өлкетанушы ғалым Б. Бияровтың: «Тың атаулар жасаудың жолын білмегендіктен, атсыз қалған нысаналарға Ақмарал, Береке, Бейбітшілік, Махаббат тауы, Өркениет, Ынталы, Бақыт, Шаттық тәрізді жер бедеріне қатысы жоқ атаулар беріле бастады. Бейілсіз байлар мен белгісіз батырлардың есімдерінен жасалған антротопонимдер қаптап кетті. Бұны жақсы үрдіс деп атау қиын», – деп ғылыми негіздерге сүйеніп жасаған байламын толық қолдаймыз.

Ойымызды қорытындылай келе айтарымыз, тәуелсіз елдің ономастикасы тәуелсіз болуы керек. «Отар елдің тарихын да отарлаушылар жазады» (П. Неру) деген саяси қайраткерлердің дәйекті пікірлеріне сүйенсек, тәуелсіз елдің тарихы да тәуелсіз болуы керек. Алашұбарланған қолданбалы негізсіз атаулардан құтылу үшін экспедициялық әдіспен кешенді түрде ғылыми зерттеулер қажет.

Бір кездері сталиндік зобалаң жылдары жазықсыз сотталғандар жазасын өтеген атышулы «КарЛАГ» атанған тұтқындар тұрағы Орталық Қазақстанның ұланғайыр жерін алып, Қарағанды қаласының іргесіндегі Долинка (ескі атауы Иінжар), Қарабас кентінен бастап қазіргі Ақой, Батық, Бұрма, Көктің көлі, Манақа өзенін бойлай Ақтау, Қызылтау, Ортау тауларының қойнауларын қамти Жезқазған қаласына дейін созылып жатты. Солардың бірі сол кездегі Ортау совхозы, Құрманақа ауылында менің балалық шағым өтіп, алпысыншы жылдардың бас кезінде сондағы төртжылдық бастауыш мектепте оқыған едім. Ауылымызда 17-18 үй, қатар-қатар белгілі бір тәртіппен салынған алты базда отар-отар қойлар болатын. Арада жылдар өте кейін білсек қыста қойлар паналаған, қабырғасы саз кірпіштен қаланған баздар әу баста тұтқындар тұрағы болған екен және қабырғасы бір құлаштай болатын тастан салынған, терезелері кішкентай ғана екі үйдің түрме болғанын біз кейін білдік.

Елуінші жылдардың екінші жартысында Сталинизм дәуірі өтіп, Хрущевтің заманы туғанда «КарЛАГ» таратылып, олардың орнына қой совхоздары ұйымдастырылған. Бір өкініштісі, осыдан жеті-сегіз жылдай (2014 жылы) ғана сақталынып тұрған тарихи жәдігер жаңадан келіп орналасқан таным-түйсігі оянбаған рухсыз фермердің білместігінен бұзылып, тас қабырғалары құрылыс материалдарына айналған. Тарихтың бір беті осылайша көз алдымызда үйінді топыраққа айналды.

Қалай болса да, бұл орындар тарихи нысандар санатына жатады. Кезінде киелі жерлерді түгендеу мақсатында ұйымдастырылған «Қасиетті Қазақстан» комиссиясының басында отырған Берік Әбдіғалиұлы киелі нысандарға репрессия заманында жұртты қанаған түрмелер де, жаппай қырғынға ұшыраған жерлер де жататынын жазған болатын. Мұндай тарихи нысандар қандай жағдайда болса да сақталынуы керек еді. Бұл тұрғыда жерлес жазушымыз Кәмел Жүністегінің: «Қазіргі жастар интернетке сіңіп, айналадан көз жазып бара жатыр. Ел дәстүрінен адасып бара жатқан жас буын ұлттық санадан айырылып, түрлі экстремистік топтардың жетегіне ілігіп жатқаны жасырын емес. Өз-өзіне қол жұмсау өршіп тұр. Бұл – рухани жұтандықтың көрінісі. Өмірге, жақсылыққа сенуден ада қалғандықтың, рухани дағдарыстың барлығы. Міне, осындай күрделі жағдайдан шығудың да жолы киелі орындарды насихаттай отырып, сол жерлерді жастарға көрсете отырып, рухани айықтыру шараларын жүзеге асыру кез келген адамның да, ауылдағы мектеп мұғалімдерінің де, әкім-қаралардың да міндеті болуы шарт. Жас буын ауылдың тарихынан, ел тарихынан, ақын-жыраулардың жыр-өлеңдерінен рухани күш-қуат алып, сананы ояту қажет. Рухани жаңғыру деген осы. Осы арқылы ұлттық сана серпіліп, отаншылдық, мемлекетшілдік сезім өршіп, өрістейді, өмірге деген қызығушылық оянады», – деген жүрек түкпірінен шыққан жан айқайына толы жүрек жарды сөздеріне толық қосыламыз.

Расында да, қазақ топырағында әр ауылдың өзіне тән қасиетті де киелі жерлері жетерлік. Бұл терең тамырлы тарихымыз үшін, келешек ұрпақ үшін де аса қажет. Тек соның бағасын білмей, асыл қазынамызды бағалай алмай жүрген бейғамдығымыз үшін кімдерді кінәлаймыз?! Әрине, бұған дер кезінде Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау мемлекеттік  инспекциясы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен жергілікті әкімшіліктер ат салысып, көңіл аударып жатса, туып-өскен өлкеміздің шырайы кіріп, құндылығы артып, тарихы терең сырлары ашыла түсері де сөзсіз.

Дәуренбек Ескекбаев,
тарих ғылымдарының кандидаты,
ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығының
Бас ғылыми қызметкері, тарихшы-этнограф

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here