Ұлт ұстазының кеңестік кезеңдегі саяси күрес жолы

0
1400
Ахмет Байтұрсынұлының соңғы суреті. Ұлт ұстазы 1937 жылы 8 тамызда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды...

Ахмет Байтұрсынұлын халқымыз «Ұлт ұстазы» деп ардақ тұтады. Ұлт ұстазының ағартушылық жолдағы даланың қара түнегінен халқын жарқын болашаққа жетелеген ұшан-теңіз еңбегімен қатар, халқының азаттығы жолындағы мехнатты күрес жолы оны ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танытты. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің неге саясатпен айналысқандығы жөнінде: «Мен ешқандай саяси қайраткер емеспін, мәдениет қызметкерімін. Менің саясатпен айналысуым, өзімнің негізгі мақсатымды іске асыру қажеттігінен туындады. Ондай негізгі мақсатым – қазақ халқының мәдени деңгейін көтеру болатын», – деп жазады.

Қайраткер тұлға Ресей империясы кезіндегі жүргізген қазақ халқының бостандығы, саяси санасының өсуі мен рухани-мәдениетінің дамуы және қазақ жері үшін күресін кеңестік билік орнағаннан кейін де одан әрі жалғастырып, қызу саяси күрестің бел ортасында жүрді. 1919 жылы 4 сәуірде кеңес өкіметі «Алашорда» үкіметінің басшыларына және оның мүшелеріне кешірім жариялағаннан кейін Алашорданың шығыс бөлігі кеңес өкіметі жағына шығып, оның кейбір көрнекті мүшелері кеңестік қызметтерге тартылды. Бұдан былайғы өзінің іс-әрекетін, халқының жарқын болашағын кеңес өкіметімен байланыстырып, өз еркімен кеңестер жағына шыққандардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Өз қолымен толтырған өмірбаянында: «1919 жылдың наурыз айында кеңес өкіметі жағына шықтым және Москваға жіберілдім. 1919 жылы 24 маусымда РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің шешімімен Қырғыз (Қазақ) әскери-революциялық комитетінің мүшесі болып тағайындалдым» деп жазыпты осы кезеңдегі саяси қызметі жөнінде.

Бар-жоғы он бес айдай жұмыс істеген революциялық комитеттің құрамына кірген Ахмет Байтұрсынұлы оның белді мүшесі болып, төрағаның орынбасары ретінде Ревком шешкен, қараған барлық мәселелерге белсенді араласып, өзінің ұлт мүддесін қорғауға бағытталған ұсыныс-пікірлерін батыл білдіріп отырғанын Ревкомның құрылған кезінен бастап, автономияға айналғанға дейінгі қызметінен мол хабар беретін архив мұраларындағы Ревком мәжілістерінің хаттамаларынан анық байқауға болады. Ревкомдағы қаралған негізгі мәселелердің бірі – Алашорда басшыларын кеңестік билік жағына тарту мәселесі болған. Ревком 1919 жылдың екінші жартысынан бастап, 1920 жылдың бас кезіне дейін осы мәселені бірнеше рет өзінің мәжілісінде қараған болатын. Және бұл мәселенің де оңайлықпен іске аспағанын, Ресейден жіберілген кеңестік билік өкілдерінің Еуропада ымырашыл саясат ұстанып, байқап қимылдаса, Азияда орталықтан келген өкілдер жергілікті большевиктермен санаспастан, белден басып, ұлт мәселесінде ұлы державашыл шовинизмді ұстанды. Ұлт мәселесін шешудегі айтыс-тартыстар Қазревком ішінде де жүріп, орталықтың «өктем өкілдері» жергілікті халыққа, жергілікті халық өкілдеріне тізесін батыруға тырысты.

1919 жылы қазан айының 28-і күні Ревком мүшесі Лукашовтың ісі жөнінде мәселе қаралып, арнайы хаттама толтырылады. Хаттамада Түрік комиссиясының, Түркістан майданының революциялық әскери кеңесінің және Қазревкомның біріккен мәжілісі аяқталғаннан кейін ревком мүшесі В.Лукашов мәжіліс барысында өзінің тарапына қарай айтылған А.Байтұрсынұлының «Лукашов әкелген мәліметтер жалған» деген сөзін қайтып алуды одан талап етеді. Ұлт ұстазы сөзін қайтып алмайтынын, өзінің ойында қалатынын айтқанда В.Лукашов А.Байтұрсынұлына тақап келіп «сөзіңді қайтарып алуға мәжбір етемін, оған менің құралым бар» деп қалтасынан қаруын шығарып атқалы жатқанда, жағдайдың ушығып бара жатқандығынан Ревком мүшелері Меңдешев, Сидоров, Пестковскийлер оның қолынан қаруын тартып алып, сыртқа алып кетеді. В.Лукашевтің басқа тірлікті былай қойып, мәжіліс үстінде мұншама өркөкіректеніп еркінсуінің астарында ұлы орыстық шовинизмнің жатқаны анық.

Мәжілісте айтыс тудырған негізгі мәселе – В.Лукашовтың ақ гвардияшылар жағындағы Алашорданың батыс бөлігін соғыс арқылы талқандауды белсенді талап етіп жақтауы болды. Олай дейтініміз, 1919 жылы 15 қыркүйекте өткен Ревкомның мәжілісінде ақ гвардияшылар жағындағы батыс Алашорданың Х.Досмұхамедов басқарған тобын кеңес өкіметі жағына тарту жөнінде келіссөз жүргізу А.Байтұрсынұлы мен М.Тұнғанчинге жүктелген болатын. 1919 жылы 27 қазан күні өткен біріккен мәжілісте қазақ халқын біріктіру және кеңес өкіметі жағына тарту мәселесі қаралып, осы мәселе бойынша Куйбышев, Зиновьев және Байтұрсынұлы сөйлейді. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ халқына ойдан шығарылған емес, шынайы автономиялық өзін-өзі басқаруды беру, кезінде кеңес өкіметіне қарсы күресіп, кейіннен кеңес өкіметі жағына шыққан қазақтардың барлығына кешірім беру үшін жергілікті билік өкілдерінің ізгілікті іс-әрекеттер жасауы» сынды өз ұсынысын айтады. 1919 жылы желтоқсан айында Ревком мүшесі А.Байтұрсынұлы Алашорданың батыс бөліміне 1919 жылдың 14 қарашасында қабылданған Түркістан майданы әскери революциялық кеңесінің «кеңес өкіметіне қарсы күресіп жүрген барлық қазақтарға, егерде олар кеңес өкіметі жағына шығатын болса, оларға кешірім берілетіндігі жөніндегі» қаулысын жібереді.

Міне, осыдан кейін барып, батыс алашордалықтар келіссөз мәселесіне қарай ойысқан болатын. Бірнеше рет жүргізілген келіссөз барысында оларды қантөгіссіз кеңес өкіметі жағына тартуға мүмкіндік туып, 1920 жылдың 5 наурызында Қазревкомның қаулысы бойынша батыс Алашорда таратылды. Батыс Алашорда қайраткерлерін қантөгіссіз кеңес өкіметі жағына шығаруда Ахмет Байтұрсынұлының қазақтар арасындағы беделі, саяси қайраткер ретіндегі өмір тәжірибесі септігін тигізгені даусыз.

Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы мамыр айында орталықтың өкілдері мен жергілікті халық арасындағы сенімсіздікті еңсеру туралы В.В.Ленинге жазған хатында: «Қырғыз (Қазақ) ревкомының құрылғанына он ай өтті. Он ай ішінде Ревком тарапынан ештеңе де істелген жоқ. Ревкомның өндірістік жұмысын көп себептерге байланысты түсіндіруге болады, бірақ негізгі екі себеп бар: 1) Қазақ өлкесін басқаруға қойылған орталық өкілінің айқын жұмыс жоспары болмады. Мүмкін ол өлкенің әлеуметтік ерекшеліктеріне байланысты және Қазақ мәселесіне қатысты орталықтың партия бағдарламасы мен «Ресей халықтарының құқықтарының декларациясынан» басқа нақты нұсқауының болмауынан шығар. 2) Орталық өкілдері мен жергілікті халық арасында өзара сенім болмады», – деп атап көрсете отырып, патша үкіметі кезінде ұлттық езушілік пен тонаушылықты қазақ халқынан көп көрген халық жоқ шығар деген болатын.

Өз ойын одан әрі сабақтаған қайраткер қазақ халқын ғасырлар бойы тонап, қорлап келген орыс халқы, бұрынғы патша шенеуніктерінің орнын алмастырып мойынға отыруға емес, шын мәнінде, езілген халықтарын азат етуге келгенін дәлелдеуі керек деуімен қатар, «бір ғана коммунист – интернационалист атауын өзгертіп, орыстар өздеріне деген сенімді жақсарта алмайды» дейді.

Ахмет Байтұрсынұлы патша үкіметінің отаршылдық саясаты қазақ халқының мемлекеттілікке ұмтылуын жою, халқымызды надандықта ұстау, орыстандыру саясаты болғанын ашып көрсете отырып, «өздерінің өктемдігін күштеп тану арқылы ешқандай да қарсылықсыз бағынуды талап ету немесе қазақ еңбекші халқының сеніміне кіру» деп қазақтарға қатысты орыс пролетариаты екінің бірін таңдауы керектігін атап көрсетеді. Және Ахмет Байтұрсынұлының айтуынша, қазақ халқының сеніміне кірудің төте жолы ұлт зиялылары арқылы болуы керек. Бірақ, сол үшін осы зиялылар кеңес өкіметінің сеніміне кіруі керектігін айтады.

Ұлт ұстазы өзара сенімді нығайтып, Қазақ өлкесінде кеңес өкіметінің құрылысын жандандыру үшін мынадай негізгі міндеттерді атқаруды алға қояды: «1) Қазақ өлкесін басқарудың басына нағыз идеялық коммунистерді және шыңдаудан өткен адал қазақ зиялыларын қою. 2) Аралас халықтар тұратын аудандардағы барлық билік органдарында езілген халықтың өкілдері үштен екіге кем болмауы керек. 3) Қазақ өлкесіндегі шаруашылық-экономикалық мекемелерді басқару ешқандай да бөлшектеусіз қазақтардың қолында болуы керек. 4) Қазақ коммунистерінің және революциялық зиялылардың саяси, мәдени жұмысы кеңестік социалистік шаруашылық саясатына негізделуі керек. 5) Орынбор қаласы арқылы басқарылған, Қазақ өлкесін біріктірілетін әскери округ құру. 6) Қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болуы керек».

Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы 15 сәуірде РК(б)П-ның Орынбор комитетінің атына өзін партия қатарына алуды өтінген арызын береді. Қайраткер тұлға өзінің партия қатарына өтуге шешім қабылдауының себебі жөнінде: «Барлық мәселе партия жиналыстарында шешілетініне көзім жетті. Қазақ халқы үшін өмірлік маңызы бар мәселелерді шешерде одан тыс қалмау мақсатында мен партияға өтуге шешім қабылдадым», – деген еді.

Қайраткер тұлға бес пунктен тұратын арызында коммунистік партияның қазақ халқын езгіден, әлеуметтік-экономикалық артта қалушылықтан, қараңғылықтан азат етудегі маңызын дәлелдей келе: «Жоғарыда айтқандарыма байланысты, оның бағдарламасын іске асыруға және атап айтқанда шығыс мәселесі бойынша бағдарламасын жүзеге асыруға көмектесу үшін Россия коммунистік большевиктер партиясына өтуге шешім қабылдадым, ол үшін Комитеттің мені РКП мүшелерінің қатарына алуын өтінемін», – деп жазыпты.

Ахмет Байтұрсынұлының арызы толық күйде Қырғыз (Қазақ) өлкелік әскери-революциялық комитетінің органы – «Известия Киргизского края» газетінде жарияланады. Газеттің 1920 жылы 15 сәуірдегі санында «В.М. – Т» деп қол қойған адамның «Ахмет Байтұрсынов жолдастың өтініші» атты тақырыппен мақаласы қоса берілген. Онда автор: «Жолдас Ахмет Байтұрсыновты бүкіл дала біледі. Ірі қоғам қайраткері және әдебиеттанушы, өз халқының көсемінің есімін әрбір қазақ естіді. Соңғы он жылдықтағы қазақ халқының саяси қозғалысы мен қоғамдық дамуы А.Байтұрсыновтың есімімен тығыз байланысты. Ол бейбітшіл ұлттық либерализмнен Қазан революциясын және Кеңес өкіметін тануға дейінгі саяси дамудың барлық кезеңдерінен өтті. Бұл біздің партиямыздың ірі жеңісі және біздің қазақтар арасындағы ықпалымыздың айқын үлгісі» деп жазады.

1920 жылы қазан айында Қазақ кеңестік социалистік автономиясы құрылған кезде Ахмет Байтұрсынұлы кеңестік негізде құрылған үкіметтің құрамына кіріп, ҚАКСР Халық ағарту халкомы болды. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлының үкіметтің құрамындағы қызметі де, партия қатарында болуы да ұзаққа созылмады. Бос сөзі көп, сөзі мен ісі қабыспайтын кеңестік биліктің іс-әрекетіне наразылығын ашық айтып, қазақ халқының ұлттық мүддесін жан-тәнімен қорғаған қайраткердің күресін кеңестік билік ұлтшылдыққа теңеп, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Мәселен, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Радус Зенькович 1921 жылы 27 қаңтарда Ахмет Байтұрсынұлына берген мінездемесінде: «Жалпы дайындығы жақсы, дәріскерлік, әдебиетшілік жұмысқа неғұрлым жарамды», – деумен бірге: «Ұлтшылдық сезімдері күшті, онысы алдағы мақсатта дұрыс түсінуге кедергі келтіреді. Терең емес, ұсақ-түйекке күш сарқиды», – деп партиялық тұрғыдан сенім артуға болмайтын адам ретінде сипаттап берген.

Олардың Ахмет Байтұрсынұлына қарсы әрекеттері мұнымен де шектелген жоқ. Халық ағарту комиссариатының бастауыш ұйымы қайраткердің ісін бастауыш партия ұйымында қарап: «Мүшелік жарнаны төлемеді, партия жиналыстарына қатыспады және бұрынғы Алашорданың мүшесі ретінде бір жылға партия қатарынан шығарылсын» деген қаулы қабылдайды. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлына бағытталған әрекеттердің барлығы кеңінен ойластырылғанын және нұсқаудың жоғарыдан беріліп отырғанын аңғару қиын емес. Қайраткер тұлға бұл жөнінде: «Олар маған сенімсіздікпен қарады, ақыры оның арты мені партиядан шығарып жіберумен аяқталды», – деген болатын.

Осы тұста айта кететін бір жайт, қайраткер тұлғаның өмірі мен саяси қызметіне байланысты жазылған кейбір еңбектерде Ахмет Байтұрсынұлы партия қатарынан өз еркімен шығып кетті деген жаңсақ пікірлер кездеседі. Шындығында, қайраткер тұлғаны партия қатарынан шығарып жіберген.

Осы әділетсіз шешімге байланысты Ахмет Байтұрсынұлы 1921 жылы 15 қарашада губерниялық тазалау комиссиясына партиядан шығару туралы шешімнің күшін жою жөнінде өтініш жазады. Онда өзіне тағылып отырған айыптаулармен келісе отырып, өзіне тағылған әрбір айыптауларға қарсы дәйекті түрде кеңінен жауап береді.

«Қазақстандағы кеңестік биліктің және РКП-нің үш жылдық билігі кезінде қазақтар арасындағы жұмыстардың барлық салалары бойынша ешқандайда алға жылжу болған жоқ» деп бастаған өтінішінде қайраткер тұлға қазақ халқының оқу-білім саласында артта қалғандығын, ана тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарының жоқтығын алға тартып, «құр босқа партия жиналыстарында отырғанша, қазақ халқына аса зәру салада еңбек етуді міндетім деп санадым» деген болатын. Ал, алашордалық деп айыптау жөнінде: «Мені өзі партияға қабылдаған, партия ұйымы бұл жөнінде білді, менің өтінішімді өлкелік партиялық баспасөзде жариялады. Мен Алашорданы алғаш ұйымдастырушылардың бірімін және осы ұйымдағы кеңестік билікті алғаш мойындағандардың бірімін» деп өзіне тағылып отырған айыптаулардың негізсіз екендігін жан-жақты дәлелдеп көрсетеді.

1921 жылы 27 қарашада болған РК(б)П-нің Орынбор қаласы  6-шы аудандық партия комитетінің партияны тазарту жөніндегі комиссиясы Ахмет Байтұрсынұлының өтінішін қарап: «Партия жиналыстарына қатыспайды, 11 ай бойы партия жарнасын төлеген жоқ, алашордалық ретінде партиядан шығарылсын» деген қаулы қабылдап, қайраткер тұлғаға қатысты бұрынғы бастауыш партия ұйымының қаулысы мақұлданып, қайраткер тұлғаны партия қатарынан шығарады.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде, қандай қызметте болмасын, ұлт мүддесін бірінші кезекке қойған қайраткерлер кеңестік құрылыстың ұлттық мүддемізге қарсы әрекеттерін батыл ашып көрсетіп, оған қарсы шықты. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер жер мәселесін батыл көрсе, Ахмет Байтұрсынұлы сынды қайраткерлер халқымыздың рухани жан дүниесіндегі мәдениет, оқу-ағарту майданының алдынғы шебінен көрінді. Жиырмасыншы жылдардың екінші кезеңінде оқу-ағарту саласындағы үлкен айтыс-тартыс туғызған мәселе жаңа алфавитке көшу саласындағы реформаны жүргізу болды. Басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған қазақтың ұлттық зиялыларының араб алфавитінде қалуды жақтағаны мәлім. Өйткені, араб алфавиті қазақ халқының сонау орта ғасырлардан бергі рухани-мәдени дамуының ажырағысыз бөлігі болды. Оны өзгерту ұрпақтар арасындағы мәдени жалғастыққа орасан зор зиянын алып келетін еді. Және солай болды да. Ахмет Байтұрсынұлы НКВД-ның тергеушісіне берген жазбаша жауабында: «Латын жазбасына қарсы мен үлкен күрес жүргіздім. Мен Баку қаласында өткен түркологтардың бірінші съезінде (1926) және осы мәселеге байланысты өткен Қазақстандағы барлық пікір таластарда және Татарстанда (1926) өткен мәдени қызметкерлердің кеңесінде латын жазуына қарсы болып сөйледім. Өйткені, біріншіден, оған өтуге ешқандайда қажеттілікті көрмедім, екіншіден, қазақтар қолданып келе жатқан араб жазбасынан оның ешқандай артықшылығын таппадым және үшіншіден, ең маңыздысы, басқа жазбаға өту сауатты қазақтарды сауатсыз қылады. Халық арасындағы сауатсыздықты жоюдың орнына қайта оның көбеюіне алып келеді. Осы жағдайларға байланысты мен латын жазбасына өтуге қарсы болдым», – деп өз ойын ашық білдіреді.

Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси өмірі жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап күрделене түсті. Оның Қазақстандағы партия басшылығына Ф.Голощекиннің келуімен байланысты болғаны белгілі. Өзінің қарсыластары, яғни ұлтжанды қайраткерлерді бірінен соң бірін әртүрлі топшылдықпен, ұлтшылдықпен айыптап, Қазақстаннан және биліктен кетіргеннен кейін елімізде Голощекинге қарсы шығатын қайраткерлер қалмады. Голощекиннің айы оңынан туып, Алаш қайраткерлерін оңды-солды айыптауды кеңінен жүргізді. Мәселен, 1927 жылы өткен VI партия конференциясында Голощекин Байтұрсынұлына: «Ол білім алушыларға бізде социализм туралы айтуға болмайды, оны ешкім көрген жоқ және оның болашақта болатыны күмәнді деп үгіт насихат жүргізіп жүр. Осылайша, біздің ақшамызды пролетариат диктатурасына қарсы пайдалануда», – деп айып тақты. Сонымен қатар, өзінің қазақтың ұлттық зиялыларын оқу-ағарту саласында пайдалануға қарсы болмағанын, оларды қолдағанын айтып: «Бірақ, мен олардың біздің партиямызға әсер етуіне қарсымын, олардың бізге идеологиялық жағынан әсер етуіне қарсымын» деумен қатар, қазақ әріпіне қатысты реформа мәселелерін қозғап, өзінің латынға немесе араб әрпіне көшуді жақтамайтынын, бүкіл қазақ халқын сауаттандыруды жақтайтынын, бұл партияның басшылығындағы мәселе екенін айта келе: «шын мәнісінде, мәселе партиядан тыс Бөкейханов пен Байтұрсыновтар тарапынан шешіліп жатыр, олар қазақтар атынан түркологтар съезінде сөйледі», – деді. «Қазақстанда 3-4 пайыз ғана сауатты адамдар бар, осы партияда жоқ зиялылар өздері әліппе жасап, реформаны өздерінің пайдасына шешкісі келеді», – деп істің мәнісін бұрмалап көрсетті. «Зиялылардың түпкі ойы жақсы емес, олар өздері үшін, 3-4 пайыз үшін, бізге қажет емес нәрсені таңуда. Бұл Алаш зиялыларының көрінісі», – деп байбалам салған еді.

Латын алфавитіне көшу немесе қазақ халқы ғасырлар бойы қолданып келе жатқан араб алфавитінде қалуға байланысты айтыс барысында Голощекин латынға көшуді жақтамайтынын, партия тәсілімен шешуге болмайтындығын, бұл істі қазақ коммунистеріне, зиялыларға, Қазақстанның қоғамдық күштеріне қалдырғанын айтып, түлкі бұлаңға салғанымен де, бұл іске тікелей араласып: «3% сауаттылар, 97% сауатсыздарды тежеп отыр, әйтпесе жеңіл жазуға, тез үйренуге болатын еді. Бұл 3% араб жазуын білетіндердің ісі. Олар жалпы халықтың мәдени дамуын тежеуде», – деп өзінің бет-пердесін ашып берді. Голощекин халықты жаппай сауаттандыру жолында жаңа алфавит арқылы «жаңа мәдениет» орнатуға тырысып бақты.

Смағұл Сәдуақасовты және ол қолдаған ұлттық зиялылар өкілдерін айыптағанда Голощекин асыра сілтеп, барлығын өлкелік партия комитетінің аясында бақылауға алып, өктемдігін күшейтті. Әсіресе, оқу-ағарту, мәдени-рухани саланы барынша идеологияландырып, өзінің жіті бақылауында ұстады. Сәдуақасов басқарған ағарту комиссариатының жұмысынан жемісті жұмысты көмеген ол: «Біз екі жылдың аралығында ағарту комиссариатының жұмысын көрдік. Партия қарарларының өңін айналдыруға қарсы крайком тұтастай бір жыл бойы күресті. Бізге халық ағарту комиссариатын кімнің басқарып отырғаны түсініксіз болды. Крайком ба, жоқ әлде Байтұрсынов басшылық рөл атқарып отырған академиялық орталық па?» деп, бүкіл ағарту комиссариаты ұлтшылдардың қолында дегендей зілдене сөйледі. Алаш қайраткерлерін қаралау, қуғындау мұнымен де шектелмей, ендігі кезекте, еңбектері осы уақытқа дейін бірнеше рет өңделіп, қайта басылып келген А.Байтұрсынұлының, Т.Шонановтың, Х.Досмұхамедовтың және тағы басқа ұлт зиялыларының еңбектеріне тыйым салынып, оқу жоспарларынан алынып тасталды. Авторлардың оқулықтары баспасөз беттерінде «сын тезіне» алынып, қаралана бастады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1928 жылы қыркүйек айында Алматы қаласына келіп, Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымында оқытушы болып орналасады. Бұл кезеңде Голощекин халқымыздың тағдырына қатысты өмірлік маңызды мәселелерді жалғыз өзі шешіп жатты. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «бұл кезең әрбір қазақ коммунисі өзін жақсы коммунист етіп көрсету үшін алашордалықтарға қарсы бірдеңе айту қажет болып жатқан» уақыт болатын. Осындай айыптаулар мен қуғын-сүргіннің негізінде Алаш қайраткерлерін тұтқындау 1929 жылдан басталған еді.

Ұлт ұстазы Алматыда 1929 жылы маусымда тұтқындалып, оған «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйым құрды, Орта Азиялық пантүркішілдік ұйымының басшысы Валидовпен байланыста болды, Қазақстанда қарулы көтеріліс дайындады» деген айып тағылады. Осы тұтқындау кезінде А.Байтұрсынұлының бір топ кеңестік және партия қайраткерлерімен бірлесіп В.Ленинге (көшірмесі Сталинге) жазған хаты тәркіленеді. Қазақ автономиясы бойынша ОГПУ-дың шығыс бөлімінің бастығының орынбасары Саенконың 1929 жылы маусымның 13-і күнгі осы хат жөнінде берген анықтамасында: «Бұл құжат 1929 жылы 3 маусымда Алматыдағы Байтұрсыновтың пәтерін тінту кезінде табылды. Байтұрсыновтың берген түсінігі бойынша құжат партияның 10 съезінде дайындалып, редакциялау үшін Ташкенттен Москваға кетіп бара жатқан жолда Орынборда Байтұрсыновқа Төреқұлов пен Сафаров берген. Байтұрсынов қазіргі уақытта тұтқындалған және қазақ ұлтшылдарының жасырын ұйымының ісі бойынша жауапқа тартылған ол басшылық рөлде болған. Бұл ұйымды құрушылардың бірі ретінде Валидов блогымен және басмашылықпен байланыста болған. Ұйым Валидов басқаратын Орта Азиялық ұйымның бір бөлігі болып табылады. Байтұрсынов Орта Азиялық орталыққа өз өкілдерін жіберіп, оларға Алашорда үкіметі атынан шетелдік мемлекет өкілдерімен ұйымды қарумен, әскери керек жарақтармен қамтамасыз ету жөнінде келіссөз жүргізуге арнайы мандат берген. Кейіннен және осы уақытқа дейін мәдени майданда Кеңеске қарсы жұмыстарды басқарған» деп қатталған. Төреқұлов, Сафаров, Жандосов, Қожанов, Аспандияров, Авдеев, Саматов, Алманов, Киров, Сәдуақасов, Бөкейханов, Досов, Омаров және Байтұрсынов қол қойған хаттың ішкі мазмұнына үңіліп қарасақ, езілген ұлттардың болашағын кеңестік құрылыспен байланыстырған үміті, кеңестік биліктің езілген ұлттар алдындағы негізгі міндеттері және кеңес үкіметінің өз деңгейінде езілген ұлттардың дамуына көңіл бөлмей, бұрынғы отаршылдық саясатты жаңа тұрпатта жүргізіп отырғаны айқын аңғарылады. Хатқа қол қойған қайраткерлердің Қазақстанда жиырмасыншы жылдардың бас кезінде түрлі жауапты қызметтер атқарғаны белгілі.

Ахмет Байтұрсынұлы 1930 жылы 4 сәуірде ОГПУ алқасының шешімімен РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 4, 10, 11 тармақтары бойынша айыпталып, ату жазасына кесіледі. 1931 жылы 8 қаңтарда ОГПУ алқасының шешімімен бұрынғы ату жазасына шығарылған үкімнің күші жойылып, 13 қаңтарда қайта қаралған іс 1927 жылы 9 маусымдағы КСРО Орталық атқару комитетінің қаулысының негізінде ату жазасы 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылады. 1932 жылы 4 қарашада ОГПУ-дың қаулысы бойынша жазасын концлагерьде өтеу мерзімі Архангельск қаласына үш жылға жер аударумен алмастырылды. Ахмет Байтұрсынұлы денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты 1934 жылы айдаудан мерзімінен бұрын босатылып, Алматы қаласына келеді. Айдаудан қайтып келгеннен кейін де көп қиындықты басынан өткерген. Қайда барса да жұмысқа алмады. Уақытша бір мекемелерде аударма ісімен, жеке орыс балаларына қазақ тілін үйрету сынды ұсақ-түйек жұмыстармен күн-көріс үшін айналысуға мәжбүр болды. Тар заманның осындай тауқыметін тартып жүргенде, бүкіл кеңестер елін қамтыған сталиндік жаппай қуғын-сүргін басталған еді. Оның алғашқы толқынына тағы да Алаш қайраткерлері ілікті.

Ұлт ұстазы 1937 жылдың 13 тамызы күні РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11 тармақтары, яғни контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесі, революцияға қарсы белсенді күресуші ретінде тұтқындалған. Ахмет Байтұрсынұлынан алғашқы жауап 1937 жылы 17 тамыз күні алыныпты. Онда Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қайраткерлерінің кеңес өкіметіне қарсы шығу себебі жөнінде: «Біз бұл социалистік революцияға қарсы болдық. Өйткені, мал шаруашылығы басым болған және мәдени дамудың төмен деңгейінде социалистік құрылысқа өту мүмкін емес деп есептедік. Осы сәттен бастап мен және менің жақтастарым кеңестік билікке қарсы болдық», – деп жауап берумен қатар, Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің не үшін құрылғанын, қызметін бүкпесіз баяндайды. Тергеушінің контрреволюциялық ұйымды қайтсе де әшкерлемек болған құйтырқы сұрақтарына Ахмет Байтұрсынұлының берген жауабынан қысқаша үзінді келтіре кетейік.

«Сұрақ: Сіздің Рысқұловпен және Қожановпен контрреволюциялық байланысыңыз болды ма?
Жауап: Рысқұловпен 1919 жылы, Қожановпен 1925, 1926 жылдары кездестім. Олармен қандай әңгіме болғаны қазір есімде жоқ.
Сұрақ: Айдаудан қайтып келгеннен кейін алашордалықтардың қайсысымен кездестіңіз?
Жауап: Айдаудан қайтып келгеннен кейін Алматыда мен Ғаббас Нұрымовта, Қасым Алмухашевта, Әлімхан Ермековте, Елдес Омаровта және Әліби Жангелдинде болдым. Соңғысы алашордалық емес. Халық ағарту комиссариаты Темірбек Жүргеновте болдым, ол маған 300 рубль ақша берді.
Сұрақ: Жүргенов нақты қандай жұмыс үшін 300 рубль берді?
Жауап: Ол маған 300 рубль ақшаны материалдық көмек ретінде берді.
Сұрақ: Сіз Жүргеновте тағы да болдыңыз ба?
Жауап: Осыдан кейін орфографиялық мәселесі бойынша 1935 жылы болдым.
Сұрақ: Сіздердің араларыңызда қандай контрреволюциялық әңгіме болды?
Жауап: Ешқандай да контрреволюциялық әңгіме болған жоқ».

Ахмет Байтұрсынұлынан НКВД-ның тергеушілері 1937 жылы 2 қазан күні екінші рет жауап алыпты. Тергеушінің: «Сіз 1936 және 1937 жылдары Алматыда болған контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесісіз. Осы ұйымға өзіңіздің қатыстылығыңыз жөнінде жауап беріңіз» деген сұрағына Ахмет Байтұрсынұлы: «1936 және 1937 жылдары Сіз айтып отырған ұйымға ешқандай да қатысым болған жоқ», – деп жауап береді.

НКВД жендеттері Ахмет Байтұрсынұлына тағылып отырған айыптауларды одан әрі қоюлата түсуге әрекет жасағаны тергеу материалдарынан байқалады. Мәселен, 1937 жылы 20 қарашада болған қосымша тергеу барысында 1926 жылы Баку қаласында болған бірінші түркологтардың съезін алға тартып, Баку университетінің профессорлары Чобан Заде Бакир және Губайдуллин Ғазизбен байланысып, пантүркішіл орталық ұйым құрдың деген айып тағады. Бұл айыптауларға жауап берген Ахмет Байтұрсынұлы бұл ғалымдарды танитындығын, Баку қаласында өткен түркологтардың съезінде кездескенін айтумен бірге, ешқандай да контрреволюциялық әңгіме болмағандығын, өзінің контрреволюциялық орталықтың құрамына кірмегенін және съезд барысында көптеген түркі халықтарының өкілдерімен кездескенін, бірақ кіммен кездессе де, әңгіме тек съездің күн тәртібіндегі әріпті латындандыру және орфография мәселелері жөнінде болғанын қадап айтады.

Ахмет Байтұрсынұлының тергеу материалдарына қатысты басты назар аударатын мәселе, ол айдаудан қайтып келгеннен кейінгі өзіне тағылған жалған саяси айыптауларды мойындаған жоқ. Сондай-ақ, ол жеке басына қандай да бір айып дәлелінсіз тұтқындалған. Тергеу аяқталғаннан кейін тергеу материалдарының қортындысымен таныстырылмаған. Сыртынан айыптау шешімі шығарылған. 1937 жылдың 25 қарашасында шығарылған айыптау қорытындысында Ахмет Байтұрсынұлына «Контрреволюциялық «Алаш» партиясын және «Алашорда» үкіметін ұйымдастырушы, басшысы, 1917-1919 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы белсенді күрес жүргізді, бірнеше коммунистерді ату жазасына кесудің бастамашысы болды, Қазақстанда кеңес өкіметі орнағаннан кейін де ол кеңес өкіметінің бітіспес жауы болды, Кеңес өкіметіне қарсы жасырын ұйым құрды, 1929 жылға дейін басқа ұлттық республикалардағы контрреволюциялық ұйымдармен, атап айтқанда, Заки Валидовпен, Чобан Заде Бакирмен және Ғ.Губайдуллинмен байланыста болды, 1926 жылы Баку қаласында құрылған пантүркішіл орталықтың құрамына кірді, 1927-1928 жылдары кеңестік биліктің жерге орналастыру, байларды тәркілеу істеріне қарсылықты ұйымдастырды, контрреволюциялық ұлтшыл лаңкестік ұйымдардың басшылары Рысқұлов, Сәдуақасов, Қожановтармен байланыста болды, айдаудан қайтып келгеннен кейін Алматы қаласында 1937 жылы жасырын «Түркі халықтық партиясының» белсенді мүшелерінің бірі Ғайнике Қабдалиевамен байланыс жасады» деген сынды негізсіз, ешқандай да дәлелсіз жалған саяси айыптар тағылып, осы жалған саяси айыптаулардың негізінде Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесілген. Шешім 1937 жылдың 8 желтоқсан күні орындалған.

Кеңестік кезеңдегі Хрущевтың «жылымығы» жылдарында, нақты айтқанда, 1958 жылы Ахмет Байтұрсынұлының ісі қайта қаралып, ақтау әрекеті жасалды. Десек те, сол кезеңдегі Ұлт ұстазының ісін қайта қараған комиссияның қорытындысында Ахмет Байтұрсынұлының кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы контрреволюциялық істері үшін 1930 жылдары сотталып, жазасын өтегені және оны 1937 жылы соттауға ешқандайда негіз жоқ екені айтылса да, «кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы белсенді контрреволюциялық әрекеттерін ескеріп, Алматы облыстық УНКВД үштігінің 1937 жылғы 25 қарашадағы шешімін қайта қарау орынсыз деп санаймыз» деген шешім шығарылған.

Ұлтымыздың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынұлы араға 51 жыл салып, 1988 жылы қараша айында ғана толық ақталып, ұлтымен қайта қауышты. Ахмет Байтұрсынұлы: «Асықпаңдар, артымызда қазы бар, әлі тергеп талай сүйектерің қазылар!» – деп айтқандай, әділ қазылық салтанат құрып, бүгінгі ұрпақ оның мәңгі өшпес мұраларымен танысуда.

Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі,
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here