Жылдың төрт мезгілі
Көктем туды,
Қар суы жер бетін түгел жуды.
Жаз шықты,
Жап-жасыл шалғын да жайқалып, тез шықты.
Күз келді,
Дала да, орман да сап-сары бояуға өзгерді.
Қыс түсті,
Қар күреп, мұз ою секілді іс түсті.
Шынымды айтсам…
Мен Мәжіліс депутаты емеспін. Өйткені, пайдасынан зияны көп партия мүшесі болған жоқпын.
Мен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты емеспін. Өйткені, Елбасымен құда болған жоқпын, оған арнап мадақ жыр жазған жоқпын.
Мен Президент стипендиясының иегері емеспін. Президент саясатын сынап жүретін кісімін.
Мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері де емеспін. Өйткені, Қостанайдағы қазақ драма театрының ақша жеп сотталып кеткен бұрынғы директоры емеспін.
Сол театрға директор болғаннан кейін осы атақты алған актер да емеспін.
Өз ойым
Берік құлыпты ашу үшін үйлесетін кілт қажет. Кілті табылмаса құлыпты немесе қақпа мен есікті сындыру керек. Ресей әскерінің Украинадағы іс-әрекеті осыған ұқсайды. Яғни, қарақшының, тонаушының қимылы. Қарақшыны жақтаушылар – әділетті таптаушылар, зорлықшыл фашизмді ақтаушылар!
Не болды?!
Жолбарыс дегеніміз мысық болды.
Бүркіт дегеніміз шатырға ұшып қонды.
Сырттан дегеніміз күшік болды.
Көреген дегеніміздің көзі қысық болды.
Соның бәрін көзіміз көрді.
Ер мен езді ажырата алмайтын заман келді.
Кім не жейді?
Төрт түлік мал өрісте шөпті қорек қылады. Қасқыр менен жолбарыс етті қорек қылады. Қыран бүркіт қиядан көріп, шеңгелімен жем ілсе, құзғын өлексе жейді. Тиын жаңғақ кемірсе, ешкі шөпті ғана емес, өсіп тұрған талдың жапырақтарын да жейді екен. Аю балды жақсы көрсе, қоянның сүйікті асы сәбіз. Су астындағы балықтар балдырды, судағы жәндіктерді қорек қылса, шоршып жүрген шабақтар шағалаға тамақ болады екен.
Не тәтті?
Бала не тәтті екенін білгісі келді.
Бұзау: «Бәрінен де шөп тәтті», – деді.
Құлын: «Одан сұлы көп тәтті», – деді.
Мысық: «Бәрінен де сүт тәтті», – деді.
Күшік: «Бәрінен де ет тәтті», – деді.
«Тары тәтті!» – деді сонда балапан.
«Кәмпит тәтті!» – деді құйттай балақан.
Сонда апасы: «Тәтті деген көп, міне, бола берсін деп тіле. Аздап жесең, айып жоқ, әуес болма тәттіге. Жақпайды олар ішіңе, құрт түседі тісіңе!» – деп ақыл айтты.
Жаңғырық
Аң қуып қиқуласаң, тау арасына барып айқай салсаң, жаңғырық естіледі. Тау мен тас та жаңғырып сөзіңді қайталайды. Жаңғырық көзге көрінбейді, дауыстасаң, дауысың жаңғырып, күмбірлеп естіледі. Қайда барсаң да жаңғырық қаңғырған қаңбақ секілді тоқтайтын тұрағы болмай, өзіңе қайтып келеді.
Аялдамада
Аялдамада бір топ бала куә болған бір көрініс ерекше есімде қалды. Халық көлік күтіп тұрған маңайды торуылдап қаңғыбас ит жүрген. Мақсаты – жүргіншілер лақтырып кеткен тамақ қалдығын қағып алу. Аялдаманың бір бұрышында орындықтың шетінде қаңғыбас мысық отырды. Оның да ашқұрсақ жүргені түрінен көрініп тұр. Жас келіншек сөмкесінен бір тілім нан алып, мысықтың алдына тастады. Жан-жағына қарайлап алып, абайлап барып мысекең нанға тұмсығын созды. Сол-ақ екен, бұл жайды сырттан бақылап тұрған ит жетіп келді. Мысық кейін шегінді. Тіпті, алдындағы тамағын қорғап, нәпақасын тартып алғалы тұрған дұшпанының бетін тырнап алуға да ұмтылмады.
Иттің де тұмсығы нанға жетпей қалды. Орындыққа қарғып шығуға қарап тұрған жұрттан именді ме, оның екінші шетіне барып, үстіне шығуға әрекет жасады. Осы көріністі көріп тұрған жас жігіт орнынан тұрып, бір тілім нанды екіге бөліп, екі бөліктің бірін мысықтың, екіншісін иттің алдына тастады.
Біздің жанымызда бір егде кісі тұр еді. Ол бізге қарап: «Көп алғандар ешқашан да көп демейді. Аз алғандар оларға кектенеді. Бар болғанды жоқ болғандар жек көреді. Сендер де еш нәрсеге таласпай, қолдарында тағам болса, бөліп жеңдер!» – деді.
Болт пен гайка
Жаратушы әуел баста бұл өмірдегі барлық жан-жануарды, өсімдіктерді жұптап жаратқан. Осы бұлжымайтын заң әлімсақтан жалғасып келеді. Тіпті, тіршіліктегі түрлі бұйымдардың өзі жұптан құралған. Сыңар етік, сыңар қолқап болмайды.
Жұп болмаған жағдайда серік болады. Ине болмаса түйме тағылмайды, балға болмаса шеге қағылмайды. Хоккейде доптаяқ пен шайба қатар аталса, биллиардта тастаяқ пен биллиард тасы, теннисте ракетка мен шар қатар жүреді. Бірінің бірінсіз күні жоқ, қатар жүрсе, мұңы жоқ. Жалғыз қалса, құны жоқ болып шығады.
Сол заттардың ішінде судағы, көктегі, жердегі түрлі ғимаратта, көлікте пайдаланылатын болт пен гайканың орны бір бөлек. Болт пен гайка дұрыс үйлессе ғана жымдасқан тақтай ма, темір ме, басқа материал ма, бәрін біріктіріп ұстай алады. Бұдан көп жыл бұрын болт пайдаланыла бастағанда гайка мүлде болмаған екен. Бірақ, гайкасыз болттың ғұмыры ұзақ болмаған.
Адамдар да кейде осы бұйымдарға ұқсайды. Заттар көлемі мен мөлшері сәйкес келсе үйлеседі. Адамдар мінездері сәйкес келсе үйлеседі.
Бірін бірі түсініп, тіл табысқанға не жетсін?!
Балдақ саудасы
Бірнеше жыл аяғым ауырып, аяғына жем түскен аттай болып ақсап жүрген соң ота жасатуға бел будым. Астанадағы Травматология институтына келдім. Олардың шарты бойынша ота жасалған соң балдақпен жүру керек екен және балдақты өзіңмен бірге ала келу керек екен. Аурухана жанындағы дәріханадан су жаңа балдақ табыла кетті. Бағасы он бір мың теңге. Онша қымбат емес, арзан десе де болады. Сөйтсем, менімен бір палатада жатқан жігіт оны Астана қаласының орталығындағы басқа бір дәріханадан сегіз мың теңгеге сатып алыпты. Палатадағы үшінші бір азамат дәл сондай балдақты қолдан сатып алыпты. Сатқан кісі: «Мен он жеті мыңға алған едім, саған он екі мыңға берейін», – деп сауданың шырайын келтіріпті. Сөйтіп отырғанымызда палатаға тағы бір жігіт келсін. Оның айтқаны тіпті ғажап болды. Ол ақша үнемдеудің амалын тауыпты. Ғаламтордан хабарландыру іздеп, прокатқа беретін балдаққа айына бір жарым мың теңге ғана төлейтін болыпты.
Біздің қымбатшылық қысып тұрған мына қоғамдағы сауда да осы балдақ саудасына ұқсайды екен.
Мәртебе
Қостанай мемлекеттік университеті жанынан Орыс және қазақ филологиясы институты ашылып, сол оқу орнына директор болып келдім. Университет ректоры үшінші қабаттан әдемі кабинет берді. Арада біраз уақыт өткен соң институт жабылып, деканаттарға бөлінді де, мені журналистика факультетіне декан қылып тағайындады. Енді бірінші қабатқа түстім. Біраздан кейін бұл факультет те жабылып қалып, Медиа-орталықтың директоры қызметіне ауыстырып, екінші қабатқа көтерілдім. Бірақ, кабинет ауыстыру мұнымен бітпеген екен. Медиа-орталық қысқарып, Медиа-студияға айналып, қайтадан бірінші қабатқа түстім.
Сол тұста Ғылыми кеңесте сөйлеген сөзімде: «Мені төменгі қабатқа түсіретін де, жоғарғы қабатқа шығаратын да ректор болды. Бұған етім де әбден үйреніп кетті», – дегенім бар.
Бауырлас әзербайжан халқы қабатты (этаж) мәртебе дейді екен. Сөйтіп, біздің мәртебеміз де қызмет бабымен талай рет көтерілген.
Мұқағали қолтаңбасы
«Әдебиет порталында» (06.04.2020) Несіпбек Айтовтың Мұқағали Мақатаевтың студенттермен кездесуде жазған бір парағы туралы мақаласы жарық көрді. Бұл парақ Мұқағали ақынның қолымен Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті жанынан құрылған әдебиет үйірмесі ұйымдастырған кездесуде жазылған екен. Осы кездесуде арқалы ақын Мұқағали әуелі өз өлеңдерін оқып, кейін сол кездесуге келіп отырған бір топ жас ақындар да жарыса жыр оқыған едік. Сол жыр дүбірінің ішінде мен де болған едім. Сөйтсем, менің есімім жазылған тұсқа өз қолымен белгі қойып, «Ақылбекке де талай ақыл айтылған» деп жазып қойыпты. Мұқаң Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарып жүргенде алдына барғаным, ақыл-кеңесін естігенім есімде. Бірақ, не жақсы, не нашар деген бір ауыз сөзі жоқ. Қандай жыр оқығанымды да ұмытып қалыппын. Ақыл айтылған деген сөзін ғана місе тұттым. Қалай болған күнде де сол кездегі жас ақын менің шабысыма да назар аударғанына қуандым.
Амал
Хайуанаттар бағында жыртқыш аңдар сыртқа шығып кетіп, кісіге қауіп төндірмесін деп тор құрады. Қаладағы үйлердің терезесіне адамдар да тор құрады. Оны олар сырттан ұрылар ішке кіріп кетпесін деп жасайды. Бір-бірінен сескентіп қойған дүние-ай!
Өрмекші жемін ұстау үшін тор тоқиды. Адамдар бұлбұл қашып кетпесін деп әнші құсты торда ұстайды. Айтқанға көндіру үшін итке қарғы, түйеге бұйда, жылқыға тұсау, сиырға ноқта салынады.
Амалдың арқасында жан баққан тіршіліктің сиқы осы.
Қалаулы ма? Елеулі ме?
Халық қалаулысы дейді. Халық оны мүлде қаламайды. Елдің елеулісі дейді. Ел оны елемейді. Елеуге де жарамайды. Қайраткер дейді. Қайрат қылғанын көрмедік. Қоғам белсендісі дейді. Басқа қызметін білмедік. Баяғы шолақ белсенділерге ұқсайды. Ол кім екенін айтпасам да білесіңдер.
Әпербақан әміршіге адалдық таныту барып тұрған надандық
Шыңғыс хан армиясындағы жанқиярлар, Осман империясындағы янычарлар, Екінші дүниежүзілік соғыстағы айыптылар батальоны жауынгерлері қиян-кескі ұрыста ерлік көрсеткені көпке белгілі. Олардың тарихын қазбаламай-ақ бүгінгі күнге зер салсақ, өз елінің азаматтарын ұрып-соққан, биліктің сойылын сілтеген полиция мен әскерилер, ОМОН жасақтары солар секілді ерлік жасап жүрміз деп ойлай ма екен? Ауған соғысына қатысқан сарбаздар өзге елдің жерінде ерлік жасадым деп мақтана ала ма екен? «Біз бұйрықты орындадық» дегенді желеу етсе, онда Желтоқсандағы және Жаңаөзендегі қырғынды да ақтап аламыз дейтіндер бар ма екен? Отанын, отбасын сүйген адам отқа күйіп, суға түсуге дайын. Ал, қарусыз халыққа қарсы шығу Отанға қастандық жасаумен бірдей.
Құлағына алтын сырға
Сырттан бақылап отырмын. Ұйғыр асханасында қазақтар дұнған кеспесін жеп отыр. Бір-біріне әлдене деп отыр. Орыстар оны «вешают лапшу» дейді. Құлағына алтын сырға дегені болар.
Бір әріптің мағынасы
Сөздегі бір ғана әріптің орнын өзгертсе, «Жоқ» деген сөз «Тоқ» болып шығады. «Қас» деген сөзден бір әріпті алып тастаса, «Ас» болып шығады. Бір ғана әріпті өзгертіп «Сенді» «Мен» қылуға болады.
Өмір де сөз секілді. Әріптердің орнын алмастырып, қосып не алып тастап, оны да өзгертуге болады
«Меннің» менмендігі
«Меннің» менмендігін білесіз бе? Орыс әліппесіндегі «Я» қашанда барлық әріптердің алдында болғысы келеді. Алайда, алфавитке қарасаңыз ылғи соңында тұрады.
Оң және сол
Атақты әміршінің қасына ерген не бір нояндардың біреуі оның оң қолы, екіншісі сол қолы болғанын тарихтан білеміз.
Қазіргі уақытта қолында билігі барлардың біреуі оң аяғы, біреуі сол аяғы болып жүргендерді де күнде көріп жүрміз. Олар әміршілері теп десе тепкілеп, құрбандарының қабырғасын сындыруға даяр.
Көрген көзде жазық жоқ, көргеніне көзақы сұрап, кім көрінгеннің оң көзі, сол көзі болып жүргендер де, үйді аңдып, өсек теріп, оң құлағы, сол құлағы болып жүргендер де бар.
Әр мүше өз міндетін атқарғанға не жетсін?!
Көз бастың шырағы болса, құлақ – мидың хабаршысы. Ендеше көздерің айқын, құлақтарың түрік болсын!
Көршілер өкпесі
Қостанай қаласында күндердің күнінде элиталық деп есептелетін тұрғын үйдің бірі маған да бұйырды. Үш қабатты үйде он сегіз пәтер бар екен. Барлық пәтер иелері ығайлар мен сығайлар, облыстың басшылары, басқарма бастықтары. Көпшілігі өзге ұлттың өкілдері. Солардың ішіндегі ең жасы мен болып шықтым. Жұмысқа жаяу барамын. Олардың есігінің алдында күнде қызмет көлігі тұрады. Мені бірде көрсе, бірде көрмейді, көбісі көзіне де ілмейді.
Арада талай жыл өткенде олардың барлығы дерлік зейнетке шықты. Есік алдында әңгіме-дүкен құрып жиі отыратын болды. Енді кезек маған келді. Лауазымды қызметтің бір құлағын ұстаған кезім еді.
Бірде олармен: «Амансыңдар ма, БУ-шники?!» – деп орыс тілінде амандастым. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған көршіміз шамданып қалды.
«Молодой человек, Вы нас оскорбляете!» – деді.
«Неге, олай емес» – десем, «сен бізді «бывшие в употреблении» деп мазақ қылып тұрсың ғой», – деп дігерледі.
Сонда: «Кешіріңіз, сіздер дұрыс түсінбей қалған екенсіздер, менің БУ-шники дегенім ол мағынада емес, «бывшие управленцы» деген сөзім ғой!» – деп құтылдым.
Тыныс белгілерінің айтысы
Тыныс белгілері белгілі қаламгер сәл-пәл тыныс алған кезде айтысып қалды.
«Менің арқамда қандай сұлу, мағыналы, әдемі сөйлемдер пайда болды» – деді Үтір.
«Қызметіне үтірдің келді менің түкіргім» – деді Нүкте.
«Қоғамда үлкен сұранысқа ие мен емеспін пе?» – деді Сұрау белгі.
«Сен өйтіп дандайсыма! Барлық бұйрықты мен беремін! Елдің бәрі менің айтқаныммен жүреді!» – деді Леп белгі.
Осы кезде бағанадан үнсіз тұрған Сызықша мен Дефис сөзге араласты.
«Пәленше қаламгер – пәлен те түген марапат иегері, қоғам қайраткері, сұңғыла саясаткер, әрі қарай тізбектей берсем болады, солардың атын атап, түсін түстеп отырған мен емеспін бе?» – деді Сызықша.
«Ойпырмай, мақтанғанда алдарына белгі салмайсыңдар. Сендердің күндерің өткен. Ендігі дәурен менікі» – деді Дефис.
– Қалайша?
– Сенің бар-жоғыңды бірен-саран кісі ғана біледі.
Жиналғандар Дефиске аңтарыла қарады.
«Оның жауабын естігілерің келсе, айтайын. Бұған дейін елеусіз болып келгенім рас. Бұрын мені тек қос сөздерден іздеуші едіңіздер. Енді күнім туды, өрісім кеңейді. Көшеге қараңдар. Газеттерді оқыңдар. Барлық жерде мен бармын. Мысалы: Нұр-Астана, Нұр-Отан, Нұр-Сұлтан, Нұр-Мүбарак, Нұр-Сұлу, Нұр-Дала, Нұр-Банк, Нұр-Строй. Айта берейін бе?»
– Болды, болды! – деді жиналғандар.
– Шынында да сенің дәуренің жүріп тұр екен.
Пештің қызуы
Көне түрік сөзі пеш жылыту, жылыну деген мағынаны білдіреді екен. Оның піс деген сөзбен тамырлас болуы да мүмкін. Орыстың печь дегені біздің ата-бабамыз қолданған осы сөз. Сол секілді печенье сөзінің де түп-тамыры осы пештен шыққан. Орыстар кирпич деп жүрген кірпіш деген қазақ сөзінің де пештен шыққанын аңғару қиын емес. Пеште күйдірілетін болғандықтан және лайдан жасалғаннан кейін әуел баста кір пеш деп аталған шығар.
Яғни, қазақ пешінің қызуы басқа халыққа да жеткен деп пайымдауға болады.
Драма
Кей жерде трагедия. Монологтарын естісең денең түршігеді.
Кей жерде комедия. Диалогтарын тыңдасаң күлкің келеді.
Кей жерде трагикомедия. Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Не болды деп сұрама. Өйткені, өмірдің өзі драма!
Экспромт
Жеті жаста бала емеспін, жетпіс жаста шал емеспін. Жеті жастан өлең жазып, жетпіс кітап шығарыппын, әй, өзім де «маладеспін!»