Оралбек ҚОҚАНОВ: «Қуатты әскер – елдің қорғаны»

0
5476

Биыл егемендігімізге 33 жыл толмақ. Сол тәуелсіздігіміздің келер жылында, яғни 1992 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі құрылды, оның тұңғыш министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалып еді. Қазақ мемлекетінің өз Қарулы күштері құрылғанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып жарияланып және күнтізбеге арнайы белгімен енгізілген болатын.  

Иә, бұл айтулы мереке – Отанымыздың  қарулы қуатын толықтырып, жас толқын жігіттерді әскер қатарына қабылдап отыратын қастерлі орын. Отан алдындағы борышын өтеу кез келген кәмелетке толған қазақстандық ер-азаматтың міндетті борышы екені тағы анық. Әрі алдағы 25 мамырда Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады.

Осы мереке қарсаңында біз, білімді, білікті сарбаздар дайындайтын арнаулы оқу орны – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Оралбек Қоқанов мырзамен арнайы жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз. Сол сұхбатты қаз-қалпында басылым бетінде беруді жөн көрдік.

– Күні кеше Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған «Әскери ант» сериалының көрсетілімі өтті. Көп сериялы кинотуынды Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өрбіді. Жалпы, осы телехикаяның жобасы және киноны курсанттардың қабылдауы қалай болды екен. Осы турасында өз пікіріңізді білдірсеңіз…

– Кино 2023 жылдың күзінде түсіріліп, осы жылдың 22 сәуірінен «Qazaqstan» телеарнасынан көрермен назарына ұсынылды. Курсанттардың өміріне негізделіп түсірілген бұл сериал, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы (№1), Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған.

Көп сериялы фильм Ұлттық арнаның тапсырысы бойынша және ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен «MG production plus» кинокомпаниясы түсірді.

Картина институт қабырғасында өрбиді, ал сюжеттер болашақта офицер болуды армандайтын курсанттардың күнделікті тыныс-тіршілігіне құрылған. Әскерилер өмірін қамтыған көптеген фильмдер сияқты мұнда да абырой, парыз, жауапкершілік сезімі, Отанға деген сүйіспеншілік секілді маңызды тақырыптар қозғалған, сондай-ақ махаббат хикаясын да айналып өтпейді.

Сериалда эпизодтық рөлдерді әскери қызметшілеріміз бен курсанттарымыз сомдайды. Бұл біздің институттың 55 жылдың тарихында түсірілген тұңғыш сериал. Түсірілім командасы, актерлар және әскери қызметшілер күн-түн демей, үш ай бойына үздіксіз жұмыс жасады. Қысқаша айтқанда, сериалдағы қызықты, юморлы сюжеттер шынайы курсанттық өмірден алынды десек те болады.

Сериалдың мақсаты – көрерменге болашақ офицерлердің өмір салтын көрсету, өскелең ұрпаққа үгіт-насихат жұмысын жүргізу. Шынында да, шалғай ауылдарда тұратын көптеген қазақтың қара домалақ балалары біздің институт жайлы білмейді, естімеген. Осы сериал арқылы өзіміздің әскери оқу орны жайлы көпшілікке кеңірек мәліметтер бердік деп ойлаймын.

– Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай институтта қандай шаралар өтпек?

– Айта кетейін, 2020 жылдың 11 қыркүйегінде Үкімет қаулысымен Құрлық әскерлері Әскери институтына Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді.

Әрине, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрінің 100 жылдығы оқу орнымызда айырықша аталып өтілмек. Мерейтой қарсаңында іс-шаралар, конференциялар, көрмелер және патриоттық сағаттар ұйымдастырылуда. Мәселен, жақында III Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери оқу орындарының өкілдеріне бейнеконференция ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға «Қазақстан ардагерлері», Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, Халық қаһарманының немересі Айжан Нұрмағамбетова, еліміздің күш құрылымдары оқу орындарының курсанттары, Алматы қаласының жоғарғы оқу орнының студенттері, магистранттары мен докторанттары, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері түгелдей қатысты. Сонымен қатар, 25 мамырда ардагерлердің және институт ұжымының қатысуымен Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, салтанатты митинг өтеді деп күтілуде.  

Курсанттарды тәрбиелеудің педагогикалық негіздеріне тоқталып өтсеңіз. Әскери дайындықтағы жастар мен белгілі тұлғалар арасында кездесулер ұйымдастырылып тұратын шығар…

– Курсанттардың білімі мен білігін арттыру үшін ай сайын түрлі тақырыпта семинар-кеңестер өткізіледі. Ауған соғысының ардагерлерімен (Бақытбек Смағұл,  Кеңес Одағының батыры, ауған соғысына қатысқан Николай Иванович Кремениш),  ҚР Ардагерлер және генералдар кеңесінің ардагерлері келіп, арнайы ерлік сағаттарын өткізіп отырады. Мүмкіндігінше тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі ұйымдастырып отырамыз. Білім беруге қажетті оқулықтарымыз да жеткілікті. Ізденіп еңбектенген жан көштен қалмайды.

–  Институттың өз мұражайы бар екен. Қандай құнды экспонаттар бар?

Мұражай – тұнып тұрған тарих. Мәдени-демалыс орталығының бірінші қабатына 2017 жылдан бастап мұражай орналасқан. Негізінен алғанда, мұражайдың тарихы өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастау алады. Ол дәуірде мұнда көркем әдебиет кітапханасы болған. Жалпы мұражайымыз қазақ елінің батыр ұлдары және бес қару жайлы сыр шертеді, мәлімдемелер, суреттер, экспонаттар мен институттың қалай құрылғаны жайлы тың деректердің бәрі қамтылған. Курсанттардың осы корпустарды өз қолдарымен қалағандары жайлы да тарихи суреттер бар. Институттың жетістіктері, түлектері жайлы да мол мәліметтер жинақталған. Сағадат Нұрмағамбетовтің қолданылған жұмыс дәптері, мақалалары, кітаптары қойылған.

Бұл оқу орнының тарихы 1970 жылдан басталса, осынау 55 жыл аралығында мыңдаған шәкірт түлеп ұшыпты. Институттың бүгінгі тыныс-тіршілігі, жауынгерлік оқу-жаттығу жайында да ақпараттармен бөліссеңіз…

Институтымыздың басты міндеті – ҚР Қарулы күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары және ұжымдық  қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер үшін ұйымдастырушылық қабілеттері, берік ерік-жігері, табандылығы мен тапқырлығы, кең бастамасы мен іс-қимылдарының дербестігі бар жоғары білікті офицерлерді даярлау болып табылады.

Осынау уақыт ішінде институт қабырғасынан 18 мыңнан астам түлек-кәсіби мамандар даярланған. Ал, тәуелсіздік алған жылдан бастап 12 мыңнан астам офицер дайындап шығарылды. 200-ден астам офицер алтын медальмен немесе «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен оқуын аяқтады, олардың есімдері оқу орнының «Құрмет» кітабына жазылған. «Генерал» жоғарғы офицерлік әскери атағына 81 түлек ие болса, оның ішінде 2 түлек армия генералы атағын, 5 генерал-полковник, 11 адам генерал-лейтенант  атағына және 63 генерал-майор атағына ие болды.

Қазіргі таңда біздің курсанттар осы аталмыш генерал мен офицер түлектердің жолын жалғастырып келеді.

Ал, 4 курс курсанттарымыз Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасымен институттың «Әли» оқу-жаттығу орталығында оқуды аяқтайтын курсанттарға арналған «Сардар» бақылау-кешенді курсына  қатысуда. «Сардар» курсы курсанттардың көшбасшылық қасиеттерін нығайтуға, нұсқаушы-әдістемелік дағдыларды жетілдіруге, болашақ офицерлердің кәсіби шеберлігі мен күш-қуат деңгейін арттыруға бағытталған.

3 курс курсанттары әскери бөлімдерде болып, тағылымдамадан өтіп келді. Олар әскери тағлымдама кезінде институтта алған теориялық білімдерін және практикалық машықтарын мамандықтары бойынша шыңдап келді.

Жастардың рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятатын тілегіңізді жолдасаңыз…

–  «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген қанатты сөз бар. Әсіресе, ер азаматтар қай уақытта да, қандай күнде де туған Отанын жанымен, керек болса қанымен қорғауға әзір болуы керек. Бұл әрбір азамат үшін қастерлі де қасиетті міндет. Ел басына күн туғанда халқының жел жағына қорған болған, ел мен жер үшін күрескен Хангелді, Райымбек, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батыр бабаларымыздың ерлігі жас ұрпаққа өнеге болуы қажет. Біз әрдайым батыр бабаларымыз жауынан қорғап, аманаттап кеткен ұлан-ғайыр жерімізге қорған болуға, сан ғасыр аңсаған Тәуелсіздігімізді тұғырлы да ғұмырлы етуге, сақтап қалуға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Мектеп бітірген жастарымыздың Қарулы күштеріміздің қатарында әскерлік, азаматтық борышын адал да абыройлы атқарып, халқымызды қорғауға дайын болуы – аса маңызды.

Елдік пен ерлікті дәріптер, отаншылдық, патриоттық сезімдері ең бірінші жүректен орын алу керек! Еліміздің қорғаныс саласында әскери қызмет етем дейтін ұлдар мен жігерлі, патриотты қыздарымызға жол ашық. Әскери қызметкерге барлық қолайлы жағдай жасалған.

Жаңа Қазақстанды құру үшін біздер білімді, білікті, батыл болып, қай кезде де әскери дайындығымыз жоғары болғаны аса керек! Тәуелсіз мемлекетіміздің босағасы бекем, қорғанысы қуатты болғанға не жетсін!

Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here