Көк қарындаштың ұшымен жазалаушы

0
4242

Көпшілік әлі күнге дейін сталинизмнің жауыздығын әлдебір тарихи қажеттілікпен ақтап алғанды құп көреді. Орыстың патшаны жақсы көретін, жауыздық жасағаны үшін боярларды айыптайтын ескі дәстүріне үйренген халық Сталин қолының қанға боялмағанын айтып, оған ақ көйлек киіндіргісі келеді. Кеңес үкіметінің жасаған ауыр қылмыстары үшін тек Ежов пен Берияны ғана кінәлайды. Жұрт бұрынғы қанқұйлы қорқынышты үрейді есіткісі келмейді, оның орнына иллюзиямен өмір сүруді қалайды. Сөйтіп, сабырлы болғысы келеді. Алайда, сонымен көңіл көншітуге бола ма? Міне, бар гәп осында.

ҚАЗАҚ
ЖЕРІНДЕ «АЛЖИР»
ҚАЛАЙ
ҚҰРЫЛДЫ?

Орталық комитеттің 1937 жылғы 5 шілдедегі «Оңшыл троцкийшіл ұйымның сотталған мүшелерінің барлық әйелдерін қатаң лагерьлерде ұстау туралы» қаулысының қолмен жазылған жобасы бар.

«Орын алған оқиғаларға күйеуі кінәлі» деп есептесек те, оған неге әйелі жауапты болуы керек? Сонда бұл тарихи қажеттілік пе? Бұл жерде жазықсыз әйелдерді құтқара алатын жалғыз нәрсе – күйеулерін айыптау. Әсіресе, құжаттардағы көк қарындашпен жасалған өңдеулер мен толықтыруларда КСРО Ішкі істер халық комиссары Николай Ежовтың «троцкийшілердің» әйелдерін лагерьлерде бес жылға бас бостандығынан айыруды ұсынуы болған. Көк қарындаш мерзімді кейін сегіз жылға дейін ұлғайтқан. Ежов «сотталғандардан кейін қалған жетім балаларды мемлекет қарауына алуды» ұсынып, оған көк қарындашпен «15 жасқа дейін» деп өзгерткен. Онда 15 жастан асқан балаларға қатысты мәселелерді жеке шешу керектігі көрсетілген. Оған қосымша көк қарындаштың ұшымен оңшыл троцкийшіл ұйымның мүшелерін өлім жазасына кесу анықтамасына «Отанды сатқандар» деген сөзді қосқан. Осы қаулыдан кейін Қазақстанда «АЛЖИР» – Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері пайда болған.

Сонда көк қарындаштың иесі кім? Кейін бұл құжат Мәскеу мемлекеттік заң академиясына сараптамаға жіберілген. Тәжірибелі сарапшылардың ол туралы тұжырымы біржақты болған: «Орталық комитеттің 1937 жылғы 5 шілдедегі қаулысы жобасының көшірмесінде көк қарындашпен түзетулерді Иосиф Сталин жасаған». Дегенмен, сарапшылар тұжырымы қоғам-да үлкен дау туғызған. Ал, бас жазалаушы Николай Ежовтың атылуының нағыз авторы кім?

Орталық комитеттің жоғарыдағы қаулысының негізінде 1937 жылы 15 тамызда өзінің қатаң цинизмімен әйгілі № 00486 бұйрығы шығып, онда жазықсыз әйелдер-ге қатысты қуғын-сүргіннің барлық жай-жапсары жазылып, тұтқындаулар басталды. Аталған бұйрық 1938 жылдың 17 қазанына дейін өз күшінде болып, содан кейін біршама жұмсарту шаралары жүргізілген. Бұл жерде «1937-1938 жылдары лагерьлерге қанша әйел жіберілді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, бұл туралы нақты бір деректер жоқ. Рас, 1938 жылғы 5 қазандағы жазба деректері бар, бірақ ол нақты емес. Онда НКВД басшылығы Сталинге № 00486 бұйрық негізінде толық емес мәліметтер бойынша тұтқындалған 18 мыңнан астам әйелдің қуғын-сүргінге ұшырағаны туралы баяндайды. Ұсталған балалар туралы НКВД Әкімшілік-шаруашылық басқармасының (АХУ) бастығы Сумбатовтың 1939 жылы 29 қаңтарда Берияның атына жазған жазбасында былай деп көрсетілген: «…1937 жылдың 15 тамызынан бастап, қазіргі уақытқа дейін Әкімшілік-шаруашылық басқармасы мынадай жұмыстарды атқарды. Одақ бойынша барлығы – 25 342 бала ұсталды. Олардың ішінен: а) Халық ағарту комиссариатының балалар үйіне және жергілікті питомниктерге – 22 427 адам жіберілді; б) қамқорлыққа берілген және аналарына қайтарылғандардың саны – 2 915 адам».

Әрине, бұл жерде олардың саны толық емес екені анық. Олардың арасында «әлеуметтік қауіпті» деп танылған, қамауға алынған және сотталған 15 жастан асқан балалар туралы мәліметтер қамтылмаған. Әйтсе де, мәселе санда емес, даусыз фактіде. № 00486 бұйрық бойынша операция «халық жауларының» әйелдеріне ғана емес, балаларына да қарсы бағытталғаны көрініп тұр.

«ҰЛЫС»
ОПЕРАЦИЯСЫ
НЕМЕСЕ
ҚАЛМАҚТАР
НЕДЕН
ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?

Сталин дәуірінде халықты елдің өзге өңірлеріне мәжбүрлеп көшіру сияқты репрессивті депортация шаралары кеңінен қолданылды. Қабылданған шаралар бойынша жеке адамдар ғана емес, тұтас халықтар да депортацияланды. 1943 жы-лы 27 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қалмақ автономиялы кеңестік социалистік республикасын тарату және оның негізінде РСФСР құрамында Астрахань облысын құру туралы» жарлығы шықты. Сол жылдың соңында «Ұлыс» операциясы басталды. Оның барысында Қалмақстанның барлық халқы елдің шығыс аймақтарына жер аударылды. Сонда бұған не себеп болды?

1935 жылдың 20 қазанында Бүкілодақтық атқару комитетінің Президиумы автономиялық облыстың 15 жылдығына орай «Қалмақ автономиялы облысын Қалмақ автономиялы кеңестік социалистік республикасы етіп қайта құру туралы» қаулы қабылдайды. 1939 жылға қарай қалмақтың жалпы саны – 179,4 мың адамды құрайды. 1942 жылдың жазында республиканың бір бөлігін неміс-румын әскерлері басып алады. Автономия астанасы Элиста қаласында партизандар және диверсанттармен күресу үшін полковник Вольф бастаған арнайы бөлім құрылады. Жергілікті тұрғындардан полицей отрядтары құрылып, олар Вермахт (Германияның қарулы күштері) бөлімшелерінде, атап айтқанда, Қалмақ кавалериялық корпусында, Вермахттың 1-ші казак дивизиясында және Түркістан легионында қызмет етуге шақырылады. Кеңес әскері артқа қарай шегінген кезде қалмақтардан тұратын кейбір бөлімшелер майдан даласын өз еріктерімен тастап шығып, үйлеріне оралады. Үйлеріне оралғаннан кейін түрлі қауесеттер таратыла бастайды. Олардың көпшілігі жау жағына өтіп кетеді. Түрлі есептеулер бойынша, сол кездері Үшінші рейх жағында 5-тен 7 мыңға дейін қалмақ жауынгері соғысқан.

1942 жылы 19 қарашада Кеңес әскері қарсы шабуылға шығады. 1943 жылы 1 қаңтарда 28-ші армияның күшті соққы беруімен Элиста қаласы жау қолынан азат етіледі. Бірақ, республика аумағында байырғы тұрғындардан құралған бұрын-ғы полицейлер, қашқындар мен диверсант топтары өз қарсылықтарын жалғастыра береді. Олармен белсенді күрес жүргізіледі.

Осыған байланысты ұлт көсемі Сталин Қалмақ автономиялық республикасын жойып, барлық қалмақтарды Сібір, Орта Азия және Қазақстанның жекелеген аудандарына депортациялау туралы шешім қабылдайды. Әрине, бұдан «барлық қалмақ ұлты неміс басқыншыларына көмектесті» деген пікір қалыптаспауға тиіс. Өйткені, Қызыл әскер қатарында көп қалмақтар да соғысты.

«Ұлыс» операциясы 1943 жылдың желтоқсан айында басталды. 1944 жылдың қаңтар айының соңына дейін НКВД-ның ұйымдастыруымен 95 мыңға жуық адам еріксіз жер аударылды. Олар ашық-тесік эшелондармен Омбы, Түмен, Новосибир облыстарына, Орта Азия мен Қазақстанның Арал өңіріне, Краснояр, Алтай өлкелеріне қоныс аударды. Қоныс аудару қақаған қыс айында орын алғандықтан олардың көбі ұзақ жолды көтере алмай қайтыс болды. Қоныс аудару орындарында іш сүзегі эпидемиясы бірнеше рет өршіп, депортанттардың өмірін баудай қиып түсірді. Кейбіреулер қашуға тырысты. Бірақ, көп жағдайда олар ұсталып, сотсыз атылып жатты. Түрлі мәліметтер бойынша, депортацияның салдарынан Қалмақия соғысқа дейінгі халқының үштен бірінен жартысына дейін айырылды.

Бұрынғы Қалмақ АССР аумағы Ставрополь өлкесінің, Астрахань, Ростов және   Сталинград облыстарының арасында бө-лінді, ал оның астанасы Элиста «Степной» деп аталды. Көп қалмақ атаулары орыс атауларымен алмастырылды. Осылайша, байырғы мәдениет жадыдан өшірілді.

Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ұзаққа созылды. Өйткені, сенімсіздік болды. 1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде басқыншылармен ынтымақтастықта болған кеңес азаматтарына рақымшылық жасау туралы» жарлығы шықты. 1956 жылы 17 наурызда қалмақтарды оңалту туралы қаулы қабылданып, оларға туған жерлеріне оралуға рұқсат етілді.

1957 жылы 9 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «РСФСР құрамында Қалмақ автономиялық облысын құру туралы» жарлығы шықты. Алайда, бұрынғы Қалмақия территорияларының бір бөлігі Астрахань облысы мен Ставрополь өлкесінің құрамында қалды. Автономияға жалпы ауданы 75,9 мың шаршы шақырым болатын жер бөлінді. Орталығы – Элиста қаласы болып бекітіліп, оған он ауылдық аудан біріктірілді. 1957-1959 жылдары елге 72 665 адам қайтып оралды. 1958 жылдың 29 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы облысты Қалмақ автономиялық республикасы етіп қайта құру туралы шешім шығарды. РСФСР-дің 1991 жылғы 26 сәуірдегі №1107-1 «Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтар-ды ақтау туралы» заңы бойынша қалмақ халқын депортациялау геноцид актісі болып танылды. Осыған орай 2004 жылғы 28 желтоқсан – Депортацияға ұшыраған қалмақ халқының құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Бүгінде Қалмақстан аумағында кезінде Қызылорда облысынан көшкен 150 отбасы тұрады. Олар үлкен депортация кезінде Арал ауданының Қаратерең, Бөген, Сольтрест, Жақсықылыш елді мекенінде тұрған. Араларында Кеңес Одағының батыры, генерал-полковник жерлесіміз де бар.

Қалмақтар депортацияға ұшыраған жер бетіндегі жалғыз халық емес еді. 1920 жылы Терек казактарын мәжбүрлеп көшіру орын алды. Олар Солтүстік Кавказдың басқа аймақтарына, Донбасқа, Қиыр Солтүстікке жер аударылды, ал олардың өмір сүрген жерлері шешендер мен ингуштарға берілді.

ОТЫЗЫНШЫ
ЖЫЛДАРДЫҢ ОЙРАНЫ
КІМДЕРГЕ
ҚАСІРЕТ ӘКЕЛДІ?

Отызыншы жылдардың ортасынан КСРО-да ұлт саясаты өзгере бастады. Бұл жекелеген халықтар мен этникалық топтардың мәдени, саяси автономиясының жойылуына алып келді. Мәселен, Ленинградта эстондар, латыштар, литвалықтар, поляктар, финдер мен немістер жаппай тұтқындалды. 1935 жылдың көктемінен бастап жергілікті тұрғындар Ленинград облысының солтүстік-батыс шекаралас аудандарынан мәжбүрлеп шығарылды.

1937 жылдың қыркүйегінде 172 мың этникалық кәріс Қиыр Шығыстың шекаралас аймақтарынан Орта Азияның бұрын адам қоныстанбаған аудандарына көшірілді. Рас, оларға туған жерлерінде қалдыруға мәжбүр болған мүліктерінің құнын өтеу жүргізілді, ал «шетелге кетемін» деушілерге көмек көрсетілген болды.

1938 жылдың мамыр-шілде айларында Қиыр Шығыста тұратын 7,9 мың қытай Шыңжанға жер аударылды. Қытайға оралғысы келмейтіндер Қиыр Шығыс өлкесінің Кур-Урмий ауданына (қазіргі Хабаровск өлкесінің Хабаровск ауданы) және Қазақстанға қоныс аударды. Бұл шамамен 3,3 мың адамды құрады.

Кеңес өкіметі бұл репрессияларды жүргізуде автономиялық этностардың тарапынан белгілі бір қатер көргендігімен байланысты болды. КСРО басшылығы ұлттың өзін-өзі тануы социалистік идеологияға үстемдік етеді деп қорықты.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде депортацияға 61 ұлт ілікті. 1941 жылы тамызда Еділ бойы немістері Қазақстанға, Сібірге, Оралға көшірілді. Ал, неміс ұлтының өкілдері Шығыс Пруссияның құрамына кіретін Калининград облысынан және Литва КСР-нің Клайпеда аймағынан жер аударылды. Кеңес әскерінде қызмет еткен неміс ұлтынан шыққан кеңес жауынгерлері өз үйлеріне қанды соғыстан аман-есен оралғаннан кейін қайтадан 1947-1948 жылдары күштеп жер аударылды.

Мұндай тағдыр ингуш пен шешен халықтарын да айналып өтпеді. 1920 жылдан 1941 жылға дейін Шешенстан мен Ингушетия аумағында большевиктерге қарсы 12 ірі қарулы көтеріліс пен 50-ден астам кішігірім көтерілістер орын алды. Соғыс жылдары жергілікті халық тарапынан болған наразылықтар Шешен-Ингуш АССР-нің таратылуына және жергілікті тұрғындарды депортациялауға әкеліп соқтырды.

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың арасында Қырым татарлары, қарашай мен балқарлар да болды. Оларды «фашистерге көмектесіп, опасыздық жасады» деп айыптады. Сонымен қатар, күрдтер мен қырым гректері, месхетин түріктері, армяндар, әзербайжандар, түріктер және Гитлер коалициясына кірген елдердің өкілдері – болгарлар, венгрлер, финдер де депортациялауға түсті. Оларға «опасыздық жасады, бандалық құрылымдарға қатысты, диверсия, антикеңестік қызметтер атқарды» деген ауыр   айыптар тағылды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кейін зерттеушілер депортацияланған халықтардың фашистермен ешқандай қатынаста болмағанын дәлелдеді. Депортацияның басты себебі – олардың жергілікті билікпен күнделікті қақтығыстарға баруынан, жергілікті партия басшыларының интригаларынан, жоғары элита – Сталин мен Берияның және өзге де жоғары партия шенеуніктерінің қыңырлығынан болған еді.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here