Латвия өз азаматтарын неге екіге бөледі?

0
4820
Латвия азаматының (сол жақта) және азаматтығы жоқ адамның (оң жақта) төлқұжаты

Латвия Республикасы – Еуропаның солтүстік-шығысында, Балтық теңізі жағалауында қоныс тепкен мемлекет. Ел Эстония, Литва, Ресей, Беларусь және теңіз арқылы Швециямен шектеседі. Небәрі екі миллионға жуық халқы бар мемлекет тұрғындары өзара азаматтығы бар және азаматтығы жоқтар болып бөлінеді. Және олардың арасалмағы едәуір айқын байқалып тұрады. Сонда Рига мұндай қадамға неге барды? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сауалға жауап іздейді.

АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛЕР БАР?

Азаматтығы жоқ азаматтар – Латвия тұрғындарының ерекше тобы. Тарихқа көз жүгіртсек, 1918 жылы Брест келісімшарты бойынша Латвия Германияның бақылауына өткен. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО бұл елді еріксіз өз құрамына қосып алған. Тек 1990 жылы Латвия жеке дара өз шаңырағын көтеріп, Тәуелсіздік декларациясын жариялаған.

Егемендік алғаннан кейін үкімет республикада 1940 жылдың 17 маусымына дейін өмір сүрген азаматтар мен олардың ұрпақтарына ғана азаматтық құқығын берді. 1940-1989 жылдары КСРО-ның басқа республикаларынан көшіп келгендер мен олардың балалары азаматтығы жоқтар санатына жатқызылды. Бұлай болуы себепсіз емес, оның астарында үлкен саяси мәселе қылаң береді.

Латвия Жоғарғы Кеңесі 1991 жылы 15 қазанда «Латвия Республикасы азаматтарының құқықтарын қалпына келтіру және азаматтық қабылдаудың негізгі шарттары туралы» қаулы қабылдады. Ол бойынша ел тұрғындарын азаматтар мен азаматтығы жоқтар деп екіге бөлді. Елдің азаматтығы жоқ тұрғындарының құқықтық жағдайы 1995 жылы 12 сәуірде қабылданған «Латвия  мемлекетінің азаматтығы жоқ, яғни бұрынғы КСРО азаматтарының мәртебесі туралы» заңымен реттелді. 1991-1995 жылдар аралығы азаматтар мен азаматтығы жоқтардың арасалмағын ажыратып берді. Яғни, осы уақыттарда көпшілік заң жобалары қолданысқа еніп, әлі күнге дейін күшін жоймай келеді.

Тоқсаныншы жылдардың басында Латвияның азаматтығы жоқ тұрғындарына елдегі парламенттік және муниципалдық сайлауларға қатысуға, саяси партиялар құруға заңды түрде тыйым салынды. Сондай-ақ, азаматтығы жоқ адамдар мемлекет ісіне тікелей қатысты қызметтерді атқара алмайды. Мысалы, мемлекеттік қызметкер, сот, прокурор, полиция, елші, шекара қызметкері, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және мемлекеттік қауіпсіздік пен мемлекеттік құпияларға қатысты лауазымдардан шеттетіледі.

Одан бөлек, тағы бірқатар салаларда оларға шектеулер бар. Латвия азаматы деп танылмайтын тұлғалар адвокат, нотариус, тіпті олардың көмекшісі және сот орындаушысы, қауіпсіздік қызметінің басшысы сияқты қызметтерге сайлана алмайды. Себебі түсінікті де. Мемлекет жер-жерден көшіп келген «жат балаларына» елдің ішкі істерінде билік беріп қойғысы келмейді. Сонымен қоса, бұл топ өкілдерінің қару мен оқ-дәрілерді жинауға да құқығы жоқ. Тіпті, қаруға қатысты қызметтер тек азаматтығы барларға ғана көрсетіледі. Осындай нақты әрі заңды әрекеттерден елдегі азаматтығы бар және азаматтығы жоқ тұлғалардың арасы жер мен көктей аңғарылып тұрады.

Ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайына орай да айырмашылық бар. Ол зейнетақы белгілеудегі шектеулерден көрінеді. Заң бойынша ерекше топ өкілдерінің 1990 жылғы 31 желтоқсанға дейін Латвиядан тыс жерде жинаған еңбек өтілдері есепке алынбайды. Бұл жағдайды тек арнайы халықаралық шартқа сәйкес шешуге болады. Дегенмен, мұндай келісім қазіргі таңда тек бес мемлекетпен жасалған. Олар: Литва, Эстония, Украина, Беларусь және Ресей. Бұрынғы КСРО-ның Орталық Азия, Кавказ елдері немесе Молдова сияқты басқа республикаларымен мұндай келісімдер жоқтың қасы. Латвия адам құқықтары жөніндегі комитетінің арнайы мамандары бұл шаруаны көптен бері күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде қарастырып келеді. Дайрабайдың көк сиырынан басталған дау Еуропа сотына дейін жеткенімен, мардымды шешім шығару ұзаққа созылуда.

Эстонияда тұратын 70 мыңға жуық адам азаматтығы жоқтарға берілетін сұр түсті және мұқабасында «aliens», яғни «бөтен» деп жазылған төлқұжатпен жүр

ЛАТВИЯ АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА НЕГЕ МҮДДЕЛІ ЕМЕС?

Рас, Латвия билігі «жомарттық танытып», қос тарап арасындағы кейбір айырмашылықтарды жойды. Мысалы, 1995 жылы азаматтығы жоқ адамдарға діни бірлестіктер құруға тыйым салынса, бұл шектеу 1996 жылдан бастап қайта қалпына келтірілді. Ал, 1997 жылы елдегі «ерекше» топ өкілдері әуе кемесінде қызмет көрсетуші ретінде жұмыс жасау құқығын иеленсе, 1998 жылы дәріханаларды басқару мүмкіндігіне ие болды.

Тоқсаныншы жылдары азаматтығы жоқ адамдар Латвия университеті Студенттік кеңесінің басшылығына да сайлана алмайтын еді. Бұл жарғының  күші 2000 жылы ғана жойылды. Оған дейін бұл топ өкілдеріне сайлау құқығы да берілмейтін. 1993 жылы азаматтығы жоқ тұрғындар Латвияда кемінде 21 жыл тұрған жағдайда ғана акционерлік қоғам құра алады деген шарт қойылған. Есесіне, бұл заң 2006 жылы өз күшін жойды. Банктер мен елдегі ломбард құрылтайшыларына да осындай талаптар бекітілгенімен, олар 1996 жылы күшін жойған.

1995 жылы Рига қалалық кеңесі орталықтандырылған жылыту шығындары үшін өтемақыны тек азаматтығы барларға ғана беру туралы қаулы қабылдады. Ал, Юрмала қалалық кеңесі 1992 жылы жаңа пәтерлерді тек «Латвия азаматы» деген куәлігі барларға ғана беру керек деп шешті. Бірақ, бұндай заңдардың ғұмыры ұзаққа созылмады. Сол жылдары-ақ Рига және Юрмала қалалық кеңесінің қаулылары өз күшін жойды.

Кейбір шектеулер бір жылдары жойылғанымен, кейін қайта қалпына келтірілді. 1994 жылдан бастап азаматтығы жоқ адамдар өрт сөндіруші ретінде жұмыс жасай алмайтын еді. Бірақ, 1997 жылы бұл қаулы жойылды. Десек те, арнайы куәлігі жоқ тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. 2002 жылы «Өрт қауіпсіздігі және өрт сөндіру туралы» жаңа заң қабылданып, онда бұл шектеу қайта қалпына келтірілді.

Сондай-ақ, 2009 жылдан бастап бұндай азаматтардың Латвия спорт федерацияларының басшысы болу, ал 2010 жылдан бастап авиациялық қауіпсіздік бөлімшелерін басқару құқықтары шектелді. Тіпті, ел азаматтығын алмаған адамдар әуежайдағы фейс-бақылаушы сияқты лауазымды әрі жауапты қызметке орналаса алмады.

Соңғы он жылда кейбір шектеулер алынып тасталды. Бірақ, қуануға себеп жоқ. Өйткені, жойылған шектеулердің орнына міндетті түрде жаңасы енгізіледі. Мұның бәрі өз кезегінде Латвия билігінің азаматтығы жоқ адамдардың құқықтарын қорғауға дайын емес екенін көрсетеді. Ал, Парламенттік республика саналатын Латвияның бұл санаттағы тұрғындары өз құқықтарынан біртіндеп айырыла береді.

ОТЫЗ ЖЫЛДА ОРНЫҚПАҒАН МӘСЕЛЕ

1998 жылдың қазанында республикада азаматтық туралы заңға өзгеріс енгізу туралы референдум өтті. Бұл маңызды сәт азаматтығы жоқ адамдардың көпшілігіне үлкен мүмкіндік болды.

Аталған құжатқа сәйкес, сол елде өмір сүріп жатқан 900 мыңға жуық орыс тілді халық азаматтық алу үшін арнайы рәсімнен өтуге міндетті еді. Өтініш беру үшін арнайы талаптар да жоқ емес. Яғни, азаматтық алғысы келген тұлғаның ата-анасының кем дегенде біреуі латыш немесе балтық-финдік болуы, Латвияға жұбайымен оралған болса, кем дегенде 10 жыл некеде болуы ескерілді. Сондай-ақ, ата-анасы 1940 жылдың 17 маусымына дейін Литва немесе Эстония азаматтығында болған және Латвияда кемінде бес жылдан бері тұрақтаған адамдар өтініш бере алатын. Сонымен қатар, тек Латвия мектептерінде білім алған адамдар азаматтық алуға құқылы болды. Және бір ескертетін жайт, оқу орнын латыш тілінде бітіру негізгі маңызды шарттардың бірі деп саналды.

Қалған азаматтығы жоқ тұрғындарға сол елде шекті бір жасқа дейін тұрақтаған жағдайда ғана өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды. Жасқа қойылатын талап жыл сайын ауысып отырды.

1998 жылы Латвия Еуропалық Одақ құрамына енуге ұмтылыс жасады. Ол үшін ел бірқатар шарттарды орындауы қажет еді. Солардың бірі – азаматтық алу үдерісін жеңілдету. Соның нәтижесінде 2001 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға, ал 2002 жылдан бастап 30 жасқа толмағандарға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды. Ал, халықтың қалған бөлігіне бұл рәсімнен өту тек 2003 жылы мүмкін болды.

Бір жағынан, Батыс елдерінің басшылары азаматтық туралы заңды бір жолға түсірмей, Еуропалық Одақ пен БҰҰ сынды халықаралық ұйымдарға кіру мүмкін болмайтынын бірнеше рет ескерткен болатын. Басқа амал жоқ екенін түсінген Латвия үкіметі тиісті шешім қабылдады. Азаматтық туралы заңға қажетті түзетулер енгізген Латвия Еуропалық Одаққа енуден дәмелі еді. Бірақ, нәтиже күткендегідей болмай шықты.

Латвия ұлттық консервативті саяси партиясының депутаттары түзетулермен келіспейтін 38 әріптесінің  қолын жинап, президентке ұсынды. Ал, мұндай жағдайда Мемлекет басшысы жаңа заңды жария ете алмайды. Сайлаушылардың кем дегенде оннан бір бөлігі қарсы болса, онда референдум өткізуге міндетті болады. Нәтижесінде, бір айда 220 мың азаматтың қолы жиналып, 17 пайызды құраған. Яғни, шағын ғана мемлекетте үкімет халық үніне құлақ асады. Мемлекет халық сөзінен асып, ешқандай іс жүргізе алмайды.

Референдум 1998 жылдың 3 қазанында 7-ші Сейм сайлауымен бір уақытта өтілетін болып белгіленді. Сол уақыт аралығында елдегі барлық жетекші партиялар халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, түзетулерді қолдауға шақырды. Тіпті, ел президенті Гунтис Ульманис қабылданған заң жобасы Латвияның Еуропалық Одаққа қосылуының бірден бір жолы екенін, бұл мемлекет үшін тиімді екенін айтып бақты. Бірақ, соншалықты ауқымды түсіндіру жұмыстарынан кейін де халық өз таңдауынан айнымады. Халық халықаралық ұйымға енуден бұрын азаматтық туралы заң нормаларының сақталуын талап етті. Дауыс беру нәтижесіне халықтың 52,5 пайызы азаматтық туралы заңның қатаң талаптарын сақтау үшін дауыс бергені белгілі болды. Орыс тілді азаматтардан құралған Латгале тұрғындарының берген дауысының нәтижесінде ел Президенті заңның жаңа нұсқасына қол қойып, Латвияның Еуропалық Одаққа қосылуы туралы келіссөздерге жол ашты.

Латвия 1991 жылдан БҰҰ-ға, 2004 жылдан Еуропалық Одаққа толыққанды мүше. Десек те, елдегі азаматтығы жоқ азаматтардың мәселесі әлі де өзекті. Ел егемендігін алғалы отыз жылдан асып бара жатса да, мемлекетте азаматтығы жоқтардың балаларына азаматтықты автоматты түрде беру туралы бастама қолдау таппай келеді.

ОРЫСТАР АЗАМАТТЫҚ АЛУҒА НЕГЕ АСЫҚПАЙДЫ?

Латвияда азаматтық алу рәсімі ресми түрде 1995 жылдың 1 ақпанында басталып, 25 жыл ішінде 148 мыңға жуық адам Латвия азаматтығын алған.

Азаматтығы жоқтар азаматтық алу үшін арнайы бекітілген талаптарды орындауға міндетті. Латвияның толыққанды азаматы атанудың басты екі жолы бар. Біріншісі – латыш тілін білу болса, екіншісі – ел тарихын тану. Бірақ, бұл талаптарды орыстілді тұрғындар орындағысы келмейді. Бұл туралы Ригадағы «Эксперимент» білім орталығының басшысы Бронислав Зельцерман өз пікірін білдіреді. Оның айтуынша, латыш тілінен емтихан тапсыру тым қиын.

Қазіргі таңда Латвияда «азаматтығы жоқ азамат» мәртебесімен 209 мың адам тұрады. Осы жерді мекен еткенімен, оларда бұл мемлекеттің азаматтарына берілетін қызғылт түсті төлқұжаты жоқ, көбісінің оны алуға ниеті де жоқ көрінеді.

Десек те, азаматтық алу немесе алмау жағдайына орай елде түрлі пікірталас орын алған. Мұнда азаматтығы жоқ тұлғалар арасында ауқымды сауалнамалар ұдайы жүргізіліп отырады. Мысалы, 2012 жылғы «Латвиядағы азаматтығы жоқтардың интеграциялық үдерісін талдау» зерттеуі аясында, «Неліктен азаматтығы жоқтар азаматтық алғысы келмейді» деген сұраққа берілген жауаптар түрліше болған. Сауалнамаға қатысушылардың 25 пайызы оларға «азаматтық автоматты түрде берілуі керек» деп жауап берсе, 21 пайызы «емтиханды тапсыра алмаймын» деген жауапты таңдаған. Ал, 17 пайыз тұрғын азаматтық беру туралы талаптардың жеңілдетілуін күтіп жүргенін мәлімдеген.

Бүгінде елдегі «азаматтығы жоқтар» азаматтық алуға асықпайтын көрінеді. Кейбіреулері онысын ерекшелік көрсе, енді біреулер арнайы төлқұжатының жоқтығын өз пайдасына жаратып әлек. Қазір Латвияның қызғылт түсті құжатсыз тұрғындарының саны 200 мыңнан асады. Олар азаматтық алуға асықпағанымен, бұндай тұрғындар саны жыл өткен сайын табиғи себептерге орай азайып келе жатқаны және бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тарихқа көз жүгіртсек, КСРО Латвияны немістерден азат еткеннен кейін өздеріне еріксіз қосып алғаны белгілі. Латыштар оны «оккупация» деп есептейді. Және елді құртып, жерді орыстандыру үшін жасалған саясат деп біледі. 1940 жылдан кейін туғандарға азаматтық бермейтіндері де содан. Есесіне, ел егемендігін алғаннан кейін орыстілділерді латыштандыру саясатын ұстанды. «Осы жерде тұрсаң, ел азаматтығын алғың келсе, латыш тілін, ел тарихын үйрен» деп баршаға ортақ талап қойды. Бірақ, бір кездері амалсыз қоныс аударған өзге ұлт өкілдері латыш тілін үйренгісі келмейді. Тіпті, бұны «адам құқығын шектеу» деп байбалам салады. Десек те, небәрі екі миллион халқы бар Латвия ұлтты, ұлттық құндылықты сақтау жолында алпауыт көршісі Ресейдің қас-қабағына қарамай, қайтпас қайсарлық танытып келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

1993 жылы Латвиядағы азаматтығы жоқ тұрғындардың саны 876 мың адамды немесе республика халқының 33,6%-ын құрады. Қазір олардың саны 209 мың адам, бұл ел тұрғындарының 10,1 пайызын құрайды. Азаматтық алмаған тұрғындардың жалпы санының 65,5%-ын орыстар, 13,7%-ын белорустар, 9,9%-ын украиндер құрайды. Осыған ұқсас жағдай Эстонияда да бар. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бұл елдегі азаматтығы жоқ тұрғындардың саны 69 мың адамды немесе ел халқының 5,2 пайызын құраған. Ал, Эстонияда бар-жоғы 1,3 млн адам тұрады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here