Мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестік

0
3664
2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін 193 келісімшартқа қол қойған (оның ішінде іске асырылып жатқаны – 64) Шығыс Қазақстан облысы көш бастаса, іске асырылып жатқан жобалардың құны бойынша 192 млрд теңгемен (жалпы келісімшарт көлемі – 170) Түркістан облысы алдыңғы орында тұр

Әлем бір орында тұрған жоқ. Жыл жылжып, ай өзгерген сайын, тіпті күн өткен сайын қоғам қарыштап даму үстінде. Соған сай адам да, заман да үлкен өзгерісті бастан өткізуде. Аталған жаңашылдық адамның өмір сүру дағдысына да елеулі ықпал етуде. Ал, кез келген мемлекет жаңа заман талабына сәйкес өзгерісті қажет етеді. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының бәсекеге қабілеттілігін дамыту және қолдау үшін инфрақұрылымды жаңартып отырудан да көрініс табады. Өзгеріс, жаңару, жаңғырту… Әрине, әңгіменің бәрі қаржыға келіп тірелетіні анық. Мұндай жағдайда мемлекет бюджетке түсетін жүктемені азайтатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) механизмін іске қосады. Күрделі термин қарапайым адамға түсініксіз болғанымен, бұл күнделікті айналымда және айналамызда болып жатқан құбылыс.

МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК ТЕТІГІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) – экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Яғни, аталған бағытқа инвестиция тартудың маңызды құралы деуге болады. Сондай-ақ, МЖӘ мемлекет пен бизнес құрылымдарының орта немесе ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік маңызы бар салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы. Бұл байланыстың негізінде жаңадан шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдар, жаңа әлеуметтік инфрақұрылымдар салынып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Бюджетке түсетін салмақты да азайтып, салық түсімдерін көбейтуге де жол ашады.

Әрине, мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестікті нығайту үшін, бюджетке түсетін жүктемені азайтып, кәсіпкерлік белсенділікті дамыту үшін арнайы әрі сапалы тиісті заңнамалық база қажет екені айдан анық. Ел Тәуелсіздігін алған жылы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Концессиялар туралы» алғашқы Заңы қабылданды. Ол бойынша ел аумағындағы шетелдік инвесторлардың экономикалық қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асырудың және оларға белгілі бір объектілерді жалға берудің құқықтық шарттары реттелді. Кейіннен дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет үшін заңнама жобасын жаңартуға тура келді. Нәтижесінде 2006 жылғы 7 шілдеде «Концессиялар туралы» жаңа Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Аталған Заң осы саланы дамыту мен ондағы мәселелерді шешуде ұзақ жыл қызмет еткенін атап өткеніміз жөн. Бұл бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың концессиялық жобаларға қатысу мүмкіндігі қарастырылды. Кейін заңға бірнеше мәрте өзгертулер енгізіліп, 2015 жылы 31 қазанда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сол сәттен бастап аталған салада көптеген жаңашылдықтар мен тиімді қызметтер жоғары қарқынмен жүргізіле бастады.

«Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 шілдедегі №693 қаулысымен «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Аталған орталық ел Үкіметінің Қазақстандағы МЖӘ дамыту жөніндегі талдамалық-сараптамалық орталығы болып табылады. Мұнда экономиканы дамыту бойынша ғылыми-зерттеу, оқыту және кеңес беру, сараптама және инвестициялық жобаларды іске асыруды бағалау қызметтері жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысы Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызын атай отырып, әріптестік әлеуметтік нысандардың құрылысында кеңінен қолданылатынын атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына инфрақұрылым, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты басқа да салаларда мемлекет пен кәсіпкер арасында «алтын көпір» салатын әріптестікті нығайту мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Еліміздің әр өңірінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік түрлі салада, көптеген әлеуметтік нысандарда жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, аталған жобаның жемісін білім беру және денсаулық сақтау салалары кеңінен көруде. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңадан балабақшалар салынуда. Сондай-ақ, ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар ашу, білім беру ұйымдарының асханаларын жаңарту және пайдалануға беру сияқты ауқымды жұмыстар аталған әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. Ойын алаңдарын салу, көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыру, мұз сарайларын салу және пайдалануға беру де МЖӘ аясында жүзеге асырылып жатқаны аян. Аталған әріптестік тек осы бағыттарда ғана жұмыс істеп қоймайды. Рухани астанамыз Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әуежай және Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайында жаңадан жолаушылар терминалы салынды.

ӘРІПТЕСТІКТІҢ АРҚАСЫНДА 1 025 ЖОБА ІСКЕ АСТЫ

 Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 1 025 МЖӘ келісімі мен концессиясы жасалған. Оның ішінде 12 республикалық жоба 1,3 трлн теңгені құраса, қалған 1 013-і – жергілікті жоба. Оның жалпы құны – 870 млрд теңге.

Жасалған келісімшарттың 86 пайыздан астамы үш маңызды салаға тиесілі. Олар: білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салалары. Және бір бөлік көлік пен инфрақұрылым саласына тиесілі.

Айта кетейік, 2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін қол қойылған келісімшарттар саны 193-ті құрайтын (оның ішінде іске асырылып жатқаны – 64) Шығыс Қазақстан облысы көш бастаса, іске асырылып жатқан жобалардың құны бойынша 192 млрд теңгені құрайтын (жалпы келісімшарт көлемі – 170) Түркістан облысы алдыңғы орында тұр.

МЖӘ орталығы қолданыстағы келісімшарттар бойынша шамамен 1,6 трлн теңге жоспарланғанын, оның ішінде ең үлкен жүктеме 2023 жылға келетінін хабарлады. Яғни, 2022-2024 жылдарға жоспарланған төлемдер көлемі 474 млрд теңгені құраса, оның 157,5 млрд теңгесі – 2022 жылға, 172,5 млрд теңгесі – 2023 жылға, 144 млрд теңгесі – 2024 жылға тиесілі.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы келісім тараптарына МЖӘ жобалары бойынша дауларды шешуде төрелік сотқа жүгіну құқығын беруді, сондай-ақ серіктестікті кері қайтару құқығы мен аукцион енгізуді талап етті. Бұның бәрі заңнаманы жетілдіру мақсатында жасалған шаралар. Сонымен қоса, мемлекеттік міндеттемелердің ұлғаюына әкеп соғатын шарт талаптарын өзгертуге тыйым салу туралы ереже енгізілді. Және МЖӘ жобаларын аз мерзімде іске асырып, нысанды кемі 5 жыл пайдалану туралы түзетулер белгіленген.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы Заң қабылданғаннан бастап осы жылдың мамыр айына дейін аталған заңнама бірнеше рет өзгеріске ұшыраған. Парламент осы уақыт аралығында аталған әріптестікті реттейтін заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу мақсатында 15 заң қабылдаған.

Айта кетейік, елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыруға шетелдік компаниялар да қатысып жатыр.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі қаражатты өтеуді тұтынушылық төлемдерге ауыстыруды ұсынған болатын. Көтерілген мәселе МЖӘ туралы Заңға қабылданды ма деген сұраққа жауап бере отырып, акционерлік орталық әлемдік тәжірибеде инфрақұрылымды пайдаланғаны үшін тарифтерге негізделген МЖӘ жобаларының санаты бар екенін атап өтті. Бұған мысал ретінде түрлі бағыттағы жолдар мен әуежайларды, порттарды айтуға болады. Сондай-ақ, кейбір телекоммуникациялық жобалар мен су секторындағы жобаларды да осы санатқа кіргізе аламыз. Жобаның барлық сұранысын өтеу үшін тұтынушы кірісі жеткіліксіз болған жағдайда қоса қаржыландыру немесе кірісті қамтамасыз етудің басқа нысандары ұсынылуы мүмкін.

«Егер жобаның табиғи монополиялар саласына қатысы болса, заңнамаға сәйкес тауар мен қызметтерге арналған тарифтер монополияға қарсы органмен келісім арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, егер жоба жоғары тарифпен құрылымдалған болса, істің оңға басуы қиын. Яғни, көпшіліктің сұранысына сай болмаса, халықтан қолдау таппаса, тиісті қаражаттың ақталмауына әкеледі. Мұндай жағдайда нарыққа алдын ала маркетингтік зерттеу жүргізу ұсынылады», – дейді Республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының өкілдері.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің серіктестігі әр тараптың жеке жүзеге асыра алмайтын жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Былайынша айтқанда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» немесе «бес саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Мемлекет кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсетуде. Осы ретте екі тарап арасында арнайы заңнама негізінде серіктестік орнар болса, атқарылар жұмыс та, соған сай жеткен жетістік пен берер жеміс те мол болары анық. Сондай-ақ, МЖӘ-нің ең маңызды артықшылығы – бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтып, қаржылық жағдайды ұтымды үйлестіру, экономиканы тұрақтандыру. Қаржыны үнемдеп, оны келесі бір әлеуметтік жобаларға бағыттау да ұтымды болып табылады. Мұндай алпауыт күшке ие қос тараптың ынтымақтастығы – кез келген экономикалық мәселені шешудің тиімді жолы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here