Мен ол кезде республикалық «Жалын» баспасының директоры едім. Ойламаған жерден бұрынғы курстас досым, филология ғылымдарының докторы, Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакторы Рымғали Нұрғалиев телефон соқты.
Амандық, саулық сұрасқан соң:
– Анау біздің курстас досымыз Банзай-Банзайдың жұмыссыз жүргенін білесің ғой, – деді.
Біз студенттік шақтардан өзімізбен бірге оқыған досымыз Қоғабай Сәрсекеевті сыртқы кескін-келбетінің жапондарға ұқсастығына қарай өзара әңгімемізде жапон сөздерімен «Банзай-Банзай» деп те атай беретін едік.
– Қазір сенде бас редакторыңның орны бос тұр ғой, сол орынға Қоғабайды алсаң қайтеді? – деп ұсынысын қоса айтты Рымғали.
– Алуға қарсы емеспін. Бірақ, әуелі Қоғабайдың өзімен сөйлесіп алайын, – дедім мен.
– Мен сөйлестім. Сен шақырсаң, ол барады, – деді Рымғали.
Қоғабай Сәрсекеев ол кезде есімі елге танылып келе жатқан жазушы, «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттерде жауапты қызметтер атқарып, тәжірибе жиған, «Друг читателя» сияқты апталық басылымда бас редактор болып ысылған қызметкер еді. Cоған дейін ол бұрынғы жұмысынан өтініш жазып босанған соң халық батыры Амангелді Иманов туралы роман жазып жүргенін де білетінмін. Шамасы, енді қызметке қайта тұруды ойлай бастаған секілді.
– Жарайды, онда. Алайын, – дедім.
Сөйтіп, Қоғабай досымыз мен директор болып істейтін «Жалын» баспасына бас редактор болып келген еді.
Баспаға түскен қолжазбалармен танысу, әрбір жылға тақырыптық жоспар құру, оған тәуір деген дүниелерді іріктеп енгізу, шығармаларды редакциялау, тергізу, шығатын кітаптарды көркемдеу, суретшілермен, баспаханамен жұмыс істеу, дайын болған кітаптарды облыстық кітап саудасы мекемелеріне жөнелту сияқты өндірістік, баспагерлік жұмыстардың барлығын тез арада меңгеріп алып кетті.
Ол кездерде жыл сайын Мәскеуде халықаралық кітап жәрмеңкесі өтетін. Оған өз еліміздің де, шетелдердің де баспагерлері қатысатын. Шығарылған кітаптар сол жәрмеңкеде барлық жағынан сынға түсетін. Тәуір деген кітаптарға грамоталар берілетін. Шетел баспалары өздеріне ұнаған шығармаларды өз елінде бастырып шығаруға біздердің баспалармен шарт жасасатын. Ол жәрмеңкелерден де «Жалын» баспасы олжалы болып оралып жүрді. Осындай жұмыстардың бәрінде Қоғабайдың да айтарлықтай үлесі бар еді.
Одан кейінгі кезеңде мен жоғары жақтың шешімімен республикалық кітап саудасы мекемесі «Казкнигаға» басқарушы болып тағайындалдым. «Қазақ кітаптарының тиражы өспей қойды, соны қалайда өсіру керек» деген міндет қойылды маған. Көрші республикалардың кітап саудасы мекемелері «Өзбеккітап», «Қырғызкітап» деп өз тілдерінде, ал біздің мекеме «Казкнига» деп орысша аталатын. Осыны Мәскеудің рұқсатымен «Қазақкітап» деп өзгертуге жарты жылдай уақыт кетті. Қазақ кітаптарының тиражын өсіру мәселесі де ойдағыдай шешілді.
Осыдан кейін мен республиканың Ақпарат және кітап баспасы министрлігінің Бас редакторы болып тағайындалдым да, «Қазақкітапқа», менің орныма «Жалын» баспасынан бастық болып Қоғабай барды.
Сол уақытта республикамызда жекешелендіру науқаны басталды. Әр уақытта ширақ қимылдайтын Қоғабай бұл бөлісте құр қалмай, Алматының Көк базары маңындағы жедел басылымдар баспаханасын меншігіне алып, мемлекеттік баспа комитетінен бөлініп шығып, баспахана жұмысын тиімді коммерциялық жолға қойды. Сөйтіп, біздің қатарымыздағы алғашқы «ақшалы мырзалардың» біріне айналды. Сөйтсек, ол тапқан табысын тек өз игілігіне ғана жұмсамай (сол кезде Алматыда екіқабатты коттедж салып, астына жарқыраған қымбат көлік алып мінгеннен басқа), жинақтап қор құруға кіріскен екен. Ондағы ойы өзінің жерлестері, алашордашыл ағалары революцияға дейін-ақ туған халқына жаны ашып, соның келешегі жарқын болсын, соған қызмет етсін деп шығарған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қайтадан тірілту екен ғой. Ол өзінің бұл ойын сол кездері араласқан, сырлас жақын достары болған біздерге де білдірген емес. Газет шығаруға тиісті қаржыны жинап болып, «Қазақ» газетін қайта шығаруға үкіметтен лицензия алып, редакция ұжымын жасақтап, өткен ғасырда, 1918 жылы 265 саны шыққаннан кейін қаражат тапшылығынан тоқтап қалған ұлт газетін №266 деп қайта жалғастырып, тірілтіп, 2006 жылдың 22 наурызы күні қайтадан шығара бастағанында бір-ақ білдік. Оның бұл ісі шындығында ерлікке тән қарекет еді.
Жұртқа ұнайтын, оқылатын, сонымен бірге республика өміріндегі маңызды жаңалықтарды дер кезінде жариялап отыратын, елеулі, өзекті мәселелер көтеретін, еліміздің гүлденіп, көркеюіне белсенді атсалысатын газет шығарудың оңай еместігін осы салада қызмет атқаратын журналистер жақсы біледі. Қоғабай соңғы демі таусылғанша осылайша, өз еркімен, бар машақатын ауырсынбай арқалап, үзбей шығарған «Қазақ» газеті де көпшіліктің көкейінен шыққан басылым болғанын айтуға тиспіз.
«Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десек, қарап жатпалық. Көп ісіне көп болып жабылайық. Саңылаулы, саналы, халық азаматтары көмек етіп, күш қосып, демер деген үміт зор…
Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік.
Ұлт халын ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған бір ісіміз. Құдай сәтін салсын, «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік! «Қазақ», №1, 1913 жыл.»
Өткен ғасырда, 1913 жылы «Қазақ» газеті алғаш шыққанда Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов қазақ халқына осындай үндеу тастап, елшілдік мінез танытып, халқымызбен осылайша дидарласыпты. Байыптап қарасақ, осы сөздің, осы ұранның бүгін де маңызын жоймағаны, ұлтымызға әлі күнге керек екені, қызмет ете беретіні анық.
Осы жерде мен енді Қоғабай Сәрсекеев бас редакторы болып шығарған «Қазақ» газетінің сыр-сипатына, мән-маңызына, мазмұнына азырақ тоқталып өтуді жөн көріп отырмын. Ең алдымен айтылар нәрсе – өткен жиырмасыншы ғасырдың бастапқы жылдарында, дәлірек айтсақ 1913 жылдың 2 ақпанында алғашқы саны жарыққа шыққан «Қазақ» газеті қаражат жоқтығы, жаңа өкіметтің қырын қарағаны мен басқа да қиындықтар салдарынан 1918 жылы шығуын тоқтатқаны – тарихи факті. Бұл газет бар ғұмырларын халқының, туған ұлтының алға басуына, әлемдегі өркениет көшінің соңында қалмай, өсіп-өркендеуіне бағыштап, сол жолда жан аямай қызмет еткен Алаш арыстарының жанқиярлық еңбектері арқасында дүниеге келген еді. Араға 88 жыл салып, «Қазақ» газетін қайта тірілтіп, «Айқап» журналын елімен қайта қауыштырған досымыз Қоғабай Сәрсекеевтің еңбегі де шын мәнінде ерлікке балауға тұрарлық іс екенін мақтанышпен, сеніммен айта аламыз.
Алаш арыстары шығарған «Қазақ» газетінің 100 жылдық тойы республикамызда кеңінен аталып өтті. Облыстарда, жер-жерде осы тойға арналған әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақ ұлттық университетінде, Еуразия ұлттық университетінде, Ахмет Байтұрсынов атындағы университетте және өзге де жоғары білім шаңырақтарында, кітапханаларда әртүрлі ғылыми конференциялар өтті. Қоғабай Сәрсекеев өзі басқарған ұжымның ұйытқы болуымен, газетке жанашыр азаматтардың белсенді қатысуымен Алматыдағы «Достық» үйінде зиялы қауымның басы қосылған үлкен жиын өткізілді. Оған ақын-жазушылар, ғалым-академиктер, БАҚ өкілдері қатысты. Есімдері елге танымал тұлғалар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Мұхтар Шахановтар, тағы басқалары сөйлеп, қалың оқырманды ұлттық маңызы жоғалмаған ұлы газетпен қайта қауыштырған Қоғабай Сәрсекеевке алғыстарын айтты.
«Қазақ» төрт жылдан артық шығып келе жатыр. Оның бетінде тәуелсіз елдің өзекті проблемалары, ұлт тағдыры және оның дәстүрі, тілі, діні, ел тіршілігіне тәуелсіздік рухын енгізіп, оны көтерудің жолдары, тағы басқа заман мен қоғамның өзекті мәселелері талқыға түсуде. Ойлы ұсыныстар, сын пікірлер айтылуда. Бәрі де елдің қамы үшін! Қазақтың зиялы қауымы, жалпы оқырман жұрт газеттің шығуын қуана қарсы алып, ол көтерген мәселелерге үн қосуда», деп жазған еді сол тұста әдебиетіміздің абыз тұлғасы Серік Қирабаев.
Газет оқырмандарымен кездесулері кезінде Алаш арыстары шығарған, олардың ісін жалғай отырып, өзі шығарған «Қазақ» газеті жайында кейбір сырлардың тиегін ағытқан еді Қоғабай досымыз. Мәселен, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында өзінің туған нағашысы Жүсіпназар Байтұрсынов Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын» сандықта сақтап, өлеңдерін жатқа оқып, әнге салып орындағаны үшін ұсталып, атылғанын айтатын. Жүсіпназар ешкімге қиянат жасамаған, өкіметке зиян келтірмеген, ішпеген-жемеген, не ұрандатып халық арасына шықпаған, тек табиғи дарынды әнші болған адам екен. Оның осындай әңгімесін естігенде еріксіз отызыншы жылдардағы репрессияның аязды суық ызғарын арқамызбен сезінгендей күй кешетінбіз. Ал, газеттің жүз жылдығы тойланған кезде өзіне республикамыздың әр өңірінен танымайтын талай азаматтар хабарласып, алғыстары мен ізгі тілектерін айтқанын әңгімелеген кезінде жүзі де жадырап, жайнап кететін. «Солардың бірі – Бошай Кітапбаев деген ағамыз, жасы тоқсаннан асқан, сонау Өскеменнен әлі күнге дейін жиі-жиі қоңырау шалып, хабарласып тұрады, ақыл-кеңесін беруден жалықпайды», дейтін еді Қоғабай досымыз.
Апта сайын көлемді, жұрт риза боп оқитын газет шығарудың қамымен жүрген досымыз Қоғабай сол күндері елімізге пайда келтіретін тағы бір маңызды мәселені ойлап жүріпті, ол – «Қазақ» газетіне қоса ұлтымыздың баспасөзінде, тарихында ұмытылмас орны бар «Айқап» журналын да қайта тірілтіп, елімізбен қайтадан табыстыру екен.
Осы орайда қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы «Айқап» туралы да азырақ мәлімет бере кеткеніміз артық болмайтын секілді. «Айқап» «Қазақтан» бұрын шыққан. Ол 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейін Троицк қаласында шығып тұрған, содан кейін қаражат жетімсіздігінен жабылып қалған. Көлемі 16-24 бет, тиражы 1000-2000 дана болған. Барлығы 88 нөмірі жарық көрген. Редакторы демократ-жазушы, ұлттық журналистикамыздың негізін қалаған Мұхамеджан Сералин болатын. Журнал жұмысына С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Дөнентаев, С.Көбеев сынды ұлтымыздың талантты ақын-жазушылары белсене атсалысқан. «Айқап» қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік өмірінің түйінді мәселелеріне, мәдениет пен әдебиеттің, тілдің дамуына, халық-ағарту жұмысына көңіл бөлді. Көшпелі қазақ шаруаларының қоғамдық-экономикалық жағдайын толық көрсетіп, отырықшылық тұрмысқа көшудің қажеттігін жазды. Әйел теңдігі мәселелерін көтерді. Бүгінгі жиырма бірінші ғасырда Қоғабай досымыз халқымыздың сол тұңғыш журналы «Айқапқа» да екінші өмір сыйлады. Өзі өмірге келген, қазақтың қасиетті кең даласының қастерлі бір пұшпағы Торғай өңірінде «елім, ұлтым, жұртым» деп өзінен бұрын ғұмыр кешкен алашшыл ағаларының күрескен ісін бүгінгі заманымызда жалғай түсті. Сөйтіп, «Қазақ» газетіне қоса «Айқап» журналын шығаруды да қолға алды. Қоғабайдың бұл ісіне ақындарымыз да лайықты бағасын берген еді.
«…Ахаң-Жахаңның белінен
Жаралған жоқ қой» деме, сен.
Солардың туған елінен,
Шыққан ұл – бұл да ересен!
Бабасы оның Қобыланды,
Қара Қыпшақ қой – түп төрі!
Ұрпағы Қоқаң оғланды,
Демессің қалай көкбөрі! – деп жырлады ақын Хамитбек Мұсабаев.
…Сөзі бөлек, ісі бөлек,
Бейнет-суға түсіп әлек.
Қайратына таңданасың
Жаны сірі кісі ме деп, – деген жолдармен оған өзінің құрметін, сүйсінісін білдірді Жүрсін Ерман.
…Алаш мұңын жоқтаған, аға, сені
Арыстардың жалғасы деп білемін! – деп толғады Рафаэль Ниязбек.
Сол кездерде мен досымыз Қоғабаймен жиі араласып жүретін едім. Енді бүгін ойлансам ол да бір өміріміздің сәулелі, жарқын кезеңі екен ғой. 2014 жылы жаз айында «Қоғабай ауырып қалыпты» деген жайсыз хабар жетті Алматыдан. Содан бұрын көктемде оның біраз уақытқа Америкаға барып қайтқанын білетін едім. Сол елдегі балалары мен немерелерін сағынып, соларды көріп қайтуға барған ғой деп ойлағанмын. Бірақ, соңынан бір рет сөйлескенімізде ол сол жолы Америкадағы дәрігерлерге де көрініп келгенін айтқан еді. Мен бірден секем алып, мән-жайын сұрастыра бастағанымда:
– Оншалықты алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Мен шылымды көп тартамын ғой, соның өкпеге азырақ әсері болған сияқты. Ол жақтағы дәрігер «шылымды қойыңыз» деп, біраз дәрілер жазып берді. Енді сол дәрігердің айтқанын орындап жүрмін, – деді.
Мен оның шылымды көп тартатынын білетін едім. «Осыны қойсаңшы» деп бірнеше рет кеңес те бергенмін. «Ол да ойда жоқ емес» деп сырғытпа жауап берген. Енді телефоннан менің абыржыған үнімді естіген соң мені тыныштандырайын деді ме, «сен уайымдама, бұл аурудан жазыламын» деді де, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. Күлдіретін біраз нәрселер айтты… Содан кейін оның Америкаға қайтадан ұшып кеткенін естідім. Ұшар алдында курстас досымыз Мәткерім Әкімжановпен сөйлесіпті. «Осы жолы өткендегі көрінген америкалық дәрігерге қайта жолығып, «ауруынан жазылды» деген қағазын алып қайтпақ ойым бар. Содан кейін Алла жазса Астанаға қайта барғанымда өздерің сияқты достарды жинап, емін-еркін ойнап-күліп отырып, жақсы бір кеш өткізерміз деген жоспар бар» деп, қуантып тастапты. Мәткерім ол хабарды сол күні-ақ маған жеткізген. Ертесінде мен де үйіне, өзіне телефон соққанымда біраз уақыт жақсы сөйлестік. Күлдіргі, қызықты әңгімелер айтты. Менің де көңілім орнына түсіп, ауруынан айыққан екен, енді біржола айығып кетсе екен деген тілек көкейде тұрды.
Соның алдында, бұрынырақ, менің өмірімде де күрделі оқиғалар болған еді. Өмір бойғы жұбайым Хабиба Әубәкірқызы қайтыс болып, қатты қиналып, дағдарып қалғанмын. Одан кейін, жылдан астам уақыт өткенде, досым Рымғали мен жұбайы Хадишаның дәнекер болуымен екінші рет отбасын құрдым. Сәті түскенде екінші жұбайым Әсия Шәкенқызы адамгершілігі мол жақсы адам болып кездесті. Екеуміздің Астанадағы шаңырақ құрған шағын тойымызға Қоғабай сонда жұбайы Гүлбаршынмен Алматыдан әдейі ұшып жеткен еді. Сөйтіп, Әсиямен танысқан. Ру сұраса келгенде екеуі де бір рудан болып шықты. «Сен өзімнің қарындасым екенсің ғой. Байқа, мынау курстасым Бодаубаев өте бір қиын адам, егер ренжітетін болса бірден маған хабарлас», – деп әзілдеген. «Сен, Болат, менің қарындасымды ренжітпе», деп күле сөйлеп, тағы шегелеген. Содан кейін арамыздағы бұрыннан бар отбасылық достық қатынастарымыз бұрынғыша жалғаса түскен.
Бір рет Алматыға жолымыз түскенде Қоғабай бірден: «Ешқайда бармайсыңдар, біздің үйде боласыңдар», деп шегелеп, вокзалдан қарсы алып, Алматыдағы жаңадан салып бітірген үйіне алып кеткен. Сол жолы Қоғабай мен Гүлбаршынның қонағы болып, ұмытылмас бір апта уақытты бірге өткізгенбіз. Енді міне…
Америкадан келген Қоғабайды ұшақтан «жедел жәрдем» машинасы қарсы алып, ауруханаға алып барыпты. Содан айыға алмай, есіл азамат, ақыры көз жұмыпты. Біз де, жұбайым екеуміз, бұл қаралы хабарды ести сала, досымызды ақтық сапарға шығарып салайық деп, бөгелместен Алматыға ұштық.
Қоғабай Астанада біздің үйде соңғы рет болғанында «Қазақ шаруасы» атты кітабын сыйлап: «Болат, Әсия, жандарым, Сендер менің тірегімсіңдер ғой! Алла, адасып қалмайық, бір бірімізді жоғалтпалық. Өздеріңнің Қоғаштарың. 14.04.2013 ж. Астана» деп қолтаңба жазып берген еді. Оның бұл сөздеріне ол кезде мән бермегенмін. Енді ғана ол сол кездің өзінде-ақ айықпас дертке шалдыққанын білген екен-ау, бірақ бізге сездірмеген екен-ау деген ой келіп отыр. Ол тілекке Алла жеткізбеді, не шара.
Қоғабай Сәрсекеев бізге, достарына ғана емес, өзі жанындай сүйген халқына керек үлкен жүректі, ұшқыр ойлы азамат еді. Өткен ғасырдың басындағы халқымызды ұлт болып ұйысуға, ел болып еңсе көтеруге жұмылдыруға тырысқан Алаш көсемдері шығарып, артынан жабылып, тоқтап қалған «Қазақ» газетін 88 жылдан кейін, «Айқап» журналын 99 жылдан кейін қайта тірілтіп, қайта шығарып, ерлік жасағанын жоғарыда айттық. Тәуелсіздік алған мемлекетімізді нағыз ұлттық елге айналдыру, мемлекеттік тілімізді өзінің лайықты, мәртебелі тұғырына қондыру, ұлтымыздың рухын көтеріп, тәуелсіздігіміздің іргетасын бекіте түсу жолында күш-қуатын да, қаламгерлік талантын да, кәсіпкерлікпен, еңбегімен тапқан қаржы-қаражатын да аямай жұмсап, ақтық демі таусылғанша жанкештілікпен еңбек етті. Оның қаламынан туған шығармалары да, қоғамымызға сіңірген еңбегі де халқымыздың санасынан, тарихынан өшпесі анық.
Дос туралы эссемнің соңында Қоғабай қайта шығарған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының содан кейінгі ғұмыры туралы да бірер ауыз айта кеткенім жөн сияқты. Қоғабай өмірден қайтқан соң газет пен журналдың шығуы тоқтап қалған жоқ. Қоғабай жасақтаған редакция ұжымы Қоғабайдың бұрынғы орынбасары, Қоғабай қайтқаннан кейінгі бас редакторы Жасұлан Мәуленұлының басшылығымен бұл басылымдардың одан әрі шыға беруін қамтамасыз етті. Бұл үшін оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тек 2016 жылы ғана Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов журналды одан әрі жалғастырып шығару құқығын университетке беруді өтініп, сұрап алды.
Бұл екі басылым да бүгінге дейін халқымызға қалтқысыз қызмет етумен келеді.
Болат БОДАУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты