Несие тарихы туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар

0
2770

Бүгінде қазақстандықтардың басым бөлігінде бір-екіден несие бар. Осыған байланысты еліміз несие беру бойынша шектеу шараларын енгізді. Мұндай шектеуге Ұлттық банк бекерден-бекер барып отырған жоқ. Себебі, тұрғындардың төлем қабілеттілігін басшылыққа алған. Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылдың 1 қарашасында берешек несиелердің көлемі 616,8 млрд теңгені құраған. Несие бойынша берешектің 290,8 млрд теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі. Бұл қарызды қайтару парыз екенін ұмыт қалдырған тұрғындардың несиеге селсоқ қарауының нәтижесі болса керек. Әрине, бұл өзге тақырыптың өзегіне арқау болар бөлек әңгіме. Ал, банк алдындағы берешекті кешіктіріп төлеу несие тарихына қалай әсер етеді? Оны жақсартуға бола ма? Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сауалдарға жауап іздейді.

НЕСИЕ ТАРИХЫН ТЕКСЕРІП ТҰРУ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?

Банктен немесе басқа да қаржылық ұйымдардан қарызға ақша алған адамның барлығында несие тарихы болады. Несие тарихы – бұл ауқымды құжат түрі. Құжатта кез келген адамның несие беруші банкпен келісім шарты, төлем тәртібі, алған несиесі, оны қалай өтегені туралы ақпараттар көрсетіледі. Несие тарихы кейде 300 бетке дейін жетуі мүмкін. Оны толығымен түсініп оқуға көп уақыт кетеді. Банк жеке тұлғаға несие беру не бермеу туралы шешімді осы құжатқа қарап қабылдайды. Ал, несие берген жағдайда, оны максималды түрде қанша мөлшерде және неше пайызбен беру керектігі нақтыланады.

Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның сөзінше, несие тарихын кез келген адам тексеріп отыруы керек. Тіпті, несие алмағандар да жылына екі рет тексеріп қойса артық болмайды.

«Көбіне адамдар несиесін кешіктіріп төлеп жатқандықтарынан бейхабар болады. Мысалы, жабылмаған несие картасын да уақытылы жапқан маңызды. Себебі, несие картасы жабылмаса, комиссия жинақталады. Өкінішке қарай, алаяқтық жолмен адамның сыртынан несие алу да жиі кездеседі. Адамдар көбіне банкке несие алуға келгенде алаяқтар оның сыртынан қарыз алғанын бір-ақ біледі. Алаяқтық іс-әрекеттің алдын алу үшін несие тарихын жиі тексеріп тұру керек. Оны SMS-банкинг арқылы да жүзеге асыруға болады», – деп түсіндірді Әсем Нұрғалиева.

Кейде несие тарихында қателіктер болатын кездерді де ұмытпауымыз керек. Мәселен, қарыз алушы барлық жарналарды уақытылы төлегенімен, несиені кешіктіруі мүмкін деген ақпарат шығады. Мұндай жағдайда жеке тұлға Бірінші кредиттік бюроға хабарласып, істің анық-қанығын біле алады. Өз кезегінде Бірінші кредиттік бюро несие берген қаржы ұйымына хабарласып, ішкі тексеру жүргізуді сұрайды.

«Берешек коллекторлық компания арқылы өтелсе, бірқатар мәселе туындауы мүмкін. Мәселен, жеке тұлға банк алдындағы барлық қарызын өтегенімен, коллекторлық компания жеке тұлғаның несиесі туралы ақпаратты біздің бюроға дер кезінде бермейтін жағдайлар да жиі болып тұрады. Сондықтан несиесін өтеген адам екі-үш аптадан соң міндетті түрде өзінің несие тарихын тексергені жөн. Егер жеке тұлға несие тарихын тексергенде өтеген берешегі базада әлі шығып тұрса, біздің бюроға көмекке жүгіне алады. Ол үшін жеке тұлға несиені төлегенін растайтын түбіртекті ұсынуға міндетті. Біз жеке тұлға қаржы алған агенттіктің коллекторларымен хабарласып, олардың ақпаратты қайта тексеріп, өңдеулерін сұраймыз», – деп толықтырды Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры.

Бюро өкілінің мәлімдеуінше, әрбір жиырмасыншы қазақстандық өзінің несие тарихын тексерсе, қалған он тоғызы тек мәселе туындаған жағдайда ғана оны тексеретін көрінеді.

Несие тарихын жеке тұлға:

  • Электронды үкімет порталынан;
  • Халыққа қызмет көрсету орталығынан;
  • «Қазпошта» бөлімшесінен;
  • Бірінші кредиттік бюроның www.1cb.kz сайтынан біле алады.

ДЕРБЕС НЕСИЕ КӨРСЕТКІШІ НЕГЕ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Кез келген жеке тұлға өзінің несиеге қабілеттілігін бағамдау үшін өзіне банк көзімен қарап, дербес несие көрсеткішін бағамдай алуы керек. Ал, дербес несие көрсеткішін келесідей топтарға бөледі: өте нашар – қызыл, нашар – қызғылт-сары, қанағаттанарлық – сары, жақсы – жасыл, өте жақсы – қою жасыл. Кез келген қаржы ұйымдарының несие беруде өзіндік талаптары бар. Дегенмен, қызыл түс тобындағы жеке тұлғаны банк жанына жолатпаса, жасыл түстегі жеке тұлғаға банк еш қиындықсыз несие береді.

Берешегін төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен жеке тұлға қызыл түс көрсеткішінің қатарына қосылады. Мейлі 100 мың теңге қарызы болса да, 10 мың теңге қарызы болса да, оның қарыз көлемі есепке алынбайды. Өйткені, қарызы аз болса да, оны уақытылы төлемеген адам автоматты түрде сенімсіздердің қатарынан табылады.

Жеке тұлғаның несие тарихында белгілі бір келеңсіздіктер мен жайсыз жағдайлар болғанда сары түс шығады. Мысалы, жеке тұлғаның 15-30 күн аралығында өтелмеген берешегі болса, несиені жақын арада жапса, әлі өтелмеген бірнеше несие төлеп жүрсе немесе ипотека сияқты үлкен қарызы болса осы сары көрсеткішті санатқа қосылады.

Жасыл түсті көрсеткішке барлық несиесін уақытылы төлеп жүрген әрі соңғы 1-1,5 жылда берешегін кешіктіріп төлемеген жеке тұлға ие болады.

«Егер Сіз кепілдіксіз несие алатын болсаңыз, несие көлемі алатын жалақыңыздың жартысына тең болуы керек. Алған несие жалақыңыздың 50%-нан асатын болса, несие тарихыңыз жақсы болса да, жасыл көрсеткішті көрсетсе де, банк тағы бір несие бермеуі мүмкін», – деп нақтылады Әсем Нұрғалиева.

НЕСИЕ ТАРИХЫН ҚАЛАЙ ЖАҚСАРТУҒА БОЛАДЫ?

Әсем Нұрғалиеваның пікірінше, банктің несие бермеуінің басты себебі – қолданыстағы берешектің болуы. Сондықтан да, несие тарихын жақсарту үшін алдымен берешекті толығымен жабу керек.

«Егер жеке тұлғаның несиені бірден жабатын мүмкіндігі болмаса, онда несие алған банкке жүгінуге болады. Мысалы, банк несиені қайта есептеп, төлейтін қаржының уақытын созып, шарттарын өзгертіп береді», – деп түсіндірді сарапшы.

Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры несиені ерте төлегеннің өзінде несие көрсеткіші өзгермесе, сәл күте тұру керектігін ескертеді. Мәселен, қызыл көрсеткіштен шығу үшін несиені өтеген соң кемі үш жыл қажет болса, сары көрсеткіштен шығуға қарызды қайтарған соң алты ай немесе бір жыл күтуге тура келеді.

«Сіздің несие тарихыңызға оң әсер ете алатын факторлар да бар. Аз мөлшерде несие алып, оны уақытылы немесе уақытынан ерте төлесеңіз, төлем тәртібіңізге өзгерістер енгізілуі де ғажап емес», – деп нақтылады Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры.

Әсем Нұрғалиеваның сөзіне сенсек, несие тарихын жақсартуда тек несиені уақытылы төлеу ғана емес, коммуналдық төлемдер де басшылыққа алынады.

«Біздің бюрода енді тек қана несие тарихын ғана емес, сонымен бірге басқа да қарыздарды басшылыққа алу көзделіп отыр. Мысалы, былтырдан бастап коммуналдық қызметтерді уақытылы төлеуге де баса назар аударылады. Егер де жеке тұлға коммуналдық қызметтерді төлемесе, онда сол туралы ақпарат бюроға келіп түседі. Ақпарат сол тұлғаның несие қабілеттілігіне де әсер етеді. Мысалы, «Алматы Су» АҚ борышкері несие алуға өтінім бергенде қаржы ұйымы оған несие бермеу туралы шешім шығарады. Бұл санатқа салық, айыппұл және алименттер де кіреді», – дейді Әсем Нұрғалиева.

Қазіргі уақытта ғаламторда несие тарихын жақсарту амалдары туралы ақпараттар көп тарауда. Соның бірі – банкте депозиттің болуы. Мұны да маманнан сұрап көрдік. Әсем Нұрғалиева депозит несие тарихына еш әсер етпейтінін, тек несие беретін кезде ғана ықпал етуі мүмкін екенін айтты.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here