Global Fire Power ұйымы 18 жылдан бері әлемдегі 140-тан астам елдің әскери әлеуетін саралап келеді. Рейтингті түзу барысында 50-дей фактор есепке алынады. Соның ішінде әскер саны, оған жұмсалатын қаржы көлемі мен құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі әскери әрекеттер үшін жұмылдырылатын әскери техниканың саны ескеріледі. Аталған ұйымның биылғы рейтингінде Қазақстан әскері 142 елдің арасында 64-орында тұр. GFP мәліметінше, еліміздің жылдық қорғаныс бюджеті – 4 млрд долларды, әскери саптағылардың саны – 132 мың адамды құрайды. Әлемдегі ең қуатты әскери державалардың көшін әдеттегідей АҚШ бастап тұр. Алғашқы ондықтан Ресей, Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Пәкістан мен Бразилия елдерін көруге болады. Ал, посткеңестік кеңістік бойынша Қазақстанның алдын Украина (22), Беларусь (52), Өзбекстан (55) мен Әзербайжан (63) елдері орап кетті. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Қазақстанның әскери әлеуетіне тоқталады.
ҚАЗАҚСТАН ҚАНША ЕЛМЕН ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ?
Рас, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін арттыру мен әскери техниканы жаңғырту үшін Қазақстан 40-тан астам елмен ынтымақтастық орнатып, әскери әлеуеті зор әріптестерінің тізімін кеңейтіп келеді. Жаңа қару-жарақ пен әскери техникаларды жеткізу жолдарын әртараптандыру отандық әскерге ағымдағы сын-қатерлерге жауап беретін заманауи арсеналды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
ҚР Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қарулы Күштер құрылымы мен құрамын жаңғырту және әскери дайындықты жетілдіру, цифрландыру ісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру жөнінде айтудай-ақ айтып келеді. Әрине, сөз бен іс қабыспаса, оның арты жақсылыққа апармайды. Өйткені, таразы басында елдің қорғанысы мен қауіпсіздігі тұр. Демек, қорғаныс саласы салғырттықты көтермейді. Сондықтан Бас қолбасшы отандық Қарулы Күштердің алдына әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыратын әріптес елдермен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне өту міндетін қойды. Осылайша, бұйрық берілді, енді соның орындалғаны керек.
Өткен жылы ҚР Қорғаныс министрлігі АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Италия, Франция, Ұлыбритания елдерінің әскери ведомстволарының өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастықты одан әрі арттыру үшін бірқатар келіссөздер жүргізді. Байқасақ, бұл жоғарыда аталған Global Fire Power рейтингінде үздік ондыққа енген кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей әскери әлеуеті зор елдер. Бір ғана АҚШ соңғы бес жылда өзге елдерге қарағанда қару-жарақты көп сатты. Қару-жарақтың 96 түрін сыртқа сатқан АҚШ-қа әлемдік қару-жарақ экспортының 37%-ы тиесілі. Демек, әскери салада АҚШ сияқты жетекші елдермен ынтымақтастық орнату Қазақстан үшін ауадай қажеттілік саналады.
Егер қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы өзара ынтымақтастықтың тиімділігі туралы айтар болсақ, онда Global Fire Power рейтингінде алғашқы ондықта тұрған жоғарыдағы елдермен әскери-техникалық ынтымақтастық орнатуға мүдделі болғанымызға қарамастан, еліміз осы мәселеде Ресей және Түркия елдерімен өзара іс-қимылды нығайтуға басымдық беріп келеді.
Әрине, әскери инфрақұрылымды дамытуда, заманауи қару-жарақпен жаңартуда қуатты әскері бар державаларға мойын бұратынымыз шындық. Дегенмен, еліміз әскери мақсаттағы өнімге деген қажеттілігінің үштен екісін өз күшімен, яғни отандық кәсіпорындар өндірген техника есебінен жабады. Ал, Қарулы Күштеріміз Ресей мен Түркияның заманауи әскери техникасымен жасақталады.
ЕЛІМІЗ РЕСЕЙ МЕН ТҮРКИЯҒА НЕГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ?
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа 1994 жылы қол қойылды. Шарттың жаңартылған нұсқасы 2015 жылы күшіне енді. Шарт бойынша қос ел өздерінің Қарулы Күштерін, әскери құрылымдарын, құқық қорғау органдарын қару-жарақ пен әскери техниканың соңғы үлгілерімен жабдықтау және өзара сенім, тиімділік, құрмет пен бір-бірінің мүдделерін есепке алу негізінде олардың жауынгерлік қабілеттілігін қамтамасыз ету туралы міндеттеме алды. Сондай-ақ, аталған шарт ғылыми-техникалық және өндірістік-технологиялық әлеуетті қолдауды да көздейді.
Тұтастай алғанда, Қазақстан мен Ресейдің әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығы әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, жөндеу және кәдеге жарату жөніндегі бірлескен кәсіпорындарды құруды, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау мен біріздендіруді, әскери кадрларды даярлау мен оқытуды көздейді.
Былтыр күзде ҚР және РФ Қорғаныс министрліктерінің басшылары екі елдің қорғаныс саласындағы стратегиялық әріптестігінің жаңартылған бағдарламасына қол қойды. Бағдарлама 2022-2024 жылдары жүзеге асырылады. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу құжатқа қол қою алдында атап өткендей, «әскери ведомстволар арасындағы әскери ынтымақтастық барлық қиындықтарға қарамастан, тұрақты, дәйекті және қолданыстағы жоспарларға, өмір енгізетін өзгерістерге сәйкес дамып келе жатыр».
Қазақстан әскери салада басымдықты неге Ресейге береді? Енді бұл сұраққа қысқаша жауап беріп көрелік. Біріншіден, Қазақстан мен Ресей – «Құдай қосқан көршілер». Қос елдің әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын 7,5 мың шақырым болатын ортақ шекарасы бар. Яғни, әскери саладағы алыс-берісте, барыс-келісте қиындық жоқ. Екіншіден, Ресей – АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші әскери держава. Заманауи үлгідегі қару-жарағы мен әскери техникасы бар көрші елмен ынтымақтастық ҚР Қарулы Күштерін ресейлік әскери техниканың жаңа үлгілерімен қайта жарақтандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл күндері Қазақстанда Ми-171Ш санатындағы әскери тікұшақтарды құрастыруды ұйымдастыру жұмыстары пысықталып жатыр.
Қазақстанда шығару жұмыстары жүргізіліп жатқан ресейлік қару-жарақтың тағы бір түрі – Калашников автоматтары. Енді «Тыныс» АҚ базасында АК-12 және АК-15 қарулары өндіріледі.
Сонымен қатар, ресейлік тарап «Семей инжиниринг» АҚ-ның технологиялық жаңғырту жұмысына да қатысады. Оның базасында «Рособоронэкспорт» ААҚ қазақстандық әскерде қолданылып жүрген брондалған техниканың барлық желісін жаңғырту мен жөндеу саласындағы құзыреттер орталығын құру жоспарланып отыр.
Енді солтүстіктегі көршіден бауырлас елге назар аударайық. Қазақстанның азаттығын алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркиямен әскери салада да ынтымақтастық орнатуға мүдделі екеніміз рас. Өйткені, Анкарамен әскери-техникалық ынтымақтастық орнату Нұр-Сұлтан үшін отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жұмысын айтарлықтай өзгерте алатын басым бағыттардың бірі болып саналады. Осы бағытта тұрақты негізде жұмыс істейтін Қазақстан-Түркия бірлескен комиссиясы әскери ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашты.
Қазақстан мен Түркияның бірлескен жобалары туралы сөз болғанда, алдымен түнде көру құралдарын өндірумен айналысатын «Қазақстан АСЕЛСАН инжиниринг» деп аталатын қазақ-түрiк бiрлескен зауыты ойға оралады. Осыдан 11 жыл бұрын Елордада ашылған ТМД кеңістігінде баламасы жоқ зауыт көздеуіштер, монокулярлар, түнде көру бинокулярларын, барлау және радиобайланыс құралдарын, жер бетіндегі нысаналарға жарық түсіруге арналған ықшам лазерлі құралдарын, қашықтықтан басқарылатын әскери модульдерін, инфрақызыл линзалар мен электронды платаларын шығарады. Бүгінде осы әскери құрал-жабдықтарды Қазақстанның әскерилері қолданып жүр.
2019 жылды Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығының жаңа кезеңі ретінде қарастыруға болады. Сол жылы автомобиль құрастыру және қорғаныс-өнеркәсіптік кешені саласында әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын «Otokar» түрік компаниясы Қазақстанда өзінің «Otokar Central Asia» еншілес компаниясын ашты. Былтыр түрік компаниясы елімізде дөңгелекті және шынжыр табанды брондалған техника шығаратын зауыт салу ниетін білдірді. Онда ARMA 8×8 жауынгерлік техникасын шығаруға басымдық беріледі. Себебі, өткен жылдың соңында осы жауынгерлік көлік түрі елімізде жарты жыл бойы сынақтан сәтті өтіп, оны Қазақстан әскерінде қолдану туралы шешім шықты.
Айта кетейік, Қазақстан әскерінде қазірдің өзінде «Otokar» түрік компаниясы шығарған «Кобра» деп аталатын 17 жауынгерлік барлау көлігі бар.
Әрине, Қазақстан мен Түркияның әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығының тамыры тереңде жатыр. Айталық, 1997 жылы Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасында Техникалық және қорғаныс-өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы келісім бекітілді. Бұл – бір. Екіншіден, осыдан 21 жыл бұрын бауырлас елдер арасында жалпы сомасы 1,4 трлн түрік лирасынан астам өтеусіз әскери көмек туралы келісім жасалды. Қаржының басым бөлігі Түркиядағы әскери бағыттағы оқу орындарында біздің әскерилерімізді оқытуға, біліктілігін арттыруға, «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы аясында НАТО іс-шараларына қатысуға жұмсалды. Үшіншіден, 2021 жылдың наурыз айында Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасында әскери ынтымақтастық туралы жасалған келісім де күшіне енді. Келісім өзара әрекеттесудің кең спектрін қамтиды. Әрине, әскери дайындық пен оқытуға, оның ішінде бөлімшелер мен штабтардағы жұмыстан қол үзбей, бірлескен дайындық пен оқу-жаттығуларды өткізуге, қорғаныс өнеркәсібін дамытуға да баса назар аударылады.
Әскери әлеуеті жағынан әлем елдері арасында Ресей екінші, Түркия он үшінші орында тұрғанын ескерсек, әскери ынтымақтастықта Қазақстанның осы екі елге басымдық беруін құптауға болады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қорғаныс саласына жүрдім-бардым қарауға болмайтынын, салғырттық сан соқтыратынын жоғарыда жаздық. «Жау жоқ деме, жар астында» деп бұрынғылар текке айтпай, бейқам болудан сақтану керектігін ұғынықты жеткізген. Өйткені, бұл күнде жер бетінде тыныштық пен мейірімділік теңіздей төгіліп жатыр. Осы сөзімізге 24 ақпанда басталған Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс дәлел бола алады. Жекелеген адамдардың ескерткені болмаса, осыдан бір жыл бұрын Ресейдің өз көршісі Украинаға басып кіретіні көп адамның өңі тұрмақ, түсіне де кірмеген еді…
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ