«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

0
898

Кеше Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы қорытындыланды.

Құттықтау сөз алған Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: «Биылғы тіл мерекесінің халқымыздың жазу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерген, қазақ әліпбиінің негізін салушы, ұлт  ұстазы, еліміздің азаттығы үшін күрескен Алаш көсемі, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өтуі ұлт рухын көтеретін рухани серпіліс болды. Себебі кезінде кемеңгер Мұхтар Әуезов: «Оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» деп бағалаған Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы асыл мұрасы ғылымның сара жолын ашып, мәдениетімізді жаңа биіктерге көтерсе, Сіздер бүгін сол Алаш зиялылары бастаған ұлт баспасөзінің дәстүрін сәтті жалғастырып, рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі мемлекеттік тілімізді насихаттауға, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес қосып келесіздер» – деді.

Еліміздегі және шетелдердегі бұқаралық ақпарат құралдарында тіл мәселесіне қатысты, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына байланысты мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған материалдар қабылдау талабының енгізілуі, қазақ тіліне қатысты мәселелер төңірегінде қалам тербейтін журналистер қатарын көбейтті.

Байқауға 75 қатысушыдан 153 материал түсті.

Солардың ішінен жеңімпаз, жүлдегерлерді анықтауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжанов, қарымды қаламгер, белгілі журналист Қайнар Олжай, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин қазылық етті.

Қызу талқылау, терең талдаудың қорытындысы бойынша ынталандыру сыйлығына 12 қатысушы ие болды. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден табысталды.

«Үздік теле және радиобағдарлама» номинациясы бойынша: үшінші орынды «Qyzylorda» телеарнасының шеф-редакторы Толқын Қабылша жеңіп алса, екінші орынды Қазақ радиосының шолушы редакторы Шәкім Жанболат иеленді. Бірінші орынды «Жетісу радиосының» бас редакторы Мұхит Тоқтасын қанжығасына бөктерді.

«Үздік сайт» номинациясы бойынша нәтиже төмендегідей:

ІІІ орында – Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен; ІІ орында – халықаралық «Түркістан» газетінің штаттан тыс тілшісі Ахмер Біржан; І орында – республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Қарқын Көктем.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша: ІІІ орынға «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметов ие болды; ІІ орын «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына бұйырды; І орын республикалық «Жас алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бифат  Елтаеваның еншісіне тиді.

Бұл үш номинация бойынша да бірінші орын иегеріне – 500 000 теңге; екінші орынға – 400 000 теңге; үшінші орынға – 300 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Бас жүлдегердің есімі де анықталды. Жеңіс тұғырына көтерілген Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Әбдір Шапағатқа 1 000 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.

Осылайша, дәстүрлі байқау өз мәресіне жетіп, нағыз жүйріктер топ жарып шықты.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ел іші мен шетелдегі оқиғалардан хабардар ететін, қоғам мен үкіметті байланыстыратын бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілді дамытудағы да рөлі айрықша.

Олай болса, Ахаңның аяулы есімін ұлықтап, ана тіліміздің абыройын асқақтатудағы бұл байқаудың да маңызы жылдан жылға артып келеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here