Айдың-күннің аманында көк туымыз неге төмен түсіріле береді?

0
3125

Әр мемлекет тәуелсіздігінің символы ретінде танылатын рәміздердің бірі – Ту. Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым,/ Бөрілі байрақ көтерсе,/ Қозып кетер қайдағым» деп жырлайтыны бар. Алты Алаш Абылайдың ақ туының астына біріккенін де тарлан тарихтан білеміз. Одан беріде Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаш туы астында,/ Күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандатты. Ал, азаттық алғаннан кейін әлемдік қауымдастықта мойындалған еліміздің көк туы көкке көтерілді.

Әрине, ел болған соң кейбір көңіл түсірер сәттер де болып тұрады. Мәселен, 2019 жылдың 20 желтоқсанында Атырау қаласындағы алаң құрылысында 91 метрлік тутұғыр ресми ашылмай жатып құлады. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмау, абайсыз оқиғаларға жол бермеу және солардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасымен аталған нысанда заңдылықтың сақталуына талдау жасалды. Нәтижесінде, мердігердің жобалау-сметалық құжаттама талаптарына қайшы, авторлық бақылаушының келісімінсіз сметаға салынған 203 млн теңгеден үш есе төмен тутұғыр қондырғаны анықталды. Өз кезегінде Атырау облыстық Құрылыс басқармасы да заңнама талаптарын бұза отырып тутұғырды ауыстыруға өз бетінше келісім берген екен. Сөйтіп, мердігердің және жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттерінен туындаған апатты жағдай адамдардың өмірі мен денсаулықтарына қауіп әкелген болып шықты. Аса ірі көлемде жымқыру фактісі бойынша құжаттар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Экономикалық тергеу департаментіне жолданғанымен, істің немен аяқталғаны әлі күнге дейін белгісіз болып отыр.

Қалай болғанда да, былтыр көктемде Атырау қаласында сол 91 метрлік тутұғыр ресми ашылды.

«Бүгін қаламызға әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды тутұғыр алаңымен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан, Ту біз үшін – қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып Ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Қаламыздың көркін ашқан байрағымыз өңіріміздің айбынын асқақтата түсеріне сенемін», – деген еді салтанатты рәсімге қатысқан Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Дегенмен, облыс әкімінің бұл әдемі сөздері нақты істе жүзеге асқан жоқ. Тутұғырдың басы даудан арылмай келеді. Мысалы, қаламызға әр беріп тұрғанымен, көк байрағымыз көкпен ұштаса алмады. Бой көтергеніне бір жыл болмай жатып, тутұғырдың басында Туды Құдайдың құтты күні ілініп тұрғанын көрмейсің. Бір іліп, бір түсіріп, жергілікті билік әйтеуір білгенін істеп жатыр. Тіпті, арасында теріс іліп жіберген кезі де болды. Мамырдың 30-ы күні сағат 19.00 шамасында келеңсіз жағдай орын алған. Туды көтеру кезінде мемлекеттік рәміздің теріс ілінетіні 10 метр биіктікте байқалды. Содан кейін ол түсіріліп, қайта орналастырылды.

Қазір тутұғыр жылжымайтын нысан ретінде Атырау қаласының әділет органдарында тіркеліп, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің балансына қабылдану үшін қаржы бөліміне пайдалануға берілді.

Міне, жаздың шілдесінде Мемлекеттік Туымызды күнделікті желбіреп тұрғанын көре алмадық. Айдың-күннің аманында көк Туымыз неге төмен түсіріле береді?!

Атырау облыстық Құрылыс басқармасы хабарлағандай, секундына 7-8 метрге дейін көтерілген жағдайда, қатты жаңбыр мен қар жауған кезде міндетті түрде Ту түсіріледі. Ал, тутұғырдың өзі желмен қатты қозғалғанда деформация береді. Бұл да Тудың тұғырдан түсірілуіне тағы себеп болады.

Рас, кез келген нысан тұрғызылар алдында оның сейсмикалық, географиялық, климаттық ерекшеліктері ескеріледі. Бірақ, атыраулық Тудың қайта-қайта төмен түсірілуін ескерсек, тутұғыр бұл талаптарға сай келмейтін сияқты. Сонда Тудың материалы сапасыз ба, әлде жемқорлар ақшасын жеп қоюына байланысты нысан сапасы көңіл көншітпей ме?! Біз әлі күнге жауабын таба алмаған бір сұрақ осы…

Руслан ХАМЗА, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

АТЫРАУ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here