Роза Бағланованың өмірін баяндайтын телехикая

0
2894

Заманның алмағайып шақтарын жүрегімен сезініп, ұлтының қуанышы мен қайғысын әнге арқау еткен Роза Бағланованың ерен еңбегін ұлықтау былтырдан бастау алды. Тіпті, әйгілі әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО күнтізбесіндегі ерекше аталып өтетін мерейтойлар тізіміне де енді. Содан Президент тапсырмасы бойынша «Хабар» телеарнасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Роза Бағланованың өміріне арналған «Бұлбұл» тарихи телехикаясын түсірді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жезтаңдай әншінің өмірінен сыр шертетін заманауи байопик канондарына құралған «Бұлбұл» телехикаясына тоқталады.

ТАЛАНТҚА ТАҒЗЫМ

Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

«2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Роза Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым», – деп жазған еді Қазақстан Президенті өзінің 263,5 мың оқырманы бар Twitter парақшасында (@TokayevKZ).

Күміс көмей өнер иесінің ғұмырбаяны – халқына деген өлшеусіз құрмет пен өзін өнерге арнау жолындағы тәуекелдерден құралған секілді әсер қалдырады. Сахнаның киесін сезініп, ұлы өнердің қасиетіне бас иген қазақтың Розасы жайлы өмірбаяндық телехикая түсіру оңай емес екені анық. Дегенмен, Роза Тәжібайқызының өмірі мен шығармашылығына негізделген «Бұлбұл» жобасын өткен жылдың мамырында қолға алған «GG Cinema» түсірілім тобы жауапкершілік жүгін арқалап, мақсаттарының межесіне жетті. Көрермен назарына ұсынылған телехикая аз уақыттың ішінде көптің көңілінен шығып үлгерген. Туындының бас продюсері – Гүлнұр Мамасарипова. Санжар Омаровтың режиссерлігімен түсірілген туындының операторы – Қаршыға Оспанов.

Рас, көпшілікке танымал өнерпаздардың өмірінің негізінде түсірілген фильмдер әлемдік кино тарихында бар эксперимент. Түсірілім тобы «Бұлбұл» туындысын қолға алған шақта бар күшін салып дайындалғаны көрініп тұр. Талғамы жоғары көрермен тарапынан берілетін оң бағамен қатар сынның да болатынын сезінген секілді. Десек те, телехикаядан Роза Бағланованың біз білмейтін және өзіне ғана мәлім сырлары, таңғажайып тағдырының тосынсыйлары ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Өмірбаяндық туынды Қазақстан, Өзбекстан және Беларусь елдерінде түсірілген. Оқиға өнерпаздың балалық шағынан бастау алып, жастық шағындағы есінен кетпес естеліктеріне ұласады. Бастапқыда фильм көрерменді, көрермен фильмді жатырқағандай әсерде боласыз. Себебі, қайталанбас тұлға туралы туындының тереңіне бойлауға жүрексінуіңіз мүмкін. Кейіпкердің көңіл-күйіне ілесіп, сол әлемге енген сәтіңізде оқиғалар алмасып, туындының шарықтау шегінің куәсі боласыз.

Роза Тәжібайқызының орта жастан асқан шағын ойнау Күнсұлу Тұрғынбекқызына бұйырыпты. Фильмде бас кейіпкер өмірінің сан-қилы кезеңдерін балалық шағынан бастап өзі баяндайды.

ТӘУЕКЕЛМЕН ЖОЛДАС БОЛҒАН ӘНШІ

Туынды балалық шағы ашаршылықпен тұспа-тұс келген Үрбибінің әнге құштарлығын байқаған әжесі оны халық әндерімен сусындауынан басталады. Әжесі оны еркелетіп Роза деп атаған. Ақ әжесінің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өскен ол болашаққа зор сеніммен қарады. Қос анасына еркелеп, әжесіне ән тарихы турасында сұрақ қойғанды ұнататын бүлдіршін мектеп қабырғасында да талабына қолдау білдіретін ұстазға кезігеді. Үкілеген үміті мен аппақ армандарының жетегіндегі Роза қалаға оқуға түсіп, өнерін одан әрі шыңдайды. Қиын-қыстау кезеңдер мен ауылдағы жоқшылықтың әсерінен оқуын тастап, Өзбек КСР-ның астанасы Ташкентке жұмыс іздеп аттанады. Қызының қолынан тігін келетінін білген анасы сол кездің өзінде тұрғыны көп саналатын қаладан бір жұмыс табыларына сенеді. Тіпті, тігінші болып, қиын жұмыстарды істейтін қарапайым адамдарға баспана берілетіні жайлы ақпаратты да естігенін айтады. Өнерін аяқасты еткеніне өкініп, уайымға салынған бойжеткенді Ташкент шаһарында биік белестер күтіп тұрған болатын. Оның өмірі тәуекелден тұратын.

Телехикаяны көріп отырып кейіпкердің ішкі әлеміндегі болып жатқан құбылыстармен бетпе-бет келесіз. Оқиға желісі бойынша ерекше талантымен кездейсоқ көзге түскен Роза Өзбек КСР филармониясындағы Мемлекеттік әйелдер ансамбліне қабылданады. Өз арманындағы ортаға топ етіп түскен оның қуанышы ботадай көздерінен анық байқалады. Филармонияда қазақ әнін әуелете шырқап тағы бір өзін дәлелдеген соң, оқуын жалғастыруға Мәскеу консерваториясына жолдама алады. Алайда, аяқ астынан соғыс басталып өз қалауымен ансамбльмен бірге Ұлы Отан соғысының майданына кетеді. Ән құдіретінің арқасында жауынгерлерге жігер беріп, олардың намысын қайрап, басқа түскен қиындықты сейілтуге тырысқан Розаға жауынгерлердің қошеметі мен құрметі ерекше еді. Қанша мақтау-мадақтау естісе де, ол баяғы қалпынан, қарапайым, биязы болмысынан айнымады. Тіпті, соғыста жарақаттанып, көзіне зақым келгенде: «Бұл болар-болмас жарақат, майдан алаңындағы нағыз батырларға көмектесейік», – деп дәрігердің жәрдемінен бас тартады. Осы «ерлігі» соғыс бітіп, мамыражай заманда жылдар өткен соң алдынан шығады. Розаның денсаулығына қауіп төніп, көзі мүлдем жарық дүниені көрмей қала жаздайды.

Бойына қонған қасиетті өнерді қастерлеп, қара басының қамын емес, бүкіл халықтың қайғысын арқалаған әнші осылайша соғысқа қатысып, «Халық қаһарманы» атанады. Кинокартинаның көрерменге ұнаған тұсы осы болса керек.

Әдетте, мұндай жобаларда бас кейіпкердің өнеріне ғана басымдық берілетін. Ал, бұл туындыда Роза Бағланованың әншілік қана емес, азаматтық болмысын, өмірлік ұстанымдары мен қағидаларын, шыншылдығын, батылдығын, бір сөзбен айтқанда, адами құндылықтарын танимыз. Сол қасиеттеріне еріксіз тамсанасыз. Осы туындыны желеу етіп, тұлғалардың адами портретіне көрерменді үңілдіру режиссердің басты мүддесі болса керек.

АКТРИСАНЫҢ СЕРТІ

Роза Бағланованы әжесі «Бұлбұлым» деп еркелетіп, ерекше дарынына күмән келтірмейтін. Әжесінің бұл сенімі телехикаяның атауына да арқау болыпты. Роза Бағланованың жүріп өткен соқтықпалы, соқпақсыз, қиындығы мен қызығы қатар өрілген өмір жолын көрсетуге тырысқан туынды –«Бұлбұл» телехикаясы тарихтың бетінде, ұрпақтың жадында қалары сөзсіз.

Бас продюсер Гүлнұр Мамасарипованың айтуынша, бас кейіпкерді сомдайтын актриса ұзақ таңдалыпты. Оқиға желісі бойынша кейіпкердің жастық шағы мен орта жасын ойнайтын екі актриса қажет болған. Сөйтіп, 18-50 жас аралығына Зарина Жәкенова лайық деп танылған. Актриса кейіпкерінің мінез-құлқы мен әдеттерін бойына сіңіріп, рөлді қорытуына аз уақыт кетпепті. Ол Роза Бағланова жайлы барлық мәліметтерді зерделеп, әнші жайлы жазылған кітаптарды түгелдей оқып шығыпты. Осылайша, өз рөліне тиянақты дайындалған актриса жауапкершілік жүгін сезініпті.

Әрине, аты аңызға айналған тұлғаны айнытпай ойнап шығу оңай емес екені белгілі. Актрисаның айтуынша, соғыс кезіндегі атмосфераны көрерменге жеткізу қиынға соғыпты.

«Осы рөлде ойнап емес, өмір сүріп жүргендей әсерде болдым. Ең қиыны – бүкіл халық білетін адамның рөлін ойнау. Себебі, ол кейіпкердің өзіне ғана тән мінезі, әдеттері бар. Оның бәрі халыққа мәлім. Осының бәрін ұғына отырып, образ шығаруды қолға алдым. Роза апамызға ұқсатып әрі пародияға айналмайтындай бейне жасау мақсатым болды. Менің ойымша, кинокартинада апамыз әнші ретінде ғана емес, азаматтық позициясы бар тұлға ретінде де көрінеді», – дейді Зарина Жәкенова.

Шындығында да, туындыдан қайсар, батыл, ер жігітке бергісіз Розаны көресіз. Оның бұл қасиеттері өзінің сүйікті Отанын анасындай сүюінен, қорғауынан туындаған секілді. Жоғарғы жақтағылардың қарсы болатынын біле тұра ол елдегі жағдайларды, Арал теңізінің қасіретін, тұрғындардың зардап шеккенін, Семей аймағындағы полигон салдарының әлі саябырсымағанын, халықтың әлеуметтік ахуалының төмен екенін еш қорықпай ашық айтады. Жиналған қауым оның бастамасын қолдайды. Роза әнші елдің жағдайының күрт төмендегенін әрбір ауыл-аймаққа барғанда өз көзімен көргенде сезінеді. Тек әнін шырқап, өз басын ғана ойласа, ол мұндай қауіпті қадамға бас тікпес еді.

Зарина Жәкеновадан басты рөлге қалай таңдалғанын сұрағанымызда көпшілікке беймәлім сырларды да ақтарды.

«Алматыға видеопробаға бардым. Яғни, көптеген актрисалармен бірге бағымды сынап көрдім. Сол байқауда өзімнің актерлік қабілетімді жақсы көрсеткен сияқтымын. Сөйтіп, режиссер басты рөлге мені таңдады. Мен өзім мюзикл театрында жұмыс істеймін. Біз онда екі ай сайын міндетті түрде вокалдан сынақ тапсырамыз. Сынақта халық әні, мюзикл және өз таңдауыңдағы бір ән болады. Жалпы, ұлтымыздың темірқазығына айналған халық әндері көп қой. Біз сол сынақтарда барлығын орындап болдық. Вокалдан беретін апайым «Бұлбұл» әнін ұсынды. Менің ондай күрделі әнге тісім батпады, жүрексіндім. Бірақ, апайым қолымнан келетінін айтты. Дайындық барысында менің бойымнан осы бағытқа ептілігімді байқаған екен. Бір қызығы, бір айдан соң кастинг директоры хабарласып, осы жобаны бастамақшы екендерін айтты. Өзім осы құбылысқа таң қалдым. Басты рөлге мені таңдайды деп те ойламаппын. Мені тарихта аты қалған тұлғаға ұқсатқаны үлкен жетістік деп санаймын. Осы жауапкершілікті сезінудемін. Жалпы, әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер айтылады. Көрерменнің пікірі актер үшін қолдау секілді ғой. Әрине, жағымсыз пікірлер де бар. Оның болуы заңдылық. «Еріні ұқсамайды, көзі ұқсамайды» деген жеке пікірлерге мән бермеуге тырысамын. Өйткені, әрбір адам – жеке тұлға. Ешбір адам қайталанбайды. Тіпті, егіздердің өзінде ерекшеліктер болады ғой», – деп ағынан жарылды актриса.

Зарина Жәкенованың сөзінше, ол Роза Бағланованың өмірі жайлы барлық деректерді зерттеген. Әншінің өзі жазған кітабын бірнеше мәрте оқып шыққан.

«Ең қызығы, Роза апамыздың аяғының өлшемі (35 өлшем) менікімен бірдей болып шықты. Түсірілімде ол кісінің өмірде киген бүкіл туфлилерін кидім. Жайдары, үнемі күліп жүретін кеңпейілдігі, өмірге құштарлығы, өнерге құрметі мені таң қалдырды. Роза Бағланованы халық тек сахнадан көрді. Ол кісі киелі сахнада ешқашан мұңайған емес. Ал өмірде, күнделікті тіршілікте өзін қалай ұстағаны көрерменге беймәлім ғой. Мен актриса ретінде режиссермен ақылдаса отырып, апамыздың өмірде қандай болғанын көрсеткім келді. «Қайтсем де бұл рөлді жоғары деңгейде алып шығамын» деп өзіме серт бердім», – дейді мойнына алған міндеттемелерін орындап, сертінде тұрған актриса.

Роза Бағланова десе, ең алдымен «Ах, Самара-городок» әні еске түседі. Себебі, ол әрдайым осы әнін бар болмысымен, жан-жүрегімен орындайтын. Соғыстан соң сахнаға оралған өнер иесі бүкіл КСРО жұртының ықыласына бөленіп, көптеген елдердің халық әндерін орындаумен қатар, танымал композиторлардың да әндерімен қоржынын толтырды. 

Қазақтың Розасы Польша, Венгрия, Австрия, 1918-1992 жылдары өмір сүрген Чехословакия, Қытай, Солтүстік Корея, Үндістан, Бирма (Мьянма), Канада, Швеция, Бельгия секілді алыс-жақын елдерде қазақ әнін шырқады. Солтүстік Кореяға сапарында Ким Ир Сен (1912-1994) өзінің жеке ұшағын берген соң, әнші 10 күн шамасында бүкіл елді аралап концерттерін өткізеді. Ал, Үндістанда Джавахарлал Неру әншіні арнайы қабылдап, құрмет көрсетеді. Сол жерде Индира және Раджив Гандилермен танысады. Талантқа деген құрмет ел мен жер таңдамайтынының айқын дәлелі осы емес пе?!

Телехикаяда Роза Тәжібайқызы туралы бұрын-соңды жарияланбаған деректерге де куә боласыз. Оның отбасындағы келбеті, әйел Розаның, ана Розаның болмысы ашылады. Ұлы Тәженмен қарым-қатынасы естелік ретінде беріліп, өмірінің соңғы кезеңдерінде ұлымен бірге туған өлкеге барып қайтуды армандайды. Ол арманы да орындалады.

«Анам қайталанбас тұлға, жер бетінен табылмайтын қазына тәрізді көрінеді. Мұндай адамдар жүз жылда бір рет туады дейді ғой. Ол өмірде көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Өмірлік тәжірибесі талайларға үлгі боларлық. Анамнан көрген-білгенін көпшілік сол кезде сұрағанда, ол бүгінгі қоғамға да зор үлесін қосқан болар еді», – дейді Тәжен Бағланов.

Роза Бағланова өзінің сұхбаттарында алғаш сахна төріне шыққан кезеңдері өнерді, талантты жоғары бағалаған уақытқа тұспа-тұс келгенін әрдайым айтып жүретін. Кинокартинаның әр бөлімінен замандастарының тарапынан әншіге деген зор ықылас-ілтипатты байқайсыз. Режиссерлік көзқарастың осы тұсы көрерменге ой салады. Биші Шара Жиенқұлованың, суретші Гүлфайруз Исмаилованың образдарын көресіз. Тіпті, Дінмұхамед Қонаевтың өзі Роза Тәжібайқызын арнайы шақыртып, халыққа қолдау көрсетуін, әнсапармен елдің әр аймағын аралап шығуын өтінеді.

Тағы бір бөлімінде қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың Роза Бағланованы қалай қастерлегеніне куә боласыз. Ақын Жұмекен Нәжімеденов екеуі қазіргі әнұранымыз «Менің Қазақстаным» әнін қалай өмірге әкелгендеріне де сүйсінесіз. Роза Тәжібайқызы орынадайтын «Ақмаңдайлым» әні де Шәмші Қалдаяқовтікі екенін білеміз.

Қазақ өнерінің қаймақтары – Шәкен Айманов, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Жұбан Молдағалиев, Талғат Бигельдинов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шахановтармен мәдени байланыста болған жезтаңдай әнші өзінің қарапайымдылығымен халқымыздың брендіне айналды.

РОЗАЛАРДЫҢ  ЖАЛҒАСЫ…

Жақында Роза Бағлановаға ұқсайтын кішкентай қызбен таныстым. Інжу есімді бүлдіршіннің сырт бейнесі ғана емес, өнерге құмарлығы да Роза апасына тартқанына қуандым.

Інжу Бақыткелдіқызы болашақта әнші болғысы келетінін жасырмады. Тіпті, әнқоржынында онға тарта ән бар екен. Шәмші Қалдаяқовтың әндерін жақсы көретін Інжу алдағы уақытта ән мен биді қатар алып жүргісі келеді.

2015 жылы Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында ескерткіш-бюсті орнатылып, еске алу кеші болып, Исраил Сапарбай, Ескендір Хасанғалиев секілді дара жол иелері қатысқан екен. Сонда Роза апаның келіні кішкентай Інжудің талабын байқап, арнайы шақырыпты. Сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі байқауда Інжудің ән салғанына тамсанып, «болам деген балаға» құрмет көрсеткенін де айтып берді. Мұның бәрі бала қиялын көкке шарықтататыны сөзсіз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тақырыбымызды Роза Тәжібайқызының: «Менің ұлы Отаным, сүйікті Республикам, ғажайып ұлтым! Кеудемде жүрегім соғып тұрғанда мен халқыма қызмет етуден танбаймын», – деген жалынды сөзімен түйіндегіміз келеді. «Бұлбұл» телехикаясы – Роза Бағланованың жарқын бейнесін, ғұмырының қалтарыс-бұлтарысын айқын көрсеткен әрі әнші өмірінің сәулелі сәттерін көрермен назарына ұсынған туынды.

Әлия ІҢКӘРБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here