АҚШ-тың 44-ші президенті қазір немен айналысады?

0
3010
Барак Обама – АҚШ-тың 2009-2017 жылдардағы 44-ші президенті, «Нобель» сыйлығының 2009 жылғы лауреаты, екі қыздың әкесі

Тұңғыш қара нәсілді АҚШ президенті болған Барак Обама биыл тамыз айында 62 жасқа толады. Әрине, жетпіс жастан асып, сексеннің сеңгіріне бет түзеген әлемнің кейбір көшбасшы саясаткерлерімен салыстырсақ, алпысты алқымдаған оны шал-шауқанның қатарына қоса алмайсыз. Алысқа бармай-ақ Ақ үйдің қазіргі қожайыны Джо Байденнің 80 жаста, оның қарсыласы Дональд Трамптың 77 жаста екенін тілге тиек етсек те жеткілікті. Дегенмен, демократия үстемдік құрған алып елде үш мерзімге сайлануға мүлдем жол берілмейді. Сондықтан екі президенттік  мерзімі аяқталғаннан кейін Барак Обама 55 жасында Ақ үйдегі «тақтан» кетуге мәжбүр болды.

Алғашқы аптада-ақ 1,7 млн данасы сатылып кеткен Барак Обаманың «Уәде етілген жер» (A Promised Land) атты естеліктер жинағы

БҰРЫНҒЫ
ПРЕЗИДЕНТТЕР
МЕМЛЕКЕТТЕН ҚАНДАЙ
ӘЛЕУМЕТТІК
ЖЕҢІЛДІКТЕР АЛАДЫ?

Барак Обама – АҚШ-тың көзі тірі бұрынғы президенттерінің төртіншісі. Екі жыл бұрын олардың қатарына Дональд Трамп та қосылды. Обаманың әріптестері одан әлдеқайда үлкен. Мәселен, күзде Джимми Картер 99 жасқа толады, жазда Билл Клинтон да, кіші Джордж Буш пен Дональд Трамп та 77 жасқа толғандарын атап өтеді. Ал, оларға заңмен кепілдендірілген жеңілдіктер жиынтығы берілген.

2016 жылы билік басында отырғанда Барак Обама АҚШ-тың экс-президенттерінің зейнетақысын 2017 жылдан бастап 18%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Осылайша, қазір оның жылдық зейнетақысы 240 мың долларды құрайды.

Президент өкілеттігі аяқталған сәттен бастап алғашқы 30 ай ішінде Барак Обамаға көмекшілер тобын ұстауға арналған қаржы бөлінді. Бұл төлем жылына 96 мың долларды құрады. Сондай-ақ, экс-президент Құпия қызметтің тарапынан қорғалу құқығына ие болады. Онымен қазіргі президент Джо Байденнің оққағарларынан кем түспейтін мықтылар айналысады. 1997 жылға дейін Құпия қызметтің мамандары экс-президенттерді өмір бойына қорғап келді. Бірақ, қазір бұл құқық президент қызметінен кеткеннен кейінгі алғашқы он жыл ішінде ғана сақталады.

Бұрынғы бірінші ханым да Құпия қызмет мамандарымен қорғалуға құқылы. Егер ол жұбайымен ажырасып кеткен жағдайда, бұл құқық алынады. Экс-президенттің бала-шағасы кәмелеттік жасқа толғанға дейін мемлекет тарапынан қорғалады.

Экс-президент пен оның отбасы мүшелері әскери госпитальдарда тегін емделеді. Мұндай жеңілдіктерді олар АҚШ Қорғаныс министрлігінің арнайы нұсқаулығына сәйкес алады. Егер экс-президент қайтыс болса, оның жесірінде тегін медицина қызметін алу құқығы сақталады. Ал, бұрынғы президентті жерлеу рәсімін өткізу – мемлекет мойнындағы шаруа.

44-ші президент те алдыңғы басшылар сынды кітап жазады. 2020 жылдың қарашасында Барак Обаманың «Уәде етілген жер» (A Promised Land) атты естеліктер жинағының бірінші бөлімі жарық көрді. Алғашқы аптада тек Солтүстік Американың өзінде кітаптың 1,7 млн данасы сатылып, рекордтық көрсеткішке жетті. Обаманың рекордын оның әріптестері кіші Джордж Буш пен Билл Клинтонның кітаптарының (алғашқы аптадағы) сатылымымен салыстыруға болады. Кітапта әлемдегі №1 лаңкес Усама бен Ладеннің көзін құртуға арналған арнайы операциямен Обаманың бірінші президенттік мерзімінің табыспен аяқталғаны баяндалады. Автордың тарихта бейбітшілікті сақтауға ұмтылған бітімгер саясаткер ретінде қалу үшін жасаған ұмтылыстарын оқуға болады.

АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің тағы бір тұрақты табыс көзі – ақыға дәріс оқу мен іс-шараларда сөйлеу. Мысалы, Билл Клинтон президенттіктен кеткен соң алты жыл ішінде дәрістер оқып, 40 млн доллар табыс тапқан. Клинтонның ең табысты жылдарында экс-президенттің шетелде бір дәрісті 250 мың долларға оқы-ған кездері де болған. Обаманың әлемге танымалдылығын, алғашқы қара нәсілді АҚШ президенті болғанын ескерсек, Ақ үйдің 44-ші қожайыны Билл Клинтонның нәтижелерінен оқ бойы озуына мүмкіндігі мол.

«Обаманың қолдауымен Байден президент болды» деген айыптау Барак Обама президент болған тұста вице-президент қызметін атқарған Джо Байденнің шамына тиетіні анық

БАРАК ОБАМА
«КӨЛЕҢКЕЛІ
ПРЕЗИДЕНТ» БОЛДЫ МА?

Америкалық «дәстүр» бойынша, екі мерзімге сайланған президент мерзімі аяқталған соң, елдің саяси өміріне араласуды барынша азайтуы қажет. Әйтсе де, базбіреулер Обаманы бұл ережені бұзды деп жиі айыптайды. Айыптаулардың шығу төркініне үңіліп көрейік.

«Come back, Barack» – «Қайтып кел, Барак». Бұл – 2018 жылы «Эмми» сыйлығына ұсынылған америкалық орындаушы Chance the Rapper әнінің атауы. Ән сол жылы біраз америкалықтар басынан өткізген сезімді керемет жеткізе білді. Олай болатын жөні де бар. Айталық, эксцентрлік миллиардер, республикашыл Дональд Трамп 2017 жылғы президент сайлауында күтпеген жерден жеңіске жетті. Сайлаудың нәтижесі америкалық либералистерді есеңгіретіп тастады. Себебі, олар АҚШ-тың алғашқы қара нәсілді президенті 2012 жылы екінші мерзімге қайта сайланғанда, либералдар біржолата жеңіске жеткендей күй кешті. Обаманың кезінде бір жыныстылардың некесі заңдастырылып, мигранттардың құқықтары кеңейтілді. Ал, Обаманың өзі қара нәсілді америкалықтардың жетістікке жету туралы армандарының басты мысалына айналды. Обама биліктен кетерінде оның рейтингі 58%-дан кем болмады. Бұл биліктен кетіп бара жатқан президент үшін жоғары рейтинг саналады. Дегенмен, оның орнына мүлдем басқа ұстанымдағы адам келді. Республикашыл Трамп көші-қонның жүгенсіз кетуіне, жаһанданудың дамуына қарсы болды. Қарсылық шаралары компаниялардың өндірісін шетелге көшіруге, соның салдарынан америкалықтардың жұмыссыз қалуына әсер етті. Ол Обаманың ірі бастамасына қарсы шықты. Экс-президенттің Obamacare медициналық реформасы АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесіне ауыр соққы болғанын мәлімдеді. Трамп өз мәлімдемелерінде Обаманы аяусыз сынап, оны өзінің басты саяси қарсыласына айналдырды.

Обама Трампқа үнсіздігімен жауап берді. Сол тұста 55 жаста болған бұрынғы президент шынымен саясат сахнасынан түпкілікті кеткендей болды. Обама Twitter парақшасындағы блогтарын да белсенді жүргізе қоймады. Жаңа биліктің әрекеттерін сынайтын саяси мәлімдемелері жұбайы Мишельдің атынан жазылып жүрді. Тіпті, онда Трамптың аты-жөнін анық атамай, астарлап, емеурінмен жеткізді. Бұрынғы президент бар зейінін өзінің қайырымдылық қорына арнағандай сынай танытты. Оның дауыл алдындағы тыныштығы келесі сайлауға дейін жалғасты. Сайлау науқаны басталғанда Обама өзіне Американың саяси сахнасындағы демократиялық партиялардың «өкіл әкесі» деген жаңа образ ойлап тапты.

«Президент Обаманың аузын ашуға хақысы жоқ. Біз оның қазіргі биліктің көп нәрсесін жаратпайтынын жақсы білеміз. Бірақ, мен Сіздің өзіңізден кейінгі билікті сынауыңызды орынсыз деп білемін. Бір кездері Сізде мүмкіндік болды. Сіз бақандай сегіз жыл президент болдыңыз», – деді сенаттың республикалық көшбасшысы Митч Макконел Барак Обаманы сын садағына алған кезде. Макконелдің ашудан түтігуіне Обаманың сайлау барысында Джо Байденді барынша қолдағаны түрткі болды.

Естеріңізге сала кетейік, Барак Обама президент болған тұста Джо Байден вице-президент қызметін атқарды.

«Бұрынғы президент жоғары мемлекеттік лауазымдарды атқара алмаса да, өз партиясының атынан елдегі саяси істерге әсер етудің қуатты тетігі болып қала береді. Саяси партиялар мен партиялық мекемелер АҚШ-та өте ықпалды», – дейді сая-саттанушылар.

Рас, Хиллари Клинтонның сайлаудағы жеңілісінен кейін елде демократияның құлдырауы басталды. Клинтон кланының партияға ықпалы төмендеді. Президенттікке келесі үміткердің кім болары белгісіз болғандықтан, Обама саяси сахнаға қайта шықты.

Америкалық «New York Magazine» және «Vanity Fair» басылымдарының дерегінше, Трамп билікте болған 4 жылдың ішінде Обама халықтың оны не үшін президент ретінде таңдағанын түсінуге тырысқан. Ал, «Politico» басылымының мәліметінше, Обама президенттікке басты үміткер болған сенаторлар Берни Сандерс, Элизабет Уоррен, Массачусетс экс-губернаторы Деваль Патрикпен және өзге де үміткерлермен кездесу өткізген. Обаманың көмегімен партияның соңғы үміткері Джо Байден атанған.

Джо Байден үміткер атанғаннан кейін Барак Обама сайлау науқанына тікелей араласа бастады.

«Ең бастысы, бұл пандемия басшылық лауазымдағы көптеген адамның өз істерінің білгірі деген жаңсақ түсініктің пердесін сыпырып тастады. Олардың көпшілігі бір нәрсені жасап жатқанда, бұл үшін жауап беретіндіктерін қаперіне де алмады», – деді Обама өз үндеуінде.

Обама «басшылық лауазымдағы» тұлғалардың атын атап, түсін түстемесе де, көпшілік оның бұл сөздерін Трампқа бағыттағанын жақсы түсінді. «New York Times», «CNN», «Washington Post» және өзге де ірі бұқаралық ақпарат құралдары «Обама Трампқа қарсы ойын бастады» деп жазды.

2020 жылғы президент сайлауында Джо Байден Дональд Трамптан басым түсіп, жеңіске жетті. Біраз сарапшылар Трамп билігінің әлсіреуіне коронавирустың салдары әсер еткеніне сенімді. Себебі, оның билігі кезінде АҚШ ауруға шалдыққандар саны бойынша көш бастады. Ал, басқалары «Обама қолдамағанда Байден жеңіске жетпес еді» деп санайды.

Байден мен Обаманың арасындағы байланысты республикашылдар бірнеше мәрте үзуге тырысты. Қызғаныштың қызыл итін оятып, екеуін өшіктіруге барын салды. Олар Байденнің қартайғанын, оған қарағанда президет болуға Обаманың әбден лайық екенін айта бастады. «Обама Байденнің айналасына өз адамдарын шоғырландырып, билікті сахнаның сыртында жүргізгісі келеді» деп те болжам жасады. Іс жүзінде олардың болжағанындай болмады. Әкімшіліктегі ең маңызды лауазымдардың көпшілігін Байденнің жақын достары иеленді.

«Обаманың қолдауымен президент болды» деген айыптау Байденнің шамына тиетіні анық. Бәлкім, бұрынғы бастығының 60 жылдық мерейтойына барудан бас тартқаны содан шығар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Барак Обама болсын, Дональд Трамп болсын, Джо Байден болсын  барлығы да тарихтағы өз миссиясын атқарады. АҚШ-тағы республикашылар мен демократтардың текетіресіне жуық арада нүкте қойыла  қоймас. Маргарет Тэтчер айтқандай, «Еуропа тарихпен, Америка философиямен құрылды». Ал, республикашылар мен демократтардың тартысы Қытайдың инь мен янь философиясына ұқсайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here