Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің, – деп Жамбыл Жабаев жыр арнаған Ленинград шайқасы Екінші дүниежүзілік соғыстың ірі ошағы болған. 1941 жылдың тамызы мен қыркүйек айларында Ленинград майданының әскерлері аса қиын жағдайда қалады. 10 қыркүйекте армия генералы Георгий Жуков майдан қолбасшылығына тағайындалып, басқаша іс жүргізе бастайды. Балтық флотымен біріккен Георгий Константинович қала қорғанысын нығайтуға көп күш-жігер жұмсаған. Ленинград қаласы 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1943 жылдың 18 қаңтарына дейін жау қоршауында болды. Қала қоршаудан толықтай 27 қаңтар күні ғана босаған. Қоршаудағы Ленинград сыртқы дүниемен тек Ладога көлі және әуе жолы арқылы ғана байланыс орната алған.
ОТТЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Қаладағы әскерилер мен жалпы халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі қиынға соққан. Сандарды сөйлетсек, Ленинград қаласындағы тұрғындар саны соғыс басталғанға дейін үш миллион халықты құраса, қала қоршауда қалған алғашқы жылдары екі жарым миллионға азайған. Дүмпуілден көз ашпаған аймақта 1943 жылға қарай 500 мың ғана адам қалған. Бұл көрсеткіш тек 1945 жылы бір миллионға жеткен. Дегенмен, бұның өзі бастапқыдан үш есе аз дегенді білдіреді.
Халықтың көпшілігі аштық пен жоқшылықтан қырылса, бір бөлігі снаряд пен бомбалардың боданына айналып, көз жұмған. Қоршауда қалған жылдары карточкалық жүйемен күнделікті белгілі бір мөлшерде ғана нан алып тұрған халықтың қолы өзге азық-түлікке он күнде бір, кейбіріне айына бір ғана рет жетіп отырған.
Ладога көліне қатқан қалың мұздың бетіне автомобиль жолы салынып, оны жергілікті халық «Өмір жолы» деп атаған. Бұл жол арқылы қажетті қару-жарақ, азық-түлік тасымалданғанымен, қауіп басым еді. 1942 жылдың 26 тамызында Жуков Жоғары Бас қолбасшының бірінші орынбасары болып тағайындалып, Ленинград қорғанысына басшылық жасаған. 1943 жылдың 12 қаңтарында екі жақ бір-біріне қарсы жойқын шабуылға шығып, нәтижесінде 18 қаңтар күні қала бұғаудан босатылады. Неміс әскерлері Ленинградты 872 күн қоршауда ұстағанымен, басып кіре алмаған. Бұл Жамбылдың жыр арнап, Қазақстан халқы азық-түлік жіберіп тұрған, Сұлтан Баймағанбетов Кеңес Одағының Батыры атағын алып, 156 қазақстандық жауынгерлік борышын өтеген, кеңес әскері асқан ерлік көрсеткен, стратегиялық әрі саяси маңызы зор болған Ленинград шайқасы еді.
Ұлы Жеңістің 20 жылдығының құрметіне «Қаһарман қала» атағын алған Ленинград қаласы Ұлы Отан соғысы жылдары зор зардап шеккен еді. Бұл шайқас тарихта «Ленинград блокадасы» деген атпен қалды. Жаудың үздіксіз бомбалауының нәтижесінде зауыт, фабрикалар, мектеп пен сәулет ескерткіштері түгел қираған. Адамдар аштықтан, жау қолынан қырылып жатқан нағыз майдан даласында сау ғимараттың қалуы да мүмкін емес еді.
Дегенмен, қалада сондай сұрапылдың өзінде кинотеатрлар, кітапхана мен радио өз жұмысын жалғастырып жатты. Тұрғындар радиобайланыс арқылы жағдайдан, бұйрықтан хабардар болып отырды. Бұл қызмет үшін аймақта 1,5 мың дауыс таратқыш құрылғы орнатылды. Метрономның жылдам не баяу ырғақты әуенінен тұрғындар шабуылдың қай тұстан жасалып жатқанын біліп отырған.
Айта кетейік, метроном – музыкалық шығарманың екпінін анықтайтын құрал. Маятникке кигізілген белдемені төмен не жоғары жылжыта отырып, тербеліс жылдамдығы мен екпінді өзгертуге болады. XVII ғасырда ойлап табылған құрылғыны кеңес әскері ұтымды пайдалана білген. Метроном Ленинград қоршауындағы халықтың қарсылығын білдіретін мәдени ескерткіш ретінде тарихта қалған.
ТӨЛЕМ БӘРІНЕ БІРДЕЙ НЕГЕ БЕРІЛМЕЙДІ?
Ресми деректерге сүйенсек, Гитлер билігі кезінде алты миллионға жуық еврей өлтірілген. Бұл Еуропадағы барлық еврейлердің 4/3 бөлігін құраған. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде еуропалық еврейлер өте бай болған деседі. Және олар туралы халық арасында оң пікір болмаған. Нәтижесінде, «еврейлер – қу, қарақшы, ұры-қары» деген түсінік қалыптасып, бала кезінен осындай қауесеттерді естіп өскен Гитлер еврейлерді «жек көрген» деген деректер де бар. Бұған дәлел болатын мәлімет Гитлердің «Менің күресім» дейтін еңбегінде де кездеседі.
Аталған қорғаныстың саяси маңызы жоғары болғанын айтып өттік. Қала қоршауға алынған жылды есепке алғанда, Ленинград блокадасының басталғанына биыл 80 жыл. Осыған орай Германия билігі гитлерлік әскердің қоршауынан аман қалғандарға қосымша өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Бірақ, айына 375 еуро деп келісілген бұл төлем барлығына бірдей бұйырмайды.
Еврейлердің материалдық талаптары жөніндегі комиссиясы өзінің ресми сайтында маңызды мәлімдеме жасады. Онда Германия билігімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде ұлтшылдықтан зардап шеккен 6,5 мың азаматқа зейнетақы тағайындалғаны хабарланған. Төлем алу үшін қойылатын талаптар да жоқ емес. Яғни, блокада кезінде Ленинградта кемінде үш ай болған, сондай-ақ 1941 жылдың 1 сәуірінен 1944 жылдың 31 тамызына дейін кемінде үш ай Румыния шекарасында оккупацияда тұрған, Францияда сыртқы әлемнен қол үзбегенімен үш ай жерастында тұрған болуы керек.
Еврейлердің материалдық талаптары жөніндегі комиссия президенті Гидеон Тейлор: «Сол кезден аман қалып, қазір де тірі жүргендер саны аз. Бұл төлемдер олардың есесі кеткен жастық шақтарының қайтарымы», – деп пікір білдірді.
Айтпақшы, 23 еврей ұйымынан құрылған комиссия 1952 жылдан бері ұлтшылдық салдарынан зардап шеккен еврейлерге өтемақы талап етіп келеді.
Ленинградты қоршау 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін созылған. Нюрнберг трибуналында «осы аралықта барлығы 632 253 адам қайтыс болса, оның 3 пайызы ғана оққа ұшқан, қалғаны ашаршылықтың құрбаны болды» деген ақпарат жарияланған еді. Бүгінде бірқатар тарихшылар аталған кезеңде 1 миллионнан астам адам қаза тапты дегенді алға тартып жүр. Нақтыласақ, қоршау кезінде кемі төрт ай осы қалада болғандар «Ленинград тұрғындары» қатарына енеді. 2020 жылы қоршаудағы қалада төрт айға жуық балалық шағын өткізгендерге де қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіле бастаған. Бірақ, оларға толықтай «блокадашы» мәртебесі берілмейді.
Ресей Федерациясы Президентінің 2006 жылғы Жарлығына сәйкес, «Қоршауда қалған Ленинград тұрғыны» деп танылған ресейліктер бір дегенде екі зейнетақы алады. Оның бірі соғыстан қалған мүгедектігі үшін болса, екіншісі баршаға ортақ зейнетақы. Осы Жарлық қабылданған кезде Ресейде барлығы 217 мың «Ленинград блокадасының тұрғыны» тұрса, оның 65 пайызы мүгедектер қатарына да кіретін болып шықты. Ал, Әлеуметтік саясат комитетінің басшысы Александр Ржаненковтің 2021 жылдың қаңтарында жасаған мәлімдемесі бойынша қазір «Қоршауда қалған Ленинград тұрғыны» белгісі бар 70 мыңға жуық адам бар.
2008 жылы еврейлердің материалдық талаптар жөніндегі комиссиясы блокададан аман қалған Ленинград қаласының еврейлерін «Холокост құрбандары» санатына енгізді. Бұл санаттағылар 2 556 еуро көлемінде бір реттік төлем алады. Дегенмен, сол кездегі азапты барлығы бірге көріп, барлығы бірдей денсаулықтарын жоғалтқанымен, сол үшін берілетін төлемге келгенде ала-құлалықтың болуы қайшылық туғызады.
КЕҢЕС ҮКІМЕТІ ҚАРЖЫЛЫҚ ТӨЛЕМДЕРДЕН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?
Гитлерлік қырғын салдарынан болған Кеңес үкіметінің жалпы материалдық шығыны 357 млрд долларды құраған. Бұл ең төменгі есеп бойынша екенін айта кеткеніміз жөн. Көрсетілген сома елдің жалпыұлттық байлығының үштен бір бөлігіне тең. Ал, Германияның «кешірімі» шығынның бес пайызын ғана жапқан. Сонымен бірге, 1950 жылдардың басында КСРО мен Польша іс жүзінде тек өздерінің одақтас Германия Демократиялық Республикасынан өтемақы ала алды. Бұның өзі немістерге ауырлық етті ме, Мәскеу мен Варшава Германияға қатысты барлық қаржылық талаптардан бас тартты.
Кейін КСРО-ның қаржылық төлемдерден бас тартуы Ресейдің шешімі ретінде қабылданған. Халықаралық нормалармен бұл заңды да. Сондықтан ГФР билігі фашизмнен зардап шеккен ресейліктерге төлем төлесе, мұны неміс билігінің ізгі ниетінің белгісі деп санайды. Мысалы, 2000-2007 жылдары Германиядағы арнайы қор соғыс кезінде күштеп әкетілген жұмысшыларға өтемақы төледі. Бұл төлемдер Польша, Чехия, Ресей және басқа елдерде тұратын 1,66 миллион адамға берілген.
2015 жылы Бундестаг неміс тұтқынында болған бұрынғы кеңес жауынгерлеріне 2 500 еуро ақшалай жәрдемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Бірақ, ол кезде фашистік тұтқынға айналған миллиондаған кеңес жауынгерлерінен бірнеше жүздеген адам ғана қалған еді.
Блокаданың жойылғанына 75 жыл толған кезде Германия үкіметі гуманитарлық көмек ретінде қоршаудан аман қалғандарды қолдау мақсатында 12 млн еуро бөлген. Бұл қаржының басым бөлігі Санкт-Петербургтегі (Ленинград) жылына 35 мың ардагерге көмек көрсететін госпитальді жөндеуге жұмсалған.
2021 жылдың қаңтарында Ресей Сыртқы істер министрлігі «Германияның Ленинград блокадашыларына, олардың ұлтына қарамастан жеке төлемдер тағайындаудан жалтару мәселесі туралы» мәлімдеме жасады.
Дипломатиялық бөлім Берлиннің осыған дейінгі әрекеттеріне тоқтала отырып, «Германия үкіметі көп жылдан бері материалдық шағымдар бойынша халықаралық комиссия арқылы ұлты еврей Ленинград ардагерлеріне төлем жасап келеді. Бірақ, еврейлермен қатар блокаданың қасіретін тартқан басқа ұлт өкілдеріне ешқандай өтемақы берілмейді. Бұл әділетсіздік екені айдан анық. Берлинге еврейлерден өзге соғыс мүгедектері мен ардагерлеріне қатысты әділ шешім табу туралы бірнеше рет ұсыныс жасалған. Өкінішке қарай, бұл мәселе оң шешім таппай келеді. Ленинград қорғанысы тарихтағы ең жойқын, ең қатігез кезең болғанын ескере отырып, барлық блокадашыларға ұлтына қарамастан рақымшылық таныту керек» деді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Дегенмен, Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі жағдайды өзгерте алар емес. Айта-айта Алтайды, қариялар қартайды… Қартайған былай тұрсын, тіпті қалмай барады. Әлі күнге дейін жойқын соғысты көзбен көріп, зұлмат жылдарды бастан кешкен, жастық шағы мен денсаулығын ел мен жердің азаттығы үшін сарп ете күрескендерді ұлтына қарап бөлу жалғасуда. Бір күні болмаса, бір күні әділдік орнары анық. Бірақ, тарихи сәт куәгерлерінің ол кезге жетіп не жетпеуі екіталай. Бүгіннің өзінде теңдікті күтіп, үкіметке телмірген тарихи тұлғалар саны күн санап кемуде…
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Ленинград (Санкт-Петербург) қаласы 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін жау қоршауында қалған. Блокада 872 күнге созылған. Соның 611 күні бомбалаумен, атқылаумен өткен. Барлығы 649 мың адам ажал құшса, соның ішінде 632 253 адам аштықтың, 16 747 адам бомба мен снарядтың құрбаны болған.