Көңілден өшпес бір бейне

0
5123

Күні кеше WhatsApp мессенджері арқылы филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлынан «Бұл суретті Б.Омаров жіберді. Шеттегі мұртты жігіт – М.А.Құл-Мұхаммед, Қоғабай ағамыздың ту сыртындағы – Жолтай Әлмашұлы (жазушы, драматург)» деген хабарламамен оқырман назарына ұсынылып отырған осы сурет келді. Әрине, Дихан Қамзабекұлына алғысымды білдіремін. Өйткені, әр сурет – бір тарих қой. Сол сәтте өткен күндер ойыма оралды… 

«Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған конференция. Әшірбек Сығай, Қоғабай Сәрсекеев, Серік Қирабаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Исламбек Салжанов, Алматы. 2013 ж.

Кешегі күннен жүйрік жоқ. Уақыт сынаптай сырғып өтіп жатыр. Өмір-өзен бір орнында тұрмайды екен. Күндер мен айлар алмасып, жыл менен жылдар жалғасып, өткен өмір уақыттың еншісінде қалып барады, қалып барады… Міне, көзді ашып-жұмғанша «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қазақпен қайта табыстырған баспагер, «Парасат» орденінің, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, жазушы Қоғабай Сәрсекеевті сұм ажал арамыздан алып кеткеніне жеті жыл толыпты.

Қу тіршіліктің соңында жүріп кейде өзге тұрмақ өзімізді де ұмытып кетеміз ғой. Бірақ, ардақты ұстазымның жарқын бейнесі санамнан еш өшкен емес, өшпейді де. Өйткені, адамның өмiр жолы жазмыштың жазуымен тағдыр жолықтырған тұлғалар арқылы тiршiлiктiң сан алуан соқпақтарына түсiрiп, өмiрбаянында өшпестей iз қалдырады екен. Айтса айтқандай, 2008 жылдың наурызында Орталық мешіттің жанындағы «Қазақ» газетінің киелi табалдырығын аттап, Қоғабай Сәрсекеевпен алғаш танысқан кезде арманға қанат байлаған, әлі оң мен солын ажырата алмайтын жаста едiм. Яғни, ол кезде сол кездесу менің өмірімде қаншалықты орын алатынын түсінген де, білген де, сезген де жоқпын.

Өткен күндер, «Қазақ» газетімен, оның бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевпен алғашқы таныстық – бәрі күні кешегідей қазір ойыма оралып, көкірегімде сайрап тұр.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып жүріп 2007 жылы журналистикаға алғаш қадам басып, «Республика ұстаздары» газетінде тілші болып еңбек жолымды бастадым. Бала күнгі әдет бойынша күнде дүңгіршектен газет-журналдарды сатып аламын. Дүңгіршектегі көп басылымның арасынан «Қазақ» газеті көзіме ыстық көрінді. Өйткені, мектепте «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» оқулықтарынан бұл басылымның тарихынан қысқаша хабардар едім. Сондықтан да, басқа газеттерден бұрын «Қазақты» оқуға асықтым. Бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев екен. Содан біраз уақыт газетке мақала апарып жүрдім. Мақалаларым үзбей жарық көретін де болды. Сол тұста газеттің жауапты хатшысы Қуаныш Әбілдәқызымен шығармашылық байланыс орнаттым. Алайда, Қоғабай Сәрсекеевпен кездесу сәті түспей-ақ қойды. 2008 жылдың наурыз айында бас редактордың мені шақырып жатқанын жауапты хатшы айтты. Осылайша, бұрын есімін естіген қаламгермен алғаш жолықтым.

Есігінің маңдайшасында «Бас редактор» деген жазуы бар мен үшін беймәлім кабинетке жүрексіне кіргенім әлі есімде. Дөңгелек жүзді ел ағасы көзілдірігін шешіп, орнынан көтерілген бойда қобалжу бірден жойылды. Өйткені, немересімен жасты мені жылы қарсы алды. Таныстықтан соң Қоғабай Сәтенұлы: «Айналайын, жақында жауапты хатшымыз декреттік демалысқа кеткелі жатыр. Жазу-сызуыңды байқап жүрмін, болашағың зор балаға ұқсайсың, бізге жұмысқа келсең қайтеді?» – деді.

Ол кезде жаспын ғой, несін жасырайын, газеттің атына да, затына да аса мән бермедім, ұсынылған айлық көңілімнен шыққандықтан бірден келістім.

Жауапты хатшы декреттік демалысқа кетті, мен оның орнына жұмысқа орналастым. Бір анығы, студент тілші де тәжірибе қайдан болсын. Бұл жайында атам қазақтың дүние танымында «көтере алмайтын шоқпарды  беліңе байлама» деген де жақсы түсінік бар. «Жауапты хатшы болу әзірге қолымнан келмейтін сияқты» деп бірден айттым. «Міржақып Дулатұлы отызға толмай тұрып-ақ «Қазақ» газетінде өнімді еңбек етті. Адам ештеңені іштен біліп тумайды. Үйренесің, тәжірибе жинайсың. Өзім көмектемесін», – деп шорт кесті. Сөйтіп, бір күнде «Қазақ» газетінің қызметкері атанып шыға келдім.

Қазір ойлап қарасам, Қоғабай аға сол кезде менің бойымнан талант ұшқынын байқапты. Редакцияда жүріп көп нәрсені үйрендім, бас редактор көп нәрсе үйретті. Оның тәлім-тәрбиесін алдым, тағылымын көрдім. Диплом алған екінші жылы бас редактордың орынбасары қызметіне тағайындады. Қуанышымда шек болған жоқ. Мен үшін ұмытылмас күн. Бірақ, жауапкершілік жүгін сезіндім. Бас редакторды ұятқа қалдырмауға тырыстым. Әлі де тырысып келемін…

Мен жұмысқа тұрған кезде «Қазақтың» қайта шыққанына екі жыл ғана уақыт болған еді. Демек, газеттің әлі аяқтан тұрып кетпеген кезі. Сонда Қоғабай ағаның еңбекқорлығына, жұмысты жанындай сүйетініне, небір қиындықтарға төтеп бергеніне куә болдық.

«Сын мақаласыз газет оқырманын жоғалтады» деген қағида бұрыннан бар. Қоғабай Сәрсекеев бәрімізді (редакция тілшілерін) арагідік болса да, сын мақала жазуға дағдыландырып, өзі де көкейтесті мәселелерге жиі қалам тербейтін. Апта сайын «Редактор бағанында» күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді қозғайтын. Ол өз алдына бөлек тақырып. Бұйыртса, бұл тақырыпқа да қалам тартамыз. Ал, жазған мақаламыз сәтті шықса, бас редактордың қуанғанын көру біз үшін бір мәртебе ғой.

Соның әсері болса керек, 2008 жылы қараша айында «Қазақ» газетінде менің «Ай қарап отырмыз ба, мектепті қытайлар жалға алып жатқанда?» атты сын мақалам жарық көрді. Мақалада Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Тасөткел ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің бір бөлігі қытайларға жалға берілгендігі жазылған. Шу аудандық білім басқармасынан, аудан әкімінің орынбасарынан менің мақаламмен келіспейтін сыңайдағы жауап хаттар келіп жатты. Болмаған соң бас редактордың өзі араласты. Премьер-министрдің атына хат та жолдады. Жеңіс – редакцияда болды. Мектептен қытайлар кетті, артынан директор орнын босатты. Қоғабай ағаның сарыауыз балапанын қорғаштаған қарлығаштай шырылдаған сондағы бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Міне, бас редактор сондай болуы керек.

1913 жылдың 2 ақпанында жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған қазақ даласында ұлттың еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. 2013 жылы «Қазақ» газетін бүгінгі заманның талабына сай қайта шығарған, осынау игі жұмыстың басы-қасында болған Қоғабай Сәрсекеев зиялы қауым мен оқырманның басын қосып, газеттің 100 жылдығын Алматыдағы «Достық» үйінде атап өтуге ұйытқы болды. Руханият жанашыры Исламбек Салжанов демеушілік көрсетті. Салтанатты жиында «Қазақ» газетіне – 100 жыл» медалімен, «Қазақ» газетінің Алғыс хаттарымен бір топ азамат марапатталды. Сол шарадан естелік болып тағы да суреттер қалды. Сол суреттің бірін жариялап отырмыз. Мінберде отырған бесеудің үшеуі қазір арамызда жоқ. Өткен аптада академик Серік Қирабаев та өмірден өтті.

«Қазақ» газеті қайта шыққанда ақылдастар алқасында Гүлнәр Міржақыпқызы, Салық Зиманов, Хасан Оралтай, Сейітбек Нұрханов, Кенжеғали Сағадиев, Әбіш Кекілбаев, Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғали, Есенбай Дүйсенбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Сайлау Байзақов, Әбдісағит Тәтіғұлов, Хұсайын Уәлиевтер болды. Өкінішке қарай, Сайлау Байзақов пен Хұсайын Хасенұлынан басқасының бәрі келместің кемесіне мініп кетті. 

Сол жүз жылдықта арнайы «Қазақ шаруасы» кітабының тұсаукесер рәсімі де өткізілген болатын.

«Әр заманның өз мәселесі, өз айтар сөзі бар. Осындай реттерден де біз осы тақырыпты қолға алған едік. Әлекеңше, Ахаңша, Жақаңша толғап, Алаш арыстарының дәстүрін жалғастырғымыз келді, бұл ретте әуелі тоқтап, үзіліп қалған басылымдарды қайта тірілттік, жарыққа шығардық, содан соң қазақ шаруасын әл-қадірімізше тізе жаздық. Бұл кітапқа енді сол жазбаларымызды тіздік. Қазақ шаруасының ауқымы, әрине, кең, бірақ ең өзекті дегенді ғана ақ қағаз бетіне түсірдік», – деген еді «Қазақ шаруасы» кітабының тұсаукесер рәсімінде Қоғабай Сәрсекеев.

Расында да, жоғарыда жазғанымдай, Қоғабай Сәтенұлы «Редактор бағанында» қазақ шаруасын үзбей жазды. Осылайша, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. «Қазақ жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін жиі қайталаушы еді…

«Қазақты» қазақпен қайта табыстырған қайраткер 2012 жылы 1911-1915 жылдар аралығында жарық көрген «Айқап» журналын да жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақтың тұңғыш журналын жұртшылықпен 97 жылдан кейін қайта қауыштырған еді.

 «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы материалдық қиындықтарға қарамастан жарыққа шығуларын бір тоқтатқан емес. («Айқап» журналы  қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің меншігінде). Сонымен қатар, қос басылымда қазақ шаруасы, Алаш арыстарының азапты жылдарға толы ғұмыры кеңінен жазылды. Бұл, әрине, Қоғабай ағаның үзбей iзденiп, талмай толғанып, жазар тақырыпты жазбай танып, келiстiре жазған қалам қуатының арқасы болса керек.

Қоғабай ағаның тақырып қоюдың, мазмұнына сай айдар ойлап табудың, толғақты мәселелерге қалам тербеудiң нағыз тарланбозы екенiн айту бiздiң парызымыз. Өйткенi, бiз – Қоғабай ағаның шәкірттері оның редакторлық, қаламгерлiк, қайраткерлiк қасиеттерiн көрiп өстiк.

Бүгінде жоқ болса бере алмайтын, бар болса көре алмайтын ағайынның дәуірі жүріп тұр. Айтайын дегенім, 1913 жылы негізін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлындай Алаш арыстары қалаған «Қазақ» газетін араға 88 жыл салып 2006 жылы қайта жарыққа шығарғанда Қоғабай ағаның мұнысына қарсы болып, «Бұл «Қазақ» ол «Қазақтың» жалғасы емес» дегендер де аз болмады. Әлі де бар арамызда ондайлар. Бұл жөнінде Қоғабай ағаның өзі 2013 жылы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында былай деп еді: «Рас, қазір баяғы замандағыдай емес, Қазақстанда газеттер көптеп шығады. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан бері бұл салаға кең жол ашылды. Мұндай қадамға қуану керек. Тіпті, «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастыруды ниет етуші басылымдар да табылады. Кей тұста бүгінгі «Қазақты» кешегі «Қазақтың» мұрагері, жалғасы деп айтуға қимайтындар да бар. Қайтесіз, ондайлар қателеседі деп ойлаймын. Жалпы мұндай ұшқары, жел сөздердің жетегіне кетпеген де жөн шығар. Абзалы, асығып-аптықпай түгенделе берген жөн ғой. Сонда бүтінделеміз, етек-жеңіміз жиналады. Мәрт болайық. Әйтсе де, енді жарық көріп отырған «Қазақтың» ешқандай басылыммен таласпақ ойы жоқ, бәсекеге де түспейді, әр газет-журналдың өз жолы бар, сол жолда кім-кім де оза шапса, беті қабыл. Әріптес басылымдармен бірлесе «Қазақ» қазақ жүгін сүйреуге тырысып, ақ сөйлейді, ешкімнің айыл тартпасы болмайды, түтіні түзу шығады десем сөзім жаңсақ болмас».

Жоғарыда сөз болған «Қазақ шаруасы» кітабының сүйінші данасы шыққанда Қоғабай аға: «Қазақ біткеннен таңдап барып тапқан көмекшім Жасұланға автордан. Ұлтыңның ұланы бол! Ағаң Қоғабай. 11.04.2013 жыл», – деп маған кітапты қолтаңбасымен сыйлаған еді. Жеті жылдай Қоғабай ағаның жанында жүріп, оның «Қазақия», «Қазақ шаруасы» сынды кітаптарының шығуына атсалысқаныма өзімді бақытты санаймын.

Қоғабай ағаның тұсында редакцияда кілең жастар жұмыс істейтін. Бірде жұмысқа неге жастарды ғана алатынын сұрадым. Сонда ол кісі: «Мәңгілік ешкім жоқ. Бәрінің дәурені өтеді. Менің де жасым жетпіске келді. Аз жас емес. Менен кейін Ахаң мен Жахаңдар бастаған істі сендер жалғайсыңдар», – деп жауап берген еді. Әрине, ол кезде ағаның бұл сөзіне аса мән бермеген едік.

2010 жылдардан бері отандық газет-журналдардың үні құмығып, таралымы тарылып барады. Таралым азайған сайын редакцияның материалдық жағдайы да нашарлай түседі. Соған қарамастан Қоғабай аға көзі тірісінде: «Соңғы бір оқырманым қалғанша, газетті шығарамын», – дейтін. Қоғабай Сәрсекеевтің бізге қарата айтқан осы екі пікірін аманат деп қабылдадық. Ал, аманатқа қиянат жасауға болмайды.

Иә, Қоғабай Сәрсекеевтің өмірден өткеніне жеті жыл болды. Өкінішке қарай, ағаның қызметі әлі лайықты бағасын алған жоқ. Өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта қою, туған жерінде көше атын беру сияқты жұмыстар бар. Енді осы шаруалардың іске асқаны керек.

«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым ақын (Аманжолов) дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Қоғабай Сәрсекеевті әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, газетіміздің екінші тынысын ашқан баспагердің артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here