Әлем – алаңдаулы. Жаһан жұртшылығының назары Украина жеріндегі соғысқа ауғанына төрт айдан асты. Айдың–күннің аманында майдан даласында мерт болып, қаза тапқандар туралы әрқилы деректер айтылып та, жазылып та жатыр. Бұл тараптағы сарапшылардың пікірі бір–біріне кереғар. Десе де, мыңдаған адамның шейіт болып, миллиондаған украиналық бейбіт тұрғынның шекара асып, босып кеткені белгілі. Адамзат тарихында қара таңбамен қалған алапат майдан екінші деңгейге өткен сыңайлы. Бұлай деп пайымдауымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. 9 мамыр күні АҚШ Президенті Джо Байден Украинаға қатысты Ленд-лиз заңына (Lend lease – тікелей аударғанда «жалға беру» деген мағынаны білдіреді) қол қойды. Бұл құжат Украинаға және қажет болған жағдайда алдағы жылдары Шығыс Еуропа елдеріне қару–жарақ жеткізуді барынша жеңілдетпек. Тарихта екінші рет қайталанып отырған Ленд-лиз заңы соғыс өртін өшіре ме, әлде оны өршіте ме? Бұл қадам алыптар арасындағы айқастың жаңа кезеңіне жол ашпай ма? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтардың жауабын іздейді.
ЛЕНД-ЛИЗ ЗАҢЫ ҚАНДАЙ МАҚСАТТЫ КӨЗДЕЙДІ?
Ленд-лиз заңының шығу түп-төркіні Екінші дүниежүзілік соғыспен тікелей байланысты. Әңгімені әріден бастасақ. 1940 жылы мұздай қаруланған Германия әскері Еуропаның едәуір бөлігін басып алып, Ұлыбритания астанасы Лондонға әуе шабуылын бастайды. Осындай алмағайып кезеңде Англия АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болады. Бұған себеп те жоқ емес еді. Сол кезеңде Ұлыбританияның басты одақтасы саналатын Франция Германия рейхсканцлері Адольф Гитлермен өзара достық және шабуыл жасамау туралы шартқа қол қойған-ды.
1941 жылғы 12 тамызда Ұлыбритания Премьер-министрі Уинстон Черчиль мен АҚШ Президенті Франклин Рузвельт Ленд-лиз турасында кеңесу үшін кездесіп, әскери көмек алуға уағдаласады.
Жалпы, Ленд-лиз туралы алғашқы заң бұл кездесуге дейін қабылданған болатын. Оған АҚШ-тың 32-ші Президенті Франклин Рузвельт 1941 жылғы 11 наурызда қол қойған. Алғашқы Ленд-лиз заңы бойынша АҚШ Үшінші Рейх әскеріне қарсы соғысушы Еуропадағы одақтастар мен КСРО-ға қару-жарақ, азық-түлік, жанармай, оқ дәрі және тағы басқа қажеттіліктерді берді. Ленд-лиз шарты бойынша ұрыста жойылған қаруды төлеудің қажеттілігі жоқ. Тек қалғанын өтеу міндеттеледі. 1941 жылы 22 маусымда Германия КСРО-ға басып кірген кезде Кеңес Одағы АҚШ-тың көмегін алушылардың қатарына қосылды. КСРО-ға Құрама Штаттар Ленд-лиз бойынша берілген әскери көмектің бестен бір бөлігін табыстады. Әскери көмектің құны сол кезеңдегі бағам бойынша 11 млрд доллар болса, қазіргі сомасы 170 млрд-қа жуық «америкалық көк қағазды» құрайды.
Ленд-лиз аясында КСРО ондаған мың танк пен вагон, түрлі ұшақтар мен жүздеген мың жүк көліктерін алды. Алған қарызды КСРО, кейіннен оны заңды мұрагері саналатын Ресей төледі. Ресей АҚШ алдындағы қарыздан 2006 жылы ғана толыққанды құтылды.
Осы орайда айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Ленд-лиз арқылы ондаған мемлекет жалпы сомасы 50,1 млрд долларды құрайтын көмек алды.
Ленд-лиздің басты мақсаты – пиғылы бұзық, ниеті түзу емес басқыншыларға қарсы күресте тойтарыс беру. Франклин Рузвельт Ленд-лиз турасында былай деп айтқан болатын: «Көршімнің үйін өрт шалды. Менде өртті өшіруге көмектесетін құрылғы бар. Егер де көршім тілсіз жауды сөндіру үшін құрылғымды пайдаланғысы келсе, мен оған қуана келісемін». Десе де, кейбір сарапшылар АҚШ Ленд-лизді өз пайдасы үшін жасады деп пайымдайды. Бұны АҚШ-тың билік өкілдері де жоққа шығармайды. Мәселен, АҚШ-тың 1940-45 жылдардағы Сауда министрі Джесси Джонс бір басылымға берген сұхбатында: «КСРО-ға көмек көрсету арқылы біз жұмсалған қаржымызды ғана қайтарып алған жоқпыз, қыруар пайдаға да кенелдік», – деп айтқан еді.
ТАРИХ ҚАЙТАЛАНАДЫ: ЕКІНШІ ЛЕНД-ЛИЗ
Тарих – тағылым алмағандар үшін қайталанады. АҚШ өз тарихында екінші Ленд-лиз заңын қабылдады. Украинаға әскери және гуманитарлық көмек беру туралы заңды қабылдауды Техас сенаторы Джон Корнин ұсынған болатын. Маңызды құжатты 6 сәуірде АҚШ сенаты қабылдап, оған Президент Джо Байден 9 мамырда қол қойды. Әккі саясаткерлер Байденнің қол қою рәсімін алдын ала жоспарлап, арнайы 9 мамырды таңдағаны бекер емес деген пікірді алға тартады. Олардың пайымдауынша, бұл әлемде фашизмнің жеңілген датасы саналады. Ал, жаңа Ленд-лизге дәл сол күні қол қоюдың астарында Ресей агрессиясын фашистік идеологиямен теңестіру меңзелген.
Тарихи шешім аясында Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз ету жылдамдап, көмек көрсету тұрғысындағы бюрократиялық кедергілер жойылады. Бүгінде Ленд-лиз заңы бойынша бөлінген қаржы көлемі де айқындалды. Бастапқыда Байден Конгресстен 33 млрд доллар сұраған болатын, кейіннен оның көлемі 40 млрд долларға өсті.
Бұл Ресей шабуылынан титықтаған Украинаның қорғаныс әлеуетін арттырып, басқыншыларға тойтарыс беріп қана қоймай, қарсы шабуылға шығу мүмкіндігін арттыруға сеп болмақ. Сарапшылардың болжамы осыған саяды. Украина жеткізілген қару-жарақ үшін бірден ақы төлеуден босатылып, қарызын кейіннен өтеуіне мүмкіндік берілді. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, Украина Ленд-лиз шығынын бұғатталған Ресей қаржысы арқылы өтемек.
ЖАРИЯЛАНБАҒАН СОҒЫС КІМГЕ ТИІМДІ?
Шетелдік сарапшылар екінші Ленд-лиз америкалықтардың Шығыс Еуропа елдерінде Украинаға арналған әскери техниканы арттыруды көздейтіндігін айтады. Сонымен қатар, бұл қадам қару-жарақтарды шекара арқылы өткізіп, Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарды мейлінше ұзаққа созуды мақсат тұтады.
Жалпы алғанда, биылғы жылғы 24 ақпаннан бері АҚШ тарапынан Украинаға үш рет ірі көлемдегі әскери көмек жіберілген. Олардың әрқайсысының құны 800 млн долларды құрайды. 28 сәуірде Ленд-лиз заңына сәйкес Джо Байден Конгресстен Украинаға көмектесу үшін қосымша 33 млрд доллар сұраған болатын. Алайда, жоғарыда жазғанымыздай, АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы әскери көмек сомасын 40 млрд долларға дейін ұлғайтып, Президент ұсынысын бір ауыздан мақұлдады.
АҚШ-тан келетін қару-жарақтың нақты мерзімі де анықталды. Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестовичтің айтуынша, АҚШ-тан Украинаға әскери техникалар үлкен кемелермен жеткізілетін болады. Қару-жарақты дайындауға екі аптадай уақыт жұмсалмақ. Одан кейін кеме Атлант мұхиты арқылы 10-12 күн жүзіп, Еуропа арқылы Украинаға жетеді. Ұзын-ырғасы бір ай уақытта Украина америкалық қару-жарақтың мол қорына ие болғалы тұр.
УКРАИНА ҚАНДАЙ ҚАРУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ?
Ленд-лиз аясында Украинаға қандай қару-жарақ түрлері жеткізіледі? Шетелдік әскери мамандардың айтуынша, алдымен танктер, зениттік қарулар, оқ-дәрілер, әскери артиллерия мен пилотсыз ұшу аппараттары жеткізілмек.
Сонымен қатар, қару-жарақтың ішінде құны қымбат РСЗО Himars, гаубицалар мен тікұшақтар да бар. Украина мыңдаған Javelin және Stinger сияқты танкіге қарсы қолданылатын тиімді қарулар мен Switchblade ұшқыш дрондарға да ие болмақ. Бір сөзбен айтқанда, АҚШ тарапынан көрсетілетін әскери көмек айтарлықтай артпақ. Бұдан өзге, Украина еуропалық одақтастарынан әскери және гуманитарлық көмек алуды жалғастыра бермек.
Сарапшылардың айтуынша, заманауи қару-жарақ пен батыстың жан-жақты қолдауының арқасында Украина Ресей шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, басып алынған өз аумағын қайтарып алу мүмкіндігі бар. Мысалы, 30 маусымда Ресей Украинаның Змеиный аралынан әскерінің қалған бөлігін әкеткені белгілі болды. Украина күштерінің «Оңтүстік» тобы басшылығы ресейліктердің аралдан «гарнизонның қалған бөлігін екі қайықпен асығыс-үсігіс әкеткенін» мәлімдеді. Кейінірек РФ Қорғаныс министрлігі Змеиный аралынан әскерін әкеткенін растады. Министрлік «Змеиный аралындағы тапсырманы аяқтап, ізгі ерік-жігер қадамы ретінде ондағы гарнизонды шығарғанын» хабарлады.
Айта кетейік, Қара теңіздің солтүстік-батысында орналасқан шағын ғана Змеиный аралы Украинаның Одесса облысы жағалауы мен Одесса қаласының портына баратын теңіз жолын бақылауда ұстау үшін маңызды нысан саналады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Тарихтан тағылым алмау – жақсылыққа бастамайды. Алыптар арасындағы айқас – адамзатты апатқа ұшыратып, талай тағдырды тығырыққа тіреген. Тірей де бермек. Украина жерінде тұтанған соғыс өрті мүдделер қақтығысына ұласып бара жатқандай әсер қалдырады. Талай жанның теперіш көріп, айдың-күннің аманында ажал құшуына себепкер болған ол өртті өшіруге кейбір алыптар құлықты емес сияқты. Өкінішті…
Жандар АСАН, шолушы
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
2022 жылғы 22 ақпанда Ресей Федерациясы өздерін Украинадан тәуелсіз деп жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындады. Артынша 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірді. Мәскеу тәуелсіз мемлекетке қарсы басқыншылық соғыс жүргізіп жатқанын еш мойындамайды. Кремль мұны Украинаны «қарусыздандыру және денацификациялау» мақсатында жүргізіп жатқан «арнайы әскери операция» деп атайды. Бірақ, БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі мұны «Ресей басқыншылығы» деп атап, Мәскеуден Украинадан әскерін әкетуін талап етіп келеді. Батыс елдері Ресейге Украинаға соғыс ашқаны үшін санкциялар салған. Ал, қарулы қақтығыстың салдарынан қаза тапқандар саны туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, БҰҰ-ның соңғы дерегіне сенсек, соғыста қаза тапқан әскерилерді есепке алмағанда, барлығы 5 мыңдай бейбіт тұрғын опат болған, 7 млн Украина азаматы туған жерін тастап, жат елдерге босып кеткен.