Әзілхан Нұршайықов-100: Махаббат жыршысы

0
7768
Әзілхан Нұршайықов тоғыз жыл ғашық болып, елу төрт жыл отбасылық ғұмыр сүрген Халимасына арнап «Мәңгілік махаббат жыры», «Халима» атты мұңды да сыршыл хикаяттарын жазды

Әзілхан Нұршайықов есімін ерекше ыстық көрсететін туындысы – «Махаббат, қызық мол жылдар». Қазақтың үлкен-кіші, кәрі-жасына дейін, тіпті өз кезінде жайлаудағы малшыға дейін бұл кітапты қойнына салып алып жүріп оқыды. Роман соғыстан кейінгі шынайы студенттік өмірді, жастықты суреттегендіктен болар мәңгі жастық шығармасы болып әлі де өмір сүріп келеді. Сол көп оқырманның бірі ретінде әйгілі шығарма авторын мен де сырттай ерте таныдым. Мектеп қабырғасында… Бесінші сыныпта оқып жүргенімде…

Былтыр «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан әйгілі романның желісі бойынша түсірілген 20 бөлімнен тұратын «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы көрерменге жол тартты

Бесінші сынып деп нақты айтуымның өзіндік себебі бар. Бірде үйге рулас боп келетін ағамыздың үйіндегі жеңгей келді. Дастарханды айнала отырған үйдегілермен амандасты да, кереуетте отырған менің жаныма кеп кідіріп қалды. Кітаптың қызығына «кіріп» кетсем керек.  Кенет қолымдағы кітапты сарт еткізіп жауып, мұқабасына көз жүгіртті. Түрі өзгеріп кеткен. «Бесінші сынып оқитын қызға мынадай кітап оқытқандарың не?!» деп әпкелеріме қарады. Сол сәтте үлкендердің алдында қатты қысылғаным әлі жадымда. Жеңгейдің әрекетіне емес, махаббат туралы кітапты оқығаным үшін ұялдым. Ол кездің тәртібі мен тәрбиесі бүкіл әулетке ортақ болатын.

Сол күннен бастап махаббат атаулы кітаптың бәрі кіреберістегі дәліз бұрышында тұратын ескі сандыққа жиналып, сандықтың аузына кішірек құлып салынды, кілтті үлкендер жасырып қоятын болды. Мен де өзімше қулыққа көштім. Кілт орнын көріп алдым, сол жерден кілтті алып, сандықтан аяқталмаған Нұршайықовтың кітабын қойныма жасырып, сарайдың ішіне кіріп оқып-оқып алып, қайта орнына қоя қоямын. Сөйтіп жүріп романды оқып бітіргенім есімде. Біздер мектепті аяқтағанша сандық сол дәліздегі орнынан қозғалмады. Ішіндегі кітаптар да тап солай сақталды. Тек бір ғана нәрсе өзгерді – жоғары сыныпқа барғанда кітапты жасырып емес, оқитын кезде сандықтан алып, еркін оқып жүрдік.  

«Махаббат, қызық мол жылдармен» осылай танысып, көркем әдебиетті оқуға деген құштарлығым осылай басталып еді…

Иә, қаншама күндер, айлар, жылдар өтті… Бой түзеп бойжеттік, студент атандық, тұрмыс құрдық.

…Күндердің күнінде өспірім жастан шығармасын жастанып оқыған сүйікті жазушымен кездесіп, сұхбаттас болудың сәті түсті. Әрине, газеттің тапсырмасымен. Бұл кезде Халима апа дүниеден өткен еді.

Жазушы сұхбатты үйінде беретінін айтты. Қыс мезгілі, аязды күн болатын. Қоңырауды басқаным сол, есікті қарт жазушының өзі ашты. Амандық-саулық сұрастық. Бәсеңдеу дауыспен сөйлейтін, сөзі де құлаққа сондай тым жұмсақ естіледі екен. Аздап мазасы болыңқырамай жүргенін айта жүріп, кітап сөресі лықа толы шағын зал бөлмесіне бастап кірді. Креслоға жайғасқан менен қай өңірден, қай тума екенімді жәймен сұрай бастады. Әңгімелесе отырып, сұхбатымыз жалғасты. Халима апа туралы жиі айтты. Соғыс кезінде Халима екеуінің бір-біріне жазған екі папка хаты сақталғанын, Халимасы дүниеден өтсе де, ол туралы көп ойларын қағазға түсіріп отыратынын, атақты романындағы бас кейіпкер Меңтайдың бойындағы қасиеттің барлығы Халимадан алынғанын әсерлі етіп баяндап берді. Сөздің ретіне орай мен де «Махаббат, қызық мол жылдарды» неше жасымда оқығанымды, қанша рет оқып шыққанымды, бас кейіпкері Меңтай Ербосынованың (Нұрғамила Нұрбосынова) үйінде екі күн болып әңгіме-дүкен құрғанымды айтып, сол сұхбатым шыққан газет қиындысын көрсеттім. Сол сәтте жазушы елең ете: «Нұрғамиладан да сұхбат алғанбысың, тоқтай тұр, мұның көшірмесін жасап алайын да, ерекше материалдар жинақталған папкіме салайын. Және сенің келгеніңді, өзара әңгімемізді ұмытпай тұрғанымда, қысқаша етіп күнделікке түртіп қояйын» деп, қасында дайын тұрған қолжазба-күнделігін қолына алды. Қарт қаламгердің күнделікті тұрақты жүргізіп отыратынына осылай куә болғаным бар. Әрі десеңіз, бөлмедегі үстелдің үстінде осы заманның озық техникалары сап түзеген: ксерокс, факс, компьютер, принтер, сканер және ескі қара машинка…

Арада екі күн өткенде қағазға түсірілген сұхбатты алып жазушының үйіне қайыра бардым. Сұхбатты оқып шықты да: «Өткенде диктофонмен келмедің, қаламыңмен бірдеңелерді сүйкектеп отырғаныңды ғана байқағам. Сонда «диктофоны жоқ журналист көсіле айтқан әңгімемді қалай жазбақ?» деген күдікте отырдым. Қателесіппін. Диктофон мына жақта екен ғой!» деп, сұқ саусағымен басын көрсетіп, ризашылығын танытып еді-ау…

Одан кейін араға үш жыл салып жазушымен қайта көрістім. Бұл жолғы екеуара әңгімеміз ауқымдырақ болып, таралымы көп басылымның екі нөміріне қатар, айқара бетіне шықты. Сол кезде «Қызжібек-ау, мен туралы роман жаздың ғой» дей отырып, өз қолымен жарты беттік әдемі тілегін жазып, ұсынып еді.

Алла бұйыртып, осылайша жазушы Әзілхан атаның шаңырағында бірнеше рет болдым. Дәм-тұз бұйырған деген осы шығар…

Қаламгердің 100 жылдығы қарсаңында «Фолиант» баспасы «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жаңа форматта жарыққа шығарды

Иә, Нұршайықов шығармашылық тұлға. Үлкенді-кішілі шығарма жаратқан қаламгер. Ғасыр мерейтойына орай бүгінде жазушының шығармаларын көпшілікке кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

Ұзақ жылдар журналистика саласында жүрсе де, қарымды журналист үнемі әдеби жұмыспен айналысты. Яғни, жазушының шығармашылық стилі біртіндеп қалыптасты. Әйгілі романына дейін Әзілхан Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959), «Жомарт өлке» (1960), «Махаббат жыры» (1964) атты очерк, әңгіме-повестері жарық көріп, өз оқырмандарымен қауышқан кезітұғын. Ал, жазушының есімін әйгілеген бірден-бір шығармасы – «Махаббат, қызық мол жылдар».

Көркем проза жанрында сүбелі еңбек еткен қаламгердің қаламынан атақты романынан бөлек «Махаббат жыры», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Ақиқат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің замандастарым», «Қаламгер және оның достары», «Мәңгілік махаббат жыры» сияқты кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алды.

Осындағы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы жазушының өзінің ғана емес, аңыз адам Бауыржан Момышұлының абыройын одан әрмен асқақтата түсті. Батырдың бүкіл болмысын, майдандағы ерлігін, бейбіт күндегі адалдығын, азаматтығын, оның пайым-парасатының ерекше болғанын, ой-өлшемінің көп жұрттан көш ілгері тұрғанын барша оқырман танып, білдік. Жақсы шығарма автордың ғана емес, оқырманның да қазынасы екенін, сол қазына өзіне зор абырой әкелгенін Нұршайықов 2004 жылы 20 ақпанда Ғылым академиясында өткен «Бауыржан Момышұлының рухани-адамгершілік, әскери-философиялық мұралары және ел ішінде Отанды сүюге тәрбиелеу мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде әдемі келтіріп өтеді: «Мен Баукеңнің шәкіртімін. Баукеңмен замандас, сыйлас, сырлас болғанымды мақтаныш етемін. Егер өмірде Баукең болмаса, мен мұндай атақты, абыройлы адам болмас едім. (Егер атақты, абыройлы екенім рас болса?). Бұған бір ғана мысал айтайын. Менің шыққан кітаптарымның барлық тиражы бір миллион данадан асыңқырайды. Соның 361 мың данасы Баукең туралы жазылған. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының өзінің ғана таралымы. Үштен бірі». Ал, 1980 жылы жазушыға осы шығармасы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Қаламгер көркем аударма саласында да сүбелі еңбек етті. Ол Иван Буниннің, Михаил Шолоховтың, Петр Павленконың, Анатолий Якобсонның шығармаларын қазақшаға сәтті тәржімалады. Және өз шығармалары да қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылып, жарық көрді. Ал, тоғыз жыл ғашық болып, елу төрт жыл отбасылық ғұмыр сүрген Халимасына арнап жазған «Мәңгілік махаббат жыры», «Халима» атты мұңды да сыршыл хикаяттары жазушының абырой үстіне абырой қоса түскен құнды шығармалары болды.

Әзілхан Нұршайықовты өзге жазушылардан ерекшелейтін қасиетінің бірі – жауапкершілік. Мәселен, шығармаларына келген хат иесіне, яғни әр оқырманына мұқиятты түрде жауап жазуды автор жақсы үрдісіне айналдырған. Айталық, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы шыққанда оқырмандарынан он мыңнан астам, ал «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы жарық көргенде бес мыңға жуық оқырманынан хат алып, соның ішінде мыңнан астам оқырманына жауап жазыпты. Жалпы жазушылардың ішінде оқырмандарынан ең көп хат алған да Әз-атамыз екен.

2005 жылы, жазушының көзі тірісінде он томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Жүз жылдығы қарсаңында, өткен жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан әйгілі романның желісі бойынша түсірілген жиырма бөлімнен тұратын «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы көрерменге жол тартты. Телехикая оқиғасы майданнан аман оралған ардагер жазушының бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігінен бастау алады. Бас кейіпкер Ербол образы арқылы қазақ жауынгерлерінің ерлігі мен шынайы махаббат сезімі баяндалады. Телехикаяның продюсері – Ернар Мәліков. Басты кейіпкерлер Ербол мен Меңтайдың рөлін актерлер Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова сомдады. Телехикаяның саундтрегі қаламгердің «Қызыл көрпе» өлеңіне жазылды. Оны әнші Әли Оқапов орындады.

Тағы бір жағымды жаңалық. Былтыр Әзілхан Нұршайықовтың жаңа форматта басылып шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» романының тұсауы кесілді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, жаңа форматта шыққан кітаптың мәтінінде ешқандай өзгеріс жоқ. Бұл – қаламгер туындысының түпнұсқасы. «Фолиант» баспасының романды осылай жаңаша шығаруы былтыр түсірілген телехикаядағы кейіпкерлердің бейнесі негізінде жүзеге асырылды.

Иә, шығармашылық бақыты мен оқырманның ыстық ықыласына бөленуде бағы жанған майдангер-жазушының ғасырлық мерейтойы республика аумағында тойлануда.

Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығы таңдай қағып таңдануға да, тамсана құрметтеуге де әбден лайықты!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here